Accessibility links

Украина батырына "терроризм" айыбы тағылды


Надежда Савченко сот залында тұр. Киев, 23 наурыз 2018 жыл
Надежда Савченко сот залында тұр. Киев, 23 наурыз 2018 жыл

Украина батыры Надежда Савченкоға "билікті күшпен өзгерту" мен "теракт" жоспарлаған деген бірнеше ауыр қылмыс түріне қатысты ауыр айыптар тағылды. Кейбіреулер билік жариялаған айғақтар айыптың негізсіз еместігін растайды дейді. Тұтқындалған Савченко тағылған айыптардың "саяси астары" барын айтып, аштық жариялайтынын мәлімдеді.

Әскери ұшқыш ретінде "батыр" атанып, кейін Украина парламентінің депутаты болып сайланған Надежда Савченко 2016 жылы Ресей түрмесінен босап, Киевке оралған соң түсініксіз мінез-құлық таныта бастағанын украиндардың біразы байқаған.

Былтыр ғана "Украиналық Жанна д’Арк" деп дәріптеліп, "Украина батыры" медалін алған Савченко биыл наурыздың 22-і күні депутаттық иммунитетінен айырылып, өзін Ресейдің тұтқынынан босатуға бар күшін салған Украина үкіметін құлатуға әрекет жасады деген күдікпен қамауға алынды.

"Террорлық акт жасамақ болды" деп айыпталған Надежда Савченко қазір Киевтегі тергеу абақтысында отыр. 2016 жылы дәл осы абақтыда қамауда болған Ресейдің екі әскери қызметкерін үкімет Ресейде тұтқында отырған Савченкомен алмастырған. Наурыздың 23-і күні сот Савченконы тергеу кезінде екі айға қамауды ұстау туралы шешім шығарған.

Киев пен Мәскеу арасындағы келіссөз нәтижесінде Ресей түрмесінен босаған Надежда Савченко Борисполь әуежайында өзін қарсы алуға жиналғандармен тұр. 25 мамыр 2016 жыл
Киев пен Мәскеу арасындағы келіссөз нәтижесінде Ресей түрмесінен босаған Надежда Савченко Борисполь әуежайында өзін қарсы алуға жиналғандармен тұр. 25 мамыр 2016 жыл

Наурыздың 22-і күні Жоғарғы Радаға келген Украина Бас прокуроры Юрий Луценко депутат Надежда Савченкоға "елдегі конституциялық тәртіпті күшпен құлатпақ болды", "Украина президентінің өміріне қауіп төндірмек болды", "теракт жасауды жоспарлады", "террорлық ұйымға көмектесті", "заңсыз қару сақтады" деген айыптар тағылғанын хабарлады.

Луценконың сөзінше, Савченконың бірнеше сыбайласы бар. Олардың арасында Украинаның шығысындағы жанжал аймағында ресейшіл сепаратистердің тұтқынындағы сарзбаздары босатуға араағайындық жасап жүрген ерікті Владимир Рубан, өз-өзін "Донецк халық республикасы" деп жариялап алған аймақтағы сепаратистер басшысы Александр Захарченко және Украина Қарулы күштерінің арнайы операциялар бөлімінің 8-полкының бірнеше жауынгері бар.

Луценконың айтуынша, әскери қызметкерлер төңкеріс жоспары туралы мәліметті Украина қауіпсіздік қызметіне жеткізген. Соның арқасында олар жасырын операция жүргізіп, "Савченко мен Рубанның қылмыстық жоспарын әшкерелеген".

Владимир Рубан наурыздың басында жиһаздың арасында қару-жарақ жасырып, сепаратистердің бақылауындағы аймақтан Украинаның бақылауындағы аймаққа өтіп бара жатқан жерінде қолға түскен.

Парламентке келген Луценко Савченкоға тағылған айыптарға дәлел ретінде 28 минуттық видеоны көрсеткен. Бас прокурор депутаттар назарына ұсынған айғақтарда аудиотаспалар мен жасырын түсірілген видеолар топтастырылған.

Тіпті биліктің ыңғайсыз адамдарды айыптау әрекеттеріне күмәнмен қарайтын адамдардың өздері прокурорлар бұлтартпас айғақ келтіріп отыр деп санайды.

Азаттық радиосы да, басқа ақпарат құралдары да растығына толық көз жеткізе алмаған видеода Савченко, Рубан және екі украин әскери қызметкерінің желтоқсанның 1-і күні елдің батысындағы Хмельницкий қаласында орналасқан әскери базада Киевтегі қарулы төңкерістің жоспарын жасап отырған сәттері түсірілген дейді.

"РЕВОЛЮЦИЯ ЕМЕС, ТӨҢКЕРІСТІ ҚАЛАЙМЫН"

Бас прокурор Луценко көрсеткен видео Савченконың Рубанмен және "Кит", "Березен" деген лақап аттары ғана аталған екі әскери қызметкердің арасындағы телефон сұхбаттарының аудиожазбасынан басталады. Бірнеше сұхбат барысында олар "Донецк халық республикасынан" сатып алған қару-жарақты үкімет бақылауындағы аймаққа жасырын алып өтудің жай-жапсарын талқылайды.

Сөз арасында Савченко Березенге "Донецк халық республикасының" жетекшісі Александр Захарченконың да төңкеріс ұйымдастыруға ат салысатынын айтады. Бұл үшін ол Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Александр Турчиновты өз адамдарына ұстап беруді сұраған.

Ресейде Турчиновқа тісін қайрап жүргендер көп. Себебі, "Еуромайдан" көтерілісі нәтижесінде Виктор Янукович президенттіктен кеткеннен кейін сепаратистер бүлік бастағанда Украина президентінің міндетін атқарған Александр Турчинов "Антитеррор операциясын" қолға алып, сепаратистердің жолын кескен. Соның арқасында олар Украина жеріне дендеп ене алмай қалған.

Аудиотаспаларды тыңдап болғаннан кейін Украина парламенті мүшелеріне өткен жылғы желтоқсанның 1-і күні түсірілді делінген видео көрсетілген болатын. Онда Савченко, Рубан, Березен және "Лящ" деген лақап атпен берілген тағы бір украиналық әскери қызметкер сөйлесіп отырған сәті бейнеленген. Видеода олар әлденеге алаңдап, өзара сыбырлап сөйлеседі.

Алдымен Рубан парламент ғимараты мен оның маңайындағы нысандарды қиратып, үкіметті құлату жоспарын айтады. Одан соң "егер өздері қашып кетпесе", Украина президенті Петр Порошенко мен басқа да үкімет өкілдерін кетіреміз дейді ол.

Украина президенті Петр Порошенко Ресей түрмесінен елге жеткізілген Надежда Савченкомен кездесуде сөз сөйлеп тұр. Киев, 25 мамыр 2016 жыл
Украина президенті Петр Порошенко Ресей түрмесінен елге жеткізілген Надежда Савченкомен кездесуде сөз сөйлеп тұр. Киев, 25 мамыр 2016 жыл

Осы арада сөзге араласқан Савченко бұл шаруаны басқаша ұйымдастырғысы келетінін, яғни "революцияның" орнына "төңкеріс" жасағысы келетінін айтады.

Украина басшылығы "бір мезетте, физикалық тұрғыда кетірілуі керек... Бір күнде және [парламент] ғимаратының ішінде..." дейді Савченко.

Бұдан соң ол "барлық әдістерді қолданып" осындай суицидке бармайынша, "өмір сүрудің мәні жоқ" дегенді қосады.

Савченко мен Рубан үш адамның – Порошенко мен Турчиновтың және Ішкі істер министрі Арсен Аваковтың көзін жою керек деген ұйғарымға келеді.

Сарбаздардың бірінің "Шабуылды кім жүзеге асырады?" деген сұрағанда Савченко бірден құлшына кетеді. "Бұл - [Савченконың] арманы", - дейді Рубан.

Савченко шабуылды жасауға ең оңтайлы уақыт – елдің барлық жоғары лауазымды тұлғалары парламент ғимаратында жиналған сәт дейді. Сосын ол ғимараттың сызбасын сызғандай болады. Шабуыл сәтті болуы үшін парламенттің ішінде кемінде сегіз граната жарып, сессия болып жатқан залды сырттан минометпен атқылау керек, сонда төбедегі шыны мен үлкен люстра құлайды дейді ол.

"Содан соң пулемет алып, тағы [адамдарды] атамыз" деген Савченко жарылыстан аман қалған адамдарды меңзеп тұрса керек. Ол өлімге бас тігіп, осы шабуылға бастан-аяқ қатысуға әзір екенін аңғартады.

"Сен өлсең, елді кім басқарады?" деген Савченконың сұрағына жауап берген ол сіңлісі Вера Савченконы атайды. Видео және аудиожазбада Савченко төңкерісті ұйымдастыруға 200-300 "көзсіз батыр" керек екенін, бұл оқиғадан 400 мыңдай адамның қаза табатынын айтады.

"ЕҢ СӘТТІ ОПЕРАЦИЯ"

Бас прокурор айғақ ретінде ұсынған видеоны көріп, парламенттегі сөздерді естіген жұрттың көбі бұған сенер-сенбесін білмей абдырап қалды.

Газеттер, веб-сайттар мен телеарналар айғақтың растығына көп шүбә келтірместен, "төңкерісшілер" туралы жарыса жазып жатыр. Тіпті үкіметтің бұдан бұрын "террористерді" тұтқындау шараларына күмәнмен қарап келгендердің өздері Надежда Савченкоға қатысты айғақтарды бұлтартпас дәлел деп санайды.

"Батькивщина" партиясынан сайланған парламент депутаты Сергей Соболев видео көрсетілген соң сөйлеген сөзінде Надежда Савченкоға қатысты істі "арнайы күштердің ең сәтті операцияларының бірі" деп атады.

Адам құқықтарын қорғаушы белсенді Мария Томак басында Луценконың сөздеріне онша илана қоймағанын айтады.

"Бірақ кейін видеоны көрген соң мұның шынымен болғанына сенуден басқа амалым қалмады", - дейді ол.

Надежда Савченконың өзі де аудио және видеотаспалардың растығын жоққа шығарған жоқ, тек ол бұл айыптардың "контекстен кесіп алып берілгенін" айтты.

Парламентте сөз сөйлеп тұрған Луценконың көзіне тура қараған Савченко оған кекесінмен жымиды. Кейін Украинаның елтаңбасы салынған қара жейде киіп, Шевченко аудандық сотына келген Савченко өзінің кінәсіз екенін айтқан.

Өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар екенін айтқан ол наурыздың 22-і күні парламентте тұтқындалуын "заңсыздық" деп атады.

Тергеу абақтысына қамалған соң Надежда Савченко "Украина халқына нағыз батырдың кім екенін көрсету үшін" аштық жариялайтыны туралы мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG