Accessibility links

"Ресей – басты стратегиялық серіктесіміз". Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы жиынында басқа не айтты?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамбеясының жиынында сөйлеп тұр. Астана, 24 сәуір, 2025 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамбеясының жиынында сөйлеп тұр. Астана, 24 сәуір, 2025 жыл.

Астанада Қазақстан халқы Ассамбеясының (ҚХА) жиынында президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде өзгелерді мына тілде сөйле деп мәжбүрлеуге ешкімнің хақы жоқ, ондай әрекетке тосқауыл қойылады деп мәлімдеді. Ол аты-жөні аталмаған құқық қорғаушылар, журналистер мен болгерлерді, сонымен бірге шетелде отырып, "ел ішіне іріткі салғысы" келетіндерді сөкті. Президент көрші елдермен тату Қазақстанның басты стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы – Ресей деп мәлімдеді.

Назарбаев құрған ұйым

24 сәуір күні Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының 34-сессиясында сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен 30 жылда бұл ұйым бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды деп мәлімдеді.

– Ұйым 1995 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын білесіздер. Бұл бастама қазақ мемлекеттілігі қалыптасып жатқан қиын кезеңде терең саяси мәнге ие болды. Консультативтік-кеңестік орган ретінде жасақталған Ассамблеяға 2007 жылы конституциялық мәртебе берілді. Ұйым жалпыұлттық бірліктің негізгі моделіне айналды, – деді Тоқаев.

Ол Ассамблеяның қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру мен ұлттық бірегейлікті бекіту ісінде баламасы жоқ басты платформаға айналғанын және алдағы уақытта да солай болып қала беретінін айтты.

ҚХА құрамына елде тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдері кіреді. Тоқаев Қазақстанда келісім, төзімділік, достық ұғымдары құрғақ ұран емес, адамдардың күнделікті өмір салтына айналған құндылық екенін айтты.

– Этносаралық және конфессияаралық қатынас мәселесін ешқашан саясат немесе түрлі арандату құралына айналдыруға болмайды. Бұл – мемлекеттің де, бүкіл қоғамның да бұлжымас қағидасы, – деді президент.

Ақорданы сынаушылар бұдан 30 жыл бұрын экс-президент Назарбаевтың жарлығымен құрылған ҚХА-ны билік өз мақсатына пайдаланатын, соның саясаты мен іс-шараларын үнемі қолдап-қуаттайтын қуыршақ ұйым деп атайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамбеясының жиынында сөйлеп тұр. Астана, 24 сәуір, 2025 жыл.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамбеясының жиынында сөйлеп тұр. Астана, 24 сәуір, 2025 жыл.

Қазақстандағы тіл мәселесі

ҚХА жиынында президент Тоқаев Қазақстандағы тіл мәселесіне де тоқталды.

– Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне бола кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да. Баршаға бірдей мүмкіндік берілген. Бұл – нағыз әділдік, әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі, – деді мемлекет басшысы.

Қазақ жерінде тұрып жатқан барлық этнос өкілдері өз тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін жан-жақты дамыта алады, оған қажетті барлық жағдай жасалған деді президент.

– Біз популистік асығыс шешімдерден бойымызды аулақ ұстаймыз. Әрқашан нақты жағдайға қарап, байыпты саясатты басшылыққа аламыз. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік тілдің мәртебесін этносаралық қатынас тілі ретінде бекіту мәселесіне тікелей қатысты, – деп мәлімдеді ол.

Ол биыл елде алғаш рет мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алатынын айтты.

– Қазақстанда ешкімнің басқаларды жеке қарым-қатынас барысында немесе көпшілік алдында сөйлегенде мына тілде сөйле деп мәжбүрлеуге хақы жоқ. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекет жасап жүргендерді де меңзеп отырмын, – деді Тоқаев.

Тіл мәселесі Қазақстан қоғамында қызу талқыланатын тақырыптардың бірі. Совет кезінде қазақ тілі ұзақ уақыт бойы екінші қатарда қалып, ғылыми, әкімшілік, техникалық және білім беру салаларында орыс тілі үстемдік етті. Қазақ тілі көбіне ауылдық жерлерде ғана қолданыста қалды. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана "мемлекеттік тіл" мәртебесіне ие болған қазақ тілінің қолданыс аясы елде ресми тіл саналатын орыс тіліне әлі жете алмай келеді дейді сарапшылар. Бұрынғы Совет одағы құрамында болған кейбір елдерде де ана тілдің жағдай осыған ұқсас.

"Іріткі салушыларға" ескерту

Қазақстан президентінің ешкімнің атын атап, түсін түстемей, оларды адам құқығы, сөз еркіндігі деген желеумен тырнақ астынан кір іздеп, қоғамға іріткі салатындар кейпінде сипаттап, көпшілік алдында сөгуі алғаш рет емес. Мемлекет басшысы осы тақылеттес сөздерді бұл жолы тағы қайталады.

– Күріш пен күрмекті, конструктивті сын мен дәлелсіз мін тағуды, көңілге тимейтін пародия мен жиіркенішті қорлауды айыра білу маңызды. Заң алдында бәрі тең. Сол себепті біз еліміздегі этносаралық келісім мен бейбітшілікке нұқсан келтіретін кез келген арандатудың жолын кесіп келеміз, бұдан әрі де қатаң тосқауыл қоямыз, – деп ескертті Тоқаев.

Қазақстан президенті "халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылады, тиісті жазасын алады. Ал ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар әрдайым зор құрметке ие болады" деді.

– Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды. Бұл Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті. Олар шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр. Бүгінде мұны бәрі біледі. Демократияны біреудің қаржысымен орнатуға болмайды, – деді Тоқаев.

Оның сөзінше, Қазақстанның әл-ауқаты, соның ішінде демократия мен сөз еркіндігінің жайына шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды.

– Жақында шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың әрекеттері әшкереленді. Сонда олардың арам ниеті, ашкөздігі мен Қазақстанға жаны ашымайтыны анық көрінді. Сондай-ақ кейбір танымал қазақстандық грант алушылардың көлеңкелі әрекеттері де белгілі болды. Қазақстанда проблема жоқ демейміз. Әрине, басқа елдердегідей бізде де түйткілдер бар. Бірақ біз оны әлдекімдердің әдістемесімен емес, өзіміздің ұлттық мүддеміз бен заңнама аясында шешеміз, – деп мәлімдеді Қазақстан президенті.

Қазақстан мен көрші елдер жайлы

Тоқаев Қазақстанның көрші елдермен тату-тәтті, достық әрі бауырластық қарым-қатынас орнатқанын, мемлекет оны нығайта түсуге айрықша мән беретінін айтты.

– Ресей – Қазақстанның бұрыннан келе жатқан негізгі стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы. Қытай елімен ықпалдастық тамыры да тереңде жатыр. Қытай халқы қазақ халқына ешқашан зиян келтірген жоқ, болашақта да зиян келтірмейді. Алатауды тең жайлаған қырғыздар – бір туған бауырларымыз. Ежелден еншілес өзбек ағайынды өз ағам деп қадір тұтамыз. Түбіміз бір деп түрікмендерді туыс санап, шын жүректен құрметтейміз. Қарт Каспийдің жағасындағы әзербайжан еліне деген ықыласымыз да ерекше, – деп Тоқаев Қазақстан құрлық және теңіз арқылы шектесетін елдерді атап шықты.

Ол Қазақстан халқы сындарлы сәтте жұрт болып жұмыла білетінін талай рет көрсеткен.

– Бұған былтыр Ақтау қаласы маңында ұшақ апаты болғанда тағы бір мәрте көзіміз жетті. Азаматтарымыз зардап шеккен адамдардан көмегін аяған жоқ. Кезекке тұрып, қан тапсырды, – деген Тоқаев ұшақ апатына не себеп болғанын айтпады.

Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer ERJ 190-100 жолаушы ұшағы былтыр 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңына құлап, салдарынан 38 адам қаза тапқан. Олардың алтауы – Қазақстанның, 25 адам – Әзербайжанның, жетеуі - Ресей азаматтары. Ақпанда Қазақстан жариялаған ұшақ апатын тексерудің алдын ала қорытындысында комиссия "ұшақтағы тесіктер сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді" деп жазған. Әзербайжан президенті Илхам Әлиев ұшақ апатына "Ресейдің өкілдері жауапты" деп мәлімдеп, Ресейден кінәсін мойындауды және осы оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрағанымен, жауапкершілікті мойнына алған жоқ.

ҚХА жиынында Тоқаев қазіргі кезде Қазақстанның көрші елдермен қарым-қатынасында түйткілді мәселе жоғын, Қазақстан мен Ресей құрлықтағы ең ұзын шекараны әуел бастан дау-дамайсыз шегендеп алғанын айтты.

"Бүкіл әлемнің болашағы бұлыңғыр болып тұрған алмағайып заманда стратегиялық бағдарымызға сай әрекет ету – алдымызда тұрған аса маңызды міндет" деп мәлімдеген Тоқаев Қазақстан қолға алған жобаларды жүзеге асыру, елге инвестиция тарту, өнеркәсіп саласындағы әлеуетті арттыру үшін жұмыс істей беретінін айтты.

– Қазіргі күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі популистер мен саясаткерсымақтар бар. Ел мүддесіне қастық ойлаған ондай адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Алда күрделі кезең келе жатыр. Оңай болмайды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ, – деді ол ешкімнің аты-жөнін нақты атамастан.

Қазақстан президенті дүние жүзі сенім дағдарысымен бетпе-бет келген шақта экстремистік идеологияның оралуы, популизм мен талас-тартыстың өршуі, халықаралық құқықтың құнсыздануы, негізгі халықаралық институттардың әлсіреуі байқалып отырғанын айтты.

– Қазақстан БҰҰ Жарғысын қатаң ұстануды, ұйымды реформалауды дәйекті түрде ұсынып келеді. Қазіргі жағдайда БҰҰ баламасы жоқ ғаламдық ұйым болып қала береді. Сондықтан біз БҰҰ-ны қолдаймыз, – деді Тоқаев.

"Әртүрлі ел мен мәдениет өкілдерінің арасындағы достық байланыс қақтығыстар мен соғыстардың алдын алады, бұл – ең тиімді тәсіл" деді Қазақстан президенті.

Ол биыл күзде Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті VIIІ съезін өткізу жоспарланып отырғанын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG