Accessibility links

Сайлаудан соң Мәскеу мен Вашингтон арасы нашарлай ма?


Солдан оңға қарай: АҚШ президент сайлауына түсіп жатқан кандидат Дональд Трамп, Ресей президенті Владимир Путин, АҚШ президент сайлауына түсіп жатқан кандидат Хиллари Клинтон.
Солдан оңға қарай: АҚШ президент сайлауына түсіп жатқан кандидат Дональд Трамп, Ресей президенті Владимир Путин, АҚШ президент сайлауына түсіп жатқан кандидат Хиллари Клинтон.

Ресей мен АҚШ-тың арасындағы қарым-қатынас өзгерді және бұған сайлаудың қатысы жоқ.

2013 жылғы қаңтарда мемлекеттік хатшы қызметінен кетерде Хиллари Клинтон президент Барак Обамаға Ресеймен қалай сөйлесу керек екені жайында кеңес берген. Клинтон бір жылдан кейін жарық көрген «Ауыр күндер» атты естелік кітабында «Президентке алда ауыр күндер тұрғанын, Мәскеумен арадағы қарым-қатынастың бұзылатынын ашық айттым» деп жазды. Оның айтқаны айдай келді: көп ұзамай Ресей-Америка қарым-қатынасы бұзылды, енді оның қашан қалпына келетіні белгісіз.

Сауалнамаларға қарағанда, қаңтар айында Клинтон Ақ үйге келеді. Тіпті қарашаның 8-індегі сайлаудан соң республикалық партия атынан үміткер Дональд Трамп жеңген күннің өзінде көп нәрсе өзгере қоймайды, себебі Ресей-АҚШ қарым-қатынасы мүлде нашарлаған.

Қырғиқабақ соғыс кезіндегідей қазір де АҚШ-тың сыртқы саясатында Мәскеу ерекше орын алып тұр. Кіші Джордж Буштың билікте болған кезінде Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Ресей жөніндегі сарапшы болған Томас Грэм«Қазір біздің қарым-қатынасымыз көп жылдан бергі ең нашар жағдайға жеткен» дейді.

Обама президенттігінің бірінші кезеңінде Ресеймен қарым-қатынасты «қайта жаңғыртпақ» болған. Алайда, әу бастан-ақ әлдене дұрыс болмады.

Ресей Грузияның аумағына басып кіріп, жерінің бір бөлігін оккупациялағаннан жеті ай өткен соң Хиллари Клинтонның қатысуымен өткен шаралар басталды. Екі елдің арасының нашарлауына Ресейдің «гейлерді насихаттауды» қылмысқа жатқызған заңы, Мәскеудің адам құқықтарын бұзуына байланысты АҚШ салған санкциялар сияқты басқа да факторлар әсер етті.

Ресей-Грузия соғысы кезінде оққа ұшқан баласын құшақтап жылап отырған Грузия азаматы. Грузия, Гори, 9 тамыз 2008 жыл.
Ресей-Грузия соғысы кезінде оққа ұшқан баласын құшақтап жылап отырған Грузия азаматы. Грузия, Гори, 9 тамыз 2008 жыл.

Дегенмен Украинадағы 2014 жылы болған оқиғалар ең шешуші әсерін тигізді. Мәскеуге бүйрегі бұратын президент Януковичті орнынан түсіргенге қарсылық білдірген Ресей Қырымды басып алды және атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан, Киевке қарсы соғысып жатқан сепаратистерді қолдап отыр. Оның үстіне, Мәскеу азамат соғысына киліккен Сирия президенті Башар Асад билікте ұзақ қалуы үшін оған үлкен әскери жәрдем беріп келеді. Бұл АҚШ-тың халықаралық ықпалын төмендетіп, Ресейдің Таяу Шығыстағы рөлін арттырады.

«Ресеймен арада үлкен мәселе бар екенін қос партия да біледі, сондықтан бұрынғыдан да қатаң жауап беру керек деп санайды» дейді Грэм. Оның айтуынша, жаңа басшылықта «қарым-қатынасты қайта жандандырып, Ресеймен конструктивті диалогты бастайық» деп айтатын ешкім болмайды.

Нью-Йорк бизнесмені Дональд Трамп Владимир Путинді жиі мақтайды. Қыркүйектегі бір сөзінде ол Ресей президенті «елдегі жағдайды жақсы бақылап отыр» және «біздің президентке қарағанда анағұрлым жақсы басшы» деген.

Дональд Трамп.
Дональд Трамп.

Оның үстіне ол «Ислам мемлекеті» содырлар ұйымы (ИМ немесе ДАИШ) мен терроризмнен келетін ортақ қауіп-қатерді тойтару үшін Мәскеу мен Вашингтон арасында әріптестіктің жоқтығына қынжылатынын айтқан. «Путинмен өте жақсы қарым-қатынас орнатқан болар едім. Ресеймен де қатынасым жақсы болар еді» деп мәлімдеді ол қыркүйектегі теледебат кезінде.

Мәскеудің бұған іші жыли қалды. Петербугтегі экономикалық форумда сөз сөйлеген Путин Трампты «еш күмәнсіз, талантты адам» деп мақтады. Кремльге жақын ақпарат құралдары Трампты мадақтап, Клинтонды қаралап жатыр.

Трамптың Ресеймен байланысы ерекше назарға ілікті. Оның сайлау штабының бұрынғы басшысы Пол Манафорт кезінде Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичке қызмет еткен. Трамптың және бір кеңесшісі Картер Пейдж Америка санкция салғаннан кейін де Кремльдегі үлкен шенеуніктермен кездескен деседі. Ал Пейдждің өзі «сайлауалды штабтың жұмысына араласып жүргенім жоқ» дейді.

Хиллари Клинтон Ресейге қатысты қатаң саясат ұстанатынын ашық айтып жүр. Ресей мен Еуропа мәселелері жөніндегі кеңесшілері оған «Еуропадағы, Украина мен Сириядағы әрекеттері үшін Ресейге оңдырмай соққы берейік» деп кеңес беріп келеді.

Алексей Кустовскийдің саяси карикатурасы.
Алексей Кустовскийдің саяси карикатурасы.

Оның Ресей жөніндегі эксперттік тобына АҚШ-тың Ресейдегі бұрынғы елшісі Майкл Макфол, президент әкімшілігінің және Мемлекеттік департаменттің бұрынғы қызметкері Фил Гордон, сондай-ақ Пентагонның бұрынғы қызметкері және вице-президент Джо Байденнің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісінің орынбасары Джули Смит кіреді. Бұған қоса, 2009-2013 жылдары НАТО күштерінің бас қолбасшысы болған, АҚШ вице-президенттігіне басты үміткерлердің бірі саналған АҚШ флотының отставкадағы адмиралы Джеймс Ставридис те Клинтонға кеңесшілік етеді.

Сайлау науқаны кезінде хакерлік шабуыл жасалғанға дейін-ақ Клинтон президент болып сайлана қалса, Ресейге қатысты саясатын қатайта түсетінін ашық айтып келді. 2015 жылы ол «Бұдан былай өтірік айналсоқтап жүре алмаймыз. Путиннің өз елін модернизациялап, Батысқа жақындай түсетін жолды таңдағанын қалаймыз. Мұның орнына ол царизм дәуіріне қайтып, көршілеріне агрессия жасап, Сирияда және сол сияқты конфликтілерде күш көрсетіп келеді» деп мәлімдеген.

Оның үстіне Ресейге қатысты саясатты қатайта түсуді демократтар да, республикалықтар да қолдап отыр.

Мәскеуден де өзгеріс күтудің қажеті жоқ. Путиннің Донбасс пен Сириядағы, Балтық және Қара теңіздегі агрессиялық саясаты жұмсаратындай себеп жоқ.

«Олар әскери әрекеттерін жалғастыра береді. Әрі қарай да күштері мен мүмкіндіктерін көрсете береді. Донбастағы жағдайдың бақылаудан шығып кеткенін қаламайтын болар, бірақ олар оны саудаға салу мүмкіндігін пайдалануға тырысады»дейді Грэм.

Мемлекеттік хатшы қызметін атқарған кезінде Хиллари Клинтон 2009 жылы Обама көтерген «Ресеймен қарым-қатынасты жаңғырту» жобасына жауап берген. Осы кезде Дмитрий Медведев Владимир Путинге президенттік орынтақты дайындап жүрген. Алайда Клинтон мен Путин арасы 2012 жылы Путин Кремльге қайтып оралғанға дейін-ақ бүлінген. Көп мәліметтер бойынша, бұрмалаумен өткен 2011 жылғы парламент сайлауынан соң Мәскеуде наразылық шеруі басталғанда Путин «халықты қоздырып отыр» деп Клинтонды айыптаған.

АҚШ-тың қазіргі президенті Барак Обама мен президент сайлауына түсіп жатқан Хиллари Клинтон. АҚШ, Шарлотта, 5 шілде 2016 жыл.
АҚШ-тың қазіргі президенті Барак Обама мен президент сайлауына түсіп жатқан Хиллари Клинтон. АҚШ, Шарлотта, 5 шілде 2016 жыл.

Әлеуметтік зерттеулердің көбіне қарасақ, Клинтон жеңіске жететін сияқты.

Ресейдің ресми тұлғалары «АҚШ-тың Мәскеуге қатысты риторикасы – сайлау науқанының бір бөлігі ғана, сайлау өткен соң олар біршама жуасып, прагматикалық қадамдарға барады» деген үміттері бар екенін талай айтқан. Путин әкімшілігінің бұрынғы басшысы Сергей Иванов қазанның 24-і күні Financial Times газетіне берген сұхбатында «Сайлау науқанының аяқталғанын күтуіміз керек. Бір-екі апта күтейік. Шыдамды болған жөн» дейді.

Халықаралық мәселелер бойынша үкіметке жақын сарапшы, «Россия в глобальной политике» журналының редакторы Федор Лукьянов қазанның 6-ы күні «Америкадағы сайлау тез өтіп кетсе екен. Кім жеңсе де, аз болса үзіліс болар» деп жазды.

Алайда сайлауға дейін Ресей Клинтонға кедергі жасап бағады. Қазан айында Кремль символдық тұрғыдан өте маңызды саналатын екі бірдей ядролық келісімнен шығып кетті. Оның үстіне, Ресей Сирия армиясының Алеппоның шығысындағы бүлікшілерге жасаған шабуылын қолдап, Американың Сириядағы әрекеттерін көзге ілмеген сыңай танытады.

Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова Обама әкімшілігін Ресейге қарсы «жер өртеу» тактикасын қолданды деп айыптады. Ал АҚШ-тағылар болса, соңғы бірнеше апта бойы Мәскеу дәл осы әдісті қолданып келеді деп санайды.

Екі ел арасындағы қарым-қатынас циклды түрде құбылып отырады деген Лукьянов «жағдайдың ушығуына Путинмен жеке байланыс орната алмаған Обама да жауапты» дейді. «Жағдайдың циклды түрде біртіндеп ушығуы қазір қауіпті нүктесіне жетті. Енді қалай және қай бағытқа өзгеріс болады, бар мәселе – сонда» деп жазды Лукьянов.

Майк Эккелдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG