Accessibility links

Бітім бола қалса, Еуропа бастаған коалиция Украина қауіпсіздігіне қалай кепілдік бермек?


Украинаны қолдайтын "ниеттілер коалициясы" елдерінің басшылары Париждегі саммитте. 27 наурыз.
Украинаны қолдайтын "ниеттілер коалициясы" елдерінің басшылары Париждегі саммитте. 27 наурыз.

Еуропа бастаған "ниеттілер коалициясы" Киев пен Мәскеу бітімге көнген жағдайда Украинаға әскери миссиясын қандай шартпен жібермек? Коалиция мүшелері не себепті әлі екі ойлы болып отыр?

"ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛДІГІ КҮШТЕРІН" ЖАСАҚТАУ

Дипломаттар Украинаны қолдау жөніндегі "ниеттілер коалициясын" өзара "күтіп отырғандар коалициясы" деп әзілдеп жүр.

Киев пен Мәскеу Ресейдің төртінші жылға ұласқан басқыншылық соғысын аяқтау жөнінде келісімге келе қалса, келісімнің орындалуын қадағалаймыз деген елдер наурыздың басында коалиция құрған. Оған НАТО-ның Еуропадағы мүшелері, сондай-ақ Австралия, Канада, Жапония және Жаңа Зеландия секілді елдер кірген. Бірақ бұл коалиция қалай жұмыс істейтіні әлі түсініксіз.

Осы айда Франция мен Ұлыбританияның техникалық тобы Киевтің "қауіпсіздік кепілдігі күштеріне" мұқтаждығын анықтау үшін Украинаға сапарлады. Ал 10 сәуірде коалицияға мүше елдердің қорғаныс министрлері Брюссельдегі НАТО штаб-пәтерінде алғашқы кездесуін өткізді. Коалиция басшылар деңгейінде 9 мамыр күні Киевте бас қоспақ.

Осы бір салтанатты жиындарға қарамастан, коалиция әлі ешқандай нақты шешім қабылдамаған. Өйткені майдан даласында көп мәселе белгісіз. Бітім жасалатын болса, шарты қандай болмақ? Оған АҚШ қатыса ма? Қатысса, қандай рөл атқарады? Өзара әріптестік ережесі қандай болмақ?

Азаттықпен анонимді түрде сөйлескен Еуропа дипломаттары коалицияның алғашқы апталардағы жұмысын "ойға қонымды жоспарлау", "тәртіпке келтіру" және "болуы ықтимал жағдайларды қарастыру" деп атады.

СҰРАҚТАР МЕН ЖАУАПТАР

Осы процесте көш бастап отырған Франция мен Ұлыбритания 11 сәуір күні коалицияға мүше елдердің бәріне сауал-хат жолдап, әрбір елден Украинаға қысқа мерзім ішінде қандай күш жібере алатынын сұраған. Оның ішінде ұшақ, кеме, дрон, тіпті жаяу әскер саны жөнінде де сұрақ бар.

Жауап 18 сәуірге дейін берілуі керек болған. Сауалнама түгел жиналған соң, іс жүзінде жүзеге асуы ықтимал сценарийлер мен уақыт айқындала түсуі мүмкін.

Ашығын айтсақ, қазірдің өзінде кей бағыттардың ұшы көріне бастады.

Дипломаттар қауіпсіздік күштері бес жылға жіберіледі деп жоспарланып отырғанын айтады. Жоспар бойынша, Украинаға алғашқы әскер бітім жарияланғаннан кейінгі 72 сағат ішінде жетуі қажет. Бірақ ол қақтығыс аймағына жақындамайды.

Бір дипломаттың айтуынша, атыс тоқтаған майдан шебінде буфер аймағы құрылып, оны БҰҰ күштері қадағалауы мүмкін. Буфер аймағынан кейін Украинаның өз әскері тұрады, ал одан әрі, яғни майдан шебінен қашықта "ниеттілер коалициясының" күштері жайғасады.

ӘУЕДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК

Коалиция күштері Украинаға жеткен соң не істей алатыны жөнінде бірнеше болжам бар.

Бір нұсқа бойынша, бұл күштер Украинаның батысындағы стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдарды күзетеді. Нақтырақ айтқанда, олар Львов айналасында ұшақтардың қонуына "қауіпсіз аймақ" құрмақ. Бұл мақсатты жүзеге асыруға Франция мен Ұлыбританияның әуе күші молынан жетеді. Нидерланд секілді елдер де үлес қосуға дайын.

"Әуе қауіпсіздігі туралы айтсақ, Украина қазір мұны жекедара іске асыра алмайтынын, олар бұл мәселеде қолдауға мұқтаж екенін біліп отырмыз" деді Азаттыққа Нидерланд қорғаныс министрі Рубен Брекельманс Брюссельдегі кездесудің сыртында болған әңгімеде.

"Әрбір ел қандай үлес қоса алатынын айту салыстырмалы түрде жеңіл" деді ол. "Мысалы, Нидерландыда F-35 ұшақтары бар және мұндай ұшақтар саны қанша екенін, оның нешеуін жөнелте алатынымызды білеміз. Яғни бұл мәселенің қиын бөлігі емес; қиын бөлігі – тұтас миссияны ұйымдастыру және әуе күштері қандай міндет атқаратынын анықтау".

Бұдан да амбицияға толы жоспар бар. Ол бойынша, коалиция күштері Еуропа шенділері айтқандай қос "қапталға", яғни Беларусь шекарасының түбінде және Одесса маңында орналастырылуы мүмкін.

Былтыр күзде Ресей әскері Беларусьте "Батыс" деп аталған ірі жаттығу жиынын өткізгенін ескерсек, бұл жоспардың қисыны бар.

Ал Одесса түбіндегі күштер теңіз әскерінен тұруы мүмкін. Әзірге бұл – жоспардың ең егжей-тегжейлі бөлігі.

10 сәуір күні Брюссельде өткен кездесуде Түркия бұл аймақтағы жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екенін мәлімдеген. Мұндай жағдайда Анкара Қара теңізді миналардан тазартып, Украина кемелеріне және халықаралық кемелерге дәнді дақыл тасымал жолын қамтамасыз етуі мүмкін. Осылайша Түркия алдағы уақытта осы аймақта құрылуы мүмкін көпұлтты теңіз күштерінің негізі болуы ықтимал.

УКРАИНАҒА ШЕТЕЛ ЖАЯУ ӘСКЕРІ ҚАНДАЙ КӨЛЕМДЕ ЖІБЕРІЛУІ МҮМКІН?

Азаттық сөйлескен дипломаттар 30 мың деген санды айтып отыр. Бірақ олар бұл "қол жеткізуге қиын идеал сан" деп ескертті.

Бұл дегеніңіз – екі дивизия. Ал асылында ротациялық резервті қамтамасыз ету үшін тағы бір 90 мың әскер қажет.

Коалиция осыған жағын әскер күшін жинай ала ма?

Ресей мен Украинаның атысты тоқтату жайындағы келісімінің болашағы бұлыңғыр болғандықтан, елдердің басым көпшілігі бұл мәселеде ешқандай міндеттеме алғысы келмей отыр.

Жаяу әскер жіберу жөніндегі бастаманың алдыңғы қатарында Франция мен Ұлыбритания тұр. Бастаманы Балтық елдері – Эстония, Латвия және Литва да қолдады. Одан соң қолдауға жақын деген Белгия, Дания және Нидерланд елдері бар. Германия қазір бүкіл назарын өз ішінде үкімет коалициясы жасақтауға бұрып отыр. Бірақ түбі Германия да қолдаушылар қатарынан табылса, қалғандары қадам жасауы мүмкін деген үміт бар.

Ресей жөнінде қатаң ұстанымы бар деген Чехия мен Польша алдағы ішкі сайлауларын күтіп отыр. Ал шекараға жақын елдердің бір тобы "әскерімізді шығысқа жөнелткеннен гөрі өз жерімізде ұстағанды құп көреміз"дейді.

Азаттық сөйлескен дипломаттардың бірі Брюссельдегі жиынға қатысқан елдердің көбі "карталарын ашпай отыр" дейді.

"Олар жиындарға қатысып келеді, бірақ олар жұрт не айтып жатқанын тыңдаумен ғана шектеліп, жалпы талпынысты қолдайтынын ғана айтып отыр" деді ол Азаттыққа.

РЕСЕЙ ЖӘНЕ АҚШ

Бұл мәселедегі негізгі акторлар – АҚШ пен Ресей. Франция аталған миссия үшін АҚШ-тың қолдауы қажет емес дегенімен, өзге елдер әзірге тартыншақтап тұр. Олар АҚШ қолдауы кемі логистика мен барлау салаларында қажет деп санайды.

Қысқасы, еуропалықтар АҚШ көмегінсіз ауқымды миссияны жүзеге асыра алмайтынға ұқсайды. Әскер мен қару-жарақты әуе арқылы жылдам тасымалдау қажеттілігін ойлап көріңіз. Ұлыбритания мен Францияның барлау қызметі мықты дегенімен, Вашингтон озық технологиялы спутник суреттерін бөлісе алады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропа бастамасын қолдау жөнінде кепілдік беруден бас тартып келеді. Еуропа жоспарын айқындалмайынша, АҚШ-қа қандай да бір міндеттеме алу қиын екенін Еуропа дипломаттарының өзі айтып отыр.


5-БАП ҚОЗҒАЛА МА?

Вашингтонның ықтимал қатысуы спутник суреттерімен және әуе тасымалымен шектеле қоймады деді 10 сәуір күні Азаттыққа Эстония қорғаныс министрі Ханно Певкура.

"Қолдау туралы, демеуші туралы айтқанда бір сұрақ туады: жіберілген күштердің қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз және бір жағдай болса қарымта жауап қандай болмақ?" деді ол. "Сол себепті Украина сарбазы болсын, Еуропа сарбазы болсын, ешбір сарбаз не істей алатынын білмей ұрыс даласына жіберілмеуі қажет. Олар қандай да бір әрекет жасар болса, олардың артында қажет жағдайда демеп тұратын кавалерия бола ма?"

Мұның бәрі түбінде Ресейге және әскери қимылдар тәртібіне байланысты. Егер Мәскеу Батыс миссиясын атқыласа, олар да атқылай ма? Бұл НАТО миссиясы болмағанымен, қауіпсіздік кепілдігі күштері НАТО-ның 5-бабы аясындағы қорғалуы мүмкін деген талқы да жүріп жатыр.

Егер олай болса, Батыс миссиясының шабуылға ұшырауы НАТО мен Ресей арасында соғыс бастай ма? Азаттық сөйлескен елшілердің бірі 5-бап ауқымды шабуылды білдірмеуі мүмкін деді. Оның сөзінше, НАТО мұндай ықтимал жағдайға жауап ретінде Украина жеріндегі Ресей әскерінің бекінісін ғана нысанаға алумен шектелуі мүмкін.

КІРПІ ТАКТИКАСЫ

Көп адам мұны отпен ойнау деп бағалайды. Оған қоса, бұл жоспарларға АҚШ-тың қатысу-қатыспауы екіталай.

Украинаны қолдаушы елдер "кірпі тактикасы" дейтін балама жоспарды да қарастырып отыр. Бұл дегеніңіз – Украинаны Ресей шабуылына төтеп беретіндей, тіпті Кремльді Украина шабуылдаудан бездіретіндей етіп қаруландыру.

"Қазіргі жалғыз сұрақ Еуропа Украинаға қанша әскері жіберетіні жайлы емес. Қазіргі сұрақ Украинаның жүздеген мың әскеріне алдағы агрессиядан қорғану үшін қандай қару мен қаражат берілетіні жайлы" деді Азаттыққа Еуропадағы әскери жоспарлаушылардың бірі.

Осыған ұқсас пікірді тағы бір дипломат айтты. Оның сөзінше, коалиция ішіндегі елдердің көбі "Өз сарбазымыздың Украина жерінде қаза табуына жол беруден гөрі осы дұрыс" деп отыр.

АЛДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Осы аптада Батыс Украинада Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде украин ұлтшылдарының қолынан қаза тапқан поляктардың сүйегін қазып алу жұмысы қайта басталмақ. Бұл жұмыс 2017 жылы тоқтап қалған.

1943-1945 жылдары болған "Волынь қырғынында" шамамен 100 мың адам опат болған.

Осы оқиғаны қарама-қайшы сипатталуы Польша мен Украина арасында араздық тудырған. Варшава тіпті осы үшін Киевтің Еуроодаққа қосылуын бұғаттаймыз деген. Алайда 2024 жылдың аяғында Украина эксгумация қайта басталатынын, екі елдің осы істегі әріптестігі жанданатынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG