"Путинді бітімге келуге мәжбүрлеу керек"
Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер мен Франция президенті Эммануэль Макрон Украинадағы атысты тоқтатуды қамтамасыз ету мақсатында Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар салып, қысымды күшейтуге шақырды.
"Біз жұмысымызды бейбітшілікке дайындыққа бұрғанымыз жөн, ол үшін Ресей президенті Владимир Путинді бітім жайлы келіссөзге көнуге мәжбүр етуіміз қажет. Ондай үйлестірілген қысым нәтижелі болады", – деп мәлімдеді Кир Стармер.
Бейсенбі, 10 шілде күні ол Макронмен бірге Украинаға көмектесіп жатқан елдерді біріктіретін "қалаушылар коалициясының" конференциясына төрағалық етті.
Италияның премьер-министрі Джорджа Мелонидің ұйымдастыруымен өткен конференцияға жүздеген кәсіпкер мен жоғары лауазымды шенеуніктер, соның ішінде Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен және Германия канцлері Фридрих Мерц те қатысты.
Екі күндік жиында Украинаны ұзақ мерзімді қалпына келтіру мәселелеріне қоса, төртінші жылға жалғасып отырған соғыс жағдайындағы елдің қазіргі қажеттіліктері де талқыға түсті.
Конференцияда сөйлеген Германия канцлері Фридрих Мерц өз елі АҚШ-тан Patriot әуе қорғаныс кешендерін сатып алып, оларды кейін Украинаға беруге дайын екенін мәлімдеді.
Бұл екі күндік конференция Италия астанасы Римде аралас форматта өтіп жатыр – Стармер мен Макрон Лондонның солтүстік-батысындағы Нортвуд қаласындағы НАТО-ның басқару орталығынан сөз сөйледі.
Эммануэль Макрон одақтас елдерді Ресейге қысымды күшейтуге шақырып, ол үшін "нақты жаңа шаралар қажет" екенін айтты.
"Ресей экономикасына қысымды күшейтетін неғұрлым тиімді тәсіл керек", – деді Франция президенті.
Бейбітшілік күштері мен коалиция жұмысы
Бұған қоса көшбасшылар соғыс аяқталғаннан кейін Украинада бітімгершілік күштерін орналастыру жөніндегі еуропалық жоспар екенін мәлімдеді.
Франция президенті Макронның сөзінше, бұл жоспар атыс тоқтағаннан кейін бірнеше сағаттың ішінде іске асырыла бастауы мүмкін.
Бұл жолы "қалаушылар коалициясы" отырысына алғаш рет АҚШ өкілдері – президенттің арнайы өкілі Кит Келлог пен сенаторлар Линдси Грэм және Ричард Блюменталь қатысты. Ол жөнінде Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак жазды.
Конференция барысында жалпы көлемі 10 миллиард еуродан астам инвестиция тартуға мүмкіндік беретін кепілдіктер мен гранттар туралы жеке келісімдер нақтылануы тиіс, деп хабарлады Италия премьер-министрі Джорджа Мелони.
Зеленскийдің үндеуі
Бейсенбіде Римдегі конференцияның ашылуында сөйлеген сөзінде Украина президенті Владимир Зеленский Ресей тарапынан шабуылдар күшейіп жатқан шақта ресурстар тапшылығына жол беруге болмайды деп мәлімдеді.
"Ең әуелі, ресейлік дрондар мен зымырандарды тоқтату қажет. Ол үшін дрон мен зымыранды жоя алатын, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері қажет. Жылдам әрі ауқымды инвестициялар керек", – деді Зеленский.
Ол саясаткерлер мен кәсіпкерлерді Украинаның қорғаныс саласына белсенді түрде инвестиция құюға үндеді.
"Барлық серіктестерімізге: қолдауды ұлғайтыңыздар деп үндеу тастаймын. Ресей шабуылдарды күшейтіп жатқан шақта біз қаржыландыру тапшылығына жол бере алмаймыз. Ресейдің кез келген бейбіт бастамаларды бұғаттап отырғаны айқын", – деді Зеленский.
Рим конференциясы Ресей Киевке кезекті рет жаппай шабуыл жасағаны жайлы хабарлар тараған кезде өтіп жатыр. Бұл шабуылдар Ресей президенті Владимир Путиннің бейбітшілікке ұмсынбайтынын, керісінше, жағдайды әдейі ушықтырып отырғанын дәлелдейді, деген Зеленский Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар енгізуге шақырды.
Жаңа санкциялар
Бұған дейін Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Еуропа одағы Ресейге Украинаға қарсы басқыншылық соғысын ашқаны үшін кейінгі үш жыл ішіндегі "ең қатаң" санкцияларын жариялайды деп мәлімдеген еді. Оның сөзінше, болашақ санкциялар Путинге соғысты жалғастыруға мүмкіндік беріп отырған ресурстардың көзін тікелей кесуді көздейді. Ол бұл орайда энергетика саласын ерекше атап айтты.
"Қалаушылар коалициясы" – Ресеймен бейбітшілік бітімі жасала қалған жағдайда Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз етуге дайын елдердің басын біріктіреді. Қазір оның құрамына шамамен 30 мемлекет – көпшілігі Еуроодақ елдері, сондай-ақ Канада мен Аустралия да еніп отыр. Бірақ АҚШ бұл коалицияда жоқ. Кей елдер Украинаға бейбітшілік күштерін жіберуге дайын екенін, басқалары өзге әдіс-тәсілдермен көмектесуге әзір екенін айтқан. Франция мен Ұлыбритания – осы коалицияның бейресми көшбасшылары.
- Ресей Украинаға қарсы 2022 жылғы 24 ақпанда кең көлемді басқыншылық соғысын ашқаннан бергі кезеңде Еуроодақ Ресейге қарсы 17 санкция пакетін қабылдады.
- 18-пакет аясында Ресейдің шетке сатып отырған мұнайдың баррелінің ең жоғарғы шегін 60 доллардан 45 долларға дейін төмендету және "Солтүстік ағын" жобасының газ құбырларымен транзакцияға тыйым салынады деп жоспарланған еді. Алайда Словакияның ұстанымына бола бұл пакет маусымның аяғында бекітілмей, кейінге сырғытылды.
ПІКІРЛЕР