Accessibility links

Ресей түрмедегі орталықазиялық мигранттарды Украинадағы соғысқа мәжбүрлеп салып жатыр


Ресей Украинаға қарсы бастаған соғыста сарқылған күшін толтырып, әскер қатарын мобилизациясыз жаңартуға барын салып жатыр. Билік түрмеде жазасын өтеп жатқан я тергеуде отырған адамдарды жаппай майданға жөнелтуді жолға қойған. Қосақ арасында кетіп жатқан көптің ішінде Ресейге Орталық Азиядан барған мигранттар да аз емес

24 жастағы қырғыз мигрант Еламан 2023 жылы Ресей түрмесінен әскери қызметке сұранған. Өйткені оған "мерзімінен бұрын босатамыз, көп ақша береміз, 6 ай майданда болсаң, Ресей азаматтығын аласың" деп уәде берген.

Отбасының айтуынша, Еламан Ресейде "есірткі сатқан" деген айыппен түрмеге түскен. Оны бірнеше күн әскери дайындықтан өткізіп, майданға жөнелткен.

Еламанның әкесі Анарқұл қауіпсіздік мақсатында ұлының толық аты-жөнін атамады. Жауынгер келісімшарт аяқталғаннан кейін де жарақатына қарамастан майданда қалуға мәжбүр болған.

"Балам бірнеше күн ауруханада ес-түссіз жатты. Есін жиған соң, қолы мен басындағы жарақаты жазылмаса да қайтадан соғысқа жіберді", – деді Анарқұл.

"Олар тірі қалған, қолы мылтық атуға жарайтын адамның бәрін соғысқа жібере береді", – деді ол.

Еламан жыл басында ауыр жарақат салдарынан мүгедек болып қалған соң әскерден біржола босатылған. Ол жайында Азаттыққа Еламанның Қырғызстанның Ош өңірінде тұратын әкесі Анарқұл хабарлады.

Еламан – Ресейде түрмеде отырып, соғысқа тартылған мыңдаған адамның бірі. Мәскеу соғыста сарқылған күшін толтырып, әскер қатарын мобилизациясыз жаңартуға барын салып жатыр.

Ресейдің қорғаныс министрлігі 2023 жылдың басында елде түрмеде отырғандарды жинап, "Вагнер" жалдамалы әскерін өз бақылауына алған. "Вагнер" тобы түрмеден әскер жинау операциясын соғыс басталғаннан кейін бес айдан соң, 2022 жылы шілдеде қолға алған еді.

"Вагнердің" негізін қалаушы Евгений Пригожин 2023 жылы мамырда топқа Ресейде қамау мекемелерінде отырған 50 мың адам қосылғанын (олардың 20 пайызы Украинада қаза тапты) хабарлаған. Пригожин Кремльмен арасы бұзылған соң, 2023 жылы тамызда әуе апатынан жұмбақ жағдайда қаза тапты.

Қорғаныс министрлігі түрмеде отарғандарды соғысқа салуға ден қойғаны соншалық, құқық қорғаушылар дерегінше, Ресейдегі ондағы түзету колониясы босап, жабылып қалған.

"Русь сидящая" құқық қорғау ұйымының директоры Ольга Романова биылдың өзінде 53 түрме жабылғанын айтты.

Министрлік тергеу изоляторлары мен көші-қон заңнамасын бұзған мигранттар отыратын мекемелерді "соғысқа үгіттеу" орталығына айналдырған.

Мәскеудегі "Сахарово" миграция орталығында кезекте тұрған мигранттар. Архивтегі фото.
Мәскеудегі "Сахарово" миграция орталығында кезекте тұрған мигранттар. Архивтегі фото.

Тұтқындар, олардың туыстары мен құқық қорғаушылардың айтуынша, ресейлік шенеуніктер түрмедегі жағдайды қатаңдатып, адам төзгісіз жағдайға жеткізген. Олар осылай тұтқындарды майданға баруға көндіруді көздейді.

"Суық камерада ұстайды, бір ғана жастықпен, жылыну үшін ыстық су құйылған бөтелке ұстап, еденде ұйықтайсың", – деді Ресей түрмесінде отырған қырғыз азаматы.

Азаттық бұл мәлімдемелердің растығын тексере алмайды. Бірақ бұл ақпарат Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан жұмыс істеуге келіп, Ресей түрмесіне түскен басқа мигранттардың сөзімен сәйкес келеді. Тұтқындарды әскерге жазылуға мәжбүрлеу үшін ұрып-соғу да көбейген.

Свердлов облысында қамауда отырған тағы бір қырғыз тұтқынның әкесі ұлынан қамаудағы адамдарды изоляторда бірнеше күн бойы ас-сусыз ұстап, соңында өз зәрін ішуге мәжбүрлегенін естіген.

"7-8 жыл отырған кей тұтқындар бұрын-соңды мұндай қорлық көрмегенін айтады", – деді Гүлнара Закирова. Оның ұлы Ерлан 2023 жылы Украинада соғыста қаза тапқан. Ерланды түрмеде отырған жерінен "Вагнер" тобы майданға алып кеткен еді.

ТІРІ ҚАЛҚАН

Әскерге барған тұтқындар мен олардың туыстарының сөзінше, майданда түрмеден келген азаматтарға "тірі қалқан" ретінде қарайды.

Небәрі бірнеше күн жаттыққан соң оларды майданның алдыңғы шебіне жібереді.

"Бізді алдыңғы шепке итермелейді. Ең қауіпті аймақтарға жібереді. Қаза тапқан тұтқындардың сүйегн де жинамайды", – деді Ресей түрмесінен майданға жіберілген 24 жастағы қырғыз Азамат. Ол толық аты-жөнін айтудан бас тартты.

Қазанның басында Азамат Азаттыққа телефонмен хабарласып, Ресей оккупациялаған Луганск облысындағы ауруханада оқ жарақатынан емделіп жатқанын айтқан.

Ол майданда небәрі 2 ай болғанына қарамастан екі рет жараланып үлгерген. Мұны жауынгердің Азаттыққа жіберген медициналық жазбалары растайды.

"Бірінші рет жараланғанда, толық жазылмасам да, қайтадан майданға жіберді. Бұл жолы арқама зымыран жарықшағы тиді. Екі күн бұрын ота жасады, бірақ дәрігерлер мені тағы да соғысқа жіберейін деп отыр", – деді ол.

"Ешкімді үйіне қайтармайды", – деді Азамат.

Азаттық содан кейін Азаматпен қайта сөйлесе алмады. Оның Ресейде жұмыс істейтін әпкесі Азаматтың өз әскери бөліміне оралғанын айтты. "Бармасам, атып тастайды деп қорықты", – деді әпкесі.

Азаттық танысқан сот құжаттарына сәйкес, бұрын шағын дүкені болған Азамат жыл басында бес жылға бас еркіндігінен айырылған. Отбасы оның ісі бойынша басқа деректерді жарияламауды өтінді.

Тамызда Азаматты әскерге баруға көндіріп, келісімшартқа қол қойғызып алған. Әпкесінің айтуынша, ол үш ай әскери дайындықтан өтуі керек еді.

"Бірақ келісімшарт басталғаннан кейін 10 күннен соң майданға жіберді. Сол жақта жараланды. Азаматтың бөлімінде қырғыздар мен өзбектер көп. Солардың әңгімесінен келісімшарт аяқталса да, үйге қайта алмайтынын түсінген… Мүгедек болып қалып немесе өлмейінше, соғыстан босатпайды", – деді Азаматтың әпкесі.

Украинада жүрген ондаған азаматтың сөзінше, тұтқындар келісімшарт мерзімі аяқталса да, майданда қалуға мәжбүр.

Еламанның әкесі Ресей билігі келісімшарт бойынша міндеттемелерін толық орындамай отыр деді. Ұлы Ресей азаматтығын, 5000 доллар көлемінде бір реттік сыйақы мен бірнеше медаль алған. Бірақ оған ай сайынғы жәрдемақы мен Ресейдегі басқа соғыс ардагерлеріне берілетін жеңілдіктер берілмеген.

Еламан Мәскеуде тағы бір ота жасатуға дайындалып жатыр. Осы жолы денесінде қалып қойған оқты алғызып тастауы керек. Отбасы Еламанның әскердегі жолдастары келісімшартын ұзартуға мәжбүр болғанын естіген.

Қырғызстан билігінің дерегінше, 1500 қырғыз азаматы Ресей түрмелерінде жазасын өтеп жатыр. Олардың көбіне есірткі сатты деген айып тағылған.

Ресей Украинаға басып кірмей тұрып, елде 10 000 тәжік тұтқын бар еді.

Ресей түрмелерінде Орталық Азиядан жалпы саны қанша тұтқын бары, олардың қаншасы Украинаға соғысқа кеткені белгісіз. Азаттық тілшілері Украинада Орталық Азиядан шыққан ондаған адамның қаза тапқанын растаған.

Қырғызстан 100 шақты азаматын Ресей түрмелерінен елге қайтарып алды. Олар жазасының қалған мерзімін Қырғызстанда өтейді. Бішкек тағы 500 азаматты экстрадициялау туралы өтініш берген, бірақ Ресей билігі бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Материалды жазуға Азаттықтың Қырғыз қызметі атсалысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG