Accessibility links

"Ешкім аман қалмады". Иранда украиналық жолаушы ұшағы құлады


"Адамдардың денесі шашылып жатты". Иранда Украина ұшағы апатқа ұшырады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:08 0:00

Қаңтардың 8-і күні Тегеран әуежайынан ұшып шыққан Украина компаниясына тиесілі жолаушы ұшағы жерге құлап, бортындағы 176 адамның бәрі қаза тапты. Олардың арасында Иран, Украина мен Батыс елдерінің азаматтары бар.

Иранның ресми және жартылай ресми бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, "Украина халықаралық әуе желісі" компаниясына тиесілі Boeing 737-800 жолаушы ұшағы қаңтардың 8-і күні таңғы уақытта Тегерандағы Имам Хомейни атындағы халықаралық әуежайдан Киевке ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай жерге құлаған. Әуежай басшылығы жолаушы ұшағы құлағаны туралы ақпаратты растады.

Reuters-дің жазуынша, Иран азаматтық авиация ұйымының ресми өкілі Реза Джафарзаде мемлекеттік арналарға апат орнына құтқарушылар жіберілгенін хабарлаған.

Иранның IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігінің жазуынша, ұшақта 167 жолаушы, 9 экипаж мүшесі болған. Ұшақтың "техникалық мәселелерге" байланысты құлағаны айтылады. Әуелде Иран басылымдары 180 адамы бар ұшақ құлағаны жайлы ақпарат таратқан еді.

Иран көлік министрлігінің ресми өкілі Касем Бинияздың айтуынша, ұшақ қозғалтқыштарының бірінде өрт шыққан. Экипаж командирінің ырқына көнбеген ұшақ жерге құлаған деп хабарлады IRNA.

Әлеуметтік желі қолданушылар "ұшақтың құлаған сәті" мен сынықтары түсірілген видеолар жариялады.

"Жолаушылары түгел қаза болған" ұшақ құлаған сәт
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:51 0:00

Әуе кеңістіндегі ұшақтарды онлайн режимде бақылауға арналған flightradar24.com сайтының дерегінше, украиналық Boeing 737-800 әуеге көтерілгеннен кейін екі минуттан соң ұшақпен байланыс үзілген.

"Украина халықаралық әуе желісі" компаниясы сайтындағы ақпаратқа сәйкес, PS752 рейсімен Тегеран-Киев бағытындағы жолаушы ұшағы Иран астанасынан жергілікті уақытпен таңғы сағат 5:15 кезінде ұшуы тиіс болған.

Иран құтқару қызметінің басшысы Прихосейн Куливанд мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында "ұшақтағылардың барлығы қаза тапқанын" айтты деп хабарлады ВВС.

"Адамдардың денесі шашылып жатты". Иранда Украина ұшағы апатқа ұшырады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:08 0:00

Al Jazeera телеарнасы да Иран мемлекеттік телекомпаниясына сілтеп, ұшақ апатынан ешкім тірі қалмаған деп хабарлады.

Украина cыртқы істер министрі Вадим Пристайконың сөзінше, ұшақта 82 ирандық, 63 канадалық, 10 швед, 4 ауған, 3 британдық және Германияның 3 азаматы болған. Украина қауіпсіздік қызметі апат салдарынан қаза тапқан 11 украиндықтың арасында экипаждың тоғыз мүшесі бар деп хабарлады.

Украина президенті Владимир Зеленский сәрсенбі күні елдің бас прокуратурасына Тегерандағы ұшақ апатына байланысты тергеу жүргізуді тапсырғанын мәлімдеді. Ол елдегі барлық әуе компаниялары тексерлетінін айтты.

"Барлық жолаушы мен экипаж мүшелерінің туған-туыстарына көңіл айтамын" деп жазды Зеленский Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына. Ол ұшақ апатына байланысты Омандағы демалысын үзіп, Киевке оралатынын жеткізді.

Бұған қоса Зеленский ұшақ апатына байланысты алып-қашпа сөзден аулақ болуға шақырды. "Баршаңыздан апат туралы негізсіз долбар мен қаңқу сөз таратпауды сұраймын" деп жазды ол.

Украинаның жолаушы ұшағы құлаған аймақ.Иран, 8 қаңтар 2020 жыл.
Украинаның жолаушы ұшағы құлаған аймақ.Иран, 8 қаңтар 2020 жыл.

"Украина халықаралық әуе желісі" компаниясы ұшақ қаңтардың 6-сы күні техникалық тексеруден өткен болатын деп хабарлады. Иранның Fars жаңалықтар агенттігінің дерегінше, жолаушы ұшағы техникалық себептерге байланысты апатқа ұшыраған болуы мүмкін.

Planespotters веб-сайтының дерегінше, Тегеран маңына құлаған ұшақ 2016 жылы зауыттан шыққан.

IRNA агенттігі ұшақ құлаған жерде түсірілген суреттерді таратты. Онда ұшақ құлағанда опат болғандардың сүйегі мен жеке заттарын жинастырып жүрген адамдар бейнеленген.

Associated Press ақпарат агенттігінің жазуынша, 1990 жылдардың соңында жасалған америкалық Boeing 737-800 - фюзеляж бөліктері шағын, қос моторлы, қысқа және орта қашықтықа жолаушы және жүк тасуға арналған ұшақ. Әлемде көптеген әуе компаниялары осындай мыңдаған ұшақты пайдаланады. Ұшақтың бұл түрі осыдан он ай бұрын, адам қазасына себеп болған екі апаттан кейін пайдалану уақытша тоқтатылған Boeing 737 MAX ұшағымен салыстырғанда ескі саналады.

Тегеран маңындағы Украинаның жолаушы ұшағы құлаған аймақ. Иран, 8 қаңтар 2020 жыл.
Тегеран маңындағы Украинаның жолаушы ұшағы құлаған аймақ. Иран, 8 қаңтар 2020 жыл.

Boeing 737-800 ұшағының апатқа ұшырауы алғаш рет емес. 2016 жылы Дубайдан жолаушы алып келе жатқан FlyDubai әуе компаниясының Boeing 737-800 ұшағы Ресейдің Ростов қаласындағы әуежайға қонар кезде құлап, 62 адам қаза тапқан. 2010 жылы Үндістанның Мангалур қаласының әуежайына қонар сәтте Air India Express әуе компаниясының осындай ұшағы апатқа ұшырап, 150-ден астам адам опат болған.

Қаңтардың 8-і күні Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Иранда құлаған ұшақта болған жолаушылар арасында Қазақстан азаматтары жоқ" деп хабарлады. Осыдан екі жұмадай уақыт бұрын Қазақстанның бұрынғы астанасы Алматы қаласының әуежайы маңында да 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі отырған жолаушы ұшағы апатқа ұшырап, салдарынан 12 адам опат болған еді.

ИРАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Украина жолаушы ұшағы Иранда АҚШ-қа қарсы көңіл-күй күшейіп, АҚШ билігі елде тіркелген барлық әуе компанияларына Иран, Ирак пен Оман шығанағының әуе кеңістігінен ұшуға тыйым салған шақта апатқа ұшырады. Апаттан бірер сағат бұрын, қаңтардың 8-і күні Иран АҚШ әскерилері мен коалиция күштері шоғырланған Ирактағы бірнеше нысанды ондаған зымыранмен атқылаған. "Олардың арасында Ирактың батысындағы әл-Асад және Эрбилдегі база да бар" деп хабарлады Пентагон.

АҚШ қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Джонатан Хофман "бұл зымырандарды Иранның жібергені анық" деді. Ол шығын мөлшері анықталып жатқанын айтты.

Қаңтардың 3-і күні Ирак астанасы Бағдат қаласының әуежайы маңында Иран ислам революциясы корпусының "Құдс" арнайы жасағының қолбасшысы генерал Касем Сүлеймани АҚШ-тың әуе шабуылынан мерт болғаннан кейін Иран мен АҚШ арасы одан сайын ушығып кеткен. Сүлейманиді өлтіру туралы бұйрықты АҚШ президенті Дональд Трамп берген.

АҚШ-та тіркелген барлық әуе компанияларына Иран, Ирак және Оман шығанағының әуе кеңістігінен ұшуға тыйым салынды. АҚШ федералдық авиация әкімшілігі таратқан мәлімдемеде мұндай шара "Таяу Шығыстағы саяси жағдайдың ушығуымен байланысты" екені айтылған.

Бұған дейін Тегеран "Сүлейманиді өлтірген АҚШ-тан кек алуға" уәде еткен. АҚШ президенті Дональд Трамп "егер Тегеран АҚШ-қа шабуылдайтын болса, Иранның 52 нысанына соққы берілетінін" мәлімдеген.

Сәрсенбі күні Қазақстанның Air Astana әуе компаниясы Алматы мен Нұр-Сұлтаннан Дубайға қатынайтын ұшақтарының бағытын Ирак пен Иранның әуе кеңістігіне кірмей, айналып өтетіндей етіп өзгерткені туралы хабарлады. Қазақстан азаматтық авиация комитетінің өкілдері Иран мен Таяу Шығыс елдерінің үстімен ұшуға тыйым салынбағанын айтады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG