Accessibility links

Ресейдегі антигейлер қылмысы жайлы фильм шықты


Бен Стилдің «Ресейдегі гейлерге қарсы соғыс» деректі фильмінен алынған скриншот
Бен Стилдің «Ресейдегі гейлерге қарсы соғыс» деректі фильмінен алынған скриншот

АҚШ-та «Оккупай педофиляй» тобының гейлерге жасаған жауыздықтары туралы деректі фильм көрсетілді. Жыныстық азшылықты жақтырмайтын топ гейлерді ұрып-соғып, видеоларын интернетке шығарумен айналысып келеді.

Қаракөлеңке пәтер ішінде топ адам біреуді азаптап жатыр. Тұтқынды жерге тұқырта басып алған, «зорлаймыз», «басыңа дәрет сындырамыз» деп қорқытады әлгілер. Қарқылдай күліп, балағатты да үйіп-төгеді. Бір заматта бөлмеге мығым денелі жігіт кіріп келіп, тұтқынды ұрып талдырып тастайды.

Жәбірленген жігіт Ресейдегі гейлерге қарсы «Оккупай педофиляй» тобының қолына түсіп қалған. Бұл топ адамдарды қорлаған видеотаспаларын интернетке жариялау арқылы әйгілі болған еді.

Британиялық режиссер Бен Стил қылмыс жасап, ел ішіне үрей таратып жүрген бұл топ туралы деректі фильм түсіріп, ол қазанның 6-сы күні АҚШ-тың кабельдік телеарналарынан көрсетілді.

«Ресейдегі гейлерге қарсы соғыс» аталған фильмде қозғалыстың бұрын белгісіз болып келген қырлары ашылады. Журналистік бейтараптық принципіне адал болуға тырысқан Стил олардың гомосексуалистерді «жазалағандағы» мақтаныш сезімдеріне ерекше тоқталған. Режиссер Бен Стил:

- Олар өздерін Ресей билігі қолдап отыр деп ойлайды және Ресей халқының көпшілігінің тілегін орындап отырмыз деп санайды, - дейді.

«Оккупай педофиляй» тобының мүшелері басында «сексуалдық бағытына қарамастан, педофильдермен күресеміз» деген ұран тастаған. Алайда олар бара-бара гомосексуализмді педофилизмге теңестіріп жіберді. Бұл пікірді деректі фильмде сөз алған Ресей православ шіркеуінің діни қызметкері айтады.

Режиссер Бен Стилдің «Ресейдегі гейлерге қарсы соғыс» деректі фильмінің премьерасына келген беті.
Режиссер Бен Стилдің «Ресейдегі гейлерге қарсы соғыс» деректі фильмінің премьерасына келген беті.

Фильмде топ мүшелерінің «құрбанды» қалай қолға түсіргені көрсетіледі. Олар «махаббат құрғысы» келетін жігіттермен әлеуметтік желілер арқылы танысып, кездесуге шақырады.

Топ мүшелері қолға түскен жігітті Санкт-Петербургтегі пәтерде қинап жатқанда Стил олардың бұл әрекеттерін камераға жазып алады. Әлгілер оның камерасын өшіріп, бөлмеден шығарып жібереді. Бірақ режиссер бой бермей жүріп, бөлмеге қайта кіріп алған. «Менің кіріп алғаным оларды одан асқан жауыздыққа барғызбай, тежеп қалды» дейді Стил.

ЖЫНЫСТЫҚ АЗШЫЛЫҚТЫҢ ҚОРҒАНСЫЗ КҮЙІ

Ресей президенті Владимир Путин былтыр жасөспірімдер арасында дәстүрлі емес сексуалдық қарым-қатынасты насихаттауға тыйым салатын заңға қол қойған. Қоғамдық пікірді зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бұл елдегі халықтың көпшілігі ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал, тренсгендер) өкілдерін жақтырмайды. Фильм Ресейде жыныстық азшылыққа қысым күшейген кезде түсіріліп отыр.

Путин де, Ресей үкіметінің басқа өкілдері де бұл заң балаларды қорғау, бала туу көрсеткішін өсіру мақсатында қабылданды деген. Ал Батыс мемлекеттері және құқық қорғау ұйымдары заң жыныстық азшылықтың құқығын шектеуге, оларды алалауға қолданылып отыр деп сынайды.

Заң қабылданғалы оны бұзғандарға бірнеше мәрте айыппұл салынды. Бірақ Ресей ЛГБТ қауымдастығының айтуынша, бұл заң «Оккупай педофиляй» сияқты топтардың жазаланбай, емін-еркін тайраңдауына мүмкіндік берді.

Фильмде өзін «Дима» деп таныстырған жігіт қасындағы геймен (ол да жігіт – ред.) бірге осы топ шабуылына ұшырағанын айтып береді. Әлгілер бұлар кездесіп жүрген пәтердің есігін бұзып кіріп, екеуін соққыға жыққан. Тіпті тапанша атып, Диманың оқ тиген көзі соқыр болып қалған.

Оның айтуынша, гейлерге қарсы заң Ресейдің ЛГБТ қауымдастығын өз құқықтарын ашық түрде қорғай алмайтындай күйге түсіріп, құқықтық вакуум қалыптастырған.

- Енді ол вакуумды гомосексуалдарға қас қылмыстық топтар басып алды. Бізді «азғындар», «кісі өлтірушілер», «арсыздар» деп жұрттың құлағына құя берсе, біреулер оған сене бастайды да, бір күні қолына қару алып, шүріппені басып қалады. Олардың мені неге атқанын осы тұрғыдан түсініп отырмын, - дейді Дима.

ӘЛЕМ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Режиссер «Зорлық-зомбылықты, қатыгездікті насихаттап жатқан «Оккупай педофиляй» сияқты топ өкілдерін фильмнің негізгі кейіпкерлері етіп алдым» дейді.

- Жұрттың көбі Ресейде гей болу Лондонда немесе Нью-Йоркте гей болудан анағұрлым қауіпті екенін түсінген сияқты. Біз эмоциялық тұрғыдан ықпал ететін фильм жасауды көздедік, - дейді Бен Стил.

Ресейдегі гейлерге қарсы заң әлемнің түкпір-түкпірінде наразылық тудырды, бұл фильмдегі қатыгез әрекеттер Ресейдегі ЛГБТ қауымдастығын әлем болып қорғауға деген құлшынысты оятып отыр. АҚШ-тағы гейлер құқықығын қорғаумен айналысатын белсенді Дэн Сэведж:

- Бұрындары бұл жайтқа онша мән бермей келгендердің мына видеолардан соң төбе шашы тік тұрды, - дейді.

Фильмнің трейлері:

Стилдің бұл фильмі Ресей құқық қорғаушыларының гейлерге қарсы қылмыс жасап жүргендерді жазаға тартуға қауқарсыз екенін көрсетіп, биліктің көзжұмбай саясатын да әшкерелейді.

Гейлерді ұрып-соққандардың ішінде жазаланғандарының бірен-саран болғанына қарамастан, Ресей басшылығы «мемлекет мұндай қозғалыстарды астыртын қолдайды» деген болжамдарды жоққа шығарады.

Сочидегі қысқы олимпиада ойындарына бірнеше күн қалғанда фильмнің Ұлыбританиядағы премьерасы болды. Сол кезде Ресейдің Лондондағы елшілігі арнайы мәлімдеме жасап, бұл фильмді «Сочи олимпиадасының қарсаңында Ресейді қаралау үшін әдейі жасалған ақылға сыйымсыз насихат» деп атаған. Сол мәлімдемеде «Оккупай педофиляй» қозғалысын құрған Максим Марцинкевич «экстремистік әрекеттері үшін айыпталып, тұтқынға алынды» деген мәлімет пен бұл топтың өздері айтқандай «тек педофильдерге қарсы әрекет ететіні» де айтылған.

РЕЖИССЕРДІҢ БАТЫЛДЫҒЫ

«Санкт-Петербургтегі пәтерде гей жігітті ұрып-соққан оқиғаны түсіру режиссерлік жұмысымдағы ең жантүршігерлік сәт болды» дейді Стил. Азаттыққа берген сұхбатында ол:

- Боркемік емеспін, бірақ өзімді Шварценеггермін деп те айтпас едім. Бөлмеде төбелесқұмар 13 жігіт болды. Менің оларды сабырға шақырғанымнан түк шықпас еді, - дейді.

Бірақ жәбірленушіге оның камерасының көмегі тиген. Төбелес барысында Катя есімді әйел «тұтқынға» «арамызда журналистің болғаны саған жақсы болды» деген. Ол өздерінің бейнелерін кадрдан алып тастауды сұраған.

Топ мүшелері әлгі жігітті ұрып-соғып, кекетіп-мұқатып болған соң босатады. Бірақ «биле» деген талап қояды. Жігіт билеп жатқанда оны бәрі видеоға түсіріп мәре-сәре болады.

Бен Стил мен оның жолдастары «тұтқынды» сыртқа алып шығып, қолдан келген көмегін көрсеткен. Жәбірленуші олардан полицияға хабар бермеуді сұраған.

(Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG