Орталық Азияның ірі қалаларында жылда қыс мезгілінде тұрғындар түтінге тұншығып әлек болады. Сүзгі мен ауа тазартқыштан қайран жоқ. Біреулер биліктен жауап күтіп жүрсе, енді біреулер көшіп кетуге мәжбүр. Аймақта ауа райына байланысты қоныс аудару өзекті мәселеге айналған. Ал сарапшылар көмірдің артында тұрғандар мен биліктің "әрекетсіз қол қусырып" отырғанын айтады.
Бағдарламалардан неге пайда жоқ?
IQAir сервисінің мәліметіне сай, биыл 11 желтоқсанда Бішкек ауаның ластануы жөнінен өзге қалаларды артта қалдырды. Қырғызстан астанасында бір текше метр ауада PM2,5 майда дисперсті бөлшектері шарықтау шағында 128-ден асып кетті. Салыстыру үшін айтсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір шаршы метрде PM2,5 мөлшері 15-тен асып кетсе, далаға шықпауға кеңес береді.
PM2,5 мейлінше қауіпті ауа ластаушы болып саналады, ол қан айналым жүйесіне оңай енеді де, шығуы қиынға соғады, созылмалы ауруларға, соның ішінде өкпе тіндерінің қабынуына әкеп соғады.
Әлеуметтік желілерде Бішкек экологиясы туралы қызу талқы жүріп жатқан уақытта ел парламенті үкіметтен зиянды түтінге қарсы шаралардан неге нәтиже болмай отырғаны жөнінде есеп беруді сұрады. Депутат Дастан Бекешев қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға 50 млн доллар көлемінде несие мен грант бөлінгеніне қарамастан, "өкпеміз әлі оны сезбей отырғанын" айтты.
"Бізде жоспар да, тұжырымдама да, бағдарламалар да бар, қадам-қадамымен әрекет тізімі де бар, бірақ соның бәрі неге жұмыс істемей тұр? Мұның бәрі неге жұмыс істемегеніне біреу есеп берсін", – деді депутат.
Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Еділ Байсалов Х әлеуметтік желісінде Бекешевке берген жауабында ауаның ластануына көмірмен істейтін жылу электр орталығы ғана емес, катализаторын алып тастаған көліктер де себепкер болып отырғанын айтты.
"Сол себепті де техникалық бақылауды қайта қолға алып жатырмыз. Министрлер кабинеті қала басшылығына бір жыл ішінде бағасы 70-100 аспайтын катализаторларды ауыстырып, жаппай орнатуды ұйымдастыруды тапсырды", – деп жазды Байсалов.
Қырғыз Республикасы Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрлігі болса, Бішкектегі ауа сапасын бақылайтын құралдардың кейбірі "дұрыс мәлімет бермейді" деп мәлімдеді.
IQAir мәліметіне сәйкес, Астана мен Ташкентте кейінгі айда PM2,5 көрсеткіші 90-100-ге дейін жеткен. Алматыда жағдай жақсырақ және бұл заттардың көрсеткіші әр текше метріне 43-тен аспағанымен, мұның өзі ДДСҰ ұсынған мөлшерден үш есеге артық.
Ластануға қатысты көрсеткіштің бәрі тек сол өлшеу кезінде ғана жарамды екенін айта кеткен жөн. Жалпы IQAir сервисінің мәліметі бойынша, кейінгі айда Бішкек, Алматы және Ташкент кезек-кезек ең ауасы лас 10 жердің тізіміне еніп жүр. Оның себебі – көмір жағу, көліктің көптігі, құрылыс тығыз салынғандығы және көгалдандырудың жеткілікті болмауынан деп айтылды.
"Бұл қаладан кету керек"
Азамат Аттокуров төрт жыл бұрын отбасымен Бішкектен көшіп кеткен. Ел ішінде, бірақ "тауға жақын" жерде тұрады. Тұрғылықты жерін ауыстыруға жұбайының сырқаты себеп болған, оған "тыныс жолдарының демікпесі" диагнозы қойылыпты. Пульмонолог дәрігер аурудың себебі – Бішкектегі зиянды түтін екенін айтқан.
"Келіншегімнің жағдайы қиындап, арнайы дәрі-дәрмекке қарап қалды. Сол себептен бұл қаладан кету керек деп ұйғарып, тау жаққа қарай қоныс аудардық. Келіншегімнің жағдайы бірден жақсарды. Қазір ауа райына орай көшіп-қонатындар саны артып келеді", – деді Азамат.
Азамат сияқты тұншықтырған тұманнан көшіп кетіп құтылғысы келетіндер қазір көп кездеседі. Басқа жаққа қоныс аударудың жаңа жұмыс іздеу, балаларға мектеп пен балабақша табу сияқты қосалқы қиындығы болса да, ірі қалалардың көптеген тұрғыны осындай қадамға барады, себебі денсаулық пен қауіпсіздік маңыздырақ.
34 жастағы видеограф Рустам Әбенов дәл осындай себеппен Алматыдан көшіп кеткен. Биыл ақпан айында ол келіншегі мен қызын алып, Астанаға қоныс аударған. Мұндай қадамға баруына Алматыны үнемі дерлік басып тұратын қою түтін себеп болған.
"Біз тіпті қабырғаға сырттан келетін ауаны тазартып тұратын арнайы сүзгі де орнаттық, бірақ бір кездері оның да шамасы жетпейтін болды. От жағатын уақытта айлап үйде отырғымыз келмеді. Сол үшін ауасы кеңдеу басқа жаққа қоныс аударайық деп ұйғардық. Оның үстіне, Алматы ластана түсті, күңгірт тартты. Өзім Алматыда туып-өссем де, осындай көптеген фактор маған ұнамады. Қалыпты өмір сүру мүмкін болмаған уақытта қалаға деген сүйіспеншілігің де соли береді", – деді Рустам.
Оның үстіне, Рустамның қызы жиі ауырып қала беріпті. Перзенті тыныс жолының дертіне шалдығып, жазылуы қиындай берген соң да ата-анасы осындай шешім қабылдаған.
"Өзіміздің, баламыздың өмірін несіне қатерге тігеміз, оданда көшіп кетейік деген ұйғарымға келдік те, қайда көшуді ойластыра бастадық", – деді Астана тұрғыны болып шыға келген Рустам.
Астананың экологиялық жағдайы жақсы деуге келмейді, өйткені ол қалада да әлі күнге көмір жағады. Бірақ мұнда жел жиі соғатындықтан, түтінді айдап әкетеді.
"Ахуал өте қиын"
Экобелсенді Павел Александров та Алматыдан көшіп кетуді ойлап жүр. Ол мегаполистегі ауаның ластануы туралы мәселе көтерумен шектелмей, ауаның ластану деңгейін өлшейтін құрылғыларды да өзі жасайды. 2017 жылдың көктемінен бастап Павел ауа сапасына мониторинг жасайтын Аirkaz.org сайтының жұмысын жүргізеді. "Халық саны артып келеді, ал шенеуніктер нормативтерді бұрмалап, қол қусырып қарап отыр", – деді ол.
"Оларда ауаның қатты ластанғанын көрсететін "Қазгидрометтің" мәліметтері бар. Рұқсат етілген шекті мөлшер қыс кезінде 5, 10, 15 есеге дейін артып кетеді. Заң тұрғысынан қарасақ, бұл төтенше жағдай. Бірақ ешкім экология департаментін түк істемей отырғаны үшін жауапқа тартып жатқан жоқ... Мен пәтерімде белсенді түрде [ауаның ластануынан] қорғанып көрдім. Сүзгісі бар ағынды-сорғылы жүйе орнаттым, ауа тап-таза болды. Бірақ жарты жыл бойы капсулада өмір сүру мүмкін емес", – деді экобелсенді.
Александровтың бағалауы бойынша, қалада негізгі ауа ластаушы болып отырған автокөлік ағынын азайтып, тұрғындардың қажетін өтеу үшін қоғамдық көлік саны қазіргіден үш есе көп болуы керек.
"Қала мұндай жағдай жасай алмаса, тұрғындар мәселені өз бетімен шешеді. Осыдан барып автокөлік саны көбейе береді. Халық тығырыққа тіреліп отыр", – деп есептейді ол.
Экобелсенді Алматының маңайынан қалаға тегін автобус жүргізуді ұсынады. Оның айтуынша, бұл "күн сайын сырттан келетін 200 мың автокөлікті азайтады".
Жеке секторға газ тарту, екінші және үшінші ЖЭО-ны газға көшіру туралы уәде де орындалмай келеді.
"Он жыл бойы осы мәселеде миымызды "шаюмен" келе жатыр, өзгерген ештеңе жоқ. Себебі жыл сайын Екібастұздың 3 млн тонна қоқыс көмірін қалаға сату керек. Мұның қанша ақша екенін есептей беріңіз... Газға қосылу тарифі тым жоғары, өйткені қалада әр ауданда монополия орнаған: әр інішекке бір астаудан", – деді белсенді наразылығын жасыра алмай.
Алматы ЖЭО-ларының газға көшуімен байланысты жұмыстың бастапқы нәтижесі туралы қала басшылары 2023 жылдың қараша айында есеп берген. 2024 жылдың желтоқсан айында ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 сыртқы газ инфрақұрылымының құрылысы аяқталғаны белгілі.
Астана да газ тартылуынан үмітті. Қараша айының аяғында Астананың аспанын сұр тұман басып тұрды, қала басшылары мұны желсіз ауа райы мен жеке секторда сапасы төмен отын жағудың салдары деп түсіндірді. Ал Экология министрлігі "жеке сектордағы үйлердің айтарлықтай бөлігіне" газ тартылды деп мәлімдеді.
"Жұмыс жалғасып жатыр. Тұрғындардың 80 пайызына газ тартылған кезде мәселе шешіледі деп ойлаймын. Бұл негізінен қаланың оң жағалауына қатысты", – деді экологиялық реттеу және бақылау комитетінің басшысы Ерболат Қожықов.
Ташкенттегі шаңды жел
Өзбекстан астанасының тұрғындары қазан айының аяғында-ақ қаладағы ауаның ластығына шағына бастады. Әлеуметтік желіде жұрт "ауа тазартқыштардың күші жетпей жатқанын" айтып, тез арада әрекет етуді талап етті.
"Жағымсыз иіс күзде пайда болғаннан қыс бойы кетпейді. Көктем мен жазда мұндай мәселе жоқ", – деп жазды Ташкент тұрғыны Вероника Мухидинова Facebook желісінде.
Жазба астына пікір қалдырғандар ауаны не болса соны жағатын жылыжайлар ластап отырғанын, олар "көлік дөңгелегін, линолеум, пластик жағатынын" айтып шағынды.
"Біз президенттің порталына, экология министрлігіне хабарласамыз, жауап жоқ. Прокуратура тексере бастады. Не шығатынын көреміз", – деп жазды тағы бір желі қолданушы Элина Рахимова.
Тұрғындардың шағымынан кейін билік экологиялық рейд ұйымдастыра бастады. Жылу маусымы басталғаннан бері қарайғы мұндай тексерулер туралы Ташкент әкімдігі хабарлады.
IQAir ауа сапасы туралы 2023 жылғы баяндамасында Ташкент ең лас астаналар рейтингінде 23-орынға тұрақтады. 2024 жылдың соңғы айында да қала алғашқы 20, тіпті 15 қаланың ішінде. Қала басшылары мұндай көрсеткіштің себебін ауа сапасын көрсететін аспаптардың жұмысына "тұман әсер етіп жатыр" деп түсіндірді.
"Метеорологтар мен ауа сапасын көрсететін датчик шығарушылар тұман тамшылары шаңның микробөлшектері сияқты қабылданатынын байқаған... Мұның толық механизмі әлі де анық емес, өйткені датчиктердің көрсеткішіне бірнеше фактор әсер етеді. Соның ішінде желдің болмауы, микробөлшектердің су тамшыларына араласуы, сонымен бірге тұман кезінде лазер сәулесінің шағылысуы, сынуы және интерференциясы бар", – деп түсіндірді әкімдіктегілер.
Жергілікті эколог Нина Пикульдің сөзінше, Ташкенттегі ауа сапасына әсер ететін негізгі факторлар шаңды жел мен жылыту маусымы. Эколог жаз кезінде қалада 60-70 күн бойы жаңбыр тамбайтынын, ал жасыл желектің азаюы ұсақ шаң мен басқа да бөлшектердің ашық кеңістікке жылдам көтерілуіне жол ашатынын айтады.
"Соның кесірінен қаланы шаңды мұнар басып тұрады. Ауа температурасының күндіз және түнде екі түрлі болуынан (инверсия және конвекция процесі) ластанған бөлшектер кешке және таңертең төмен түседі де, датчиктер ауаның ластануы үдей түскенін тіркейді", – деді маман.
Бұған қоса, сарапшының айтуынша, күз және қыс мезгілінде газ жетіспеуіне және жылыжайларды газбен жылытуға тыйым салынуына байланысты, Ташкент пен оның маңында тұратындар көмір, отын, резеңке және мазут жағады.
"Саяси ерік-жігер жетіспейді"
Cityzen Space қоғамдық қорының директоры, алматылық Әнел Молдахметова ауаның ластану мәселесін шешу үшін "түрлі топтар бірігуі керек" деп есептейді.
"Бәріміз осы қалада тұрып, осы ауаны жұтып жатырмыз... Азаматтық секторда жүрген жандарға тіптен қиын. "Менің қолымнан не келеді? Үкімет дым істемей отыр" дейтіндер бар. Митингіге шығатын белсенділер де шарасыз", – деді Әнел Молдахметова.
Урбан саласындағы маман қаланы басқан зиянды түтінге қарсы шаралардың баяу жүруі шешім қабылдайтын лауазымды тұлғалардың ерік-жігеріне және жекелеген шенеуніктердің жеке мүддесіне байланысты болуы мүмкін деп санайды. Оның айтуынша, бұл бағытта тұрақты жұмыс істейтін топ көп болғанда ғана жүйелі өзгеріске қол жеткізуге болады.
"Қазіргі ахуал өте қиын, қандай да бір шара қабылдамаса болмайтындай жағдайдамыз... Бұрын ауаның жағдайына қатысты мәселені тек шетелдік қорлар мен ҮЕҰ секторы көтеретін болса, қазір мониторинг жасау және мәселені жариялау жобаларына бизнес те қаржы бөле бастағанын үлкен қадам деп қарастыруға болады", – деді белсенді.
2024 жылдың наурыз айында Өзбекстан астанасындағы ауа сапасына мониторинг жасау үшін ашық дереккөз негізіндегі Air Tashkent платформасы іске қосылды, оны қала әкімдігі жанындағы цифрлық даму департаменті отандық ғалымдар тобымен бірге әзірледі. Алайда, оның көрсеткіші IQAir мәліметтерімен сәйкес келе бермейді және мейлінше жағымды нәтиже көрсетеді.
Бішкекте де осындай жағдай байқалады. "Қырғызгидрометтің" Бішкектің ауасына қатысты интерактив картасының мәліметі IQAir көрсеткіштерінен әлдеқайда төмен.
"Бізде ауа сапасына мониторинг жасауға "Қырғызгидромет" жауапты, ауаға шығарылатын зиянды заттарды Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрлігінің тиісті құрылымы бақылайды, ал ғимараттардың ішіндегі ауа сапасымен Денсаулық сақтау министрлігінің аурудың алдын алу және мемлекеттік санэпидбақылау департаменті айналысады. Үш мекеме үш түрлі нормативті басшылыққа алады. Олардың методологиялық тәсілдері ғана емес, гигиена және экология талаптары да әртүрлі", – деді Азаттыққа берген сұхбатында Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық институтының директоры Жарқынбек Қасымбеков. Бұл институт Бішкектегі зиянды тұман салдарынан болып жатқан ауруларды анықтап, ауа сапасының ұлттық индексін жасайтын ғылыми зерттеу туралы хабарлаған болатын.
Қасымбеков ДДСҰ-ның әлемде 7 миллионға жуық адам лас ауаның кесірінен ажалынан бұрын өледі деген дерегін келтірді.
"Жер беті тұрғындарының 99 пайызы шамадан тыс ластанған ауаны жұтады. Әсіресе, табыс деңгейі төмен және орташа елдер мұндайға бейім келеді, Қырғызстан сондай елдердің қатарында", – деді ол.
2023 жылдың қараша айында Қырғызстандағы Азия даму банкінің өкілдігі GIZ және БҰҰ-ның бес агенттігімен бірге Бішкектегі ауаның ластануын жақсартуға қатысты ұсыныстар берді. Баяндамада жылумен жабдықтау саласында көмірден экологиялық таза отынға көшу мәселесі бірінші кезектегі міндет ретінде көрсетілген. Атап айтқанда, ғимараттарда энергияның тиімділігін арттыру және ауадан, судан немесе жерден алатын жылуды пайдаланатын жылу сорғыларын пайдалану ұсынылды.
Бұған қоса, экологиялық таза қоғамдық көлікті дамытып, олардың бағдарын оңтайландыру, "жасыл" немесе моторсыз қозғалысты қолдау, соның ішінде жаяу адам мен велосипедпен жүруге жағдай жасау туралы да айтылды.