Accessibility links

Тоқаев "Ресей жеңілмейді" деп тағы айтты. Тарихта қалай болған еді?


Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан президенті

"Канцлер Шольцпен келіссөз барысында айтқанымдай, Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтіні анық. Бұл – Ресейдің әскери әлеуеті, президент Путин жүргізіп отырған саясатты халқының қолдауы және тарихтың өзі дәлелдеп отырған факт".

Ресей жеңілмей ме?

"Ресей әскери тұрғыда жеңілмейді" деп мәлімдеді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның пікірінше, мұны "тарихтың өзі дәлелдеген". 17 қазанда Астанада Think Tank форумында Тоқаев осыдан бір ай бұрын Германия канцлерімен келіссөз кезінде айтқанын қайталады. Тоқаев Украинадағы соғысты доғаруды бейбіт жолы туралы бастамаларды қарастыруды және "содан кейін жер мәселелерін талқылауға көшуді" ұсынды.

Тарихта Ресей соғыста жеңілген кездер болды ма?

Жауап: иә (бұған 19-шы және 20-ғасырларда болған бірнеше соғыстың немен аяқталғаны дәлел).

1856 жылы Ресей империясы Қырым соғысында жеңілді.

19-ғасырдың ортасында бірінші Николай патша Константинопольді жаулап алуды және Қара теңіз бен Жерорта теңізіндегі стратегиялық маңызы бар бұғаздарға қол жеткізуді көздеп, күш-қуаты әлсіреген Осман империясына қарсы соғыс бастады. Бірақ ол бұл соғыста Ресейге өнеркәсібі дамыған Британия мен Франция біріккен коалициямен қарсы шайқасуға тура келетінін ескермеді.

Қарулы күштері техникалық жағынан айтарлықтай басым олар логистика мен әскерді қамтамасыз етуді жолға қоя білді. Соғыс басталғаннан кейін үш жылдан соң Ресей тас-талқан болып жеңілді.

Соғыстан экономикасы әлсіреген Ресей қарсыластарының оған қойған талабына қорлықпен көніп, Қара теңіз аймағынан қару-жарағын әкетуге, оған қоса Новороссийск, Анапа, Геленджиктен кетуге мәжбүр болды. Осылайша Ресей империясының Кавказдың Қара теңіз жағалауына үстемдікке ие болу мақсаты орындалмады.

Қаржысын соғысқа жұмсап титықтаған Ресей билігі елдің алыс аймақтарын қорғап тұру қиын болатынын желеу етіп, Америка Құрама Штаттарына Алясканы сатып жіберді.

20-ғасырдың басында Ресей Жапониямен соғыста жеңілді.

Бұл соғыс Ресей әлемнің жетекші державаларынан қаншалықты артта қалып қойғанын тағы бір рет көрсетті. Жапония қару-жарақтың жаңа түрлерін, жетілдірілген пулеметтерді қолданды, жапон сарбаздары жанқиярлық ержүректігімен көзге түсті.

Жапонияны оңай жеңемін деп ойлаған Ресей бұл соғыста бүкіл әскери флотынан айрылды.

Жапон әскері жаулап алған Порт-Артурда суға батқан Ресей кемелері.
Жапон әскері жаулап алған Порт-Артурда суға батқан Ресей кемелері.

Соғыс салдарынан Ресейде ең қажет тауарлар тапшы болып, халық арасында жаппай наразылық жиіледі. 1905 жылы қаңтарда Санкт-Петербург қаласында мыңдана наразы адам шеру тартып Қысқы сарайға бет алды. Алаңда қарусыз халыққа әскер оқ жаудырып, кемінде 96 адам өлді.

1905 жылы қыркүйекте қол қойылған бейбіт келісім Ресей Қытай аймағына жататын, суы қатпайтын Порт-Артурды жалға алудан бас тартып, Кореяны Жапонияның "ықпал аймағы" деп мойындасын деген шарт қойды.

Бұл жеңіліс Ресей империясының күйреуіне әкелген факторлардың бірі болды. Елде солшыл радикал қозғалыстар күш алды. 12 жылдан кейін билікті Владимир Ленин бастаған большевиктер басып алды.

Совет-фин соғысында СССР формалды түрде жеңіске жетсе де, көп шығынға ұшырады.

1939 жылғы 30 қарашада Совет одағының (құрамында Ресей советтік федеративтік социалистік республикасы бар) жарты миллиондық әскері Финляндия жеріне басып кіріп, тарихта Қысқы соғыс деген атаумен қалған соғыс басталды. Шабуыл бастамас бұрын Кремль Хельсинкиге жер алмасуды, шекараны Ленинградтан (қазіргі Санкт-Петербург қаласынан) әрірек жылжытуды ұсынды. Финляндия келіспеді.

Совет билігі соғысты 21 желтоқсанға, яғни Иосиф Сталиннің 60 жылдық мерейтойына дейін аяқтап, жеңіске оңай жетеміз деп ойлады. Бірақ фин халқы мен мемлекеті ерлік пен жанкештілік танытып, басқыншыларға қарсы күресті. Соғыс 1940 жылдың науырызына дейін созылды.

Жауған оқтан шұрық-тесік болған көліктердің қасында өліп жатқан совет жауынгерлері. 1940 жылдың ақпан айы.
Жауған оқтан шұрық-тесік болған көліктердің қасында өліп жатқан совет жауынгерлері. 1940 жылдың ақпан айы.

Соғыстан қалжыраған Финляндия бейбітшілік туралы бітімге қол қоюға мәжбүр болды. Ол жерінің 11 пайызынан айырылды, оның ішінде көлемі жағынан елдегі екінші ірі қала Выборг та бар.

Қысқы соғыс 26 фин азаматының өмірін қиды. Совет одағы 126 мың сарбазынан айырылды.

Кейін совет мемлекетінің басшысы Никита Хрущев былай деп еске алды: "1940 жылы финдермен соғыстағы жеңісімізде жеңілістің, және де дұшпандарымызға Совет одағы қалт-құлт етіп әрең тұр екен деген сенім ұялататын өте қауіпті жеңілістің нышандары барын алғашқы болып Сталин сезді".

Совет билігі Ауғанстандағы соғыста да жеңіліс тапты.

1979 жылы Совет одағы Ауғанстандағы билікті төңкеріп, өзіне қолайлысына ауыстыруды көздеп ол елге әскер кіргізді. Ауғанстанда көп жылға созылған соғыс басталды. Совет мемлекеті қолдаған жаңа үкіметке қарулы мұжахедтер қарсылық танытты.

Совет одағы көксеген мақсатына жете алмады — Ауғанстанда оның айтқанынан шықпайтын тұрақты билік орнату талпынысы сәтсіз болды. Халықаралық қауымдастықтың қысымымен 1989 жылы Мәскеу Ауғанстаннан совет әскерін шығарды. Ресми мәлімет бойынша, Совет одағы бұл соғыста 15 мыңнан астам адамынан айырылды.

Ауғанстаннан шыққан совет әскері мемлекеттік шекарадан өтіп, өз еліне қайтып жатыр. Өзбекстанның Термез қаласы маңында 1989 жылғы 8 ақпанда түсірілген фото.
Ауғанстаннан шыққан совет әскері мемлекеттік шекарадан өтіп, өз еліне қайтып жатыр. Өзбекстанның Термез қаласы маңында 1989 жылғы 8 ақпанда түсірілген фото.

Тарихшылар бұл соғыс совет өкіметі басшылығының саяси жеңілісі ғана емес, сонымен бірге Совет одағының күйреуіне себеп факторлардың бірі болды деп есептейді. Ауғанстаннан әскерін шығарып әкеткеннен кейін екі жылдан соң, 1991 жылы Совет одағы тарап тынды.

XS
SM
MD
LG