Accessibility links

Санкцияға қарамастан Қырымға тауар тасу


Симферопольдегі Auchan супермаркетінде тауарларға қарап тұрған азамат. Қырым,15 қыркүйек 2015 жыл.
Симферопольдегі Auchan супермаркетінде тауарларға қарап тұрған азамат. Қырым,15 қыркүйек 2015 жыл.

Екі еуропалық ритейлер компания тауарларын Қырымға Ресейден жеткізеді. Тауар таситын адамдардың айтуынша, 2014 жылдан бері санкция жарияланып, ЕО тауарларын әкелуге тыйым салынғанына қарамастан, Еуропа компаниялары бұл шектеулерді айналып өту жолдарын тапқан.

Немістің Metro AG және француздың Auchan брендті тауарлары Қырымдағы дүкендерде толып тұр.

Тауар тасымалдауға қатысы бар мамандардың айтуынша, оларды Керчьтегі паром өткелі мен Керчь порты арқылы тасымалдайды. Мәскеу Қырымды аннексиялап алған соң Еуропа Одағы (ЕО) компанияларының бұл өткелмен және портпен келісім-шарт жасасуына тыйым салған.

Екі ритейлер компания да бұл тыйымды бұзып отырмағандарын айтты, себебі дүкендердің қожайындары – ресейлік компаниялар, ал оларға ЕО санкциясы жүрмейді.

Керчь портының өкілі өздерінің жүк тасымалына емес, кеме қозғалысына жауап беретіндерін айтып, Metro мен Auchan туралы сауалды өткелдің операторына қоюды өтінді. Ал өткел операторы Еуропаның бұл екі компаниясымен келісім-шарт жасаспағандарын, олардың бұл өткелді пайдалатыны я пайдаланбайтынынан еш хабары жоқ екенін білдірді.

Құқық саласының мамандары мұнда бір шикілік бар дейді, алайда кейде ірі компаниялар мен олардың мердігерлерімен арасындағы қарым-қатынасын нақты анықтау мүмкін емес.

Reuters агенттігінің сұрақтарына электрондық пошта арқылы жауап берген Metro мен Auchan компаниялары тауарларының Керчь өткелі арқылы Қырымдағы еншілес мекемелердің дүкендеріне жеткізіліп отырғанын жасырған жоқ.

Керчь теңіз порты.
Керчь теңіз порты.

Metro өкілінің айтуынша, Қырымдағы Metro дүкендерін ЕО санкциялары шеңберіне кірмейтін ресейлік компаниялар мен сол елдің азаматтары басқарады.

Оның айтуынша, Metro «ЕО-ның барлық заңдары мен ережелеріне, ал қазіргі жағдайда санкцияға қатысты шектеулеріне бағынады».

Қырымда бір дүкені бар Auchan өкілі өздерінің барлық ережелерге, соның ішінде ЕО талаптарына толық мойынсынатындарын айтты.

Ал ЕО-ның аты-жөнін атамауды өтінген өкілі «Бұл санкцияның принциптеріне қайшы. Дегенмен сауда эмбаргосы болмағандықтан, ережені сақтау мен бұзудың арасында айырмашылықты байқау қиын» дейді.

Санкция ережелерінің сақталуына қатысты сұраққа жауап берген ЕО өкілі Майя Косянчич «санкция талаптарының орындалуын қадағалау – ЕО-ға мүше елдердің міндеті» екенін айтты.

Франция басшылығы бұл іске қатысты еш пікір білдірген жоқ. Ал Германияның экономика министрлігі бұл жайтқа қатысты нақты ештеңе айтпағанымен, санкцияны бұзғандардың жазаланатынын ескертті.

ЕО САНКЦИЯСЫ

ЕО санкциясы Еуропа компаниялары мен осы одаққа мүше елдер азаматтарының Қырымда бизнеспен айналысуына тыйым салмайды. Дегенмен белгілі бір ұйымдармен немесе адамдармен келісім-шарт жасасуға, оларға инвестиция салуға шек қояды. Мұндай қара тізімде Ресей мен Қырымның арасындағы басты транспорт дәлізі Керчь өткелі мен Керчь теңіз порты да бар.

Auchan мен Metro компанияларына қызмет көрсететін кейбір транспорт мекемелерінің дерегіне қарағанда, тауарлар ритейлерлердің Ресейде орналасқан арнайы үлестіру орталықтарында жүк көліктеріне тиеледі.

Содан кейін тауарды паром өткелі арқылы Қырымға алып келеді, жүк көліктері Керчь портына келіп, заттарды Metro мен Auchan-ның Қырымдағы дүкендеріне таратады.

Reuters агенттігінің қолында Еуропа команияларының санкцияға іліккен адамдар мен мекемелерге тікелей ақы төлегенін дәлелдейтін ақпарат жоқ.

Тауарларды мердігерлер жеткізеді, ал Қырымдағы дүкендерге Metro мен Auchan-ның Ресейде тіркелген бөлімшелері иелік етеді. Компаниялардың Ресейдегі бөлімшелеріне ЕО санкцияларының күші жүрмейді.

«Егер Еуропадағы негізгі компанияның санкцияны айналып өтуге көмектескені анықталатын болса, онда олар жауапқа тартылуы мүмкін» дейді Dentons құқықтық фирмасының әріптесі Артем Жаворонков.

METRO ДҮКЕНДЕРІ

Қырымдағы екі Metro дүкенін Metro Group-тың Ресей заңдарына сәйкес құрылған бөлімшелері басқарады.

Компанияның баспасөз хатшысы «Metro Group жергілікті бөлімшенің операциялық іс-әрекетіне араласпайды» деді.

Олардың айтуынша, Қырым дүкендеріндегі тауарларының көбін (соның ішінде Metro бренді өнімдері) ресейлік өндірушілер жеткізеді.

Севастополь портының үстінде ұшып жүрген Ресей тікұшағы.
Севастополь портының үстінде ұшып жүрген Ресей тікұшағы.

Алайда Reuters тілшісі тамыз айында Симферопольдегі Metro дүкеніне барғанда сөреден Италиядан әкелінген күрішті, ЕО шоколадын, сондай-ақMetro-ның Мәскеуде тіркелген бөлімшесі Ресейге импорттаған азық-түлік түрлерін көрген.

Metro-ның Ресейдегі логистикалық бөлімшесі Metro Group Logisticкомпаниясының атын атамауды өтінген бір қызметкері ритейлердің басқа транспорттық компаниялармен келісім-шартқа отыратынын айтты. Олар тауарды Ресейдің оңтүстігіндегі үлестіру орталықтарынан Қырымдағы паром өткелі арқылы тасымалдайды.

Auchan компаниясы да кей тауарларды өзінің Қырымдағы дүкеніне осыған ұқсас жүйемен жеткізіп отырады. Мұны компанияның Ресейдегі бөлімшесінің өкілі растады.

Reuters тілшісі Auchan-ның Симферопольдегі дүкенінен қалбырдағы жеміс-жидек, шоколад, кофе, кетчуп, зәйтүн майы, мұздатылған пицца сияқты өз брендімен жасалған тауарларын көрген.

Auchan өкілінің айтуынша, дүкенді компанияның Ресейдегі бөлімшесі – «Ашан Ритейл Россия» басқарады. Алайда, бұл компаниядағылар тауарларды Қырымдағы дүкенге жеткізу жолдарына қатысты сауалға жауап бермеді.

Reuters материалы ағылшын тілінен ықшамдалып ауарылды.

XS
SM
MD
LG