"Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы жобалау-сметалық құжаттаманы әзірледі және 2024 жылғы желтоқсанда мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Аталған қорытындыға сәйкес, жұмыстардың жалпы құны 42,1 млрд теңгені құрайды, оның 1-кезегіне (2025 ж.) – 20,6 млрд теңге. Ақтау портының акваториясында түп тереңдету жұмыстарын 2025 жылы жүргізудің маңыздылығын назарға ала отырып, қаржыландыру мәселесін 2025 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде пысықтау жоспарлануда. Бұл мәселе үкіметтің бақылауында". Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов сенат депутаттарына хатында осылай деп жазды.
РӨЛІ КҮШЕЙГЕН ПОРТТАР
Ресей Украинаға соғыс ашқан соң Қазақстанның негізгі теңіз қақпалары Ақтау мен Құрық порттарының халықаралық жүк тасымалында рөлі күшейген.
Былтыр алғашқы 10 айда Ақтау порты арқылы 4,2 миллион тонна жүк тасымалданған. Ал Құрық портында тасымал 22% өскен.
Ақтау порты Ақтау қаласының орталығында, ал Құрық қаладан 70 шақырым жердегі Құрық ауылында орналасқан. Ақтау – әмбебап порт, ол арқылы контейнерлер, мұнай, металл, астық салынған жүк тасымалданады.
Құрық – паром кешені, ол арқылы автокөлікпен, теміржол вагонымен тасымалданатын жүктер өткізіледі.
Бұл порттар Еуропа мен Азия арасын байланыстырады, Транскаспий халықаралық көлік маршрутының немесе Орта дәліздің негізгі бөлігі. Олардың тоқтаусыз жұмыс істеуіне Қазақстан ғана емес, Қытай мен Орталық Азия елдері де мүдделі.
Өйткені бұл порттар барда теңізді айналып өтудің қажеті жоқ. Қытай үшін Кавказға, Еуропаға шығатын негізгі балама көлік дәлізі. Ал Орталық Азия елдері үшін сыртқы нарыққа шығудың қауіпсіз және тиімді жолы.
Орта дәліз Қазақстан мұнайын тасымалдауда Ресейге тәуелділікті азайтады. 2022 жылы Мәскеу Украинаға басып кіргелі бері Қазақстан мұнайының 80 пайызы айдалатын Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жұмысын Ресей билігі төрт рет ішінара не толық шектеп тастаған.
Осыдан кейін Астана Ресейді айналып өтетін дәліз іздеуге кірісіп кетті. 2023 жылы Қазақстан мұнайды танкерге тиеп, Каспий теңізі арқылы Еуропаға жеткізуді жеделдетті. Сол жылы Ақтау портынан жиыны 3 млн тоннадан аса мұнай тиелді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Астана осылайша Каспий теңізі арқылы жіберілетін мұнай көлемін көбейткісі келеді.
Алайда "Мемлекеттік саясатты зерттеу орталығының" директоры Меруерт Махмұтованың айтуынша, Ақтау порты бәрібір Ресейдегі Каспий құбырының күшіне тең келмейді, десе де өзге шикізатты көбірек экспорттауға көмектеседі. Экономистің сөзінше, порттардың инфрақұрылымын дамыту қазіргі геосаяси жағдайда өте маңызды. Ол теңізді қазуға бөлінетін 42 млрд теңге ақталады деп санайды. Ол үшін үкімет қаржының дұрыс жұмсалғанын бақылуы керек.
Оның айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың тауарларға тариф енгізу саясаты Қазақстанның транзит ел ретінде әлеуетін арттыруға үлес қосуы мүмкін:
– Тек біздің ғана мәселе емес, бұл халықаралық геосаяси жағдай тез өзгеріп жатқанда өте маңызды болып тұр. Трамп бәріне сауда тарифін көтеремін деп қорқытып жатқанда, әрине, Еуропа одағы мен Қытайдың сауда қарым-қатынасы ұлғаюы мүмкін. Сол жағынан Қазақстанның транзит мемлекет ретінде мүмкіндігі артып жатыр, – деді сарапшы Азаттыққа.
