Accessibility links

Несиені қайтармаған мыңдаған адам өзін банкрот деп тануды сұрайды


Қаржы нарығын реттеу агенттігіне келіп, несие қарызын кешіруді талап етіп тұрған адамдар. Алматы, 20 қараша, 2021 жыл.
Қаржы нарығын реттеу агенттігіне келіп, несие қарызын кешіруді талап етіп тұрған адамдар. Алматы, 20 қараша, 2021 жыл.

2022 жылы қаңтарда болған жалпыхалықтық митинг кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды тапсырды. Парламент 2014 жылдан бері талқыланып келген заңды бір жылда қабылдады. Заңды жұрттың бәрі бірдей пайдалана ала ма? Бұл шара қазақстандықтарға қарыз шыңырауынан құтылуға көмектесе ме? Азаттық осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

"ТАҒЫ НЕСИЕ АЛҒЫҢ КЕЛЕ МЕ?"

Семей қаласының тұрғыны Мақсат Құсатаев пен әйелі жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданғаннан кейін көп ойланбай өтініш берген. Әйелінің бірнеше жылдан бері төленбеген несиесі бар. Шоты бұғатталған, өзі жұмыссыз.

– Несиемізді жабу үшін [банкрот] деп тануды сұрап, өтініш бердік. Бәрі солай істеп жатыр ғой. Әйелім үшін істедім: жарты миллион қарыз алып, үш жыл төлеген жоқ. Несие алғанда тұрақты қызметі бар еді, кейін жұмыстан шығып кетті де, несиесін төлей алмай қалды. Қарызын ұмытып кетті. "Тағы несие алғың келе ме?" деп сұрадым. "Жоқ" деді. Онда төлемей-ақ қой дедім. Солай мойнымызда қалып қойды, – дейді Мақсат.

Олар банкроттық туралы заңның шектеулерінен қорықпайды. Жеке тұлғаның өзін банкрот деп жариялауы соттан тыс шара болғанымен, шектеулері көп. Мәселен, банкрот кісі бес жыл бойы қарыз не шағын несие ала алмайды, үш жыл бойы қаржы жағдайы бақылауда болады. Қаржы басқарушысы банкрот деп тану туралы өтініш бергенге дейін жасалған кез келген мүліктік шартты жарамсыз деп табуы мүмкін. Бұл шара мемлекет қарызымды кешірсін деп, мүлкін әдейі басқа адамның атына аударатындардың жолын кесу үшін қолға алынды.

– Адам банк алдында борышты болса, несие төлемей жүрсе, шоты бұғатталады. Одан да жаманы – жұмысқа орналаса алмайсың, шот аша алмайсың, жеті жыл несие бермейді. Несиені бұдан соң бәрібір ала алмай қаласың, сондықтан айырмашылығы жоқ, – дейді Мақсат Құсатаев.

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енген алғашқы айда – наурызда Мақсат пен әйелінен бөлек, тағы 34 мың қазақстандық өтініш берген. Мақсат Құсатаев өтініш беру кезінде бірқатар қиындық болғанын айтады.

– Банкрот деп тану туралы өтініш беруге бардық, компьютерлері істемейді. 10 адам тұрса, күніне біреуі ғана өтеді. 10 наурызда барғанымда, жүйе істемей тұр деді. Кейін тағы екі рет бардым. Үшінші рет ашуланып, халыққа қызмет көрсету орталығының басшысына кірдім. "Аманат" (билік партиясы – ред.) партиясына да шағымдандым. Өтініш беру процесін бақылайтын арнайы комиссия құрылсын дедім. "Аманаттағылар" қай компьютерге бару керегін айтып, бір кісінің аты-жөнін берді. Айтқанын істеп едім, өтіп кеттім. Ертеңіне банкрот деп шықты [өтініш мақұлданған жоқ, қаралып жатыр].

Әзірге Қазақстанда бірде-бір жеке тұлға банкрот деп жарияланбаған. Құжаттарды қарау процесі жарты жылға созылады. Наурыздың аяғына қарай 34 мың өтініштің 10 382-сі тексерілген. 2670 адамға қатысты соттан тыс банкроттық процедурасы басталған. Комиссия 7340 өтінішті кері қайтарған.

Банкроттық бойынша берілген өтініштер статистикасы жүргізілетін сайттың дерегінше, 3-19 наурыз аралығында 52 410 өтініш берілген.

40 283 адамның (өтініш берушілердің 76,7 пайызы) өтініші қанағаттандырылмаған. Ең көп өтініш Түркістан (8011), Алматы (6182) және Жамбыл (4185) облыстарынан түскен. Әзірге банкрот деп жариялау туралы өтініші мақұлданған азаматтардың көбі Алматы облысында (808) тұрады.

Олардың көбі кейінгі алты айда (93,3 пайыз) атаулы әлеуметтік көмек алмаған, кейінгі бес жылда несиесін төлеп келген (86,7 пайыз).

Қазақстан бойынша берілген өтініштердегі жалпы қарыз сомасы 91 миллиард теңге болады. Мақұлданған өтініштердің қарызы – 10,3 миллиард теңге.

"БҰЛ – ҚАРЫЗДЫ КЕШІРУ ЕМЕС"

Несиені кешіру – Қазақстан халқы жиі сұрайтын шаралардың бірі. Билік үшін халықтың қолдауына ие болудың ең төте жолы – осы. Тоқаев 2019 жылы осы әдісті қолданды. Сарапшылар мұндай әдісті популистік әрі зиянды қадамға жатқызады. Оның үстіне, бұл бюджетке қымбатқа түседі: мемлекет 300 мың теңгеге дейін алынған, кепілсіз тұтынушылық мақсаттағы 500 мың несиені кешіруге 150 миллиард теңге жұмсады.

"Төлем қабілетін қалпына келтіру және Қазақстан Республикасы азаматтарының банкроттығы туралы" заңды жүзеге асыруға мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Соттан тыс банкроттық жағдайында бар шығын банкке түседі. Сондықтан екінші деңгейлі банктер бұл заңды қабылдауға қарсы болды.

Бұл заңды қайта қолға алуға 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы әсер етті. Ресми дерек бойынша, Қаңтар қырғыны кезінде 238 адам қаза тапты. Наразылыққа шыққандардың көбі "күнкөріс қымбат, халықтың қарызы көп" деген мәселе көтеріп, әлеуметтік реформа жүргізуді талап еткен.

Қаңтардан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған шаралар қабылдады. "Қазақстан халқына" қоры мен "Ұлттық қор – балаларға" жобасы басталды, банкроттық туралы заң дайындау тапсырылды.

Экономистер жеке тұлғаларды банкрот деп жариялау мүмкіндігін азаматтардың бәрі бірдей пайдалана алмайды дейді. Қаржы сарапшысы және Finance.kz телеграм-арнасының авторы Андрей Чеботаревтың сөзінше, өтініш берушілердің көбі заң талаптарына сай келмейді. Өтініш берген адамның жалғыз баспанасынан басқа сатуға жарайтын мүлкі болмауы керек. Қаржы жағдайы нашарласа, банкпен қарызды қайта қаржыландыру туралы келісімге отыруға тиіс.

Заң күшіне енгелі 7 мың адам "банкрот" деп танылған
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:47 0:00

– 11 мың өтініш иесінің 1,5 мыңының жылжымайтын мүлкі, мың адамның жер учаскесі, 800-інің көлігі болған. Адамдар өтіп кетуіміз мүмкін деп өтініш бере салған. Бірақ мемлекеттің түсіндіруі бойынша, мүлкі бар адамдар қарызынан құтылып, сот негізінде банкроттық жариялауы керек еді. Алғашқы айда сот негізінде банкроттық жариялауға 128 адам өтініш берген. Оның біреуі қанағаттандырылған. Сондықтан мемлекеттің болжамы тура келді. Бұл процедура қарызын төлегісі келмейтіндер мен несиесін қайтара алмайтындардың ара-жігін ажыратуға көмектеседі. Жағдайы жоқ азаматтарға екінші мүмкіндік береді. Өйткені несие адамға жүк болады, жөні түзу адам қарызын қайтара алмағаны үшін психологиялық қысым сезінеді, – дейді сарапшы.

Андрей Чеботарев көп өтініштің мақұлданбауын халық банкроттық мәселесін қате түсініп, бос үміт артқанынан көреді.

