Қазақстан үкіметі атаулы әлеуметтік көмек шын мұқтаждарға ғана емес, жәрдемақысыз-ақ жан баға алатын адамдарға беріліп жатыр деп есептейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген құжат жобасындағы ұсынысқа қарағанда, атаулы әлеуметтік жәрдемақы тағайындарда өтініш берушінің табысына емес, шығынына мән берілетін болады.
Себебі бұған дейін кейбіреулер көмек алу үшін кірісін азайтып көрсеткен деген уәж айтып отыр министрлік. Үкімет заңды айналып өткендердің жұмсайтын ақшасы анағұрлым көп, яғни олар шын мәнінде молырақ пайда табады дегенге сенімді.
"Табысы емес, шығыны есепке алынады". Министрліктің ұсынысы
Атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен азаматтарға беріледі. Оның мөлшері отбасының табысына қарай әртүрлі болуы мүмкін.
2025 жылғы 1 тамыздағы дерек бойынша, елдегі 48 мыңнан аса отбасындағы 260 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Биыл бұл жәрдемақы түріне бюджеттен 110,7 млрд теңге қарастырылған. Қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы әлеуметтік көмек масылдыққа жол бермеуі керек деп, үкіметке жәрдемақы тағайындау жүйесін жетілдіруді тапсырған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолданыстағы заңның кемшін тұстары бар дейді. Оның дерегінше, былтыр 9500-ден астам отбасы немесе 50 мыңнан артық адам өзі туралы жалған ақпарат берген немесе шынайы кірісін жасырғаны туралы фактілер тіркелген. Сондықтан мұқтаждарды анықтау тетігін жетілдіру қажет дейді министрлік.
Ендеше үкіметтің жаңа ұсыныстары қандай? Ипотеканы қоспағанда, белгілі мөлшерден көп несие төлейтін адамға көмек берілмейді. Нақты айтқанда, бір тоқсан ішінде төлейтін несиесі ай сайынғы ең төменгі күнкөріс шегінен екі есе көп болмауы шарт. Қазіргі уақытта ай сайынғы ең төменгі күнкөріс деңгейі шамамен 53 мың теңге.
Бұдан былай адамдардың банк операциялары да тексерілуі мүмкін. Жан басына шаққанда ай сайынғы кедейлік шегінен көп мөлшерде қаражат жұмсайтындар әлеуметтік жәрдемақыдан қағылады.
Екі не одан көп автокөлігі бар отбасына көмек беруден де бас тартпақ. Бұл ереже тек көпбалалы немесе ерекше күтімді қажет ететін баласы бар үйлерге жүрмейді.
200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен жоғары депозиті бар отбасы да мемлекетке қол жаймайтын шаңырақ санатына жатқызылмақ. Бұл жерде ипотекаға деп жинаған салым есепке алынбайды.
Министрлік осы заң жобасы мақұлданса, адамдар ақшасын банкте жинақтамауға және қолма-қол ұстауға көшіп, түрлі амал-айла табуы мүмкін деп қауіптенетінін де жасырмайды. Алайда қолданыстағы заңнан тиімдірек болатындығына сенімді. Өйткені шетелдегі озық үлгілерге сүйендік деген уәж келтіріп отыр.
Талқылауға шығарылған құжатта бірнеше елді мысалға алған. Италияда депозиттер мен отбасы активтері, Германияда баспана мен көлік саны, Канадада пәтерді жалға алу мен балаларға жұмсалатын шығын, Аустралияда бизнестегі үлестері мен асырауындағы адамдар саны, Финляндияда отбасының қажеттіліктері, шоттары және басқа да маңызды мәліметтер ескеріледі делінген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі:
Көптеген ел әлеуметтік көмекке мұқтаждықты анықтау үшін кірістерді ғана емес, активтерді де ескереді. Соның ішінде жылжымайтын мүлік, депозит, несие және басқа да қаржы ресурстары бар.
"Уақыт талабы". Сенат депутаттарының пікірі
2019 жылы Астана қаласының іргесіндегі уақытша баспанадан өрт шығып, бір үйдің кәмелетке толмаған бес қызы өртеніп кетті. Бұл оқиға елдің әр аймағында көп балалы отбасылардың әлеуметтік талаппен наразылыққа шығуына түрткі болған еді. Осыдан кейін үкімет атаулы әлеуметтік көмекті ұлғайтып, содан бері оны тағайындау тәртібін бірнеше рет өзгерткен.
Азаттық осы бастаманы көтерген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласып, заң жобасын түсіндіріп беруді сұрады. Министрліктің баспасөз қызметіне "Атаулы әлеуметтік көмек тағайындарда азаматтардың кредитті не мақсатқа алғаны есепке алына ма? Мысалы, азық-түлікке ақша жетпегеннен несиеге жүгінгендер жәрдемақыдан қағылуы мүмкін бе? Ал адамның шығынын тексеру кезінде ақшаны қандай мақсатқа жұмсағаны қалай анықталады?" деген сынды бірнеше сұрақ қойғанбыз. Бірақ министрлік нақты жауап беруден бас тартып, жоғарыда айтылған құжат сілтемесін жіберумен шектелді.
Министрлік ұсынып отырған заң жобасы 24 қыркүйекке дейін қоғам талқысынан өтіп, одан кейін парламентке жіберіледі. Сенат депутаттары арасында бұл құжатты әлі көрмесе де, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібін өзгерту керек дегенге келісетіндер бар.
Наурызбай Байқадамов, сенат депутаты:
– Атаулы әлеуметтік көмекті қайта қарау – уақыт талабы болып тұр. Өйткені әртүрлі заңдағы коллизияларды пайдалану арқылы осы көмекті иеленіп жүргендер көп: мысалы, өтірік ажырасу, жұмысқа тұрған кезде ресми табысын жасыру, т.с.с. Осындай мәселелерге байланысты, мемлекет қаржысын жұмсаудық тиімділігін қайта қараудың қажеттілігі бар, ал оның тетіктері қандай болатынын кезінде көреміз.
Ғалиасқар Сарыбаев, сенат депутаты:
– Біз – әлеуметтік мемлекетпіз, сол себепті бізде былтырдың өзінде әлеуметтік салаға 3,4 млрд теңге бөлініп, ол 4,5 млн адамды қамтыды. Соның бәрі мемлекет беріп жатқан әлеуметтік көмек. Алған несиесі көрініп тұрады, сондықтан адамдар несие аларда ойлануы керек. Заң жобасы бізге келсін, қараймыз, біз, депутаттар, әлеуметтік жағдайы төмен адамдарды қолдауға дайынбыз.
Марат Қожаев, сенат депутаты:
– Атаулы әлеуметтік көмек бойынша бізде өте көп кемшіліктер болды, әртүрлі айла-шарғыға жол беріп қойдық, сол себепті ол саланы реттеу керек, үкімет реттеу амалдарын іздестіріп жатыр. Ал енді қазіргі ұсынып жатқан жоба дұрыс па, жоқ па, оны алдымен көрейік, қарайық, шыдайық.
Қазақстандағы және шетелдердегі әлеуметтік көмек түрлері
Қазақстанда жәрдемақының 41 түрі бар. Оның ішіне зейнетақы да, шәкіртақы да кіреді. Баласын жалғыз асырап отырғандар да, көп балалылар да бар. 2025 жылғы бюджет жоспары бойынша, әлеуметтік салаға жұмсалатын шығын биыл 9,8 трлн теңгеге жетеді. Оның 6 трлн теңгесі әлеуметтік төлемдерге жұмсалады. Жалпы, республикалық бюджет шығынының 38 пайызы осыған – әлеуметтік бағытқа кетеді. Қазақстан үкіметі ел бюджеті әлеуметтік бағдарланған дейді.
Ал әлемнің басқа елдерінде адамға қандай әлеуметтік көмек қарастырылған? Қазақстанмен шекаралас Ресей мен Қытайдағы ахуал қандай?
Ресейде тұрмысы төмен адамдарға берілетін көмектің бес түрі бар. Біріншісі – әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер. Бұл көмекті кедей және көп балалы отбасылар алады. Әр аймаққа байланысты төлем көлемі де әртүрлі. Екіншісі – "Ана капиталы" бағдарламасы 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Оған сәйкес, мемлекет отбасында бала дүниеге келгенде ірі көлемде қаржылай сертификат береді. Биыл оның мөлшері 690 мың рубльден (шамамен 4,5 млн теңге) басталған. Ақшаны баланың біліміне, тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе әйелдің зейнетақысына жұмсауға болады. Келесі жәрдем – мемлекеттік әлеуметтік келісімшарт. Ол – мемлекет пен отбасы арасында жасалатын келісім. Тұрмысы төмен шаңырақтар белгілі бір жоспар жасайды, мәселен бизнес ашу, қайта оқыту сынды. Кейін мемлекет 100 мың рубльге дейін қаржылай қолдау көрсетеді. Бұл 660 мың теңгеден асады. Төртінші жоба – баспана. Аз қамтылған отбасылар әлеуметтік санаттағы үйлерден пәтер жалға алу мүмкіндігіне ие болады немесе жеңілдетілген ипотека рәсімдейді. Соңғысы балаларға арналған қызметтер. Мектепте тегін тамақ, тегін үйірме, ал мектептен тыс лагерьлер мен сауықтыру орталықтарына жолдама беріледі.
Қытайда да жағдайы төмен шаңырақтарға арналған бағдарлама көп. Ең негізгісі – Dibao. Оның аясында мемлекет кедей отбасыларға ақшалай жәрдем береді. Қолдау көлемі әрқилы: қалада жоғары, ал ауылда төменірек. Жобаның мақсаты – адамның табысын ең төменгі өмір сүру деңгейінен түсірмеу. Мұнда да тұрғын үйге қолдау бар. Пәтерді жалға алатындарға жәрдемдесу немесе үкіметтің "қолжетімді баспана" бағдарламасы. Соңғысында адамдарға нарықтан бағасы арзан үйлер ұсынылады. Тұрмысы төмен отбасыларға медициналық көмек, білім беру бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Ауыл халқы үшін "Кедейлікті жою бағдарламасы" да әзірленген. Жоба аясында жол, мектеп, аурухана салынады, фермерлерге шағын несие ұсынылып, ауылшаруашылығы техникасы мен тыңайтқышқа субсидия бөлінеді.
АҚШ-та жағдайы төмен адамдарға арналған федералдық деңгейдегі ірі және әр штаттың өзіне тиесілі жергілікті жобалары бар. Мысалы, федералдық SNAP (Supplemental Nutrition Assistance Program) бағдарламасы аясында кедей отбасыларға азық-түлік сатып алуға берілетін арнайы көмекті қазір 40 млн-ға жуық америкалық пайдаланады. Жәрдемнің орташа мөлшері бір адамға 200 доллар шамасында. Тағы бір жәрдем түрі – Medicaid. Бұл – табысы төмен адамдарға арналған тегін немесе арзандатылған медициналық сақтандыру. Оны балалар, екіқабат әйелдер, қарттар мен мүгедектігі бар адамдар пайдалады. Үшіншісі – TANF (Temporary Assistance for Needy Families), балалы, тұрмысы төмен шаңырақтарға мемлекет беретін уақытша ақшалай көмек. Бірақ әр штаттың өз ережесі бар, әдетте 5 жылға дейін беріледі. Бағдарламаның басты талабының бірі – адамды жұмысқа тарту. Одан кейінгі қолдау түрі – баспанаға мұқтаждарға. Үкімет кедей отбасыларға тұрғын үй ваучерін береді. Қолында мұндай құжаты бар азаматтар жалға алатын пәтер құнының 70 пайызына дейін ақшасын мемлекет төлейді. Тағы бір көмек түрі – АҚШ үкіметі мүгедектерге, көзі көрмейтін адамдар мен қарияларға ай сайын беретін жәрдемнің орташа мөлшері 700-800 доллар. Алтыншы жоба балаларға арналған. Табысы төмен шаңырақтардың ұл-қыздары тегін балабақшаға бара алады және мектепте тегін тамақтанады.
Еуропа елдерінде де тұрмысы нашар азаматтарға арналған бағдарламалар бар. Францияда бұл санаттағы адамдарға жәрдемақы бекітілген, биыл оның көлемі бір адамға 646 еуро (400 мың теңгеден астам) болып белгіленген. Ал балаларға CAF қоры арқылы ай сайын төлем беріледі. Екі балаға орта есеппен 150 еуродан басталады. Бұдан бөлек тұрғын үйге субсидия, тегін немесе арзан медициналық көмек те қарастырылған.
Ұлыбританияда жұмыссыздар, жалғызбасты ата-аналар мен мүгедектер мемлекеттен бірыңғай төлем ала алады. Мұнда да жалға алатын үйге қосымша көмек, тегін медициналық қызмет, оқушыларға тегін тамақ беріледі. Ал Швецияда жұмыссыз қалған азаматтарға еңбек өтіліне қарай жалақының 70-80 пайызы төленеді.
Маман пікірі
Қазақстандық салық сарапшысы Гүлнұр Шолпанқұлова азаматтардың несие-қарызына қарап, оларды атаулы көмектен айыру дұрыс емес деп есептейді. Маманның пікірінше, жұрттың көбінің қаржы жөнінен сауаттылық деңгейі төмен, сол себепті кредит алған кезде өз табысына қарай жоспарлап, есептеуді меңгермеген, көрпесіне қарай көсілмейді.
– Ойланбастан бір күннің ішінде бірнеше жерден несие ала салатындар бар. Оны қалай төлеймін деп бас қатырмайды көбіне, кейін солар төлей алмай жүреді. Екінші бір мәселе, туған-туысына я танысына кредит алып беретіндер бар. Бір адамның мойнындағы кредит борышы дегенде осындай жайттарды ескеру керек, оның табысы көп екен деп байлам жасау қисынға келмейді, әділетсіздеу деп ойлаймын.
– Көп балалы аналар наразылығы кезінде, одан кейін COVID-2019 пандемиясы тұсында үкімет АӘК мөлшерін көбейту жөнінде түрлі уәде бергенін, бірақ сол уәделердің салмағы бюджетке оңай тимегенін білеміз. Бұл сонда үкіметтің болжау-есептерінен кеткен қателік пе, әлде сол кездегі шешімдердің енді шығып жатқан салдары ма?
– Қазір бізде бюджет тапшылығы болып жатқаны бәрімізге мәлім, үкімет шығындарды қалай азайтсақ болады деп, қалуға тырысып, көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны, т.б. жәрдемдерді қайта қарауға, барынша үнемдеп қалуға тырысып жатқанын көріп отырмыз. Бірақ үкімет шығынды азайтамыз деп, әлеуметтік осал топтағы адамдардың жағдайын ауырлатып алмауды ойлағаны жөн. Онсыз да қазір қосылған құн салығы сияқты салықтарды өсіру, инфляцияның артуы сияқты нәрселер елдің жағдайына кері әсер етіп отыр.
– Кейінгі бес жылда мектеп мұғалімдерінің еңбекақысы, студенттер стипендиясы өсті, зейнетақы да жыл сайын көбейіп келеді деп айтады билік, елдегі кедейлік, жоқшылық сияқты мәселелерге осы өсімдер қалай әсер етті?
– Бізде тек мұғалімдердікі шығар бір кезде қомақты мөлшерде өскені, қалғандарыныкі 7-8 пайыз, ары кетсе 10-15 пайыз өскен шығар. Бірақ инфляция тез қуып жетеді. Одан кейін, ең төменгі деңгей ғана өседі, мысалы, зейнетақының, ал орташаларына ол қатты әсер ете қоймайды. Сол сияқты, жалдамалы жұмыс істеп жүргендердің еңбекақысында көп өзгеріс жоқ. Мысалы, бізде ең төменгі еңбекақы мөлшері 85 мың теңге болып белгіленгеніне биыл екінші жыл, оның мөлшері келесі жылы да осы деңгейде қалады деп отыр. Мәселен, 150 мың теңге алып жүрген адамдардың да айлығы сол қалпы, жылдан жылға сол шамадан өзгермей, көлеңкеде қалып отыр. Мұндай мысалдар жетіп артылады. Ал баға, инфляция болса бір орында тұрған жоқ. Сондықтан мұндай жағдай кедейлікпен күреске оң әсер етіп жатыр деуге келмейді. Сосын, ақшаны көбейту кедейлікке әсер ете бермейді.
– Атаулы әлеуметтік көмек адамдарды масыл етеді, өздері еңбек етуге құлықсыз болып қалады деген пікірлер айтылып жүр, сіз қалай ойлайсыз?
– Әлеуметтік осал топтағы адамдарды әлеуметтік қолдау бізде ғана емес, бүкіл әлемде бар нәрсе және ол болу керек деп санаймын. Себебі, ол масылдыққа итермелейтін көлемде емес, 53 мың – 60 мың теңге көлеміндегі ақша көп емес қой, мысалы, отбасында алты адам болса, солардың әрбіріне айына 10 мың теңге деген тамағына да жетпейді. Сондықтан 60 мың алатын адам соны малданып, жатыпішерге айналады деп ойламаймын. Бұл сол отбасы мүлде аш қалмасын деген ниетпен берілетін жәрдем ғана. Ал осы болмашы қаржы халықты кедей, масыл қылып отыр деудің қисыны жоқ.
ПІКІРЛЕР