Accessibility links

Путин мен Трамп сөйлесті: келісім бар, бірақ...


Владимир Зеленский, Дональд Трамп және Владимир Путин. Коллаж
Владимир Зеленский, Дональд Трамп және Владимир Путин. Коллаж

18 наурыз күні Трамп пен Путин төртінші жылға ұласқан Ресей-Украина соғысын уақытша тоқтату мәселесін талқылады. Нәтижесінде Ресей энергетика инфрақұрылымдарын атқыламауға ғана келісті. Бары осы.

Ресейдің Украинаға қарсы соғысы төртінші жылға ұласқанда Ақ үй мен Кремль қақтығысты уақытша тоқтату жөнінде кең ауқымды келісімге тоқтағанын мәлімдеді.

18 наурыз күні президенттер Дональд Трамп пен Владимир Путин телефон арқылы екі сағаттан астам сөйлескен соң соғысты аяқтау жөніндегі келісімнің бағыты анықталғандай болды. Бұл – екі басшысының Трамп президенттікке оралғалы екінші рет телефонмен сөйлесуі.

Сайлауалды науқан кезінде Трамп Украинадағы соғыс жайлы көзқарасын айтып, президент атанса, соғысты бір күнде тоқтатанын айтқан. Ақ үйге оралған соң, ол Украинаға қысымды күшейтті. Украина президенті Владимир Зеленскийдің Вашингтонға сапарында Трамппен журналистер алдында дауласуы бұл қысымды өршіте түсті.

Трамп пен Путин екінші мәрте сөйлескенге дейін Украина атысты 30 күнге тоқтатуға келіскен, бірақ бұл шартқа Ресей де көнуі қажет деген.

СОНЫМЕН МӘСКЕУ НАҚТЫ НЕ НӘРСЕГЕ КЕЛІСТІ?

"Негізгі түйін: Мәскеу Трамп тұсында өзін жайлы сезінеді, бірақ мұның себебі жұрт айтып жатқандай емес" дейді қазір Венадағы Қарусыздану және таратпау орталығынды жұмыс істейтін бұрынғы ресейлік дипломат Николай Соков. "Мәскеу Трамппен саудаласа алады. Ал Еуропа өз ұстанымын дұрыс деп, ол ұстанымы ешқандай саудасыз қабылдануы қажет деп санайды".

Нақты әскери қимылдарға келсек, келісім майдандағы ахуалға еш әсер етпейді. 1100 шақырымға ұласқан майдан шебінде Ресей әскері Украина қорғанысын жаншып келеді.

Украина әскері Курск облысынан шегініп жатыр. Жеті ай бұрын Киев майданның өзге шебіндегі қысымды әлсірету үшін Ресейдің осы облысына басып кірген және мұны алдағы бітім келісімінде саудалауды көздеген.

18 наурызда мәлімделген келісімнің елеулі тұсы – энергетика инфрақұрылымы.

2022 жылғы қарашадан бері Ресей Украинаның электр энергиясы нысандарын тоқтаусыз атқылады. Олардың ішінде: электр станциялары, электр энергиясын жеткізу желілері, трансформаторлар және қосалқы станциялары бар. Бұл Украина халқын титықтату, үркіту стратегиясы болатын және бұл стратегияны Ресей әскерінің бұрынғы қолбасшысы, "армагеддон генерал" атанған Сергей Суровикинмен байланыстырды.

(Азаматтық инфрақұрылымды шабуылдау да соғыс қылмысы саналған соң, Халықаралық қылмыстық сот Ресей әскеріндегі екі лауазымды қызметкерге айып тақты.)

Осы шабуылдарға қарамастан, Украина жарық пен жылуды сөндірмеуге барын салды. Кей жерде тапқырлығы, кей жерде Батыстың қолдауы көмектесті. Сөйтіп жүріп Украина дрон өндірісін жолға қойып, тіпті қанатты зымырандар шығара бастады. Сол зымырандармен Ресей энергетика инфрақұрылымын: мұнай зауыттарын, құбырларды және әскери нысандарды атқылады.

Жердегі атыстан өзгесін тоқтатуды қолдап келген Владимир Зеленский Хельсинкиде өткен баспасөз конференциясында жаңа келісімнің алауына су сепкендей болды.

"Біз энергетика нысандарын, теңіздегі нысандарды, азық-түлік өндірісін және көлік нысандарын атқыламауды әрдайым қолдап келдік" деді ол Кремль мен Ақ үйдің телефонмен сөйлескені мәлімделген соң. "Қазір біз бұл келісімнің шарттары қандай екенін түсінуіміз қажет. Біз оны білмейміз".

"Бұл атысты тоқтатуға апарар жол болуы ықтимал" деді Зеленский. "Бірте-бірте. Қалғаны – статистика шындығы: ұрыс даласына ғана емес, бүкіл жерге түсіп жатқан жүздеген дрондар мен зымырандар".

Атысты тоқтатудың бастауы Сауд Арабиясындағы Жидда қаласында Украина мен АҚШ делегациялары келіссөз жүргізген соң жарияланды. Екі күннен соң Путин бұл бастамаға "келісеміз, бірақ" деп жауап берді.


"Талқы кезінде Дональд Трамп тараптарға 30 күн бойы бір-бірінің энергетика инфрақұрылымы нысандарына шабуылдамауды ұсынды" деді Кремль 18 наурыз күнгі сөйлесу жайлы хабарламасында. "Владимир Путин бастамаға оң жауап беріп, Ресей әскеріне бірден тиісті тапсырма берді".

Украинадағы және Ресейдегі энергетика нысандарына шабуылды шектеу – Киев үшін жеңіс.

Бірақ мұның Мәскеуге берері молырақ дейді Соков.

"Қараңыз, осы 30 күн ішінде Ресей қару-жарақ қорын көбейтіп, қажетк езде ауқымды шабуылдарды қайта бастай алады" деді ол Азаттыққа. "Ал Украина энергетика инфрақұрылымын толықтай жөндеп үлгермейді. Түрлі дереккөзге қарағанда, [Украина энергетика инфрақұрылымының] үштен біріннен немесе жартысынан айырылған".

АЙТЫЛМАҒАН ӘҢГІМЕ

Кремль мен Ақ үйдің келіссөз туралы мәлімдемелерінде Украинаның Запорожье атом станциясы жайлы сөз жоқ. Бұл – Еуропадағы ең ірі АЭС. АҚШ-тың арнайы уәкілі Стив Уиткофф станция келіссөз күн тәртібіне кіруі мүмкін деген.


АҚШ Кремль аннексиялап алған Украина түбегі – Қырымды Ресей жері деп мойындайтыны не мойындамайтыны жайлы да айтылмады. Бірақ осыған дейін мұндай талқы болуы мүмкін деген қауесет тараған.

Украинаның НАТО-ға кіруге деген ниеті жайлы да ақпарат шықпады. Киевтің Батыс әскери одағына кіруіне Мәскеу үзілді-кесілді қарсы және мұны 2022 жылғы ақпанда басталған соғысын ақтап алу үшін пайдаланған.

Ақ үй мәлімдемесінде кең ауқымды геосаяси мәселелер туралы айтылады. Бұл Мәскеу ұстанымын меңзейді. Өйткені Кремль Вашингтонмен келісім Украинадан тыс кең ауқымды мәселелерді қамтуы керек деп санайды.

Бұл мәселені қайта-қайта қозғайтын Путин "түпкі себеп" ұғымын қолданған. Кремль осылайша "Қырғи-қабақ" соғыстан кейінгі халықаралық тәртіпке наразы екенін білдіріп келеді.

Трампқа дейінгі президент Джо Байден Ресеймен Украинадан тыс мәселені талқылауға қарсы болған.

"Лидерлер бейбітшілікке апарар жол энергетика мен инфрақұрылымды атқылауды тоқтатудан басталып, Қара теңіздегі атқылауды тоқтату жөніндегі, атысты толық тоқтату және тұрақты бейбітшілік жөніндегі техникалық келіссөздерге ұласады дегенге келісті" деді Ақ үй. "Бұл келіссөздер Таяу Шығыста дереу басталады".

"Олар осыдан соң стратегиялық қаруды таратуды тоқтату қажеттігін талқылап, мұны жүзеге асыру үшін өзгелермен жұмыс істейтін болды" деді Вашингтон. "Екі лидер Иран ешқашан Израильді жойып жіберетін жағдайда болмауы керек деген көзқарасты бөлісті".

Кремль айтқан "энергетика инфрақұрылымы" мен Ақ үй айтқан "энергетика және инфрақұрылым" арасындағы болмашы айырмашылықтың маңызы қандай екені де түсініксіз болды.

Стратегиялық қаруды таратпау Вашингтон мен Мәскеу бір-бірін түсінетін оңай мақсат болатын. Кейін сенімсіздік пен саяси күдік бұл талпыныстарға тежеу болды.

Әлемнің ең үлкен ядролық арсеналын ұстап отырған екі елді қазір қару-жарақты бақылау жөніндегі соңғы ірі келісім-шарт байланыстырып отыр. Бұл құжаттың күші келесі жылы аяқталады, ал оны жаңарту жөнінде талпыныс болмады.

Қорыта айтқанда, талқының ауқымын ұлғайту Кремльдің халықаралық тәртіп жөніндегі үлкен мақсатына сай келеді. Мәскеу "Қырғи-қабақ" соғыс кезіндегі Совет Одағы секілді болып, АҚШ-пен тең күш болып қабылданғысы келеді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG