Accessibility links

"Бес сағат бойы ұрып-соқты, қорлады". Мәскеу моншасындағы оқиға: қырғыз азаматының көргені


Мәскеу моншасындағы рейд кезінде түсірілген видеодан скриншот.
Мәскеу моншасындағы рейд кезінде түсірілген видеодан скриншот.

Мәскеу полициясы көбіне қырғыз мигранттары баратын моншада рейд жүргізіп, келушілерді соққыға жыққан, азаптаған. Бұл туралы сол күні моншада болған қырғыз азаматтары айтып отыр. Қырғызстан сыртқы істер министрлігі оқиғаны тергеп жатқанын мәлімдеді.

Рейд кезінде моншада болған мигранттардың бірі оқиғаның қалай өрбігенін баяндап берді. Ресей ішкі істер министрлігі әзірге ешқандай ақпарат бермеді.

Мәскеуде бірнеше ай бойы такси көлігін жүргізетін Әлихан 10 сәуір күні күйеу баласы және ауылдасын алып моншаға барған. Оның сөзінше, жарты сағаттан бәз біреулер есікті күшпен ашып, шу шыққан.

"Іштегі адамдар дүрлігіп, қаша бастады. Бізде қаша жөнелдік. Бірақ ешкімді шығармады. Кейін олар барлығын соққыға жыға бастады. Кімнің ұрып жатқаны көрінбеді. Бас көтеруге мұрша бермеді. Қолдарында таяқ пен электрошокер болды. Барлығымызды ас бөлмесіне жинады. Дене бітімі мығым дегендерді бөліп алды. Арық, әлжуаздарды бір бөлмеде ұстады. Сақалы барларды басқа бөлмеге алып кетті. Бір жігіттің жарты сақалын сол жерде қырып тастады. Қарсылық танытып еді, бетінен бір қойды. Бізді не үшін ұрып жатқанын түсінбедік, құжатымызды да сұрамады. Бір жігіт тұрып "не үшін?" деп сұрап еді, оған: "Сендер бізге ұнамайсыңдар" деп жауап берді" дейді Әлихан.


Оның сөзінше, полицейлер моншадағыларды бес сағат бойы ұрып-соққан, тіпті түрлі азаптау әдістерін қолданған.

"Біреуінің қалтасынан насыбай тауып алды. Сөйтіп сол насыбайды бәрінің аузына тығып, жегізді. Кейбірін қол күрестіріп, жеңілгендерді соққыға жықты. Кейбірінің құжатын жыртып тастады. Киімшең болғандарды бассейнге секіртті. Кейбірінің қалтасындағы ақшаны тартып алды. Бір адамға жарты келі ащы бұрыш жегізді" дейді қырғыз азаматы.

Әлиханның айтуынша, бес сағаттан соң полицияның лауазымды шенділері келген. Олар болған жайтты туралы сұрақ қойған кезде мигранттарға ешкім тимеген. Куәгердің сөзінше, моншада 60-қа тарта қырғыз азаматы болған. Кейін олардың бәрін түрлі полиция бөлімдеріне алып кеткен. Әлиханды 1-2 сағат ұстап, босатқан. Ал оның күйеу баласы Байназарға айыппұл салған. Ол не үшін айыппұл салғанын түсінбеген.

"Оқуға да мүмкіндік бермеді, тек мәжбүрлі түрде қол қойдыртып, айыппұл төлетті. Әркімге әртүрлі айыппұл салды. Мен өзім бес мың (рубль) төледім. Құжаттарымның бәрі дұрыс болатын. Осыған дейін заң бұзбағанмын. Полиция бөлімінде бір тәуліктен аса уақыт болдық. Кейінгі сағаттарда елшілік өкілі келіп, бізді босататынын, бәрі жақсы болатынын айтты" дейді Байназар.

Қырғызстан Жогорку кеңешінің депутаты Жанарбек Акаев. 2023 жылғы қаңтар.
Қырғызстан Жогорку кеңешінің депутаты Жанарбек Акаев. 2023 жылғы қаңтар.


Қырғыз парламентінің депутаты Жанарбек Акаев мәлімдеме жасап, Қырғызстан Мәскеу моншасындағы жағдайға жауап қатуы қажет деді. Facebook-тегі парақшасында ол моншада түсірілді деген бірнеше видео жариялады.

"Биліктің, СІМ-нің, елшіліктің реакциясы қайда? Қайда! Жақында қырғыз кәсіпкерінің үйіне келіп, оны ұйымдасқан қылмыс тобының мүшелері мен террористерден де қатты соққыға жықты. Біз сонда ЕАЭО мүшесіміз, одақтаспыз, стратегиялық әріптеспіз деп қойып, жүздеген азаматымыздың таяқ жегені жайлы үнсіз отыра береміз бе? Шұғыл түрде қажет шараларды қабылдау керек! Өз жұмысын атқарып, бейбіт өмір кешіп жүргендерге қарсы жабайылық танытқан, зорлық жасаған Ресей құқық қорғау органы қызметкерлеріне жауапқа тарту керек, ал халыққа ақпарат берілуге тиіс! Қылмыс жасағандар өтемақы төлеп, кешірім сұрасын!" деді Ақаев.

12 сәуірде Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Мәскеу моншасындағы оқиғаны тергеп жатқанын мәлімдеді.

Мәлімдемеде Қырғызстанның Ресейдегі елшілігі Мәскеудегі Тимирязев аудандық полиция бөліміне қырғыз азаматтары жеткізілгені жайлы ақпарат алғаны, оларға құқықтық көрмек көрсетіп жатқаны жазылған. Қырғыз сыртқы істер министрлігі сондай-ақ Ресей полициясының моншада болған қырғыз азаматтарына қарсы әрекеттерін тексеріп жатырмыз деп хабарлады.

13 сәуір күні жаңа ақпарат шығып, ұсталғандардың ішінде төрт адам Қырғызстанға депортацияланатыны мәлім болды.

14 сәуір күні Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Ресейдің Бішкектегі елшісі Сергей Варкуновты шақыртып алып, оған моншадағы жағдай жөнінде нота тапсырды.

Ресей жыл басынан бері миграция заңнамасын қатайтып отыр. 5 ақпаннан бастап бақылауда болатын шетелдіктер тізімі іске қосылды. Ол тізімге кіргендердің құқығы елеулі түрде шектелмек. Бұл тізімге кірген мигранттар банк қызметін пайдалану, жылжымайтын мүлікті тіркеу, көлік басқару, некеге тұру секілді құқықтардан айырылады.

Осыдан соң көптеген қырғыз азаматы Азаттыққа шағып айтып, банк картасы істемей тұрғанын айтқан. Олар Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екенін алға тартып, қырғыз билігінен араша сұрады. Қырғызстан еңбек, әлеуметтік қорғау және миграция министрлігінің кейінгі мәліметінше, Ресей миграция заңнамасын бұзды деп күдікке ілінген қырғыз азаматтарының саны 83 мыңға жеткен.

Сыртқы істер министрлігінің 2025 жылғы қаңтардағы мәліметі бойынша, Қырғызстанның 608 088 азаматы шетелде жүрген. Оның ішінде 376 907 адам Ресей миграция есебіне тұрған. Бұған Ресей шекарашылары қырғыз азаматтарын кері қайтарған жағдайлар тіркелген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG