Accessibility links

Қақпашының шебер ойыны Португалияны жеңілістен құтқарды. Роналду пенальти сала алмай жылап жіберді


Португалия қақпашысы Диогу Кошта (сол жақта) мен Криштиану Роналду (оң жақта) бір-бірін жеңіспен құттықтап жатыр. Франкфурт, 1 шілде 2024 жыл.
Португалия қақпашысы Диогу Кошта (сол жақта) мен Криштиану Роналду (оң жақта) бір-бірін жеңіспен құттықтап жатыр. Франкфурт, 1 шілде 2024 жыл.

Футболдан Германиядағы Еуропа чемпионатының 1/8 финалында Португалия Словения құрамасын пенальти сериясында жеңіп, ширек финалға шықты. Енді Роналду бастаған Португалия Франция құрамасымен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

Португалия – Словения арасындағы ойынның негізгі уақыты және одан кейінгі қосымша уақыты да (барлығы 120 минут) 0:0 есебімен аяқталды.

Қосымша уақытта Словения ойыншылары айып алаңында португалиялық футболшыны шалып жығып, словениялықтар қақпасына пенальти белгіленген. Бірақ Португалияның әйгілі футболшысы Криштиану Роналду пенальтиден мүлт кетіп, жылап жіберді.

Словения қақпашысы Ян Облақ Роналдудың пенальтиін қайтарған сәт. Франкфурт, 1 шілде 2024 жыл.
Словения қақпашысы Ян Облақ Роналдудың пенальтиін қайтарған сәт. Франкфурт, 1 шілде 2024 жыл.

Қосымша уақыттың ортасында словениялық Беньямин Шешко Португалия қақпашысы Коштамен бірге-бір шығып, гол сала алмады. Шешко тепкен голды Кошта аяғының ұшымен қайтарып жіберді.

Диогу Коштаның Шешконың (11) соққысын қайтарған сәт.
Диогу Коштаның Шешконың (11) соққысын қайтарған сәт.

Ал матч соңынан кейінгі пенальти сериясында Кошта Словенияның үш пенальтиін де қайтарды. Португалия тарапынан пенальти сериясын Роналду бастап, бұл жолы ол мүлт кеткен жоқ. Одан кейін Бруну Фернандеш пен Бернарду Силва да пенальтиді дәл тепті. Қорытынды есеп – 0:0 ( пенальти - 3:0).

Ойыннан соң Португалия қақпашысы Кошта "қосымша уақытта Шешконың соққысын қайтарғанда-ақ соңына дейін жету керек деп ойладым. Бәлкім бұл менің өмірімдегі ең үздік ойын болған шығар. Командама көмегімнің тигеніне қуаныштымын" деді.

Ал Роналду ойыннан соң УЕФА сайтына "өте қиын болды, бірақ бұл – футбол. Қарсылас жақсы қорғанды, олар физикалық тұрғыдан өте мықты. Бірақ Португалия жақсырақ ойнағандықтан, гол салуға жақсы мүмкіндіктер ұйымдастырғандықтан жеңді. Біз жеңіске лайық болдық" деп қорытындылады.

Роналду пенальти тебе алмай көзіне жас алған сәт.
Роналду пенальти тебе алмай көзіне жас алған сәт.

Словения құрамасының бас бапкері Матьяж Кек баспасөз мәслихатында "Пенальтиден жеңе білетін Португалияны құттықтаймын. Көңілім түсіп кетті, себебі турнирді аяқтағымыз келмеген. Қарсылас ойын тізгінін қолында ұстады, бірақ біз де керемет ойнадық. Жеңілісті тойламайды. Өкініш бар, бірақ бұл өкініш тәттірек. Бұл турнир Словения футболының дамуына серпіліс береді деп ойлаймын" деді.

Португалия құрамасы енді ширек финалда Франциямен (5 шілде) ойнайды. Ал Франция 1/8 финалда Бельгияны 1:0 есебімен жеңді.

Еуро-2024 додасының 1/8 финалындағы Румыния - Нидерланды, Австрия-Түркия матчы 2 шілдеде болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG