Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің жетекшісі Алмасадам Сәтқалиев елде бірінші АЭС-тің іргетасын қалау 2029 жылға жоспарланып отырғанын айтты.
“Росатом” жұмысын өте сәтті бастады. Шамамен 50 шақты ұңғыма қазылды. Топырақ үлгісі алынып, сарапталып жатыр. Радионуклидтердің бар-жоғына қатысты шамамен 2000 орын тексерілді. Гидрологиялық, гидротехникалық, инженерлік талдау, орынға топографиялық анализ жүргізілді. Екі гидробекет анықталды. Жалпы жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Атом саласы мамандары арасында “алғашқы бетон” деп аталады... сол 2029 жылға қарай бастала ма деп отырмыз” деді Ақордада журналистердің сұрақтарына жауап берген Алмасадам Сәтқалиев. Оның сөзінен ҚазТАГ үзінді келтіреді.
Оның сөзінше, жұмыс басталғаннан кейін 18 айда жобалық-зерттеу жұмыстары аяқталады. Бұдан бөлек, болашақ атом электр станциясына мамандарды да дайындау жұмысы қатар жүріп жатыр. Ал Қазақстанға екінші атом электр станциясын салып береді деген Қытай болашақ АЭС мамандары үшін 200 грант бөлген.
“Қазіргі кезде Франция, Қытай, Ресей, Венгрия сияқты елдердің энергетикалық нысандарында тәжірибеден өткісі келетін, атом энергетикалық станцияларында істегісі келетін жас мамандардан өтініш қабылдап жатырмыз” деді министр.
Биыл ақпанда Қазақстан үкіметі елдегі алғашқы атом электр станциясын салатын орынды ресми түрде бекітті – ол Алматы облысы Жамбыл ауданында, Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылының маңында тұрғызылмақ. 14 маусымда Қазақстан үкіметі алғашқы АЭС-ті Ресей салып береді деп мәлімдеген.
Кей эколог Қазақстанда АЭС салуға қарсы. Олар атом станциясы Балқаш көліне кері әсер етуі мүмкін дейді. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар да АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды.
Ал ресми Астана Қазақстан қоғамына АЭС-ті таңдау шешімінің саяси астары жоқ деуге сендіруге тырысып келеді.
"Уран шикізатының, технологиялық процестерінің меншік иесі, операторы, өндірушісі Қазақстан болады", – деген Қазақстанның атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.
Қазақстан билігі АЭС салу туралы шешімді былтыр қабылдаған. Ол шешімді қабылдамас бұрын елде референдум өткізілді. Байқаушылар референдумға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері тіркелгенін, мысалы, референдум бюллетеньдерін дауыс беру жәшігіне топтап тастау секілді жайттар анықталғанын хабарлаған.
Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған.