Accessibility links

Қытай Қазақстаннан бидай импорттауды не себепті шектеді? Орталық Азия серіктестікті күшейте ала ма?


Жүк көлігіндегі бидайды түсіріп жатқан адам. Астана, архивтегі сурет.
Жүк көлігіндегі бидайды түсіріп жатқан адам. Астана, архивтегі сурет.

Батыс басылымдары бұл аптада Орталық Азия елдері ынтымақтастықты күшейте ала ма деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар Пекин Қазақстан бидайына арналған тарифті аяқ астынан өзгерткен соң, Қытайға бидай экспорты тоқтап, диқандар шығынға батып жатқанын жазды. Басылымдар бұдан бөлек елден білікті мамандар не себепті көшіп жатқанын талдап, оның салдарына үңілді.

ТАРИФТІ ӨЗГЕРТКЕН ПЕКИН

Eurasianet басылымы Пекин Қазақстан бидайына арналған тарифті аяқ астынан біржақты түрде өзгерткен соң, Астана Қытайға бидай экспорттауды белгісіз мерзімге тоқтатқанын жазды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл көктемде бидай күткен мөлшерден көп егілгенін, мол өнім алынып, баға төмен болатынын мәлімдеді. Сондай-ақ министрлік бұл мәлімдемеде Қазақстан бидай сататын ірі нарықтың бірі − Қытай импорт ережелерін біржақты өзгерткендіктен, бұл елмен сауда тоқтатылғанын хабарлады. "Сауданы қайта бастау үшін трейдерлердің уақыты мен күш-жігері қажет" дейді министрлік.

Мақала авторы Алматыда тұратын журналист Алмаз Куменов Қытай не себепті тарифті аяқасты өзгерткенін Қазақстанға түсіндірмеген деп болжайды.

Eurasianet басылымының хабарлауынша, ауыл шаруашылығы жаңалықтарын жазатын Eldala.kz порталы 2 тамыз күні дерек көздерге сілтеме жасап, Қытай кедені Қазақстанмен шекаралас Шыңжаң өлкесіндегі арнайы экономикалық аумақтағы "зауыттарға бидай импорттауға толық тыйым салғанын" хабарлаған.

Арнайы экономикалық аумақта тіркелген Қытай компаниялары бұған дейін бидайды 65 пайыз баж салығын төлемей импорттайтын. Енді бұл жеңілдік жойылған. Бұдан былай бидайды баж салығынсыз тек мемлекет бақылайтын реттеуші органдардан квота алған Қытай кәсіпорындары ғана импорттай алады.

Ақорда баспасөз қызметі таратқан мына суретте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) Астанаға мемлекеттік сапармен келген Қытай президенті Си Цзиньпинді әуежайда қарсы алып келе жатыр. 2 шілде 2024 жыл.
Ақорда баспасөз қызметі таратқан мына суретте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) Астанаға мемлекеттік сапармен келген Қытай президенті Си Цзиньпинді әуежайда қарсы алып келе жатыр. 2 шілде 2024 жыл.

Eurasianet тариф режимінің өзгеруі арнайы экономикалық аумақтағы Қытай трейдерлері үшін күтпеген жағдай болғанын жазды. Eldala.kz порталының хабарына сілтеген басылымның жазуынша, бұл жағдайға дайын болмаған Қытай трейдерлері қазақстандық серіктестерге "тіпті жолда келе жатқан бидайды қабылдай алмайтынын" айтқан.

Автор биыл мол астық жиналатындықтан және Қытайға бидай экспорты тоқтағандықтан, бидай бағасы төмендеп жатыр дейді.

Eurasianet басылымы Пекин тариф ережесін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Астанадағы кездесуінен бір айдан астам уақыт өткен соң қатаңдатқанына назар аударды. Си Цзиньпин сол сапары кезінде екіжақты қарым-қатынасты "тұрақты, бірегей, жан-жақты стратегиялық серіктестік" деп бағалаған.

3 шілде күні Си Цзиньпинмен бірге баспасөз мәслихатын өткізген Тоқаев бұл елмен ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестіктің болашағы туралы сөз қозғап, былтыр Қытайға экспорт көлемі артқанын, серіктестік өсімді ары қарай арттыратынын айтқан.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ТЕРЕҢДЕТЕ АЛА МА?

АҚШ-тағы Diplomat басылымы Орталық Азия елдері институционализациясыз ынтымақтастықты тереңдете ала ма деген сұраққа жауап іздейді.

Мақала авторлары SDU University-нің профессоры Айзада Нұридденова мен Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Санат Көшкімбаев Орталық Азия басшыларының алтыншы консультативті кездесуі айтарлықтай нәтиже бермесе де, Қазақстан мен Өзбекстанның екіжақты келісімі аймақтағы ынтымақтастықты күшейте алады деп жазды.

9 тамыз күні Қазақстанда Орталық Азия басшыларының кезекті консультативті кездеуі өтті. Аймақ елдерінің жетекшілері серіктестікті дамытатын "Орталық Азия – 2040", 2024-2027 жылдары серіктестікті дамытатын жол картасы, 2025-2027 жылдарға арналған өнеркәсіп серіктестігін дамыту жоспарына қол қойды.

Орталық Азия басшылары Душанбеде. Олар аймақ лидерлерінің саммитіне барған. 2023 жылғы қыркүйек.
Орталық Азия басшылары Душанбеде. Олар аймақ лидерлерінің саммитіне барған. 2023 жылғы қыркүйек.

Зерттеушілер Қазақстан тарапы Тәжікстан мен Түркіменстан "Достық, тату көршілік пен серіктестік" жайлы Орталық Азия елдерінің келісіміне қол қояды деп үміттенгеніне қарамастан, ол іске аспады дейді. Ашғабад пен Душанбе 2022 жылы Қырғызстанда өткен консультативті кездесуде осы құжатқа қол қоюдан бас тартқан. Тәжікстанның құжатқа қол қоймауын Қырғызстанмен шекарадағы проблемалармен байланыстырған. Қырғызстан мен Тәжікстанның шекара мәселесі бойынша келіссөзі биыл айтарлықтай алға басса да, Душанбе әлі де Орталық Азия елдерінің достығы жайлы құжатқа қол қойғысы жоқ.

Нұридденова мен Көшкімбаев аймақтағы байланыстың қозғаушы күші екіжақты қарым-қатынас дейді. Қазақстан екіжақты қарым-қатынас арқылы көрші елдермен байланысты күшейтіп қана қоймай, аймақ интеграциясының негізін қалайды. 7-8 тамызда Астанада аймақ басшыларының консультативті жиыны алдында өткен Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің кездесуі осыны айғақтайды. Аймақта осы екі ірі держава арасындағы серіктестік маңызды. Зерттеушілер екі ел бірлесіп әрекет етпесе, Орталық Азияның біртұтастыққа қол жеткізуі екіталай деп тұжырымдайды.

Астана мен Ташкент серіктестігі қарқынды дамып жатыр. Соңғы бес жылда екі ел президенттері 15 рет кездескен. 2022 жылдың желтоқсанында екі ел одақтастық қарым-қатынас туралы келісімге қол қойды. Өзбекстан оны 2023 жылы, Қазақстан 2024 жылы ратификациялады. Ташкент пен Астана мемлекетаралық кеңес құрып, 2024-2034 жылдарға арналған стратегиялық серіктестік пен альянс бағдарламасын қабылдап, аймақ интеграциясының іргетасын қалап жатыр.

8 тамызда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Астанаға мемлекеттік сапармен келді.
8 тамызда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Астанаға мемлекеттік сапармен келді.

Украина және Таяу Шығыстағы конфликтілер дәстүрлі тасымал тізбектерін бұзғандықтан, екі ел аймақ ішіндегі және аймақ арқылы өтетін сауда жолдарының қауіпсіздігіне көңіл бөліп жатыр. 2024 жылдың сәуірінде Ташкент пен Астана Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытымен жүк тасымалдауға келісті. Жақында Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавхат Мирзяев Қытайдың Сиань қаласынан 4500 шақырымды бес күнде жүріп өтіп, Қазақстан арқылы Ташкентке бара жатқан пойызды қарсы алу алу рәсіміне қатысты.

Тоқаев жақында мемлекеттік "Егемен Қазақстан" газетінде шыққан мақалада "табысты Орталық Азия табысты Қазақстанды" білдіретінін жазды. Зерттеушілер егер бұл принципті Орталық Азиядағы өзге елдер қолдаса, бұл аймақтың біртұтастығына серпін беруі мүмкін деп қайырады.

БІЛІКТІ МАМАНДАР ЕЛДЕН НЕ СЕБЕПТІ КЕТІП ЖАТЫР?

Соңғы он жылда елде сыртқы көші-қон айырымы өсіп жатыр. Diplomat басылымы елден білікті мамандар не себепті кетіп жатқанына және оның салдарына үңілді.

Мақала авторы Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті "Халықаралық қатынастар" кафедрасының меңгерушісі Гүлнаш Асхат Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенген. Оған қарағанда, 2023 жылы Қазақстаннан 12 732 адам кеткен. 2023 жылы мигранттардың 9 948-і ТМД елдеріне, қалған 2 784-і посткеңестік мемлекеттерден өзге елдерге көшкен.

Иллюстрация.
Иллюстрация.

2024 жылдың қаңтар-наурызында елден 3785 адам көшкен. 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Қазақстаннан көшіп кеткендердің саны 42,1 пайызға өскен.

2023 жылы елден кеткен әрбір төртінші адамның жоғары білімі, әрбір алтыншы адамның орта білімі болған. 2809 адамның техникалық, 1456 адамның экономика, 75 адамның педагогика және 421 адамның заң саласында білімі болған. "Яғни олар Қазақстанда жетіспейтін мамандық иелері" дейді авторлар.

Қазақтаннан кеткендердің статистикасына шетелде оқу немесе жұмыс үшін тұрып жатқан ондаған мың қазақстандық кірмеген. Оларды көшушілер ретінде есепке алмаса да, автор олардың көпшілігі елге қайтып оралмауы мүмкін дейді. ЮНЕСКО статистика институтының мәліметінше, сыртта оқитын студенттер саны жөнінен Қазақстан әлемде 9-орында (91 200 студент).

Автор қазақстандықтар экономикалық мүмкіндік, жақсы жұмыс орындары, өмір сүрудің жоғары деңгейі мен таза экологияны іздеп, шетелге көшетінін келтіреді. Зерттеуші мемлекет білікті мамандардың шетелге көшуін тежеу үшін бірқатар шараны қолға алуы керек дейді. Біріншіден, мемлекет жастарды жақсы білім, жұмысқа тұру мен жақсы жалақымен қамтамасыз етуі керек. Екіншіден, мамандардың кәсіби өсуіне және еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауы шарт. Үшіншіден, жас отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету қажет. Төртіншіден, үкімет пен бизнес жетекшілері қоршаған ортаның жай-күйі маңызды екенін мойындап, ауа сапасын жақсарту бойынша міндеттемелерді мойнына алғаны жөн.

Халықтың көші-қоны – қалыпты құбылыс. Әлемдегі барлық ел көші-қон алмасуына қатысады. Алайда білімді мамандар мен жастардың басқа елге қоныс аударуының көптеген себебі бар. "...Елден кетіп жатқан адамдардың саны өсіп жатыр, бірақ бұл үрдіс болашақта жалғасатыны-жалғаспайтыны белгісіз. Бір анығы, Қазақстан үкіметі барлық қазақстандықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасауды жалғастыруы қажет" деп қайырады Гүлнаш Асхат.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG