Өзбек президентінің үлкен қызы Саида Мирзияева мемлекеттік қызмет жүйесіне бес жыл бұрын ғана қосылғанымен, мансабы жылдам өсіп, президент әкімшілігінде әкесінен кейінгі ең ықпалды адамға айналды. Көбі оны Шавкат Мирзияевтің мұрагері көреді. Бірақ сарапшылар президент отбасынан билікке таласатын басқа адамдар да шығуы мүмкін дейді.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев былтыр Конституцияға өзгеріс енгізіп, билікте тағы 14 жыл қалу мүмкіндігіне ие болды.
Билік сыншылары авторитар басшы Мирзияев ел билігі ондаған жыл бойы өз отбасының қолында болғанын қалайды, 39 жастағы қызы Саида Мирзияеваны мұрагері етіп дайындап жатыр дейді.
Мирзияевтің үш баласының үлкені Саида үкіметке 2019 жылы сәуірде қосылған. Ол саяси карьерасын ақпарат және бұқаралық коммуникация агенттігі басшысының орынбасары болып бастады. Бұл қызмет оны бірден президент көмекшісінің орынбасарына айналдырды.
Мирзияева cаясатта тәжірибесі болмаса да, қызметінде тез өсті: 2023 жылы ол президенттің бірінші көмекшісі болып тағайындалды. Бұл – президент әкімшілігіндегі мемлекет басшысынан кейінгі екінші маңызды лауазым.
"Мирзияеваның карьерасы көз ілеспес қарқынмен өсті", – дейді тәуелсіз өзбек журналисі Джахонгир Мухаммад. – "Халыққа бейтаныс адам күтпеген жерден Өзбекстандағы екінші маңызды қызметті иеленді".
Мирзияева ресми жиындарға қатысып, басқа елден келген өкілетті тұлғаларды күтіп алып, Өзбекстан өңірлерін аралап, шетелге ресми іссапармен жиі шығып жүріп, елдегі ең танымал саясаткерлердің біріне айналды.
Өткен айда Мирзияева Қазақстанға келіп, әкесінің Астанаға сапарынан санаулы күн бұрын бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.
Сарапшылар Мирзияеваның танымалдығының артуы Өзбекстан президенті елді басқаруда өз отбасына көбірек арқа сүйейтінін және балаларын билікке дайындап жатқанын көрсетеді дейді.
Ел билігі Мирзияевтер отбасының қолында қалса, отбасы мүшелерінің өмірі мен жиған-терген дүниесіне еш қауіп төнбейді. Өзбекстанда демократия жоқ, сондықтан президент билігі шексіз.
Саяси сарапшылар Мирзияев Түркіменстан басшысының үлгісін қайталауы мүмкін деп топшылайды. Гурбангулы Бердімұхамедов 2022 жылғы биліктің қадағалауымен өтетін сайлауда президент қызметін ұлы Сердарға тапсырған.
Президент болмай тұрып, Сердар Бердімұхамедов мемлекеттік қызметте жоғары лауазымдарда істеген.
"Өзбекстан – диктатура, үкіметті президент отбасы басқарады, бәрі – солардың бақылауында", – дейді бұрынғы өзбек дипломаты Әлішер Таксанов.
"Мирзияевтің туыстарының бәрі министрлік немесе басқа да мемлекеттік мекемелерде басшылық қызметтерде отыр. Қауіпсіздік қызметі мен бизнес те президент отбасына қарайды", – дейді Швейцарияда тұратын Таксанов.
Билікке жаңа келгенде өзін реформатор деп таныстырған Мирзияев көршілерімен қарым-қатынасын түзеп, саяси тұтқындардың көбін түрмеден босатып, мақта өндірісіндегі балалар еңбегіне тыйым салды.
Бірақ елде шынайы демократиялық реформалар болмады. 37 миллион халқы бар Өзбекстанда саяси оппозиция мен тәуелсіз ақпарат құралдары жоқ. Үкімет сөз бостандығын басып-жаншып, билік сыншыларын қудалайды.
Таксанов қазіргі жағдайда Өзбекстан президенті билігін қызына оппозиция мен қоғам қарсылығынсыз-ақ табыстай алады деп есептейді.
– Мирзияев: "Мұрагер дайындап қойдым" дейді, халық қарсы шықпай, сол адамға дауыс береді", – дейді бұрынғы дипломат.
Орталық Азиядағы адам құқықтары жөніндегі Париж ассоциациясының басшысы Надежда Атаева “Мирзияеваның үкіметтегі қызметін президент болуға дайындық деп бағалайды”.
"Кейінгі видеолар Мирзияеваның халық алдында өзін еркін ұстайтынын көрсетті. Оның үкіметтегі қызметі кезекті карьералық өсуге дайындық сияқты. Мирзияева өзіне дейінгі кісілермен және президент әкімшілігіндегі басқа шенеуніктермен салыстырғанда әлдеқайда кең билікке ие".
"ТАҒЫ БІР ҮМІТКЕР"
Мирзияеваның мұрагерлік жолы бәрі күткендей жеңіл болмауы да мүмкін.
Лондондағы Central Asia Due Diligence зерттеу орталығының басшысы Әлішер Илхомовтың сөзінше, президент отбасында Мирзияевтің орнына таласуға қауқарлы тағы бір тұлға бар. Ол – президенттің жеке оққағары, кенже қызы Шахнозаның күйеуі Отабек Умаров.
Президенттің қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары Умаровтың "өз ықпал ету тетіктері бар, ол президентке жақын адам, барлық шаралар мен іссапарларда Мирзияевтің жанында жүреді", – дейді Ильхомов.
Азаттық зерттеуіне сәйкес, 40 жастағы Умаров отбасылық байланыстарының арқасында үлкен байлық жинаған. Оны көбі елдегі саяси және экономикалық элита арасындағы сахна сыртындағы делдал деп таниды.
Илхомовтың пікірінше, Умаров президенттің бүкіл қауіпсіздік қызметін басқаратын шенеунікке қарағанда, оның жеке оққағарына көбірек ұқсайды… “Ол өте ықпалды қызметке ие”, – дейді сарапшы.
Сарапшы Умаров пен Мирзияева арасында бәсеке бар деп есептейді. Жағдаймен таныс екі түрлі ақпарат көзі Азаттыққа Умаров пен Мирзияеваның жақын серіктесі Комил Алламжонов арасында кикілжің барын айтты.
Бір ақпарат көзінің сөзінше, Умаров өзінің атынан жұмыс істеп, бизнес өкілдері мен шенеуніктерге қысым көрсететін бейресми контораны әшкерелеудің артында Алламжонов тұр деп күдіктенген.
Өзбекстан билігі Азаттықтың сұрақтарына жауап бермеді.
ҚАУІПСІЗДІК ҚЫЗМЕТІНІҢ РӨЛІ
Илхомов пен басқа да сарапшылар Өзбекстанда билікті табыстау үшін ықпалды қауіпсіздік қызметінің қолдауы керек дейді.
Мирзияева мемлекеттік қауіпсіздік қызметі төрағасының орынбасары болып отырған қайын атасы Ботир Турсуновтың қолдауына арқа сүйей алады. Илхомовтың пікірінше, болашақта Умаров қауіпсіздік қызметіне өтіп, ықпалы артуы мүмкін.
– Мұндай жағдайда Умаровтың президент болу мүмкіндігі жоғарылайды. Турсунов қартайып жатыр, сондықтан Мирзияева оның орнына өз адамын қойып үлгеруі де мүмкін, – дейді сарапшы.
Президент отбасы мұрагерлік жоспары немесе әулет ішіндегі бәсеке туралы ашып айтқан емес.
Мирзияеваның қоғамдық беделі артып келеді. Халық оны бұрынғы президенттің үлкен қызы Гүлнара Каримовамен салыстырады. Ол кезінде ірі көлемдегі жемқорлыққа қатысы болған үшін марқұм әкесі Ислам Каримовпен арасы суып кеткен.
Бір кездері “мұрагер” атанған Каримова қазір ақша жымқыру, бопсалау және басқа да қылмыстық баптар бойынша түрмеде отыр. Қолда бар деректерге қарағанда, ол 1 миллиард доллар байлық жинап, заңсыз қызметінің арқасында шетелден көп жылжымайтын мүлік алған.
Таксанов Каримованың заңсыз жолмен қол жеткізген активтерінің кейбірі жасырын түрде Мирзияев отбасына өтіп кеткен дейді.
Материалды Азаттықтың Өзбек қызметі әзірледі.
ПІКІРЛЕР