– Көп адам e-gov-қа кіріп, бірнеше батырманы басып, электрон цифрлық қолтаңба қойсақ, несиеміз кешіріледі, жалақымды өзіме ғана жұмсап, алаңсыз өмір сүре беремін деп ойлады. Бірақ олай емес. Бұл – қарызды кешіру емес, банкроттық. Банкроттық – басқа амал қалмаған кезде жасалатын ең соңғы қадам. Несиесін төлегісі келмейтін адамдар бар. Бұрынғы қарыздардың кешірілуі, амнистия, кей саясаткерлердің сайлау кезінде берген уәдесі – соның бәрі осындай жағдайға әкелді. Адамдар ақша алады, бірақ қайтарғысы келмейді. Қарызын төлеуге жағдайы жетеді, бірақ төлеуге құлықсыз, – дейді Чеботарев.

Заң бойынша, банкрот болған адамдар бес жыл бойы несие ала алмайды. Одан кейін де банктердің оларға несие бере қоюы екіталай.

– Банкроттық – өміріңнің соңына дейін жалғасатын қара белдеу. Заң бойынша, бес жылдан кейін банктер несие бере алады, бірақ олар банкрот болған адамға қарыз бермеуі мүмкін. Ресейде мұндай норма жоқ. Ол жақта банкрот болған күннің ертеңіне қайта несие алуға болады. Бірақ оларға ешкім несие бермейді. Банкроттықтан шығуға болады, шетелде бар қаржысынан айырылып, кейін қайтадан миллиардер болған адамдар туралы мысал көп, – дейді Андрей Чеботарев.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктің болжамынша, банкроттыққа 1,1 млн адам өтініш бере алады.

– Бұл заңды әлдеқашан қабылдау керек еді. Бізде әртүрлі объектив және субъектив себептермен қаржы жағдайы қиын адамдар бар. Осы тұрғыдан алғанда, банкроттық оларға тоқтап, бәрін басынан бастауға мүмкіндік береді. Бірақ кей адамдар бұл мүмкіндікті өз пайдасына жаратуға тырысуы ықтимал, – дейді Инновациялық экономика институтының сарапшысы Мағбат Спанов.

Заң қабылданғаннан кейін әлеуметтік желіде банкрот мәртебесін алуға көмектесеміз дейтін аккаунттар пайда болды.

"МӘСЕЛЕНІҢ СЕБЕБІ – ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫНЫҢ АЗДЫҒЫ"

2022 жылы қазақстандықтардың қаржы жағдайы қиындады. Жылдық инфляция деңгейі рекордтық 20,3 пайызға жетті. Тауар, қызмет түрлері мен әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы өсті. Жекелеген тауарлардың бағасы 87 пайыз, пәтер жалдау құны 1 шаршы метрге есептегенде 45,9 пайыз қымбаттады.

Қымбатшылықтан және тұрмыс қажеттілігін қанағаттандыра алмағаннан халық бұрынғыдан да көп қарызға бата бастады. Ұлттық банктің дерегінше, 2021 жылы микроқаржы ұйымдары 718 миллиард теңгеге несие берген, жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 976,4 миллиард теңгеге жеткен.

– Біздегі микроқаржы ұйымдарының бәрі бірдей адал жұмыс істемейді. Олардың пайызы жоғары. Негізі 56 пайыздан жоғары қоюға болмайды, бірақ бұл ереже сақталмайды. "Жалақыға дейін қарыз ал" деген автоматтар бар. Олар бәріне бірдей қарыз тарата береді. Салдарынан осындай күйге жетіп отырмыз. Оның үстіне, былтыр ауыр жыл болды, халықтың өмір сапасы артқан жоқ. Қазақстандықтардың табысының бір бөлігі бөліп төлеу мен несиеге кетеді, – дейді Андрей Чеботарев.

Экономист Мағбат Спанов халықтың аз ғана бөлігін қамтитын банкроттық процедурасын енгізу арқылы халықтың қарызға бату мәселесін шеше алмаймыз, несиеге тәуелділікпен күрестің ең тиімді жолы азаматтардың табысын көтеру деп есептейді.

– Мемлекеттің қаржы-экономикалық саясатына қоғам да, шенеуніктер де сенбейді. Үкімет әкімшілік жолмен инфляцияны төмендетуі мүмкін. Шынында да, кейінгі айда инфляция азайды, бірақ бұл – үкімет жұмысының нәтижесі емес, көктем-жаз маусымында азық-түлік, көкөніс өзі-ақ арзандайды. Бұған үкіметтің еш қатысы жоқ. Қазіргі үкіметті "статистер үкіметі" деп атауға болады. Олар ештеңе істемейді, тек деректі тіркеп отырады. Болашақта осы әрекетсіздік халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі ушықтырады, – дейді ол.

Спанов халық несиеге өмір сүріп жатыр, бірақ үкімет те тапқанынан көп жаратады дейді. Сарапшы 2022 жылы төлем балансының оң болуына мұнайды қымбаттатып қол жеткіздік дейді.

– Үкімет ұлттық мұнай қорының иллюзиясымен өмір сүреді. Ұлттық қор болашақ ұрпаққа қалдыратын, күтпеген төтенше жағдайда пайдамызға жарайтын қор ретінде құрылған. Бірақ үкіметте жыл сайын төтенше жағдай болады. Жылда қорға қол салып, болашақ ұрпақтың несібесін ұрлап отыр. Банкоматтан ақша алғандай жарата береді. Сөйте тұра, жақсы жұмыс істеп жатырмыз дейді. Бұл – қарыз емес, қайтарымсыз субсидия. Қордан алынған қаржы қайтса, мейлі ғой?! Осыған дейінгі бірде-бір үкімет алған қаржысын қайтарған жоқ, – дейді Мағбат Спанов.

Сарапшы "халықтың несиені көп алуы – Қазақстан экономикасы шалдыққан дерттен бөлек қарастыруға болмайтын симптом" дейді.

– Бөліп төлеу мен несие ақылға қонымды мөлшерде болса, пәтерге, көлікке қатысты мәселені шеше алады. Үнемі Батыс елдерінің моделіне еліктейміз. Бірақ олар бай болса, демек – бір кездері сондай заңдар қабылдап, дамудың бірнеше кезеңінен өтіп, қазір рента есебінен табыс тауып отырған деген сөз. Оларда технология, авторлық құқық бар. Шетелде зауыттар салады. Экономикалық жағдайы басқа, оларда қызмет көрсетуге негізделген сервис экономикасы. Ал бізде шикізат өндіретін зауыттар мен фабрикалар ғана. Сервис экономикасына жалтақтамай, өз экономикамызды дамыту жолын табуымыз керек. Шикізат экономикасынан сервис экономикасына секіріп кеткіміз келеді. Олай болмайды. Макроэкономика, саяси жүйені нақтылап алмасақ, уәделер орындалмайды. Кім кінәлі? Президенттік басқару жүйесінде бар жауапкершілік президентке жүктеледі, – дейді Мағбат Спанов.

Бірінші кредиттік бюро жариялаған сараптамалық дайджеске қарағанда, бір жылда кепілсіз тұтынушылық несиелер портфелі 30 пайыз өсіп, 7,7 триллион теңгеге жеткен.

– Несие алуға мұқтаждық итермелесе, оның себебін халықтың табысының аздығынан іздеу керек. Жүздеген мың адам азын-аулақ қарызының өзін төлей алмай жүр. Бұл мәселе қаржы секторынан тыс болғанымен, несие беру мен қайтарудағы әлеуметтік жауапкершілікке қатысты мәселелерді азайтпайды, – деп жазады бюро.

Қайтарылмаған қарыз көлемінің артуына байланысты банктер несие алушыларға талапты күшейтті. Ұлттық банктің дерегінше, 2022 жылы екінші деңгейлі банктер қарыздың барлық түріне талапты қатаңдатты. Бірақ бұл шара кепілмен несие беруге көп әсер ете қоймады.

Андрей Чеботарев талапты қатаңдату мәселені шешеді дегенге сенбейді.

– Елде қару-жарақ, есірткі саудасы мен жезөкшелікке тыйым салынған. Бірақ бізде олар жоқ па? Бірнәрсеге тыйым салынса, бірен-саран адам ғана одан бас тартуы мүмкін. Бірақ қалғандары көлеңкелі нарыққа кетеді. 90-жылдары халық базардағы "жігіттерден" қарыз алатын. Оларда шектік пайыз деген түсінік жоқ, қарызын да аяусыз қайтарып алады. Несие беруді қатаңдату арқылы мемлекет азаматтарды осындай күмәнді ұйымдарға итермелейді. Бұрын "Еш жер қарыз бермесе, бізге келіңіз!" дейтін жарнамалар болатын. Халықты осындай бандиттер мен компаниялардың алдына салып береміз. Ақшадан қысылғандар соларға барады. Сондықтан тепе-теңдікті сақтау керек, – дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG