Accessibility links

Қазақстандық екі компанияға санкция салынды. Енді не өзгереді?


Қазақстан компанияларына салынған санкциялар үшінші елдерден Ресейдің қорғаныс саласына келетін көмекті азайта ала ма? Санкцияның енгізілуі, жалпы бақылаудың күшеюі Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Қазақстан санкция режиміне бағынып, сонымен бірге Ресеймен сауда қатынасын сақтауда қаншалық сәтті әрекет етіп жатыр? Осы мәселелерді саяси экономика бойынша PhD Қайрат Молдашевпен талқыладық.

Ресей Украинаға басып кіргеніне екі жыл толғанда Еуроодақ пен АҚШ Мәскеудің "соғыс машинасын" тоқтату мақсатында оның "қорғаныс саласына қысымды күшейтіп, оған технология жеткізетін үшінші елдерді нысанаға алатын" санкцияларын жариялады. Еуропа одағының 13-санкция пакетінде қазақстандық Elem Group компаниясы бар. АҚШ-тың "Ресейдің Украинаға шабуылының екі жылы мен Навальный қазасына қатысты" жариялаған санкция тізіміне бұған қоса DA Group компаниясы енген.

АҚШ қаржы министрлігінің дерегі бойынша, қазақстандық Elem Group АҚШ-та тіркеліп, Ресейде орын тепкен "Стрелой Е-Коммерц" компаниясына "озық тауарларды" жеткізумен айналысқан. Ал Da Group 22 болса, Германиядағы Elix-ST компаниясынан жоғары технологиялық тауарлар алып, ресейлік "Стэк" фирмасына сатып келген, ал оның соңғы тұтынушылары "Ресей әскері мен Ресейдің ғарыш және қорғаныс өнеркәсіп мекемелері" болған.

Elem Group туралы Азаттық былтыр маусымда жариялаған зерттеуінде жан-жақты айтқан. Содан кейін бұл компанияның Ресейдегі соғысқа технология жеткізіп жатқаны туралы ақпарат жер-жерде көп жазыла бастады. Алматының орталығындағы ғимаратта орналасқан "Elem Group" компаниясы соғыс басталған соң 20 күн ішінде құрылған, ал кірісі миллиардтаған теңге болған. Олар былтыр Санкт-Петербургтегі "Стрелой Е-Коммерц" деген компанияға кемінде 300 рет жүк тасымалдаған әрі олар тасымалдаған тауарлар – екі мақсатта қолданылатын микрочип, схемалар.

Ал Da Group 22 туралы былтыр мамырда халықаралық зерттеушілер тобы айта бастады. Бұл компания да соғыс басталғаннан көп өтпестен Астанада тіркелген. Басшысы – Германияда тұратын ресейлік Александр Чернет. Компания Германиядағы өз компанияларынан Қазақстанға жоғары технологиялық тауарлар тасымалдайды. Ал ол Ресейдегі компанияға жөнелтеді. Фирманың клиенттері – Ресейдің қорғаныс саласындағы кәсіпорындар.

Қазақстан компанияларына қарсы енгізілген осы сияқты санкциялар үшінші елдерден Ресейдің қорғаныс саласына келетін көмекті азайта ала ма? Санкцияның енгізілуі, жалпы бақылаудың күшеюі Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Қазақстан санкция режиміне бағынып, сонымен бірге Ресеймен сауда қатынасын сақтауда қаншалық сәтті әрекет етіп жатыр? Осы сұрақтарды саяси экономика бойынша PhD Қайрат Молдашевқа қойдық.

– АҚШ пен Еуроодақ Ресейге соғысқа қажет тауар жеткізуге қатысы бар деген күдікпен қазақстандық екі компанияға санкция салды. Бұл қаншалық тиімді шара?

Саяси экономика бойынша PhD Қайрат Молдашев
Саяси экономика бойынша PhD Қайрат Молдашев

– Екі компанияға салынған санкцияның әсері өте аз болады. Себебі, менің білуімше, олар – бір күндік компаниялар, кейбірінің құрылтайшылары да ресейліктер немесе олар әлдебір үшінші компания арқылы сатып алып, реэкспорт жасайды.

– Яғни олар ертең басқа атпен, басқа адамға тіркеліп жұмыс істей береді дейсіз ғой?

