Accessibility links

Ресейде медицина реформасы наразылық туғызды


Мәскеу ауруханаларының бірі. (Көрнекі сурет)
Мәскеу ауруханаларының бірі. (Көрнекі сурет)

Ресей денсаулық сақтау саласы қызметкерлері жаңа реформаға наразылық білдіріп, қарсылық шараларын бастады. Олардың пікірінше, бұл реформа денсаулық сақтау саласын құрдымға кетіреді.

Невролог Семен Гальперин 20 жылдан бері Мәскеудің 11-ауруханасында қызмет етіп келеді. Кремльдің "денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттырып, медициналық қызметтің сапасын жақсартады" деп мақтаған жаңа реформасына сәйкес бұл аурухана Мәскеудегі басқа бір ірі ауруханамен біріктірілді.

Енді Гальперин қысқартуға ілінді. Қайта құру науқаны жүріп жатқан медицина мекемелерінің барлығында осыған ұқсас жағдай.

- Емхана басшылығы «қазіргі жұмыс орныңыз қысқарғандықтан медбике жұмысына ауысыңыз» деген ұсыныс хат жазыпты. Сол хатты қалтама салып жүрмін, - дейді ол Азаттыққа берген сұхбатында ол.

Медицина мамандары да, үкімет те, пациенттер де "елдің тоз-тозы шыққан денсаулық сақтау жүйесін қайта реформалау керек" дегенге келіседі. Алайда бұл сала мамандарының айтуынша, реформалау науқаны әзірге денсаулық сақтау мекемелерін жауып, штат қысқартудан әріге бармай тұр.

- Мемлекеттік мекемелерді халық наразылығын тудырмай жекешелендіру үшін олар мынадай схема ойлап тапқан. Алдымен кішкентай ауруханалар үлкен ауруханалардың бөлімшесіне айналады. Содан кейін шағын емханалар «банкротқа ұшырап» жабылады да, кейін жекешелендіріледі, - дейді невролог Семен Гальперин.

Өзгерістер екі жылдан бері жүріп жатыр, алайда кейінгі бірнеше айда Мәскеуде және басқа қалаларда қаржыны қысқарту, жұмыстан шығару, ауруханаларды жабу сияқты шаралар жиіледі.

- Мәскеудің денсаулық сақтау жүйесін қайта құру жоспары саланы мүлде құрдымға сүйреп барады, - дейді Гальперин.

«БҰЛ - РЕФОРМА ЕМЕС, ПАРОДИЯ»

Жаппай қысқарту аз болғандай, медицина мекемелерін қаржыландыру жүйесінің өзгеруі де жығылғанға жұдырық болды. 2015 жылы қаңтардың 1-інен бастап медицина мекемелерін федералдық бюджеттен қаржыландыру тоқтатылады.

Оның орнына енді ауруханалар міндетті медициналық сақтандыру қорынан қаржыландырылады. Жұмыс беруші мекемелер мен қызметкерлер жалақының бір бөлігін осы қорға салып отыруы тиіс.

Реформаны сынаушылардың айтуынша, үкімет сала мамандарына түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбеген. Осының кесірінен дәрігерлер «қымбат жекеменшік емханаларға бара алмайтындар емделіп жүрген мемлекеттік ауруханалардың барлығы жекеге айналып, бұл сала түгел коммерциялық жүйеге өтеді» деп үрейленеді.

- Қазіргі жайттардың медициналық қызмет сапасын арттыруға еш қатысы жоқ. Олар шығындарды азайтып, қаржы саясатын өзгертіп жатыр. Бәрі түзеледі, жақсарады деген қанша уәде берілді - бәрі сөз жүзінде қалды, - дейді Ресейдің әлеуметтік саясат жөніндегі тәуелсіз институтының аймақтық бағдарламалар директоры Наталья Зубаревич.

Қазан айының ортасында Мәскеу қалалық мэриясының ондаған аурухананы жауып, мыңдаған кәсіби медицина қызметкерін жұмыстан босату жоспары белгілі болған соң наразылық күшейді.

Ол құжат бойынша, алдағы екі жылда қалада 28 медицина мекемесі жабылып, оларда жұмыс істейтін қызметкерлердің 30 пайызы қысқартылмақ. Мәскеу мэрінің орынбасары Леонид Печатников «бұл – тек ұсыныстардың бірі ғана, нақты жоспар әлі қабылданған жоқ» деп жұртты тыныштандыруға тырысты.

Оның айтуынша, «мақсат – пациенттерге жер-жерде жан-жақты медициналық қызмет көрсете алатын ірі және көпсалалы ауруханаларды дамыту».

Көп аурухана жабылуы мүмкін деген ақпаратқа қобалжыған жұрт Мәскеудің өзінде бірнеше наразылық шарасын өткізді. Қарашаның 2-сі күні өткен наразылық шеруіне 7 мыңға жуық адам қатысты.

ВИДЕО: Ресей дәрігерлері наразылығы

Ресей дәрігерлері наразылығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:38 0:00

Ресейдің басқа бірнеше қаласында да медицина қызметкерлері шеру ұйымдастырды.

Наразылық шараларын ұйымдастырудың басы-қасында жүрген 11-аурухананың эндокринологы Ольга Демичева Путинге жазған ашық хатында бұл реформаны «пародия» деп атайды.

«Президент мырза, қазына босап қалғанын түсінеміз. Олимипиада ойындары қаншалық қымбатқа түскенін, Қырымға да қыруар ақша жұмсалғанын - бәрін түсінемін. Бірақ бұл жеңістердің ақысын адам өмірімен төлеудің не қажеті бар еді» деп жазады дәрігер.

Басқа әріптестері сияқты Демичева да бұл реформаның тасасында медицина саласын жетілдіру мақсаты тұрған жоқ деп есептейді. Оның айтуынша, қала басшылығы Мәскеудің орталығында ауруханалар орналасқан қымбат жерлерге қызығып отыр.

– Кейбіреулер үшін ол жерлер – біздің пациенттеріміздің өмірінен де қымбат байлық, – дейді эндокринолог Ольга Демичева.

Ресей астанасындағы медициналық мекемелерді реформалаудың түбегейлі жоспары ресми түрде жыл соңында жарияланбақ. Ал дәрігерлер мен пациенттер жаппай қысқартуға қазірден дайындалып жатыр. Әсіресе дауасы жоқ дерт пен қауіпті созылмалы кеселге шалдыққандар емделетін 11-ауруханадағы жұрттың көңіл-күйі нашар.

"Ши шығарып, болмаса өзімізге назар аудартып жатқан жоқпыз. Шынымен басқа барар жеріміз жоқ" дейді склероздың бірнеше түріне ұшыраған Екатерина есімді науқас.

(Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған - Мұхтар Екей).

XS
SM
MD
LG