Accessibility links

Құрбандарға қоса жендетті де еске алатын болды


Новосибирскідегі саяси репрессия құрбандары құрметіне қойылған ескерткіш
Новосибирскідегі саяси репрессия құрбандары құрметіне қойылған ескерткіш

Кеше Ресейде, сондай-ақ бірнеше мемлекеттің астанасында (Варшава, Вашингтон, Прага мен Лондон) «Есімдердің оралуы» акциясы өтті.

Ресейде советтік террор кезінде атылған адамдардың тізімін алғаш рет 2007 жылы Мәскеуде Соловецкий тасы қасында жариялаған еді. Акцияға қатысушылар репрессияға ұшыраған адамның аты-жөнін, жасы мен атылған күнін атайды. Осылайша құрбан болғандардың аты-жөнін алма-кезек айтып шығады.

Биыл еске алу шарасы өтпей қалуы мүмкін еді. Лубянск алаңында жөндеу жұмыстарын жүргізіледі деген сылтаумен Мәскеу әкімдігі алдында акцияға берген келісімін өзгерте салды. Дегенмен «Мемориал» құқық қорғау қоғамы қоймай жүріп «Есімдердің оралуы» шарасын дәстүрлі орында өткізуге рұқсат алды. Қазанның 30-ы күні осы жерде саяси репрессия құрбандарын еске алу акциясы өткізілетін болды.

ГУЛАГ пен өзге де репрессияланған тұтқындарды еске алу үшін адам ең көп жиналатын орын – Мәскеу қаласы. Новосибирск сияқты ірі қаланың өзінде шараға небәрі 200 адам қатысады екен. Өткен жылдардың тәжірибесі одан көп адам келмейтінін көрсетті.

Қазанның 30-ы күні Нарым саябағында екі митинг өтеді. Алдымен мемлекеттік террор құрбандарын еске алады, бір сағаттан соң жергілікті коммунистердің Новосибирскіде Сталиннің мүсінін орнату жоспарына қарсы наразылық танытады. Екі шара да бір жерде - саяси репрессия құрбандары ескерткіші қасында өтеді.

Саяси репрессия құрбандары құрметіне Нарым скверінде қойылған тақта
Саяси репрессия құрбандары құрметіне Нарым скверінде қойылған тақта

Тұғырдағы тасты Искитим атты көршілес қаладан әкелген. Искитимдегі «Ложок» ауданында сорақы лагерьлердің бірі болған. Адам өлімі жиі болғаны соншалық, бұл лагерьде тұтқындардың мүрдесін аязда арамен кесіп, пешке жаққан.

«Мемориал» тарихи-ағарту және құқық қорғау ұйымының Новосибирск облыстық үйлестіру кеңесінің төрағасы Александр Рудницкий Искитим лагерін «құртушы лагері» деп атайды. «Ложок» аяусыз жауыздығымен әйгілі болған. Адамдар сол жаққа жібермеуді сұрап құдайына жалбарынатын" дейді ол.

- Тарихи жағынан сорақы жағдай болғанымен, қазанның 30-ы күнгі митингіге келетін новосібірліктер көп емес сияқты.

- Дұрыс айтасыз.

- Оның үстіне, кейбір адамдар Новосибирск облысы мен қаласында репрессияға шалдыққандар көп емес деп ойлайды. Расымен солай ма?

- Әлбетте, олай емес. Цифрмен мысал келтірейін. Бізде ақталған азаматтардың «Колокол» атты қалалық ұйымы бар. Оған 10 мыңға жуық адам мүше. Олар осы күнге аман-есен жеткендер. Негізгі бөлігі – ата-анасымен бірге жапа шеккен репрессияға ұшырағандардың балалары. Мысалы, ұйым жетекшісі Геннадий Чичулин өзі де айдауда болған. 11 жасына дейін Васюган батпағында өмір сүрген. Оның үстіне, мен сияқты ақталған статусын алмаған, бірақ жақын туыстары ақталғандар бар. Атамды Оренбургте атқан, кейін ол ақталды. «Ақталды» деген сөз өте маңызды. Яғни, оның бостан босқа атылғанын білдіреді. Сондықтан біздің аймақта репрессияға ұшырағандар аз болды деушілер - жағдайдан хабарсыз жандар.

- Олар дұрыс ақпарат алмаған ба? Өз отбасының тарихын білмей ме? Мәселе сонда ғана ма? Құрбан болғандардың ұрпағы тоталитаризм құрбаны болғандарды еске алу митингіне келу міндетті емес деп санай ма?

- Халықтың неліктен олай ойлайтынын түсіндіру қиын. Бір мысал келтірейін. Біз «Репрессияға ұшыраған Сібір провинциясы» деген семинар өткіздік. Сол жерде маған бір әйел жолықты, репрессияға ұшыраған жұбайының құжаттарын алып келіпті. Сол құжаттарды не істерін білмей жүр екен, «мен өлсем олардың ешкімге керегі болмайды» дейді. Құжаттарды реттеймін деп уәде бердім. Бір аптадан соң ол хабарласып: «Александр Львович, әлгі құжаттарды өзіме қайтарасыз ба?» деді. «Әрине, ол сіздікі ғой, қайтарайын» дедім. Кейін неліктен ұстанымын өзгерткенін сұрадым. Ол «Туыстарыма құжатты «Мемориалға» бергенімді айттым. Олар маған ұрсып, енді тағы репрессия басталады деді. Сол құжатпен сені тауып алады деді» дейді. Әрине, туыстары «белгілі бір мекемеде» ақпараттың бәрі бар екенін түсінбейді. Отбасылық құжатқа қарап ешкімді іздемейді. Мен оларды саясатты түсінбейтін, сауатсыз туысқандар деп ойладым. Қателесіппін. Олардың бірі – әйелдің күйеу баласы медициналық институтта кафедра меңгерушісі екен. Демек ол білімді адам ғой? Яғни, жазалау мекемесі туралы айтқанда әлі де үрейдің айықпағанын көреміз.

Тағы да бір жан түршігерлік мысал. Бірде «Колокол» кеңесінің жиыны болды. Сонда қалаға Сталин ескерткішін қоюдың қажеті жоғын айттық. Маған өтініш жобасын жазуды тапсырды. Жаздым. Соңғы редакциясын көргенімде құжаттың басты мақсаты – сталиншілерді ренжітпеу сияқты болып шықты. Басқа жерде болса бір жөн, «Колокол» кеңесіндегі жағдайдың өзі осындай болып отыр!

- Пікірді өте жұмсартып берген бе?

- Сөйтсе де жақсы болар еді ғой. Пікір деген атымен жоқ. Мен бәрін қатаң әрі жауапты түрде мәлімдедім. Бәрі соған дауыс берді. Мұндай ескерткіш – қоғамдық пікірге қарсы қол көтеру деп жаздым. Сол шешім жоғалып кеткен. «Саяси репрессия құрбандарын мәңгі еске қалдыру үшін жергілікті комиссияға хабарласу керек» деген сөз ғана қалған. Қандай ұсыныс жасау керектігі де айтылмаған.

Мұның бәрін сауалыңызға жауап беру үшін, митингіге адам неліктен аз жиналатынын түсіндіру үшін айтып отырмын. Тағы да бір себеп бар. Бізде Ресейде, Совет одағында ғана емес, мемлекетіміздің тұтас тарихында адам өмірі ешқашанда қадірлі болған емес. Иван Грозный Курбскийге жазған хатында: «Сендер менің құлымсыңдар, не қаласам соны істеймін» дейді. Шынымен де солай ойлаған. Грозный сауатты адам болған. Құдай мені таққа отырғызды, енді қалағанымды істеуге болады деп ойлайды. Сондай ұстаным әлі сақталып қалған. Ең қорқыныштысы – басшылардың азаматтардың өмірін бағаламауы емес, адамдардың өзі өз өмірін бағаламауға айналды. Сондықтан да соғыста Сталин жеңді дейді. «Ал қаншасы опат болды?» деп сұраса, бәрі «Енді қайтесің? Соғыс құрбансыз болмайды, ағашты жонғанда жаңқасы ұшады» дейді. Біздің өміріміз ағаштың жаңқасы сияқты.

Новосибирскідегі Сталин ескерткішіне жылу жинау шарасы
Новосибирскідегі Сталин ескерткішіне жылу жинау шарасы

- «Колокол» құрамында қанша адам бар екенін айттыңыз. Ал Новосибирск облысындағы репрессия кесірінен қанша адам опат болды, санын білесіздер ме?

- Жоқ. Кезінде тиісті жарлық берілген. 00447 бұйрығында (Ежовтың «Үлкен терроры» басталған кезде) адамдарды құпия жерлеу керектігі, бейіттің қайда екенін ешкім білмеу керектігі айтылған. Атқандардың өздері адамдарды қайда жерлейтінін білмеуге тиіс еді. Новосибирскіде бұл мәлімет әлі күнге дейін ашылмады.

Бір құжаттан білетініміз, Батыс-Сібір өлкесі комитетінің ВКП(б) бірінші хатшысы Роберт Эйхе «бірінші санат бойынша» 10 мыңға квота сұраған, яғни сонша адамды атуға өтініш білдірген, бірақ оған 5 мың адамды атуға рұқсат берген. Кейін бұл цифрды ұлғайтқан, қаншалықты өскені туралы ақпарат таппадым. Міне, осындай жағдайдағы Новосибирскіде Эйхенің атына көше берілген. Бұл - өте сорақы жайт. Оны жендет деушілер дұрыс айтады. Репрессияға ұшыраған бір адамның туысы ату жазасы туралы құжатты көргенін, оған Эйхенің қолы қойылғанын айтты. Ол «үштікке» кірген адам, кем дегенде 50 мың адамның атылуына себепкер болған. ​

- Жақында, қарашаның 6-сы күні Новосибирскіде Сталинге ескерткіш орнату орнын анықтау туралы интернеттегі дауыс беру қорытындысы шығады. Мүсін дайын тұр. Мэрияға ескерткіш қойылатын үш нысан ұсынылыпты, үшеуі де елеусіз орын деуге келмейді. Біреуі орталықта, Офицерлер үйі қасында деп көрсетілген. Дауыс беруде «ескерткішті мүлдем қоймау керек» деген нұсқа жоқ. Қарашаның 9-ынан бастап қоғамдық тыңдау өткізіледі. Эйхе көшесінің атын өзгертуге құлықсыз, комсомолдың 100 жылдығын салтанатты түрде өткізіп жатқан қалада, СССР-ді ыстық ықыласпен еске алатын қалада Сталиннің ескерткішін орнату ықтималдығы жоғары ма? Әлде бұл тек коммунистердің пиар науқаны ма?

- Бұл мәселенің айтылғанына 10 жылдан асты, кездейсоқтық деуге келмейді. Біздің билік екіжүзді саясат жүргізіп отыр. ВКПБ өкілі Денисюк жолдасқа (Алексей Денюсюк – «Бүкілодақтық большевиктер коммунистік партиясы» новосибирск бөлімінің басшысы) Қылмыстық кодекспен қаралатын әрекет жасап жүргенін түсіндірудің орнына, оның жобасынан қате табумен ғана шектеледі.

Сондайда қазіргі жағдайды қалай бағаларыңды да білмейді екенсің. Нақты қатер бар ма, жоқ па? Бір жағынан, қалалық мәдениет департаменті басшысы Анна Терешкова «жобаға қарсымын» дейді, екінші жағынан, «адамдарға ескерткіш қоймауға қарсы ресми негіз жоқ» дейді. Новосибирск мэрі Анатолий Локотьтің қандай көзқараста екенін білмеймін. Оның атасы да жазаға ұшырап, атылған. Бірақ ол - коммунистік обкомның хатшысы, демек, жағдайға қатысы бар. Шын мәнінде бұл жерде сталиндік әдіс қолданылып отыр – халықтың дауысын құрал ретінде пайдаланады. Демократиялық ұстаным бойынша, мұндай мәселелер плебисцитпен шешілмеуі керек.

(Азаттықтың Орыс қызметінің сұхбаты орыс тілінен аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG