Түркіменстан Халық кеңесінің төрағасы, "Аркадағ" ("қамқоршы") атағын иеленген Ғұрбанқұлы Бердімұхамедов 16 шілде күні Бакуде Әзербайжан президенті Илхам Әлиевпен кездесті.
Түркіменстанның мемлекеттік ақпарат құралдары бұл сапарды "екі ел арасындағы қатынастардың жаңа деңгейге шығуының үлгісі" деп сипаттап, тараптардың саяси, сауда-экономикалық, мәдени және парламенттік байланыстарды дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
Бұл сапардың ерекшелігі – Бердімұхамедов қызы Огулжаханды алып барды. Әкесіне еріп жүрген Огулжахан өзі де кездесулер өткізді. Мәселен, ол Әзербайжан президентінің қызы Лейла Әлиевамен жеке жүздесті.
Екі әйелді қайырымдылық қорларындағы қызметі де байланыстырады: Лейла – атасының құрметіне аталған Гейдар Әлиев қорының вице-президенті, ал Огулжахан – әкесінің атымен құрылған қорда дәл сондай қызмет атқарады.
Бакуге сапар – Огулжаханның Бердімұхамедовпен бірге шетелге шыққан екінші іссапары. Сәуірде олар Өзбекстанда болған. Ол жақта Атабаева Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтың қызы, қазір президент әкімшілігін басқаратын Саида Мирзияевамен кездесті.
"Мемлекетаралық өзара іс-қимылдың жаңа форматы"
"Тұран" ғылыми-зерттеу институтының аға сарапшысы, Орталық Азияны көп жылдар бойы зерттеген Брюс Панниер бұл жағдайды аймақтағы жаңа үрдіс деп атайды.
– Қыздар дипломатиясын бақылау өте қызық. Жуырда Огулжахан Атабаева Өзбекстанда Саида Мирзияевамен, енді Әзербайжанда Әлиевтің қызымен кездесті. Бұл оның Түркіменстан саяси жүйесіне белсенді қатысуға дайындалып жатқанын көрсетеді. Кейінгі кездері оның көпшілік алдында сөйлеген сөздері тіпті президент болып отырған бауырынан да көбірек көзге түсіп жүр. Бұл – өзгерістер болуы ықтимал деген белгі. Саида Мирзияева қазірдің өзінде өзбек саясатында маңызды рөл атқарып отыр, Лейла Әлиева да танымал тұлға. Мұндай кездесулер кездейсоқ емес, бұл – дипломатияға әйелдердің қатысуына негізделген мемлекетаралық өзара іс-қимылдың жаңа форматы, – деді Панниер.
Илхам Әлиев те қызы Лейланы халықаралық сапарларына ертіп шығады. Биыл тамызда екеуі Ташкентке барған. Лейла Әлиева сондай-ақ ел ішіндегі ішкі сапарларға да әкесімен бірге шығып жүр.
Ал Огулжахан Атабаева көпшілік алдына енді шыға бастады. Бұған дейін ол туралы ақпарат аз болатын. Бар-жоғы Еуропадағы елшіліктердің бірінде жұмыс істейтін дипломатқа тұрмысқа шыққаны ғана мәлім еді.
Түркіменстан ақпарат құралдары оның аты-жөнін алғаш рет былтыр желтоқсанда атаған. Ол кезде Огулжахан әкесінің аты берілген қордың вице-президенті болып тағайындалғаны және "Аркадағ" медалімен марапатталғаны хабарланған.
Огулжахан белсенділігінің артуы
Биыл наурыздан бастап Огулжаханның белсенділігі күрт артты. Содан бері ол халықаралық ұйым өкілдерімен кездесіп, аймақтарды жиі аралай бастады. Әкесі мен бауырын қалай салтанатпен қарсы алса, оны дәл солай күтіп алып жатты.
Көпшілік алдында жиі көріне бастаған алғашқы айында Атабаева "Әл-Арабия" телеарнасына сұхбат берді.
Түркіменстанды 15 жыл бойы басқарған Ғұрбанқұлы Бердімұхамедов 2022 жылы билікті 44 жастағы ұлы Сердарға тапсырғанымен, әлі де ықпалды тұлға саналады.
Шамасы Атабаева – Бердімұхамедовтің үлкен қызы. Оның нақты неше баласы бары, олардың жасы нешеде екені ашық айтылмайды. Түрлі дереккөз бойынша, оның екі қыз, бір ұлы бар.
Бердімұхамедовтің Огулжаханды өзімен бірге ертіп жүруі – үлкен қызды саясатқа тартып, отбасы ықпалын күшейту ниетінен туған болуы мүмкін деген болжамдар айтылып жүр.
Панниер де Атабаеваның позициясы алдағы уақытта күшеюі мүмкін деп санайды.
– Іске асуы мүмкін бірнеше сценарий бар. Мысалы, ол парламент спикері болуы мүмкін. Бұл қисынды болар еді, себебі Бердімұхамедов билікке келгеннен бері парламентті көбіне әйелдер басқарды. Сондықтан оның бұл рөлге қызығушылығы қалыпты көрінеді, – деді сарапшы.
Алайда сарапшы Атабаеваның тасадан дәл қазір шығуының себебі қызық дейді.
– Елді Сердар басқарып отырғанда неге Огулжахан қажет болды? Бәлкім мәселе отбасы ішіндегі динамикада болар. Орталық Азияда отбасы саясатта үлкен рөл ойнайды. Сердар билікке келген соң анасының беделі артты – ол көпшілік алдына шығып, құрметті атақ алды (оған "Түркіменстанның құрметті кілемшісі" атағы берілді – ред.). Ал Ғұрбанқұлының әпкелері мен немере бауырларының ықпалы шектеулі болып қала берді. Осыған қарап, Сердармен салыстырғанда Огулжахан әкесінің туыстарына жақын деп қабылданады, әкесі оны сол үшін қолдап жүр деуге болады, – деді Панниер.
Орталық Азияда президент балаларының саясатқа араласуы – жиі кездесетін үйреншікті жайт. Мысалы, Тәжікстанда президент Эмомали Рахмонның ұлы Рустам Эмомали парламентті басқарады. Өзбекстанда Саида Мирзияева әкесінің көмекшісі болып жүріп, маусым айының аяғында оның әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.
Азаттықтың Түркімен қызметі —Азатлық радиосының хабары.
ПІКІРЛЕР