Меруерт Махмұтованың айтуынша, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы да Ресей арқылы транзит қауіпті болғандықтан уранды Еуропаға осы жолмен жіберіп жатыр. Тек Каспий арқылы мұнай тасымалының көлемі Ресей арқылы өтетін Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданатын мұнай көлеміне жете қоймайды.
Қазақстан билігі теңіз табанын тереңдету жұмыстарын 2024 жылдан бастап белсенді түрде қолға алды. Өйткені 2023 жылы қыркүйекте Каспий тартылғандықтан Ақтау және Құрық порттарының жұмысы шектелді. Соның салдарынан кемелерге тасымалдауға тиіс жүктердің 75 пайызы ғана тиелген.
Көлік министрлігінің дерегінше, порттар қалыпты жұмыс істеуі үшін су деңгейі 6,11 метр болуы керек. Қазір орта есеппен порт акваториясының тереңдігі – 4,9 метр. Енді оны қажет шамаға жеткізу үшін кеме жолындағы 1,3 миллион текше метр топырақты қазып алуға тура келеді.
ТАРТЫЛҒАН ТЕҢІЗ
Қазақстан билігі Каспий дәлізін Мәскеу арқылы өтетін мұнай құбырына балама көріп, оған зор үміт артады. Осы теңіз арқылы сауда-саттық пен тасымал жанданады дейді. Бірақ елдегі және шетелдегі сарапшылар Каспийдің кейінгі жылдардағы ахуалы Астананың бұл амбициясына кедергі бола ма деп күмәнданады. Оған негіз жоқ емес. Кейінгі жылдары экологтар Каспий теңізінің ахуалы жыл сайын нашарлап барады деп дабыл қағып жүр.
20 жылда Каспийдегі су деңгейі 2 метр төмендеген. Кейінгі жылдары су тезірек тартыла бастады. Мәселен, 2020 жылға дейін Каспийдің суы жыл сайын 8-9 сантиметр азайса, 2020 жылдан бастап жыл сайын 20 см тартылып барады.
Каспий маңындағы температура әр он жыл сайын 0,51°C градус көтеріліп келеді. Яғни, ысып барады. Бұл жылыну бойынша әлемдегі орташа көрсеткіштен 0,19°C градус жоғары. Осылайша теңіз тезірек буланып, суы азая бермек.
Экологтар осы ғасырдың аяғына дейін Каспий суының үштен бірінен айырылуы мүмкін деген болжам айтады.
Каспий мұнайға бай. Ең көп шикізат қоры Қазақстан мен Әзербайжан тұсында шоғырланған. Ресей мен Түркіменстан да мұнай өндіріп отыр. Каспийден жыл сайын 200 млн тоннаға жуық мұнай алынады.
Тәуелсіз экологтер теңіздің тарылуынан бөлек, айдындағы ахуалды айтып та дабыл қағып жүр. "Глобус" экологиялық-құқықтық ұйымының жетекшісі Галина Чернованың сөзінше, Қазақстан тарабы мұнай өндірісінің Каспийге зардабын зерттемейді, есепке алмайды. Сарапшы экологиялық заңнаманы толықтыру керек деп санайды.
Мәжіліс депутаты, "Аманат" партиясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов биыл ақпанда Қазақстан үкіметін Каспийдің экожүйесін қорғауға шақырған. Оның сөзінше, теңізге кәсіпорындардың қалдық суы құйылып жатыр. Тұрғановтың сөзінше, зерттеулер кезінде Каспийдің түбінен қорғасын, сынап, кадмий және басқа да көптеген қауіпті заттар анықталған. Кейінгі жылдары Каспийде итбалық, балық пен құс қырылып қалды деген хабар көп шығатын болды. Бірақ экологиялық апатқа теңіздің ластануы себеп деп нақты айтылмайды.
Каспийдің байлығын пайдаланып отырған елдер теңіздің мәселесін шешу ісінде мәмілеге келер емес. Себебі әр елдің саяси мүддесі әртүрлі.
"ӘСЕР ЕТПЕЙ ҚОЙМАЙДЫ"
Түбін қазса теңізге қандай қауіп-қатер төнуі мүмкін екен деген сауалды Азаттық эколог, "Әлеуметтік-экологиялық қор" директоры Вадим Ни мырзаға қойды. Ол миллион текше метрден аса батпақ алып шығу әсер етпей қоймайды деді:
– Тіпті бұл топырақ болса да оңай емес, оны қазды, сонымен іс бітті деген сөзі емес. Оны қалай қолданатыны маңызды. Бұл қауіп-қатердің қаншалықты алдын алды? Оны білмейміз. Себебі мен білетін эколог мамандар ондай талқыға қатыспады. Сондықтан құжаттарды тексеру керек.
– Save the Caspian Sea қозғалысының негізінде Каспий теңізін құтқарып қалу туралы дабыл қағып келесіз. Қазақстан теңізді сақтап қалу үшін нақты не істеп жатыр?
– Бұл жұмысты жуырда, желтоқсан айында бастадық. Мемлекеттік органдар, жоғары саяси деңгейде, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың араласуымен Каспийді сақтап қалуға ерекше көңіл бөліп отыр деп айта аламын. Қазір Каспий бойынша көптеген ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Кейбірінің іске аспай қалғанын да айту керек. Мысалы, біз әлі де Каспий теңізіне келетін қауіп-қатер туралы өте аз білеміз. Әрі оны тиісті деңгейде бағалай алмай отырмыз деп ойлаймын.
Қазақстанда Каспий теңізінің мәселелері бойынша институт енді ғана құрылып жатыр. Бұл процестің ұзақ уақыт алғанын, тіпті әлі күнге дейін институттың құрылмағанын көріп отырмыз. Бұл – экологиялық қауіп-қатерді зерттеу бойынша қабылданған шараның бірі ғана.
Мемлекеттік аппарат кейде баяу жұмыс істейтінін түсінеміз. Ұзақ уақыт бойы Каспий мәселесімен дұрыс айналыспадық, енді мемлекеттік органдардың жұмысын осы бағытқа бұру үшін тағы уақыт қажет. Сондықтан, әрине бұл қиындық тудырады.
Ал қандай шара қабылданып жатыр деген сұраққа келер болсам, былтыр су тасқыны кезінде Каспий теңізіне бағытталған су көлемін айтуға болады. Бірақ жалпы Каспийдің көлемімен салыстырғанда бұл тым аз, сондықтан ол теңіз деңгейіне әсер етпеді. Сонымен қатар, Арал теңізіне де су жіберілді. Бұл – су ресурстары мен ирригация министрлігі шешетін шаруаның бірі. Яғни, жауын-шашын мөлшері теңізге жетпей қалғанда су арналары арқылы осы суды біздің стратегиялық су объектілерімізге, яғни Каспий мен Арал теңіздеріне бағыттау қажет. Бұл шаралардың ішінде тағы бір маңызды тұсы – Каспий мен Аралдың су көлемін ұлғайту мүмкіндігі. Бұл процесс баяу болса да жүріп жатыр.
КАСПИЙ АРАЛДЫҢ КЕБІН КИЮІ МҮМКІН БЕ?
– Каспий теңізі тартылып қалуы жөнінде үкіметте, министрлікте нақты бір уақыт мерзім бар ма?
– Мұндай нақты болжам жоқ. Каспийдің тартылуына қатысты қазір қолда бар сандар климат модельдеріне негізделген. Ол жерде ғасырдың ортасына не соңына дейін, яғни 2100 жылға дейін болжам жасалады. Бір нашар сценарий бойынша, сол уақытқа дейін Каспийдің үштен бірі тартылуы мүмкін. Дегенмен мұнда Аралдағыдай болмайды, себебі су көлемі ондағыдан анағұрлым көп. Одан да нашар болжам бойынша, теңіз солтүстік, орталық және оңтүстік болып үш бөлікке бөлініп кетуі мүмкін. Бірақ сонда да Каспийдің ықтимал трагедиясын Аралмен салыстыруға келмейді деуге болмайды, өйткені теңіздің ауқымы үлкен. Оның үстіне ол үшін қазіргі ұрпақ жауапты, себебі ондағы жайттардың барлығы қазір болып жатыр.
ПІКІРЛЕР