– Иә. Қазақстанның экономика жағынан болсын, ІТ жағынан болсын, Ресейге берер өз технологиясы көп емес. Сол үшін оны бәрібір көбіне Еуропадан, АҚШ-тан сатып алады. Ал бұл санкциялық тауарларды реэкспорттау қаупін де арттырады.

– Ал санкция режиміне бағынатын қазақстандық компанияларға қандай әсері бар?

– Әрине, санкциялардың көп әсері бар. Себебі бұл санкциялардың болуы қазақстандық компанияларға көп шығын келтіреді. Өйткені бұрын ала салатын зат қазір біраз нормативтік сәйкестік талаптарына (regulatory compliance) сай болуы шарт. Қазір қазақстандық компаниялардан гөрі АҚШ пен Еуропадағы компаниялар бұл сәйкестік талаптарын өздері өте мұқият тексеріп өткізіп жатыр. Санкция салған елдердің өз компанияларының cәйкестік қызметтері қазір қатты жұмыс істейді. Яғни, қазақстандық компанияға әлдене сату үшін біраз тексереді: былтырғы сауда көлеміне қарайды, солардан асып кетпеу мәселесін қадағалайды. Өйткені ертең Ресейге жеткізілген тауарларда, айталық дрондарда, күмәнді компонент табылып жатса, ең көп зиян шегетін де – солар.

Яғни, өндірістік шығын артты. Бұрын мәселен ауыл шаруашылығына қажет 10 дрон сата салатын болса, қазір оған қосымша құжаттар жинайсыз, оның Қазақстанда қолданылатынын дәлелдейсіз. Немесе былтыр 10 дрон сатып алып, биыл 30 дрон аламыз десеңіз сатпауы да мүмкін. Сондай кедергі өте көп. Яғни, тауарды рәсімдеу, жеткізу ұзақ уақыт алады.

Ресей мен Қазақстан арасындағы шекарадан өту үшін кезек күтіп тұрған жүк көліктері
Ресей мен Қазақстан арасындағы шекарадан өту үшін кезек күтіп тұрған жүк көліктері

– Бірақ Еуропа, АҚШ-тың шешім қабылдаушы органдары бұл санкциялардың әсері көп болмайтынын біліп отырған болар. Сонда дәл қазіргі жағдайда Ресейдің агрессияшыл соғысына Қазақстан сияқты елдердің атсалысуына тосқауыл қоюдың басқа қандай механизмдері бар?

– АҚШ пен Еуропаның бұл жөніндегі ұстанымы екі басқа. АҚШ-тың көп ережесі ашық жазылған және оларда Иранға қатысты санкцияларды бақылаудың қалыптасқан жүйесі бар. АҚШ-тың Ресейге қарсы санкция салынған тауарларының, компаниялары мен адамдарының тізімі де өте көлемді. Әрі оны орындатудың нақты жолдары тәптіштелген. Оның үстіне АҚШ көбіне компания не жеке адамға санкция салады.

Ал Еуропа одағының ережесі қызық, олар тікелей механизмдер жасамаған. Олардың тәртібі бойынша, санкция режимі бұзылғаны анықталып жатса, Еуропа комиссиясы зерттеп барып шара қолданады. Және ол шараны мемлекет деңгейінде, дипломатиялық жолдармен жүзеге асырады. Ал АҚШ-та дипломатиялық әдістер қолданылады деген ереже жоқ. Бұл жағынан Еуропаның ережесі Қазақстан үшін қауіптірек. Өйткені [Қазақстан] Еуропадан делегация келіп, тексеріс жүргізгенін, келісімшарттарды қайта қарауды қаламайды.

– Былтыр маусымда Азаттыққа сұхбатында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Батыс елдері көрсеткен "7 мың тауар түрін" "тоқтату не бақылау мүмкін емес, бұл біздің – бүкіл тауар айналымымыз" деді. Сонда Батыс бұл процесті қалай бақылауы керек?

– Бақылауға енді мемлекет қосылса, компаниялардың жағдайы тіпті мүшкіл болуы мүмкін. [Қазақстанда] құқық қорғау органдарына күш берсең, олар санкцияның алдын алу емес, басқа да мәселеге, мәселен жемқорлыққа жол ашады. Қазір тек шекарада кедендік бақылау ғана жүргізіліп жатыр. Қазір бізде [Ресеймен арада] шекара бар. Кеден одағы – шекарасыз одақ (құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей кіретін Еуразия экономика одағы – ред.) деген түсінік бар еді, қазір ол түсінік жоқ десе болады. Бұрын өз аумағына контрабанда тауар кіргізбеу үшін Ресей шекарада бақылау жасайтын. Қазір керісінше Ресей шекараны ашып қойды, қазір біздікілер бақылау жасайды.

– Демек, бұл сол санкциялардың әсерінен болған өзгеріс қой?

– Иә, тікелей санкциялардың әсері.

– Қазақстан үкіметінің Ресеймен сауда байланысын сақтап қалып, Батыстың санкция режиміне де бағыну әрекеті қаншалық сәтті болып жатыр? Енді не өзгереді?

– Әзірге сәтті деуге болады. Санкция режиміне бағыну бойынша жұмыс жүріп жатыр. Еуропа одағы алға тартып отырған дипломатиялық әсер ету құралдарын қолданып жатқан жоқ. Соған қарағанда, әзірге әрекет жасалып жатыр. Өйткені бұл – қадағаланып, тексерілетін нәрсе.

Соғыстың бірінші жылы Еуропа көбіне санкция салынған бұйымдар тізімін көбейткен болса, кейінгі кездері санкция салынған тауар тасымалына жол бермеу, оған мониторинг жасауға көбірек көңіл бөліп келеді. Соған қарағанда Қазақстан оған бағынып жатыр.

Ал Ресейге қатысты жағдай қиындау. Болашаққа бағытталған, бұрыннан жасалып қойған келісімшарттар бар. Олар бойынша екі жақ та өздеріне міндеттеме алып, тауар алмасуды арттыруға уағдаласқан. Оларды бұзу, өзгерту қиын.

– Санкцияны айналып өтудің түрлі маршруттары мен схемалары табылып жатыр. Бұл туралы Азаттық зерттеуінде де айтылады. Украинадағы соғыс ұзаққа созылған жағдайда санкцияны айналып өтуге тырысушылардың және оларды ауыздықтауға күш салған үкіметтердің әрекеті қалай өзгеруі мүмкін?

– Соғыстың түрлі сценарийлеріне қарасақ, ол жуықта біте қоймайтын сияқты. Оның үстіне соғыс тоқтаған күннің өзінде санкцияны бірден алып тастамайды. Ұрыс қазір біткен күннің өзінде санкция 10-15 жылға жалғасуы мүмкін. Иран, Солтүстік Корея мысалын алып қарасақ, санкцияларды қадағалау өте қиын. Бір күндік компаниялар ашыла береді, олар Ресейге тауар жеткізе береді. Тек қана тасымалданатын тауар көлемі рөл ойнайды. Қадағалау мұқият жүргізілсе ғана көлемі азаяды. Дұрыс қадағаланбаса, керісінше, көбейіп кетуі мүмкін.

Мұнда тағы бір проблема бар. Бұл – БҰҰ сияқты халықаралық ұйымның емес, Батыс елдерінің санкциялары. Яғни Қытай сияқты елдердің Ресейге электроника тауарларын жеткізуіне бөгет жоқ. Бірақ олардың өз мүдделері бар.

– Яғни, бұл санкциялардың соғысушы елге тигізер әсері аз дейсіз ғой?

– Бұл әр мемлекеттің мүддесіне байланысты. АҚШ-тың мүддесі мен ондағы компанияның өз мүдделері бар. Немесе АҚШ-тағы Еуропадағы дистрибютор компанияның бөлек мүддесі бар. Жеке мүдделер [санкция режимінің тиімділігіне] әсер етеді, яғни олар мемлекеттік мүддемен бірге жүрмейді.

– Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі – Ресей екенін ескерсек, тексерістің көбеюі, өндірістік шығындар артуы ел экономикасына қаншалық әсер етеді?

– Біз бірінші шоктан өттік. Логистиканың үзілуі біраз әсер етті, тауарлардың қымбаттауы да содан болды. Біз көп нәрсені Еуропадан Украина, Ресей арқылы алып келетінбіз. Екіншіден, Батыстың көп компаниясы Ресейде орналасты, біз Johnson & Johnson, Unilever сияқты компаниялардың Ресейде шыққан өнімдерін алатынбыз. Қазір балама жолдар пайда болды, олар дамып жатыр. Ресей де, біз де бейімделіп жатырмыз. Сауда – мұндай жағдайларға бейімделетін нәрсе. Тек шығындар көбейді. Оның үстіне біз Ресеймен көрші ел болғандықтан, технологияны бізге әкелу қиындай түсті, ол әлі де қиындай береді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG