Accessibility links

"Екі тарап екі бөлмеде отырады". Ресей мен Украина Жиддада келіссөз өткізбек


АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио (оң жақта) мен Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Жиддадағы кездесуде. 11 наурыз 2025 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио (оң жақта) мен Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Жиддадағы кездесуде. 11 наурыз 2025 жыл.

23 я 24 наурызда Сауд Арабиясында Украинадағы соғысты аяқтау бойынша тағы келіссөз болмақ. Жиддадағы процеске АҚШ, Украина және Ресей қатысатыны айтылды. Бірақ Ресей мен Украина өкілдері бір-бірімен кездеспейді. АҚШ бұл келіссөзді қалай өткізбек?

АҚШ ТАРАБЫНЫҢ АЙТҚАНЫ

АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина мен Ресей бойынша арнайы өкілі Кит Келлог 20 наурызда америкалық АВС телеарнасына берген сұхбатында "келіссөз кезінде Ресей мен Украина өкілдері тікелей кездеспейтінін" айтты.

"Бір топ бір бөлмеде отырады, екіншісі екінші бөлмеде болады. Сонда отырады, ақылдасады, ары-бері жүреді. Қонақ үйдегі жанама келіссөз десек те болады. Сол кезде біз олардың позициясын білеміз" деді Келлог.

Келлогтың сөзінше, Жиддада АҚШ тарапынан Трамптың ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Майкл Уолц, мемлекеттік хатшы Марко Рубио және АҚШ-тың жоспарлау саясаты бойынша өкілі Майкл Энтон болады.

Келлог сұхбатында АҚШ соғыс аяқталған соң Украинаның оккупацияланған жерлерін Ресейдің жері деп мойындамайды дегенді меңзеді.

УКРАИНА МЕН РЕСЕЙ НЕ ДЕЙДІ?

Киев Сауд Арабиясына баратын өкілдерінің тізімін жариялаған жоқ. Ал Украина президенті Владимир Зеленский Жиддада болатын келіссөзді АҚШ ұйымдастыратынын айтты.

"Біздің техникалық командамыз болады. Менің түсінуімше, Украина мен Америка кездеседі. Одан кейін, америкалық серіктестер айтқаны бойынша, Америка Ресеймен жолығады. Немесе Америка екі жақпен бір уақытта, бірақ бөлек-бөлек кездесіп, бір тақырыпты талқылайды" деді ол.

Жиддадағы келіссөзде Ресей делегациясын ФСБ-ның 5-қызметінің экс-басшысы Сергей Беседа бастап барады, команда құрамында сенатор Георгий Карасин болады. Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков хабарлады.

Америкалық Washington Post газеті "2022 жылы Украинаға басып кіруді Беседа басқарған 5-қызмет ұйымдастырғанын" жазған еді. Басылымның мәліметінше, дәл осы 5-қызмет Путинге Ресей әскерін Украинада "құшақ жая қарсы алады" деп есеп берген. Бұған қоса, бұл қызметті Украинада көптеген соғыс қылмыстарына айыптайды. АҚШ және Еуропа одағы Беседа мен Карасинге санкция салған.

БҰҒАН ДЕЙІНГІ КЕЛІССӨЗДЕР ҚАЛАЙ ӨТІП ЕДІ?

Сауд Арабиясында Украинадағы соғысты аяқтау бойынша үшінші рет келіссөз өтпек. 18 ақпанда Эр-Рияд қаласында АҚШ пен Ресей өкілдері кездесіп, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынасты қалпына келтіруге келіскен.

Кездесуге Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков қатысқан. АҚШ тарапынан АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Уолтц пен Таяу Шығыс бойынша арнайы елші Стив Уиткофф болған.

Ал 11 наурызда Жиддада өткен 9 сағаттық келіссөзден соң Киев Вашингтонның атысты 30 күнге тоқтату туралы ұсынысын қабылдаған. Бірақ бұл ұсынысты Мәскеу қабылдамай отыр. Ал АҚШ тарабы Украинаға әскери көмек пен барлау деректерін беруді қалпына келтірген. Екі тарап кездесу "өте сәтті болды" деген.

Бұл келіссөзге Вашингтон тарапынан АҚШ ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қатысқан.

Ал Киевтен Украина президенті офисінің басшысы Андрей Ермак, Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига және Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров келген.

Ақпанның соңында Зеленский Ақ үйге Трамппен кездесуге барып, екі елдің президенттері жанжалдасып қалған. Трамп пен АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэнс Зеленскийді "АҚШ-қа алғыс айтпадың" деп сынаған. Жанжалдан соң Зеленский Ақ үйден шығарылып, Трамп Украинаға әскери көмекті тоқтатқан.

Зеленский Вашингтонда Украинаның пайдалы қазбаларының бір бөлігін АҚШ-пен бөлісу үшін келісімге қол қоюы керек еді. Екі тарап бұл келісімге әлі қол қойған жоқ.

18 наурызда Трамп Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Кремль Украинаның энергетикалық инфрақұрылымдарына шабуыл жасамауға келіскен. Ал 19 наурызда Трамп Зеленскиймен телефонмен ақылдасып, Украина да Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымдарына шабуылдамауға келісімін берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG