Accessibility links

Құлаған ұшақтың "қара жәшігі" Мәскеуге жіберіледі


Апатқа ұшыраған АН-28 ұшағы. (Көрнекі сурет.)
Апатқа ұшыраған АН-28 ұшағы. (Көрнекі сурет.)

Алматы облысында құлаған санитарлық авиация ұшағының ұшу ақпаратын жазу құрылғыларын сараптама жасау үшін Мәскеуге жөнелтеді. Бес адамның қазасына соқтырған ұшақ апатына байланысты бас көлік прокуратурасы қылмыстық іс қозғады.

1990 ЖЫЛҒЫ ҰШАҚ

Сейсенбінің кешінде Алматыдан отыз шақырымдай жерде апатқа ұшыраған Ан-28 ұшағының оқиға орнынан табылған ақпарат құрылғыларына сараптама Мәскеу қаласында жасалады. Бұл туралы апат себебін анықтау жөнінде құрылған арнайы комиссияның жетекшісі, Қазақстанның инвестиция және даму министрінің орынбасары Роман Скляр 4 қазанда Алматы әуежайының мәдениет үйінде өткен брифингте хабарлады.

Қазақстанның инвестиция және даму вице-министрі Роман Скляр.
Қазақстанның инвестиция және даму вице-министрі Роман Скляр.

"Апат орнынан табылған объективті ақпарат құралдары ТМД елдерінің мемлекетаралық авиация комитетінің (Мәскеудегі - ред.) зертханасына жолданады", - деді Скляр.

Ресми мәлімет бойынша, 3 қазанда Алматыдан Шымкентке ұшып шыққан Ан-28 ұшағы сағат 18:47 кезінде радардан жоғалып кеткен. Кейін ұшақ Алматыдан 28 километр жерде, Іле ауданындағы Междуречинск ауылының маңынан жанып жатқан күйі табылған. Ұшақ электр бағандарының сымдарын үзіп барып құлаған.

Ұшақта экипаж капитаны Геннадий Цой, екінші ұшқыш Евгений Кутафин және авиатехник Бейшибек Ахматбаевпен бірге Шымкентке ауыр науқасқа медициналық көмек көрсетуге бара жатқан мамандар – акушерлік ісі ғылыми орталығының акушер-гинекологы, профессор Талғат Патсаев пен кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының реаниматологы, профессор Жәнібек Артықбаев болған. Ұшақ апатынан бесеуі де қаза тапқан.

Алматы халықаралық әуежайының ұшу қауіпсіздігі бойынша инспекциясының бастығы Виктор Аушев ұшу ақпараты жазылған құралдардың өрттен зақымданғанын айтты. Ұшақ апатына қатысты брифингке санитарлық авиация республикалық орталығының директоры Нұржан Отарбаев, кешегі құлаған Ан-28 ұшағына иелік етуші "Еast Wing" компаниясының директоры Виталий Масалитин, инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері қатысты.

Вице-министр Роман Скляр журналистерге 27 жыл бойы пайдаланылып келген ұшақтың ұшу жарамдылығы туралы сертификатының мерзімі 2018 жылы жазда аяқталуы тиіс болғанын хабарлады. Инвестициялар және даму министрлігі өкілдерінің айтуынша, ұшуға жарамдылық туралы сертификат ұшақты жасап шығарған зауыт өкілдерінің қатысуымен жылына бір рет беріледі.

"Адам қазасына соқтырған бұл әуе апаты бойынша тексеру мен зерттеу нәтижелері комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін ресми түрде жарияланады", - деді Скляр.

Арнайы комиссия жетекшісі ұшақ апатының себебі жайлы алдын ала қандай да бір болжам айтпады.

Ан-28 ұшағы апаты туралы парламент депутаттарының пікірі:

Ан-28 ұшағы апаты жайлы депутаттар пікірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:43 0:00

"ТӘЖІРИБЕЛІ ҰШҚЫШ ЕДІ"

Арнайы комиссияның мәліметі бойынша, Ан-28 ұшағы - 17 адамды 4 километр биіктікке дейін көтеріп, сағатына 300 километр жылдамдықпен мың шақырым жерге тасымалдай алады.

"Еast Wing" компаниясының директоры Виталий Масалитин апат салдарынан мерт болған экипаж жетекшісін тәжірибелі маман ретінде сипаттайды.

- Ұшқыш Геннадий Цой бізге Бішкектен келген. Цойдың осы типтегі ұшақтарда ұшудан үлкен тәжірибесі бар: 12 мың сағаттай ұшқан. Тәжірибесі үшін жұмысқа шақырғанбыз, - дейді Виталий Масалитин.

Ол ұшақ апатынан қаза болғандардың туыстарына материалдық көмек көрсетілетінін айтты.

Қазақстанның бас көлік прокуратурасы Алматы маңындағы ұшақ апатына байланысты қылмыстық кодекстің 344-бабының 3-бөлімі ("Әуе көлiгi қозғалысы немесе оны пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу") бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталғаны туралы хабарлады. Қылмыстық іс бас көлік прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасының өндірісіне алынатыны хабарланды.

"САНАВИАЦИЯ ҰШАҒЫН ТАҒЫ ШАҚЫРТТЫҚ"

Ан-28 ұшағы апатынан қаза тапқан дәрігерлерді Шымкентке өте ауыр халде жатқан, жас босанған әйелдің денсаулығына қатысты консультация беру үшін шақыртқан. 16 қыркүйекте босанған 33 жастағы әйелдің жағдайы нашарлаған соң Алматыдан мамандар шақыртқаны туралы сәрсенбіде Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Вячеслав Цой мәлімдеді.

"Әйел бізге 2 қазанда Түркістан қаласынан ауыр халде жеткізілді. Науқас қазір өте ауыр халде жатыр. Мұндай науқастар түскен кезде біз нақты мамандар көмегі көмек керек болғандықтан республикалық санитарлық авиацияны шақыртамыз. Бұл - қалыпты тәжірибе", - деді Вячеслав Цой.

Ол қазір республикалық санитарлық авиация қызметімен сөйлесіп жатқанын және тағы да ұшақ жіберу мәселесін солар шешетінін айтты.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Биылғы шілденің соңынан бері Алматы облысы аумағында адам қазасына ұласқан осымен төртінші әуе апаты тіркеліп отыр. 25 тамыз күні Балқаш ауданында жеңіл моторлы MAULE M-7-260C ұшағы құлап, ұшқыш мерт болған. 10 тамызда Алматы қаласының түбінде оқу-жаттығу кезінде азаматтық авиация академиясының Tecnam 2002 ұшағы апатқа ұшырап, курсант пен ұшқыш инструктор қаза тапқан. 27 шілдеде Панфилов ауданында жүгері алқабына дәрі сеуіп жүрген "Казавиа" компаниясының Як-12 ұшағы құлап, екі адам опат болған.

Қазақстанда 2012 жылдың соңынан бері болған ұшақ апаттары:

Қазақстанда болған ұшақ апаттарына қысқаша шолу
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:48 0:00

2016 жылы қаңтарда Алматы облысында науқас сәбиді Талдықорғанға жеткізуі тиіс болған "ASPAN" әуе компаниясының MD-600N маркалы тікұшағы құлап, бортында болған бес адам - ұшқыш, екі дәрігер, ана мен бала түгел қаза тапқан еді.

Оқыңыз: Санавиация ахуалын билік пен сарапшы түрліше бағалайды
XS
SM
MD
LG