Accessibility links

Лениннің орнын Сомони басты


Душанбедегі Сомони ескерткіші мен алаңы
Душанбедегі Сомони ескерткіші мен алаңы

«Азияны сүйемін» туристік жобасының авторы, украиналық саяхатшы һәм блогер Евгений Ихельзон 23 жылдан соң Орталық Азияны аралап, 1993 жылдан бергі өзгерістерге, "декоммунизация процестеріне" таң қалғанын айтады.

Комсомолдар да, коммунистер де, Фрунзе мен Ленин ескерткіштері де қалмағанына таң қалған саяхатшы бір кездерде - совет заманында Орталық Азия республикаларының коммунистік құндылықтарды насихаттауда алдарына жан салмағанын айтады. Әр мектептің алдында, әр қала мен ауыл орталығында, әр мемлекеттік мекеме аумағында Лениннің ескерткіші тұрғанын еске алады. Елді мекен аттары Феликс Дзержинский, Михаил Калинин, Михаил Фрунзе, Карл Маркс, Фридрих Энгельс және өзге де советтік-коммунистік доктрина тұлғаларының есімдерін иеленген уақыт болған дейді.

Мәселен, Тәжікстанның бір ғана Гиссар ауданындағы «Ленинизм», «Ильич жолы», Маркс, Калинин, Жданов, «КПСС тің 22-съезі» сияқты колхоздар мен совхоздарды мысал етеді. Олардың бүгінде бір де бірі қалмағанын көрген саяхатшы-блогер Тәжікстандағы елді мекен аттарының өзгеріске ұшырауы 1980 жылдардың соңында басталды дейді. Бұл қозғалыстың соңы 1991 жылдың күзінде шарықтап, тәжік астанасының орталық алаңындағы Ленин ескерткішін құлатуға ұласқанын еске алады. Коммунистік партияның жақтастары пролетариат көсемінің ескерткішін қорғауға ұмтылып, сол кездегі Жоғарғы Кеңес төрағасы, президент міндетін атқарушы Кадриддин Аслоновты қызметтен кетіруге мәжбүрлегенін айтады. Бұл оқиғалар одан арғы тәжік еліндегі митингілер мен шерулерге ұласқаны белгілі. Тіпті кейбір сарапшылар сол қозғалыстардың аяғы бес жылдық азамат соғысына соқтырды деп есептейді.

Душанбедегі пост-советтік ескерткіштердің бірі.
Душанбедегі пост-советтік ескерткіштердің бірі.

Тәжікстанның Коммунистік партиясының төрағасы Исмоилбек Талбаков Азаттыққа өздерінің марксистік-лениндік идеяға адал екенін, алайда мемлекеттік мүддені партиялық мақсаттан жоғары қоятындарын жеткізді.

Оның сөзінше, партия мүшелері көшелер мен қала аттарының өзгеруін декоммунизация деп есептемейді. Совет заманынан көптеген ескерткіштің қалғанын, Тәжікстан бойынша Лениннің 63 ескерткіші сақталғанын айтады. «Бадахшан мен Хатлонда және Худжандта, Сырдария өзенінің жағасында 45 метрлік пролетариат көсемінің ескерткіші тұр» дейді ол.

Тәжікстанның тіл және терминология комитетінің өкілі Абдурахим Зулфениен жер-су, көше аттарын өзгерту жергілікті биліктің қарауында екенін, оны үкімет ұсынысы бойынша парламенттің жоғарғы палатасы бекітетінін айтады. «Атауларды өзгертуден, ұлттық, халықтық сана өседі» деп есептейді.

Тәжікстанда географиялық нысандарды өзгерту бастамалары бойынша Чкаловск қаласы Гулистон болып, ал Таулы Бадахшандағы бір қышлақ ел президентінің атымен – Рахмонобод болып өзгерді.

Хатлондағы Ленин ескерткіші
Хатлондағы Ленин ескерткіші

Ленин атын иеленген көптеген атаулар тәжік мемлекетінің негізін қалаушы Исмаил Сомонидің атына өзгерген. Ленин ескерткіштерінің орнына Сомони ескерткіштері қойылған. Душанбенің орталық даңғылы, астана аудандарының бірі, Коммунизм шыңы, т.б. орындар осы тұлға есімін иеленген.

Орталық Азиядағы бұл үрдістерге және декоммунизацияның Қазақстандағы сипатына «Орталық Азияда демократияны дамыту» қорының бас директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева мынадай пікір білдірді:

- Авторитарлық жүйелердің барлығы да жеке бір тұлғаны ұлықтауға, соны идеалдандыруға негізделеді. Біз қазір оларда Ленинді өзгелермен алмастыруды көріп отырмыз. Ал Қазақстанда ондай ашық алмастыру жоқ. Дегенмен, Ленин ескерткіштерін алып тастады, есесіне президентке арналған ескерткіштер көбейіп келеді. Тәжікстан мен Өзбекстанда коммунистік белгілерді бұрынғы тарихи тұлғаларға айырбастау бар болса, яғни советтік үрдісті жалғастыру, өмірде жоқ тұлғаларға алмастыру бар болса, бізде басқаша. Президент өзін сол орынға қойғысы келетін сияқты. Ататүрік сияқты, қазақтардың ұлттық әкесі орнында өзін көргісі келетіндей. Бізде президенттің жеке басына байланысты мерекелер көп. Бізде сәл басқашалау. Алайда, түптеп келгенде мұның барлығы бір-біріне ұқсас. Бір көсемді екінші көсемге айырбастау.

Қазақстанда коммунистік көсемдер атындағы елді мекендер мен көшелер және ескерткіштерге қатысты бұған дейін бірнеше рет қоғамдық пікір қалыптастырған оқиғалар болған. Оңтүстік Қазақстан облысы Ескі Иқан ауылында тұрғынның ауласына қойылған Сталин ескерткішінің алынып тасталуы туралы Азаттықтың мақаласы қызу пікірталасқа түрткі болған.

Ал Қазақстанның коммунистік халық партиясы (ҚКХП) былтыр Лениннің ескерткішін «лайықты жерге қоюды» өтініп, Астана әкімдігіне хат та жолдаған еді. Ленин атындағы кейбір көше мен оның құрметіне қойылған ескерткіштер Қазақстанның басқа өңірлерінде де кездесіп қалады. Мәселен, Алматыда да күні бүгінге дейін Лениннің кем дегенде бірнеше ескерткіші сақталған.

(Мақала Тәжік қызметі материалының негізінде әзірленді)

  • 16x9 Image

    Қасым АМАНЖОЛ

    Қасым Аманжол – Азаттық радиосының тв-продюсері. 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевидение факультетін аяқтаған. 20 жылдан астам Қазақстанның телевизия саласында істеп келеді. Авторлық бағдарламалардың, деректі фильмдердің авторы. «Шынның жүзі» сұхбаттар циклын, «Анық Абай» деректі сериалын, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы жайлы фильмдерді, 2014 жылы Шығыс Украинадағы соғыс пен Қырым туралы фильмдер түсірген. 2015 жылдан бері Азаттықта тікелей эфирлер жүргізіп, тележобалар жасайды. Телетоптың жұмысына продюсерлік істейді.

XS
SM
MD
LG