Accessibility links

"Қабірге қоймайынша үмітімді үзбеймін". Соғыста өлді деген қазақстандықтар арасында кім бар?


Украинадағы соғыста Ресей әскері қатарында соғысып, қаза болған 270 қазақстандықтың аты-жөні жарияланды. Тізімді Украинаның құқық қорғау органдарымен байланысты "Хочу жить" жобасы жасаған. 270-тің арасынан Ресейге жұмыс істеуге кеткен баласының аты-жөнін көрген әкесі ұлын "қабірге қоймайынша үмітін үзбейтінін" айтады.

Тізімде қаза болғандардың туған күні, әскери шені, жетонының нөміріне дейін көрсетілген.

Мерт болды дегендердің ең жасы – 2005 жылы туған Андрей Богомолов. Ол 19 жаста болған. Ал ең үлкені – 254-ші мотоатқыштар полкінің мүшесі 64 жастағы Александр Ялфимов.

"Тізім толық әрі түпкілікті емес. Майдан шебінде қаза тапқандар мен жоғалғандардың шынайы саны әлдеқайда көп болуы мүмкін" делінген жобаның Telegram-парақшасында.

Майданда қаза тапты дегендердің дені Ресей әскері сапында қатардағы жауынгер болған. Арасында ефрейтор, кіші сержант, аға матрос сияқты әскери шені барлар да кездеседі. Жоба авторларының дерегінше, қазақстандық азаматтар 2023-2025 жылдар аралығында мерт болған.

270-ТІҢ ӨЗІ АЗАЙТЫЛҒАН КӨРСЕТКІШ

Тізімді жасаушылар шетел азаматтарының жеке деректерін ресми орган – Ресей қарулы күштеріндегі дереккөздерден аламыз дейді. Ал қазіргі статусы, қаза болуы жайлы мәліметті "басқа көздерден" алады. "Хочу жить" өкілі Виталий Матвиенко Азаттыққа берген жауабында ол дереккөзді атамады.

Тек қазір Ресей әскері сапында кемі 1537 қазақстандық азамат туралы мәлімет белгілі екенін, олардың 270-і опат болғанын ғана айтты.

Оның айтуынша, Ресей соңғы кездері Қазақстаннан соғысқа адам алуды үдете түскен:

"Қолда бар дерекке қарасақ, 2025 жылдан бастап Ресей қазақтарды соғысқа алуды жиілеткен. Украиналық үйлестіру штабының "Хочу найти" жобасына із-түзсіз жоғалған қазақстандықтар туралы өтініштердің көбеюі де соның дәлелі" деді Матвиенко.

Жоба Украинада тұтқынға алынған, қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен ресейлік жауынгерлердің отбасылары мен достары үшін арнайы жасалған. "Соңғы кездері жобаға ай сайын жоғалған қазақстандықты іздеген 50-ден астам өтініш түсіп жүр. Мұның өзі де азайтылған көрсеткіш, өйткені әркім жобаға өтінішті қай жерден бергенін ашық жазбайды" дейді украиналық "Хочу жить" жобасының өкілі.

Оның айтуынша, билы Ресей армиясы сапында Украинаға қарсы соғысып жүрген қазақстандықтар деген тізім Қазақстан қоғамы мен билігінде үлкен резонанс тудырған.

"Биыл сәуірде Қазақстан Республикасының Украинадағы консулы Бауыржан
Бегәлімовтың бастамасымен әскери тұтқындармен қарым-қатынас мәселелері жөніндегі үйлестіру штабы өкілдерімен кездесу өтті. Үйлестіру штабының хатшысы, бригада генералы Дмитрий Усов Украинаға қарсы соғысқа қатысып жатқан Қазақстан азаматтары туралы бізде бар ақпаратты тапсырды. Бегәлімов мырза мен Қазақстан Республикасының Украинадағы уақытша сенімді өкілі Ермек Катренов жағдайды қадағалап, жалдамалыларға қатысты істерді одан әрі тергеуге және азаматтар арасында тиісті ақпараттық жұмыс жүргізуге уәде берді" деді Матвиенко.

БИЛІКТЕН РЕАКЦИЯ БАР МА?

Әскерге негізінен Ресейге барып, түрмеге түскен қазақстандықтар, еңбек мигранттары немесе жақында ғана Ресей азаматтығын алғандар тартылады. Ал Қазақстанның өзінде арбаушылар интернет арқылы жұмыс істейді. Көбі "айлығы жоғары жұмыс" пен "әдемі өмір" уәде еткендіктен, соғысқа аттанған дейді жоба авторлары.

"Хочу жить" жобасы биылдың өзінде Ресей әскеріне жалданған қазақстандықтардың екі тізімін жариялаған. Сәуірдегі деректе орыс әскері сапында соғысып жүрген 661 адам бары айтылып, оның кемі 78-і мерт болған делінген. Ал тамызда Ресеймен әскери келісімшартқа отырған тағы 500-ден астам Қазақстан азаматының аты-жөні жарияланған .

Жоба Ресей әскері сапында соғысып қаза тапқан Тәжікстанның 446 азаматының да тізімін жария етті. Көктемде Өзбекстанның 1110, Қырғызстанның 360 азаматы Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқаны туралы ақпарат шыққан.

Биыл сәуірде Қазақстан ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха журналистерге "Хочу жить" жобасы жариялаған тізімнің рас-өтірігін анықтау үшін "тексеру қажет" деген. Одан бері Қазақстан билігі бұл жаңалыққа реакция білдірген жоқ.

Азаттық соғыс басталғалы Қазақстанның кемі төрт өңірінде он шақты азаматтың Ресей жағында соғысып, мәйіттері қайтарылғанын жазған. Қазақстанның қылмыстық кодексінде өзге елдің шебінде соғысқан азаматтар "Жалдамалы әскер қатарына қосылу", "шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу" баптары бойынша жауапқа тартылады. Екі баптың да жазасы ауыр: 9, 12 жылға дейін түрме жазасы кесіліп, мүлкі тәркіленеді.

"ЖҮР, РЕСЕЙГЕ АПАРАМЫН, ҮЙЛЕНЕТІН АҚША ТАБАСЫҢ"

Тізімдегі 270 адамның бірі – Түркістан облысының тумасы Сүндет Пернебек. Оның қаза болғаны туралы дерек мамыр айында тіркелген. 26 жастағы азаматты туыстары Ресейге жұмысқа кеткенін, кейінгі бірнеше ай бойы хабар үзілгенін айтып, дабыл қаққан. Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне өтініш жазған. Баламыздың қазасы туралы "Хочу жить" жобасынан білдік деді әкесі Бауыржан Пернебек Азаттыққа.

"Біз ол жаққа бара алмаймыз ғой, тірі ме, өлі ме, білмейміз. Амал жол, ағайынмен ақылдасқаннан кейін жаназасын шығарып, жетісін өткізіп жібердім" дейді ол.

Бауыржан Пернебектің айтуынша, баласы Астанада жұмыс істеп жүргенде бір досы "Жүр, Ресейге апарамын, үйленетін ақша табасың" деп үгіттеп алып кеткен.

"Ресейде бір жігітпен үш-төрт ай істейді. Ол жігіт басқа фирмаға ауысып кетеді, ол сол жерде қалып кетеді. Өзі 5-6 ай анасымен араласып жүрген. Ақырғы кезде "10 күнге, орманға, байланыс нашар жерге кетемін, уайымдамаңыз" деген. Содан жоқ. Бірақ [баламды] өз көзіммен көріп, өз қолыммен қабірге қоймайынша үмітімді үзбеймін" дейді Бауыржан Пернебек.

Азаттық осы тізімде аты-жөні көрсетілген тағы бір қазақ Шоқан Қалимен "бірге жұмыс істедім" деген Тұрар Сәкен есімді азаматпен тілдесті. Ол Шоқанмен Ресейде екі ай бірге жұмыс істегенін айтып, сол сәтті баяндап берді. Жарияланған мәліметте Шоқан Қали 27 жасында қаза тапқаны, шені "ефрейтор" болғаны айтылады.

"Псков облысындағы Великие Луки деген қалада ет комбинатында екі ай бірге жұмыс істедік. Содан кейін оның жұмыс істеуге зауқы соқпай үйге қайтатынын айтты. Содан бері көріспедік. Кеше тізімді көргенде таңқалдым. Арнайы жасақта жұмыс істегенмін деп сүреттерін көрсетіп еді. Әскери киім киген сүреттерін көргенмін. Наурызда мен елге оралдым, ал ол 21 наурызда қаза тапқан екен" деді Ресейде жұмыс істеген қазақ Тұрар Сәкен.

БАСТЫ ТҮРТКІ – ПРОПАГАНДА ЖӘНЕ ЖҰМЫССЫЗДЫҚ

Сарапшы, отставкадағы полковник Ермек Сейітбатталовтың айтуынша, қазақстандықтардың Украинаға қарсы соғысқа аттануына бірнеше себеп бар. Біріншісі – насихат, ол "шетелдің ақпарат құралдары арқылы да жүреді, ішінде Кремль пропагандасының құрбандары да бар" дейді ол. Бұл насихатқа көбіне қазақ емес ұлттар өкілдері иланады. Одан кейін "жақсы ақша төлейміз" деп жұмысқа шақырады, "алдайды". Үшіншіден, Ресейде әлдебір бұзақылық жасап, заң бұзып, абақтыға түскендер қамаудан шығудың жолы ретінде соғысқа кетеді. Арасында еш жазықсыз жай арандатудың кесірінен абақтыға түсіп қалғандар да бар дейді сарапшы.

Ермек Сейітбатталовтың айтуынша, майданға кеткендердің арасындағы тағы бір топ – балалары Ресейдегі оқу орындарында оқып жатқан, жасы 50-ден асқан азаматтар. "Олар әр қарайғы өмірін Ресеймен байланыстырады, себебі балалары Ресей жерінде мектепте не жоғары оқу орнында оқып жатыр. Сол жақта қалуға ниетті. Сондықтан олар Ресей азаматтығын жеңіл жолмен алғысы келеді, ол жерде ақша жинағысы келеді" дейді сарапшы.

Оның үстіне, Солтүстік Қазақстанның ауыл, қалаларында көп жұмыс жоқ, Ресейге бет бұрып кететіндер және бар.

"Жұмыс орындары туралы хабарландыру жарияланатын сайттарды ашып қарасаңыз, Қиыр Шығысқа, Сібірге, Иркутскіге, Ресейдің Орта белдеуіне жұмысқа шақырып жатқандарды көп көресіз. "Көп ақша төлейміз" деп жазады. Солардың тасасында Украинадағы соғысқа арбайтындар тұруы мүмкін" дейді Сейітабтталов.

Оның айтуынша, Ресей алғашқы кезде мобилизация жариялау арқылы майданға қажет әскер жинап алды. Кейін олардың орнын толтыру қиындап кетті. Кейіннен олар Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты елдерде әскерге адам тартуды үдете түсті дейді ол.

XS
SM
MD
LG