5 қарашада АҚШ-та өткен президент сайлауында Трамптың жеңіске жетуі "сағат тілін іске қосты". Өйткені Трамп сайлауалды науқан кезінде президент болып қайта сайланса, соғысты 20 қаңтардағы инаугурациясына дейін аяқтауға бірнеше рет уәде берген.
Ресей президенті Владимир Путин 7 қарашада АҚШ-тағы сайлау нәтижесі жайлы алғашқы пікірінде “Трамптың Ресеймен қарым-қатынасын жаңғыртып, Украинадағы соғысқа нүкте қою ниеті кем дегенде, назар аударуға тұрарлық”, — деді.
Путин Трампты жер-көкке сыйғызбай мақтады: ол "жаңа сайланған президент шілдеде оқ тигенде ерлік танытып, өзін нағыз еркек ретінде көрсетті" деді. 2017–2021 жылғы президенттік мерзім кезінде Трамптың аяқ-қолы байлаулы болып, көп мақсатын орындай алмағандай көрінгенін айтты.
Путиннің сөзі кездейсоқ айтылған сөздей берілгенімен, бұл Кремльдің АҚШ-тағы биліктің ауысуын пайдалануға тырысатынынан, Трамптың бейбітшілік орнатуда араағайын болып, Украинадағы мүдделеріне қол жеткізуді көздейтінінен хабар береді.
ІРІ ҚИЫНДЫҚТАР
Мәскеу Украинадағы мақсаттарынан бас тартты дей алмаймыз. Ресей Украинаның бес облысын өз жеріне қосып алып, Киевтің НАТО-ға қосылуына біржола тыйым салғысы келеді.
Путин мәлімдеме жасаған күннің ертесіне Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков президенттің ойын халыққа жеткізуге тырысты. Ол "Путин Ресейдің диалогқа ашық екенін бірнеше рет айтты, бірақ президент ешқашан арнайы операцияның [Мәскеу соғысты осылай деп атайды] мақсаты өзгергенін айтқан емес", — деді.
Ресей әскері көрші мемлекет территориясына басып кірген 2022 жылдың 24 ақпанынан бері бірінші рет Украинаның шығысында үлкен қарқынмен алға жылжып келе жатыр. Сондықтан болса керек, Мәскеу ортақ мәмілеге келуге мүдделі емес.
Ресей қауіпсіздік кеңесінің басшысы Сергей Шойгу "Мәскеу өз шарты бойынша ғана келіссөз жүргізуге ашық" дегенді еске салды.
— Қазір әскери қимылдар театрындағы жағдай Киев режимінің пайдасына шешіліп жатқан жоқ. Батыс елдері Украинаны қаржыландыруды жалғастырып, украиндердің жойылуына қарап отыра бере ме, әлде жағдайды мойындап, келіссөзді бастаймыз ба деген таңдау алдында тұр, — деді Шойгу 7 қарашада.
Бұл Трамптың соғысты аяқтау жолында тап болатын үлкен мәселелердің бірі: атыс-шабысты тоқтату немесе Мәскеудің шартына көніп бейбіт келісімге келу – бұл Киевтің жеңілісі деп бағаланады. Бұл Ресейді Украина мен Батыс елдеріне қатер төндіретіндей жағдайда қалдыруы мүмкін. Ақ үйге мұны геосаяси жеңіс ретінде көрсету қиынға соғады.
Украина президенті Владимир Зеленский Трамптың 10 аптадан кейінгі инаугурациясына дейін бұған жол бермеуге тырысады. Ол Батыс елдерін Украинаның майдандағы жағдайын жақсартып, әділетті әлемге жол ашу үшін көбірек қару-жарақ беруге үндеп, Ресейге қалағанын беру үлкен қателік болатынын ескертіп отыр.
— Путиннің ырқына жығылу, кері шегіну, кей шарттарға мойынсұну туралы әңгімелер болды. Украина бұған келісе алмайды, бұл бүкіл Еуропа үшін өз-өзін өлтірумен тең, — деді Зеленский 7 қарашада Будапеште өткен Еуропа саяси қауымдастығының кездесуінде.
БАТЫСТЫҢ БӨЛІНІП-ЖАРЫЛУЫ
Батыс елдері арасындағы келіспеушілік Ресейдің пайдасына жарауы мүмкін. Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель 8 қарашада Будапеште сөйлеген сөзінде Зеленскийдің сөзін қайталап, "Украинаны күшейтіп, қолдауымыз керек. Өйткені Украинаны қолдамасақ, Путин мен әлемдегі кей авторитар режимдерге қате белгі береміз", — деді.
Венгрияның премьер-министрі, Трамптың одақтасы, Путинмен арасы жақын Виктор Орбан қарсы позицияға ұқсайтын пікір білдірді.
— Майдандағы жағдай анық, Украина әскери жеңіліс тапты, — деді Орбан. — Америкалықтар соғыстан шығуға тырысып жатыр.
Трамптың соғыс аяқталуы керек деген мәлімдемелері мен оның АҚШ-тың президент Джо Байденнің тұсында Украинаға ондаған миллиард доллар көмек бергенін сынағанына қарамастан, америкалықтар соғыстан шыға ма, жоқ па, әзірге белгісіз.
Трамп Украинаға көмекті Киев пен Мәскеуді келіссөз жүргізуге мәжбүрлейтін ықпал ету тетігі ретінде пайдалануға тырысатынын білдірді, бірақ одан бөлек, соғысты қалай тоқтататыны жайлы ештеңе айтпады. Сондықтан оның қандай әдісті таңдайтыны жаңа президенттік мерзімі алдындағы маңызды фактор болады.
Трамптың кеңесшілері бірнеше идея ұсынды, олардың кейбірі ашық түрде айтылды. 6 қарашада The Wall Street Journal жаңа президенттің аты аталмаған одақтастарының сөзі берілген мақала жариялады. Онда Трамптың "қандай да бір бейбіт жоспарды" мақұлдамағаны және Путин мен Зеленскийді келіссөз жүргізуге көндіретін жоспарын ашып түсіндірмегені жазылған.
ПІКІРЛЕР