Accessibility links

"Әлемде 9-орындамыз, бірақ мал жаятын жер жоқ!". Шаруа болуды ұйғарған бұрынғы судьяның машақаты


Как бывший судья решил разводить коров и зашёл в тупик
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:31 0:00

Ауылға көшіп, асыл тұқымды мал өсірумен айналысуды ұйғарған бұрынғы судья Мәлік Кенжәлиев туралы видеосюжет (орысша)

Ақтау қалалық сотының бұрынғы төрағасы Мәлік Кенжәлиев зейнетке шыққан соң шалғай ауылға көшіп, асыл тұқымды мал өсіруге кіріскен. Бюрократиялық жүйенің кеселіне кезіккен шаруа үкіметтің ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламалары неге іске аспайтыны жайлы ой-пікірін Азаттыққа айтып берді.

Енді бес жылда ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының жаңа драйверіне айналады, ал осы саладағы өнім өндірісі екі есе өседі – Астанада үлкен кабинеттерде отырып жазылған мемлекеттік бағдарламалар осындай мақсат-мұратқа толы.

Мәлік Кенжәлиев қазір мұндай уәделерді естігенде мысқылдап миығынан күледі. Бұрынғы судья былтыр зейнетке шығып, Батыс Қазақстан облысындағы өзі туып-өскен Абай ауылына оралған. Қартайған шағында жер игеріп, ауыл шаруашылығымен айналысуды ұйғарған. Айнала жазық дала болғанымен, шаруашылыққа жарайтын жер таппаған. Жақсы жердің бәрі жеке меншікке өтіп кеткен деді ол.

– Қазақстан – жер көлемі жағынан әлемде 9-орын алады. Ал халықтың мал жаятын жері жоқ! – деп қынжылды Кенжәлиев. – Ауыл маңындағы жер учаскелері сатылып кеткен. Шаруашылығымды дамытқым келеді, қалай істеу керегін де білемін. Бірақ өсіп-өніп, іс-тәжірибемді кейінгі ұрпаққа қалдыру мүмкін болмай отыр.

Абай ауылына кіреберістегі жазу. Батыс Қазақстан облысы. 8 тамыз, 2024 жыл.
Абай ауылына кіреберістегі жазу. Батыс Қазақстан облысы. 8 тамыз, 2024 жыл.

Көп жыл қалада тұрған зейнеткер ауылға көшіп, туған жеріне оралған. Cот жүйесіне келмей тұрып, Кенжәлиев зоотехник болып істепті. 1980-жылдары міндетті әскери борышын өтеп келгеннен кейін Оралда зооинженер мамандығы бойынша білім алған. Артынша Мәскеуге аспирантураға түсіп, ауыл шаруашылығы ғылымдары кандидаты атанған. Туған жеріне оралып, өз мамандығы бойынша біраз еңбек еткен соң, қалаға көшкен. Заң институтына оқуға түсіп, 20 жыл бойы судья болып қызмет істеген.

Бірақ жерге деген ынта-жігері 2023 жылы күзде оны Оралдан 60 километр жердегі Абай ауылына әкелді. Кенжәлиев туған ауылының халі мүшкіл екенін көрген.

Бір кездері дүрілдеп тұрған совхоздың орнында бірен-саран мал өсіретін ферма ғана қалыпты. Сыртқы сылағып қопсып, түсе бастаған ескі үйлер. Кіреберіс қақпасы қирап жатқан медициналық пункт. Ауыл көшесі асфальттан жұрдай. Көктем мен күзде жол ми батпаққа айналады. Ондай кезде ауыл халқы көлігін Абай ауылына кіреберістегі жол бойына қалдырып кетеді.

Ауылдағы жалғыз жаңа нысан – мектеп. Ол білім мекемесі Қарашығанақ мұнай-газ кен орнын игеріп жатқан консорциум осы өңірдің дамуына бөлген ақшаға салынған.

Абай ауылындағы ескі тұрғын үй мен жаңа мектеп ғимараты. Бұл мектеп өңірден мұнай өндіріп жатқан консорциумның қаржысына салынған.
Абай ауылындағы ескі тұрғын үй мен жаңа мектеп ғимараты. Бұл мектеп өңірден мұнай өндіріп жатқан консорциумның қаржысына салынған.

Бірақ мектеп түлектерінің ауылда қалғысы жоқ. Көбі мектеп бітірген соң, қалаға кетіп, сонда тұрақтап қалуға тырысады. Қазір Абай ауылында 600-дей адам тұрып жатыр. 25 жыл бұрын ауылда мыңға тарта тұрғын бар еді.

– Жастар кетіп жатыр. Ешкімде жұмыс жоқ. Содан ішкілікке салынады. Тәуелсіздік алғанымызға 33 жыл болды, бірақ әлі күнге Абай ауылында бірде-бір үй салынбады. Ауылдық округ, аудан, облыс әкіміне кіріп сұрадым. Ауылды дамыту жоспары жоқ екен, – деді Мәлік Кенжәлиев.

ЖЕР АЛУҒА ТАЛПЫНЫС

Абай ауылында шешімін таппаған мәселе шаш-етектен болса да, Кенжәлиев ауылға келіп, шаруашылықпен айналысуға бел буған. Чехиядан симментал тұқымды 15 сиыр сатып алып, мал өсіруге кіріскен. Биыл сиырлары бұзаулапты.

Кенжәлиевтің қаланың іргесінде орналасқан шаруашылығы үлкен үй, бірнеше ғимарат, қора мен құдықтан тұрады. Малын ауылдағы бір адамның жеріне жайып отыр. Ол кісі жер учаскесін Кенжәлиевке уақытша пайдалануға берген.

– Бұл жер үшін ақша төлемеймін. Бірақ шөп орып беремін. Мұнда 50 гектардай жер бар. Маған бұл жетпейді. Бірақ басқа амалым жоқ, сиырлар жерің бар-жоғына қарамайды. Сүт алу үшін оларға күнде жем-шөбін беру керек, – деді Кенжәлиев.

Шаруашылық иесінің есебінше, өзі қалағандай үлкен сүт фермасын ашу үшін оған шамамен 400 гектар жайылым және 300 гектар шабындық жер керек. Кенжәлиев тіпті, бизнес жоспар дайындап, асыл тұқымды мал әкелетін адамдармен де келісіп қойыпты.

Тек жері жоқ.

Шаруа мемлекеттен жер алу үшін жергілікті билік ұйымдастыратын байқауға да қатысқан. Бірақ оған қатысу жер учаскесін аласың дегенді білдірмейді.

Бұрынғы совхоздың қирап-тозған құрылыстарының бірі. Бір кездері бұл жерде "Еңбек" деп аталатын дүркіреген совхоз болған.
Бұрынғы совхоздың қирап-тозған құрылыстарының бірі. Бір кездері бұл жерде "Еңбек" деп аталатын дүркіреген совхоз болған.

– Байқау жарияланады, бұл туралы аудандық газетке хабарландыру шығады. Біз ол газетті оқымаймыз, себебі бізге келмейді. Бар жаңалықты таныстарымыздан естиміз. Құжат тапсырамыз, оны комиссия тексереді. Кемшіліктері болса, байқауға қатыстырмайды. Бәрі дұрыс болса, комиссияның қарауына береді. Бірақ комиссия жерді кімге беретінін әлдеқашан шешіп қойғандай көрінеді. Ал біз комиссия мен әкімдіктің өтірігін заңдастыруға көмектесіп жатырмыз. Комиссия құжаттарды бір ай қарап, содан кейін қорытындысын жариялайды, – деді шаруа.

Былтыр күзде Мәлік Кенжәлиев жер алуға талпынып, 3 рет байқауға қатысқан. Бірақ жер басқа адамдарға бұйырды.

Мұны Ақжайық аулыдық округінің әкімі Болат Қадырәлиев те растайды. Соңғы байқау 29 шілдеде өткен. Мәлік Кенжәлиев жер учаскесін алуға өтініш берген, бірақ байқауда жеңіліп қалған.

– 298 және 359 гектарлық жер учаскелеріне байқау болды. Бір учаскеге 11, екіншісіне 8 өтініш түсті. Сүт шаруашылығын дамытқысы келетін кәспіпкерлерді үнемі қолдаймыз. Оны (Мәлік Кенжәлиевті – ред.) танимыз, шетелден асыл тұқымды мал әкелгенін, шаруашылығын кеңейткісі келетінін білеміз. Байқау комиссиясы құрамында 15 адам бар. Олардың алтауы Кенжәлиевтің өтінішін қолдап, тоғызы қарсы болған, – деді Қадыралиев.

Шенеунік комиссияның кей қатысушыларға жақтасып, жеңіс алып беруге тырысады деген сөзді жоққа шығарды.

МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТҚАН ЖЕРЛЕР ШЕ?

Шаруа Мәлік Кенжәлиев ауылда игерілмеген жер көп екенін, топырақ ескірген соң, жусаннан басқа ештеңе өспейтін тақыр дала қалатынын айтты.

– Ақжайық ауылдық округінде 34 шаруа қожалығының жері бар. Бірақ оның төртеуі ғана жұмыс істейді. Қалғаны жұмыс істемесе де, жер учаскесін бермей, ұстап отыр. Олар жерін сатады. Қазақстан заңы бойынша, жер учаскесін сатуға болады. Жақын маңда жер комитетінің бұрынғы басшысы мыңдаған гектар жерін сатып жатыр. Өзімен сөйлескем, учаскесін 25 миллионға бағалапты. Шын мәнінде ол жеріне еш ақша салмайды ғой. Тағы бір шаруа қожалығының иесі жерін 10 миллионға сатты, – деді Кенжәлиев.

600-ге тарта адам тұрып жатқан Абай ауылындағы медициналық пункт.
600-ге тарта адам тұрып жатқан Абай ауылындағы медициналық пункт.

2024 жылы маусымның екінші жартысында билік Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығына арналған 53 мың гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылды деп есеп берген. Әкімдік бұл жерлер заңсыз берілген немесе игерілмеген деп айтты. Өңір әкімдіктері осындай есептерді жиі жариялайды. Бірақ шаруаларға бәрібір жер жетпейді. Мәлік Кенжәлиев бәріне заңның әлсіздігі мен жемқорлық кінәлі деп есептейді.

– Прокуратура, әкімдік сияқты мемлекеттік органдар пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін іріктей алмайды. Өйткені заңда жер учаскелерін іріктеу талабы жазылмаған. Бір жыл бойы пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылуы тиіс. Шаруалар не істейді? Трактор жіберіп қояды. Комиссия келгенде, "тұқым сеуіп жатырмыз" деп шығарып салады. Болмаса, жерін жалға беріп қояды. Бұл да жер учаскесін пайдалануға жатады. Тағы да іріктемейді, – деді Мәлік Кенжәлиев.

– Бұрын сот жүйесінде жұмыс істеген заң ғылымдарының кандидаты ретінде шаруадан жылдар бойы пайдаланылмаған жер учаскесін қайтару тетіктері қарастырылмаған деп ашық түрде айта аламын. Айнала арамшөп басқан дала. Оны игеріп жатқан ешкім жоқ. Әкімдік немесе прокуратура өкілдері бірнеше жылдан бері пайдаланылмаған жерді қайтарып алмайды. Облыс әкімінің, мәслихат депутатының, прокурордың қабылдауында болдым. "Жерді қалай қайтарасыздар?" деп сұрадым. Миллион, бір жарым миллион гектар жер қайтарылды деп жатады. Бәрі өтірік. Барып тұрған өтірік. Шаруалар өз еркімен қайтарған жерлерді айтып отыр. Бұл мемлекет игерілмеген жерлерді қайтарды дегенді білдірмейді.

Мәлік Кенжәлиев пен оның шаруашылығының жұмысшысы сүт құятын ыдысты көліктен түсіріп жатыр. Батыс Қазақстан облысы,, 8 тамыз, 2024 жыл
Мәлік Кенжәлиев пен оның шаруашылығының жұмысшысы сүт құятын ыдысты көліктен түсіріп жатыр. Батыс Қазақстан облысы,, 8 тамыз, 2024 жыл

ЖЕРСІЗ ШАРУАНЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

Мал жайып, қысқа шөп дайындайтын жері болмаған соң, Мәлік Кенжәлиев шаруа қожалығының иесі ретінде тіркеле алмай отыр. Сондықтан мемлекеттен берілетін субсидияға, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған несиеге қолы жетпейді, толық өндірісті іске қоса алмайды.

Бірнеше ай жұмыс істеген шаруа сиырларына жазғы сүт сауатын алаң мен қора салған. Малды жеке ұстайтын орындар, сүт сауатын цехы да бар. Шаруа бұл жерге сүт өңдейтін құрылғы орнатуды жоспарлап отыр.

– Мал ұстайтын орын дайын, 150 шаршы метр. Құрал-жабдық алу керек. Эстонияда сиыр өсіретін фирмамен келісімім бар. Ол сүт өңдеп, қаймақ, ірімшік шығаратын жабдық жібереді. Мұндай техниканың көмегімен тетрапакеттегі сүт өнімдерін шығарып, дүкендерге өткізуге болады. Сонда тұтынушыға қолдың таза өнімін – сүт, қаймақ, ірімшік жеткіземіз. Алдағы жоспарым – осы, – деді шаруа.

Әзірге күнделікті жиналатын 180-200 литр сүтті шаруа Оралдағы екі кәсіпорынға өткізіп жүр. Тамыз айында Мәлік Кенжәлиев сүт сатқан алғашқы айдың қорытындысын шығарады. Шаруаның есебінше, сүт саудасынан айына 1 миллион теңгедей ғана табыс түседі. "Бұл табыс емес, болмашы ғана ақша", – деді шаруа.

Мәлік Кенжәлиевтің шаруашылығындағы жұмысшы сүт құятын ыдыстарды тасып жүр. Шаруа сүтті қалаға апарып өткізеді.
Мәлік Кенжәлиевтің шаруашылығындағы жұмысшы сүт құятын ыдыстарды тасып жүр. Шаруа сүтті қалаға апарып өткізеді.

– Сүтті осы айдан бастап өткізе бастадық. Жарты айда 545 мың теңгедей таптым. Күніне 180 литр сүт өткізсем, айына миллион теңге табысқа шығамын. Оның 400 мыңы малшы мен сауыншының жалақысына кетеді. 100 мың теңге жемге жұмсалады, 300-400 мың теңге өзіме қалады, – деді Кенжәлиев.

Ол жақында қорасы қыста да жылы болуы үшін газ тартқызбақ. Бұл да – қосымша шығын. Шөп шабатын жері болмаған соң, шаруа қысқа жем-шөп алуы керек. Ауыл тұрғынынан уақытша алған жердің шөбі сиырларын асырауға жетпейді. Оның үстіне, жақында сиырлар ұрықтандырылған. Шаруа малдан төл аламын деп үміттеніп отыр.

– Қолдан сатып алатын шөптің бір бумасы 8-15 мың теңге тұрады. Айына 90 бума шөп керек. Алты айда – 540 бума. Одан бөлек, жемі бар. Бір қысқа 300 тоннадай жем керек. Аз беріп, үнемдегеннің өзінде сондай кетеді. Сиыр жақсы сүт беруі үшін силос, сенаж, әртүрлі жем, донник, суданка сияқты сапалы шөп керек, – деді шаруа.

ҚОЛ ЖЕТПЕЙТІН НЕСИЕ

Кенжәлиев ауылға көшпей тұрып, Оралдағы пәтерін сатып, Абай ауылынан үй сатып алған. Кәсібін жаңа бастаған шаруа асыл тұқымды мал өсіруді салмақты түрде қолға алғанын осылайша көрсеткісі келген. Бірақ жер алуға бұл да көмектеспеді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша, жеңілдетілген несие алуға мүмкіндігі жоқ. Банктер кепілге жылжымайтын мүлік қоюды талап етеді. Ауылдағы үйлер банк талаптарына сай келмейді.

– Құны несие көлемінің 70 пайызынан кем болмайтын пәтер немесе басқа бір жылжымайтын мүлік табуым керек. Ауылда кәсіп бастағаннан кейін "бұрынғы бастық қой, қалада тұрады" деген сөзден қашып, 3,5 миллион теңгеге ауылдан үй алдым. Отбасыммен осында тұрамын. Жылжымайтын мүлікті бағалайтын жігіттерді шақырдым. Үйімді небәрі 1,5 миллионға бағалады. Ауыл тұрғындарының бәрінде осындай үйлер. Осыдан кейін ауылдағылар несиені қалай алады? Жеңілдетілген несие жақсы, дұрыс, бірақ соны ала алмай отырмыз. Кепіл керек. Өз тәжірибеме сүйеніп айтарым: ауыл шаруашылығында ешкім дамымайды. Министрліктің айтып жатқаны ақылға қонбайды. Кепіл мәселесі шешілмей, ештеңе өзгермейді. Несиені 3 жылға емес, кемі 8-10 жылға беру керек. Өйткені мал үш жыл өседі, содан кейін ғана көбейеді. Сондықтан бастапқы үш жыл күту керек. Ал бізде күтпейді, банктен алған несиеңді бірден төле дейді. Бұл дұрыс емес, – деді шаруақтан даму процесі баяулап жатыр" деді ол.

Банктер ауылдағы жылжымайтын мүлікті тым арзан деп бағалайтындықтан ауыл халқы жеңілдікпен берілетін несиеге қол жеткізе алмайды деді Мәлік Кенжәлиев.
Банктер ауылдағы жылжымайтын мүлікті тым арзан деп бағалайтындықтан ауыл халқы жеңілдікпен берілетін несиеге қол жеткізе алмайды деді Мәлік Кенжәлиев.

Кенжәлиев басқа ауыл тұрғындарымен салыстырғанда, прокурор мен облыс әкімінің алдына оңай кіретінін жасырмайды. Бірақ бұдан еш нәтиже болмай отыр.

– Жақында аудандық прокурорға кіріп, арыз жаздым. Жер комиссиясы учаскені қалай бөлетінін, жерлер қалай сатылатынын, ауыл маңындағы аумақты неге шаруа қожалықтарына таратып жібергенін тексеруді сұрадым. "Мәселенің мән-жайын анықтаңыздар" дедім. Бірақ арызыма құлақ аса ма, жоқ па, белгісіз. Президентке де хат жазып қойдым, – деді Кенжәлиев.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ МИНИСТРЛІГІ: БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДА ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР МӘСЕЛЕСІ ЖОҚ

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, Қазақстандағы жайылымдық жер тапшылығына топырақтың ескіріп, инфрақұрылымның дұрыс дамымауы және жеке мақсатта өсірілетін мал басының көбеюі әсер еткен. "2022 жылдан бастап 10 миллион гектар заңсыз берілген немесе игерілмеген жер мемлекет иелігіне қайтарылған. Оның 1,27 миллионы биыл қайтарылды" деп жазған министрлік Азаттық сауалына берген жауабында.

Жайылымдық жер тапшылығы жөнінен Алматы, Атырау, Қостанай, Жетісу облыстары көш бастап тұр. Батыс Қазақстан облысында жайылымдық жер тапшы деген мәселе жоқ деп отыр министрлік.

Кенжәлиев ауыл шаруашылығы саласы негізінде мемлекеттік жүйеге талдау жасап, елге реформалар керегін айтады. "Әкім, депутат, комиссия төрағалары, судьялар мен министрлерді халық таңдауы керек. Қазір бәрі бюрократияға құрылған, сондықтан даму процесі баяулап жатыр" деді ол.

– Жемқорлық көріп тұрмын. Қалай дейсіз бе? Мал өсіретіндерге жер бермейді. Жерді аудан әкімінің бұрынғы әйелі, онсыз да жері бар шаруа қожалықтары алады. Қандай негізде? Ашық түрде пара бермесе де, адамдар арасында келісім жасалады. Онсыз болмайды. Біреуден біреуге қоңырау түседі, бұл жүйе солай жұмыс істейді. Дамығысы келетін шаруаға еш мүмкіндік жоқ. Айнала – сірескен бюрократия, – деді шаруа Мәлік Кенжәлиев.

XS
SM
MD
LG