Accessibility links

Қырғызстан АҚШ-тан үш мекемені санкция тізімінен шығаруды сұрады


 «Керемет Банк»
«Керемет Банк»

Қырғызстан сыртқы істер министрінің орынбасары Медер Абакиров 22 қаңтарда АҚШ-тың Қырғызстандағы елшісі Лесли Вигериді кездесуге шақырды.

Ведомствоның хабарлауынша, министрдің орынбасары қырғызстандық «Керемет Банк», «Газпром нефть Азия» және «Мұнай мырза» мекемелерінің АҚШ санкция тізіміне енгізілгеніне "алаңдаушылық білдіріп", қырғыз жағы мұндай шешімнің мәнін "түсінбейтіндіктерін" жеткізген. Ол елшіден оларды тізімнен алып тастауды сұраған.

Өз кезегінде АҚШ-тың Қырғызстандағы елшісі Америка жағы "қырғыз компанияларын санкция тізімінен шығару бойынша бірге шешім табуға" дайын екенін айтқан.

"Керемет Банктің" АҚШ санкциясына іліккені 16 қаңтарда белгілі болған. АҚШ қаржы министрлігінің мәліметінше, банктің лауазымды тұлғалары шамамен 2024 жылғы жаздан бастап "санкциялардан жалтару схемасын жүзеге асыру үшін ресейлік шенеуніктермен және АҚШ санкция салған ресейлік "Промсвязьбанкпен" әрекет еткен".

Банк өкілдері АҚШ-тың шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасына (OFAC) шағымданатынын айтып, "реттеуші органмен әріптестік орнатуға дайын екенін" жеткізген.

10 қаңтада АҚШ Ресейдің мұнай-газ секторындағы маңызды ойыншыларға қарсы санкция салған. Соған орай тізімге ресейлік компаниялардың Орталық Азиядағы кәсіпорындары да кіріп кеткен. Арасында қырғызстандық «Газпром нефть Азия» және «Мұнай мырза» да бар. Екі компания да Бішкекте тіркелген және мұнай өнімдерін Қырғызстанның ішкі нарығына тасымалдаумен айналысады.

Санкцияға сонымен бірге Газпромның Қазақстан және Тәжікстандағы мекемелері де енген. Сарапшылар шектеулердің салдарынан аймақта энергия тасымалдауда кедергілер туындап, құны артуы мүмкін деген болжам айтқан.

XS
SM
MD
LG