Accessibility links

"Пентагон Ресей және Қытаймен тайталасуға бет бұрды"


АҚШ зымыраны. Көрнекі сурет
АҚШ зымыраны. Көрнекі сурет

АҚШ-тың 2019 жылға арналған қорғаныс бюджеті 716 миллиард долларды құрады. Құжат бұрын-соңды болмаған қысқа мерзім ішінде қабылданып, президенттің қол қоюына жөнелтілді.

Бірақ бұл Пентагон аталған миллиардтардың бәрін міндетті түрде алады деген сөз емес. Әскери ведомство бюджеті түзіліп, бекітілді, оның шығындары бүге-шігесіне дейін жазылды. Бірақ бұл нақты қор бөлініп қойған қаржылық акт емес, әзірше нормативті-құқықтық акт ғана. Ал қаржылық актіні әлі қабылдау керек. Алайда Вашингтонда 2019 жылға арналған қорғаныс бюджетін нышандық белгісі бар құжат деп атап жатыр.

Конгрестің қос палатасы бюджет жобасын рекордты қысқа мерзімде бекітіп қана қоймай, оны көпшілік дауыспен қабылдады. Әскери сала шығындары жоспарын бұлай шапшаң бекіту мүлде сирек болатын жағдай. Әдетте әлдебір үлкен саяси амбициясы жоқ, я керісінше, амбициясы зор депутаттар қарсы дауыс береді. Мысалы, бұл жолы қарсы дауыс берген үш демократ сенатор (Камала Харрис, Элизабет Уоррен және Кирстен Джиллибрандт) - 2020 жылы өтетін президент сайлауына түсетін ықтимал кандидаттар. Үшеуі де қазір демократиялық партияның орталық истеблишментін ығыстырып бара жатқан солшыл, пацифистік қанат өкілдері.

Биылғы қорғаныс бюджетінің елеулі ерекшелігі – инфляция артығымен жұтып қоятын 2,25 пайызға ұлғайту да, қарулы күштер санын 15,5 мың адамға көбейту де емес, кейінгі 15 жыл бойы жүргізіліп келген негізгі саясат – терроризмге қарсы күрестен өзге екі алып держава - Қытай мен Ресеймен бәсекелестікке бет бұру. Пентагон мұны ашық мәлімдеген болатын.

Бұл едәуір көп, бірақ Ресей әскери-теңіз флоты биылға жоспарлап отырған кеме санынан екі есе аз

Сондықтан сметада Ауғанстан, Сирия, Йемен, Ирак, Нигер, Ливия, Сомалидегі террорға қарсы операцияларды жүргізуге бүкіл шығынның 10 пайыздан сәл ғана асатын бөлігін құрайтын қаржы қарастырылған. Бұған қоса, Конгресс қорғаныс министрлігі сұраған қаржыны ұлғайтып, оған тағы бір авиатасығыш жасау шығынын қосты. Сонда флот жиыны 13 жаңа кеме жасауға қаржы алады. Бұл едәуір көп, бірақ Ресей әскери-теңіз флоты биылға жоспарлап отырған кеме санынан екі есе аз.

Обама әкімшілігінде қорғаныс министрінің орынбасары болған Майкл Карпентер Азаттықтың Орыс қызметінің 2019 жылға арналған қорғаныс бюджетіне қатысты сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді.

Майкл Карпентер
Майкл Карпентер

– Бұл – көлемі 700 миллиард доллардан асатын өте қомақты бюджет. Конгресс ұлғайып бара жатқан бюджет тапшылығына қарамастан, әскери салаға жұмсалатын шығынды көбейтуді ұйғарды. Американың қорғаныс қабілетін арттыру қажет деген уәжді екі партия да қостады. Бұған қоса, тағы бір аса маңызды жайт - бюджетте басымдық берілетін салалар өзгеріп жатыр және Пентагон Қытай мен Ресеймен тайталасуға бет бұрды. Бұл үшін ол осы екі алып державамен ұтымды бәсекелестікке қажет болатын қару-жарақ жүйелерін құрудың ұзақ мерзімді жобаларына қаржы салмақ. 2019 жылдың бюджеті жаңа саясаттың бастауы емес, АҚШ қарулы күштерін жаңғыртуға қатысты Обама әкімшілігі тұсында басталып кеткен саясатты нығайту ғана екенін айта кеткім келеді.​

– Сонымен, Пентагон бюджетінің Ресей немесе Қытайға қатысы бар блоктары ұлғаяды, бірақ дипломатиялық дағдарысқа ұрындыратындай шапшаң әрі күрт емес...

Жаңа мұз жарғыш кемелерін жасау АҚШ пен Ресейдің Арктикадағы ықтимал тайталасына қатысы бар

– Негізі, Пентагонның бюджетінде құбылулар мен бетбұрыстардан гөрі түрлі әкімшіліктер саясатының арасындағы сабақтастық көбірек дер едім. Біз, яғни Обама әкімшілігі алып державалардың тайталастығы туралы Ресей Украинаға басқыншылық жасамай тұрып ойлана бастағанбыз. Қырым аннексиясы мен Донбастағы агрессиядан кейін бұл идеяларды жедел түрде енгізе бастадық. Ал Пентагон бюджетінің "орыс" я "қытай блогына" қатысты айтар болсам, оларды бөліп алу мүлде оңай емес. Мысалы, жаңа F-35 жойғыш ұшағын жасауды алыңыз. Ресей мен Қытайдың соғыс ұшақтары оның басты "контрагенттері" саналады. Бірақ бұл ғана емес. Мысалы, қорғаныс министрлігі Конгресті F-35 ұшағын Түркияға экспорттауға тыйым салмауға көндірді. Түркия оны Ресейге қарсы пайдалануы шарт емес, бұл ұшақ оған өзге жерлерде қажет болуы мүмкін. Бір жағынан, жаңа мұз жарғыш кемелерін жасау АҚШ пен Ресейдің Арктикадағы ықтимал тайталасына қатысты екені анық. Ал қазір ол жақта бәсекелесіміз, яғни Ресей айқын үстемдікке ие екені белгілі.

– Бюджеттік құжатта Қытайға қос, яғни әскери әрі азаматтық мақсатта қолданылатын технологиялар экспортын шектеу де егжей-тегжейлі жазылған.

Әскери әрі азаматтық мақсатта қолданылатын америкалық технологиялар экспортымен байланысты шектеулерге Қытай ғана емес, Ресей де ілігеді.

– Бұл қазір Қытай – өнеркәсіп тыңшылығы саласындағы көшбасшы ел екенін және егер АҚШ әскери-техникалық құпиялардың Қытайға ағылуын тежей алса, бұдан өзі де, одақтастары да ұтатынын түйсіну бар дегенді білдіреді. Бұдан бөлек, кезінде Обама көтерген бастаманы дамыту үшін Конгресс ҚХР-дың (Қытай Халық республикасы- ред.) көршілеріне, мысалы, Үндістан, Вьетнам, Тайвань, Филлипинге жүздеген миллион доллар беріп отыр. Бұл елдер құрлықтағы және Оңтүстік Қытай теңізіндегі Қытай үстемдігіне, оның жасанды атоллдар (теңіздегі сақина бітімдес маржан аралдары – ред.) жасап, оларды милитарландыру әрекеттеріне тойтарыс беруге тырысып жатыр. Қытай көршілерімен сыпайы қарым-қатынасқа көшпей АҚШ-тың қатысуымен өтетін әскери-теңіз жаттығуларына қатыса алмайды. Айтпақшы, қос, яғни әскери әрі азаматтық мақсатта қолданылатын америкалық технологиялар экспортымен байланысты шектеулерге Қытай ғана емес, Ресей де ілігеді.

– "Еуропалық тежеу бастамасына" алты миллиард 300 миллион доллар бөлініп отыр. Бұл нені білдіреді?

– Бұл - 2015 жылы Обама іске қосқан бастама. Оның әуелгі бюджеті 750 миллион доллар болған. Үш жылдың ішінде оның көлемі шамамен 10 есеге ұлғайды. Бұл - Украинадағы Ресей агрессиясының тікелей салдары. Ресейдің бұл әрекеті оған салынған экономикалық санкциялар ғана емес, оның батыс шекарасының әлсіреуіне де ұласты. Қазір Ресей бұл жағдайды түзетуге қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр болып отыр. Бұл Балтық елдері, Польша, Румынияның қорғаныс қабілетін нығайтып, НАТО-ның жанынан аймақта дағдарыс туа қалған жағдайда жедел әрекет ететін күштер жасақтау, бұл елдермен бірлескен әскери жаттығуларды жиі өткізуді көздейтін бастама болатын.

Конгресс тұрақты әскер ұстау АҚШ-тың Польшаға деген адалдығын көрсетудің ең дұрыс жолы деп ұйғаруы мүмкін

– Конгресс қорғаныс министрі Джеймс Мэттиске АҚШ әскери бөлімшелерін Польшада мерзімін шектемей орналастыру мүмкіндігін зерттеуді тапсырды. Қазір ол жақтағы бөлімшелер ауыс-түйіс негізінде тұр. АҚШ пен Ресей 1997 жылы НАТО мен Ресей арасында бекітілген актінің бұрынғы "Варшава шартына" мүше елдердің территориясында Солтүстік Атлантика одағының тұрақты базаларын орналастыру туралы тармағын екі бөлек түсінеді. Бірақ ол жақта әзірше, НАТО базалары жоқ. Пентагон Конгрестің ығына жығылып, америкалық солдаттарды Польшаға тұрақты түрде орналастыра ма, әлде жоқ па? Қалай ойлайсыз?

- Пентагон олай істемейді деп ойлаймын, бірақ қателесуім де мүмкін. Мұның әскери жағынан да, қаржылық жағынан да үлкен себептері бар. Жедел әрекет ету бөлімшелерін ықтимал қақтығыс ошағының тікелей өзінде емес, сәл әрменірек - Германияда ұстаған тиімді. Бұл оларды қосымша күшпен лезде жасақтау мүмкіндігін береді әрі тұрақты әскер тұрған бекеттерді қорғанысы мықты аудандарға айналдыруға қатысты көбейетін қыруар шығынды болдырмайды. Бірақ Конгресс тұрақты әскер ұстау АҚШ-тың Польшаға деген адалдығын көрсетіп, Ресейдің біздің оны қорғауға әзір екенімізге қатысты күмәнін сейілтудің ең дұрыс амалы деп ұйғаруы мүмкін. Өз басым бірінші нұсқаны қалар едім.

– Қаржы министрі Стивен Мнучинді Владимир Путинге және ресейлік олигархтар мен ірі мемлекеттік шенеуніктерге тиесілі бүкіл активтер туралы Конгреске хабарлап отыруға міндеттейтін тармақ әскери құжатқа қалайша еніп кетті?

Бірқатар ықпалды сенаторлар мен Өкілдер палатасының мүшелері Путиннің сыншылары ретінде көрініп қалуды ұйғарған тәрізді

– Міндетті түрде орындалуы тиіс маңызды бюджет құжаттарына нақты заңның мәніне тікелей қатысы жоқ тармақтарды қосу демократиялық елдерде жиі кездесетін практика. Кейде ондай "қыстырма" тармақтарды бұғаттаудың сәті түседі, кейде түспейді. Ал мына жағдайда бірқатар ықпалды сенаторлар мен Өкілдер палатасының мүшелері Путиннің сыншылары ретінде көрініп қалуды ұйғарған тәрізді. Заң жобасындағы бұл тармақтың әлдебір үлкен маңызы болады деп ойламаймын... Өйткені әскери бюджетте Владимир Путиннің байлығы сияқты бір мезеттік саяси сюжеттен гөрі, АҚШ қаржы құйып жатқан, мысалы, зымыранға қарсы қорғаныс кешендерін ғарышқа орналастыру тәрізді болашақта ұтымдылығы айқын көрінетін ұзақ мерзімді жобалар маңызды.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Евгений Ароновтың мақаласы орысшадан аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG