Accessibility links

Ким Чен Ын Трамппен кездесуде "үлкен өзгеріс" жайлы айтты


АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын кездесу қортындысы бойынша құжатқа қол қойып отыр. Сентосa аралы, Сингапур. 12 маусым, 2018 жыл
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын кездесу қортындысы бойынша құжатқа қол қойып отыр. Сентосa аралы, Сингапур. 12 маусым, 2018 жыл

Сингапурда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын кездесті. Әуелі екі ел басшысы аудармашылары арқылы оңаша кездескен соң келіссөз кеңейтілген құрамда жалғасып, қортынды құжатқа қол қойылды.

12 маусымда Сингапурдың Сентоса аралындағы Capella қонақ үйінде Америка президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның төрт сағатқа созылған кездесуі аяқталды. Кездесуден соң екі ел басшысы түскі ас ішіп, соңынан бақта бірге серуендеген. ​

Президент Трамп Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесуде қол қойылған құжатты көрсетіп отыр. Сентоса аралы, Сингапур. 12 маусым, 2018 жыл
Президент Трамп Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесуде қол қойылған құжатты көрсетіп отыр. Сентоса аралы, Сингапур. 12 маусым, 2018 жыл

Екі ел басшылары саммит қортындысы бойынша Корей түбегін ядролық қарудан толық арылту жөнінде бірлескен декларацияға қол қойды. Құжатта президент Трамп пен Ким Чен Ынның "АҚШ пен Солтүстік Корея арасында жаңа қарым-қатынас орнату және Корей түбегінде шынайы әрі ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату мәселелері бойынша жан-жақты, терең әрі шынайы пікір алмасқаны" айтылады. "Президент Трамп Солтүстік Кореяның қауіпсіздігіне кепілдік беруге міндеттеме алды, төраға Ким Чен Ын Корей түбегін ядролық қарудан толық арылту ұстанымынан таймайтынын растады" делінген құжатта.

Бұдан өзге, АҚШ пен Солтүстік Корея әскери тұтқындар мен із-түзсіз жоғалғандардың мүрделерін іздеу және оларды анықтау жұмыстарын бірге істеуге және анықталған адамдардың мүрделерін қайтаруға міндеттеме алды.

Құжатта екі елдің декларация талаптарын орындауға бірден кірісетіні және таяу уақытта АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мен Солтүстік Кореяның жоғары шенді шенеунігі келіссөзді одан ары жалғастыратыны айтылған.

Қол қою рәсімінде Америка президенті Солтүстік Кореяда денуклеаризация таяу арада басталатынын және Ким Чен Ынды Ақ үйге шақыруы мүмкін екенін айтса, Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын "Біз тарихи кездесу өткіздік. Әлем үлкен өзгерістерді көретін болады,-" деді.

Бұдан алдын CNN кездесу қортындысы бойынша "Өзара түсіністік жөніндегі мәлімдеме" қабылдануы мүмкін екенін хабарлаған еді. Мәлімдеме мазмұны АҚШ пен Солтүстік Корея өкілдерінің алдын ала келіссөзі кезінде талқыланған.

КЕЗДЕСУДІҢ БАСТАЛУЫ

АҚШ пен Солтүстік Корея басшыларының кездесуі 12 маусым күні Сингапур уақытымен таңертеңгі сағат 9-да басталды.

Кездесу басталар алдында Дональд Трамп пен Ким Чен Ын қол алысып амандасты. Келіссөз залына бара жатып та олар аудармашылардың көмегімен сөйлесіп, тағы бір мәрте қол алысқан. Мұнан соң Трамп пен Ким келіссөз залына кіріп кеткен.

Дональд Трамп пен Ким Чен Ынның кездесуі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:10 0:00

Дональд Трамп пен Ким Чен Ын екі аудармашымен ғана қалып, жеке кездескен. Әдетте, мұндай кездесулерде АҚШ президентінің кем дегенде бір жақын көмекшісі жанында болатын. Екі сағат болады деп жоспарланған екі ел басшысының алғашқы кездесуі шамамен 40 минутқа созылды.

Келіссөзден шыққаннан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Трамп: “Көңіл-күйім тамаша. Бізде тамаша талқылау және керемет қарым-қатынас болады. Бұған күмәнім жоқ” деп айтқан. Ал Ким Чен Ын “Бұл жерге келу оңай болған жоқ. Кедергілер болды, бірақ осы жерге келу үшін оның бәрін жеңдік” деп айтқан. Сарапшылардың айтуынша, екі басшы арасында ешқандай келіспеушіліктер байқалмаған.

КЕЛІССӨЗДІҢ ЖАЛҒАСЫ

Келіссөздің екінші бөлімі басталар кезде Трамп пен Ын тағы да журналистердің көзінше сөйлесіп, Трамп “Бірігіп жұмыс істей отырып, проблемаларды шеше аламыз” деген.

Бұл жолы келіссөзге аудармашыдан бөлек, АҚШ жағынан мемлекеттік хатшы Майк Помпео, президент әкімшілігінің басшысы Джон Келли, президенттің ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңесшісі Джон Болтон қатысқан.

Ал Солтүстік Корея жағынан вице-президент Ким Йон Чоль, сыртқы істер министрі Ли Йон Хо, бұрынғы сыртқы істер министрі Ри Су Йон және аудармашы қатысқан.

Сарапшылар АҚШ пен коммунистік билік басқаруындағы Солтүстік Корея басшыларының кездесуін – тарихи оқиға деп бағалайды. Бұған дейін екі елдің басшылары ешқашан кездеспеген, тіпті өзара телефонмен де сөйлескен емес. Кейбір сарапшылар бұл кездесуді дәрежесі жағынан 1972 жылы АҚШ президенті Ричард Никсон мен Қытайдың сол кездегі басшысы Мао Цзедуньмен кездесуімен қатар қояды.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын келіссөзде қол алысып отыр. Сентоса аралы, Сингапур. 12 маусым, 2018 жыл
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын келіссөзде қол алысып отыр. Сентоса аралы, Сингапур. 12 маусым, 2018 жыл

Сингапурдегі кездесудің басты тақырыбы – Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына арналады. Вашингтон Пхеньянды ядролық қарудан арылуға көндіргісі келеді. Батыс ақпарат құралдарының жазуынша, екінші келіссөз барысында дәлізде журналистер Солтүстік Корея басшысына қайрыла: "Ким мырза, ядролық қарудан бас тартасыз ба?" деп бірнеше мәрте сұраған кезде, Ким жауап бермеген. Ал Трамп "келіссөздің тамаша өтіп жатқанын" айтқан.

Сарапшылар келіссөз барысында мұнан да өзге мәселелер мысалы, Солтүстік Кореяда ұсталған АҚШ азаматтарының босатылуы, Солтүстік Кореяға қойылған санкция т.б мәселелер талқылануы мүмкін деп болжаған. Дегенмен олар адам құқығы мәселесінің талқыланатына күмән келтіреді.

Кездесу Сингапурдың Сентоса аралындағы Capella бесжұлдызды қонақ үйде өтті.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG