Accessibility links

Ақтаудағы ұшақ апаты бойынша тергеудің алдын ала қорытындысы келесі аптада жарияланады


Ақтауда апатқа ұшыраған әзербайжан әуе компаниясының ұшағы. 25 желтоқсан 2024 жыл.
Ақтауда апатқа ұшыраған әзербайжан әуе компаниясының ұшағы. 25 желтоқсан 2024 жыл.

Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты тергеудің алдын ала қорытындысы келесі аптада жарияланады. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев 24 қаңтардағы баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.

Вице-премьердің сөзінше, 17-18 адамнан құралған комиссия тергеу жүргізіп жатыр. Олардың арасында Ресей, Әзербайжан, Бразилия және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) сарапшылары да бар.

"Олар қара жәшіктерді, параметрлерді, ұшу режимін, жермен байланыс және экипаж мүшелері арасындағы аудиоларды саралауға ден қойды. Қорытынды жасалады. Бірақ ол үшін біздің әділет министрлігіндегі сот-медициналық сараптама дауыстарды тексеруі керек, туыстары да дауыстарды тексеруі керек. Бұл үлкен халықаралық жұмыс" деді Бозымбаев.

Бұған қоса, апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалған, оны бас көлік прокуроры бақылауға алған. Ол іс аясында баллистикалық және жарылғыш заттар бойынша техникалық сараптама тағайындалған.

"Материалдар көшірмесі Әзербайжан мен Ресей тарапында да бар, Қазақстанның жасыратын ештеңесі жоқ" деді Бозымбаев.

25 желтоқсанда Әзербайжан астанасы Бакудан Шешенстан орталығы Грозныйға ұшып шыққан Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer E190 ұшағы Ақтау қаласы маңында апатқа ұшыраған. Борттағы 67 адамның 38-і қаза болған еді.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Әлиевке ұшақ Ресейдің әуе кеңістігінде апатқа ұшырағаны үшін кешірім сұраған. Ресей билігі әзербайжан ұшағы Грозныйға қонбақ болған кезде украиналық дрондарға байланысты қала төбесінде әуе қорғаныс жүйесі іске қосылып тұрғанын мойындаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG