Accessibility links

Қазақстанға жаңа Конституция керек пе?


Қазақстан Конституциясы мен президент Қасым-Жомарт Тоқаев суреттерінен коллаж
Қазақстан Конституциясы мен президент Қасым-Жомарт Тоқаев суреттерінен коллаж

Қазақстан Конституциясы қабылданғанына 30 жыл толған шақта қоғамда оны жаңарту керек дейтін әңгіме тағы көтерілді. Тіпті жаңа негізгі заң қандай болуы керектігі жайлы екі түрлі жоба да жарияланды. Ақорда қазіргі Конституцияның мән-мазмұнын сақтауды жөн көргенін айтады. Азаттық жаңа Конституция жобасын әзірлеген заңгермен сөйлесті. Бұл туралы парламент депутаттарының ойын біліп, сарапшы пікірін сұрадық.

Биыл 30 тамыз, Конституция күні онлайн.закон сайтында ағайынды заңгерлер Арман және Уәлихан Шәйкеновтердің "Қазақстан республикасында құқықтық реформа бағдарламасын азаматтардың талқысына салу" деп аталатын мәтіні жарық көрді.

Шәйкеновтердің пікірінше, қазіргі Конституция азаматтардың өзара келісіміне жауап бере алмайды және оның әр жылдары қайта-қайта өзгертілуі құжатты саяси және құқықтық тұрғыда құнсыз қылады. Конституция барынша ықшам әрі қарапайым жазылуға тиіс дейді ағайынды заңгерлер.

Президент төрт жыл мерзімге сайланады және онымен бірге сайланатын вице-президент те болады, бір адам екі мерзімнен артық президент бола алмайды, премьер-министр лауазымы жойылып, парламент бір палаталы болғаны жөн, ал Конституциялық сот жеке орган ретінде керек емес деп есептейді Арман және Уәлихан Шәйкеновтер. Олар дайындаған жоба бойынша, елдің қарулы күштері, яғни әскер кәсіби армия болғаны жөн, баспасөз еркін болуы керек және бұқаралық ақпарат құралдары мемлекетке бағынышты болмауға тиіс.

Азаттық осы ұсыныс авторларының бірі Арман Шәйкеновке хабарласып, сұхбат беруін өтінді. Бірақ ол сұхбатқа келіспеді. Алайда WhatsApp мессенджерімен қысқа жауап жолдады.

"Бағдарламамызды ертеректе, "Қаңтар оқиғасынан" соң жаздық. Бірақ уақыт өте реформа жасау туралы үмітіміз үзіле бастады. Сондықтан Уәлихан екеуміз ақылдаса келе, Жұмагелді Сәкенұлы бастаған талқыға қолдау көрсетейік, арымыз таза болсын деп жариялауды жөн көрдік. Біз оның жобасының көп тұсына келіспейміз. Бірақ жаңа Конституция керек және оны талқылау қажет дегенге қосыламыз. Алайда көп үміт артпаймыз. Әркім өз жұмысымызбен, мен – оқытушы қызметімен, Уәлихан – коммерциялық шаруаларымен айналыса береміз. Сондықтан сұхбат бергіміз келмейді. Бірақ осы пікірімізді пайдалана берсеңіздер болады", – деп жазды Арман Шәйкенов WhatsApp мессенджерімен жолдаған жауабында.

Жұмагелді Сәкенұлы деп отырғаны – осыдан бір жарым ай бұрын жаңа Конституция жобасын жариялап, көпшілік назарына ұсынған заңгер Жұмагелді Елубаев. Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, профессор Жұмагелді Елубаевтың тоғыз тарау, 83 баптан тұратын жобасы Шәйкеновтердің жобасынан немен ерекшеленеді? Оны жазуға не түрткі болды? Заңгердің өзінен сұрап көрдік.

"Жаңа Конституция қабылдау – уақыт талабы"

Профессор Жұмагелді Елубаев 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған қазіргі негізгі заң сол кезеңге сай еді, жүктелген міндетті орындады, алайда 2000 жылдан бері қарай Қазақстанның ескі Конституциясы авторитар жүйенің күшеюіне жол ашып берді деп есептейді.

– [Конституцияға] енген түзетулер мен өзгертулер бәрінен бұрын бір адамның қолындағы билікті күшейтіп, оның елді үздіксіз 30 жыл басқаруына мүмкіндік берді. Билікке екінші президент болып интеллектуал, терең академиялық білімі бар, дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев келгенде үміт оты жанғаны рас. Шетелдегі өмірді көрген, мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол тұлға. Әлбетте, көбіміз билікті қолға алған соң [Тоқаев] елді тоталитар әрі автократ жүйеден алып шығу үшін жылдам қадамдар жасайды деп сендік. Бірақ олай болмады. Қазіргі президентіміздің басқару принциптері мен тәсілдерінің бұрынғы, бірінші президенттікінен айырмашылығы шамалы дер едім, – деді заңгер.

Кезектен тыс сайлауда президент болып қайта сайланған Нұрсұлтан Назарбаев ұлықтау рәсімі кезінде Конституцияға қолын қойып, ант беріп тұр. Астана, 20 қаңтар, 1999 жыл.
Кезектен тыс сайлауда президент болып қайта сайланған Нұрсұлтан Назарбаев ұлықтау рәсімі кезінде Конституцияға қолын қойып, ант беріп тұр. Астана, 20 қаңтар, 1999 жыл.

Елубаевтың сөзінше, жаңа Конституция жазу идеясы оған екі жарым жыл бұрын келген. Кейінгі бір жылда жоба әзірлеуге білек сыбана кірісіпті. Халықаралық құқық пен отызға жуық елдің заңдарын талдап, зерттеген соң жобаны жазып, биыл жазда әлеуметтік желіде жариялаған.

– Жалғыз өзім жазып шыққан жобаны көпшілікке жарияладым. Кейін оны "Параграф" ақпараттық порталы көшіріп жариялады, сол үшін оларға рақмет. Бірақ үш күннен кейін билік, – солар екеніне шүбәм жоқ, – жобаны "Параграф" жүйесінен алғызып тастады. Әйткенмен ол жұртқа тарап кетті. Жариялаған күні Конституция жобасын ресми поштамен Қазақстан президентіне, үкіметке, парламент сенаты мен мәжіліске және әділет министрлігіне де жолдадым. Алайда олардан әдеттегідей үстірт жауап келді, – деді профессор.

Елубаевқа берген жауабында парламенттің қос палатасы хатты алғанын хабарлап, айтылған дәйектер ескеріледі деп қысқа қайырған. Ал әділет министрлігі 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған қазіргі Конституцияны өзгертудің өзіндік нормасы бар деп жауап берген.

Әділет министрлігінің жауабынан үзінді:

Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабына сәйкес, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар республикалық референдум арқылы енгізілуі мүмкін, ол республика президентінің өз бастамасы бойынша не парламент пен үкіметтің ұсынысы бойынша қабылдаған шешімімен тағайындалады. Конституция жаңа редакцияда тек осы тәртіппен өзгертілуі немесе қабылдануы мүмкін.

Елубаев дайындап, ұсынған Конституция жобасы 9 бөлімнен тұрады. Онда елдің атауы Қазақ Республикасы немесе Қазақия деп берілген. Мемлекеттік билік жүйесі, адам және азамат, сайлау жүйесі, сот билігі, мемлекет аумағы мен ұйымдастырылуы, қаржы және бақылау. Ал президент және вице-президент деген бөлімде президенттікке үміткер болып жасы 40-қа толған ел азаматы жалпыға бірдей, еркін, тең және төте сайлау негізінде сайлауға түсе алады және президент бес жылға сайланады, бір адам екі мерзімнен артық президент бола алмайды деп жазылған.

Жергілікті биліктің шешіміне наразы азаматтар Конституция бабындағы ереже жазылған баннер ұстап тұр. Астана, 28 маусым, 2014 жыл. Азаттық архивіндегі фото
Жергілікті биліктің шешіміне наразы азаматтар Конституция бабындағы ереже жазылған баннер ұстап тұр. Астана, 28 маусым, 2014 жыл. Азаттық архивіндегі фото

– Бізде биліктің дербес үш тармағы бар: заң шығарушы, сот жүйесі және атқарушы билік. Қазіргі жағдайда осы үшеуінің үстінен қарайтын өкілеті күшті билік бар, ол – президент. Үшеудің төбесінен бақылайтын күш десек болады. Алайда ол дұрыс емес. Кез келген мемлекеттік құқық теориясы немесе халықаралық тәжірибены алып қарасақ, президенттік республикада, яғни президенттік басқаруда президент мемлекет басшысы ғана емес, ол – үкімет басшысы болуға тиіс. Сонда ғана ол елдегі барлық жағдайға жауап береді. Бұл – маңызды мәселе. Өз жобамда президенттік басқару формасы деген бастапқы түсінікке қайта оралдым, – деп түсіндірді Елубаев.

Профессор әзірлеген Конституция жобасында президентпен қоса вице-президент институтын енгізу қарастырылған. Ал заң шығарушы билік органы – парламентті қазіргідей екі палатадан емес, жалғыз палаталы етіп өзгерту ұсынылған.

– Яғни Қазақ республикасында мәжіліс қалып, сенат қысқарады. Өйткені, құрамына кімдер сайланғанын ескерсек, авторитар жүйенің орнығуына септескен де нақ осы сенат болатын, – деді заңгер.

Елубаев жаңа Конституция идеясын жүзеге асыру үшін күресті тоқтатпайтынын айтып отыр. Ақорда мен үкіметке жіберген хаттардан бөлек ол "Жаңа Қазақстанға жаңа Конституция" деген тақырыпта петиция жариялаған. 31 тамыз күні желіде шыққан құжатқа қазірге дейін 50 адам қол қойған.

Конституцияны өзгерту, демалыстан қайтқан депутаттар - AzatNEWS l 02.09.2025
please wait

No media source currently available

0:00 0:24:15 0:00

Ақорданың ұстанымы, мәжіліс депутаттарының пікірі

Совет одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан содан бері екі рет Конституция қабылдады. 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған алғашқы Конституция екі жарым жылдан сәл астам уақыт қана қызмет етті.

Қазіргі Конституция 1995 жылғы 30 тамызда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданды. Оның өзі кейінгі 30 жылда жеті рет жаңарып, оған 1100 өзгерту енгізілді. Оның бір бөлігі Назарбаев билігі тұсында іске асты.

Негізгі заңға ең кейінгі ауқымды өзгерістер 2022 жылы болған Қаңтар оқиғасынан соң енгізілді.

Конституцияға өзгертулер енгізуге байланысты референдум өтетіні жазылған баннер ілінген көпірмен өтіп бара жатқан адам. Алматы, 1 маусым, 2022 жыл.
Конституцияға өзгертулер енгізуге байланысты референдум өтетіні жазылған баннер ілінген көпірмен өтіп бара жатқан адам. Алматы, 1 маусым, 2022 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 29 тамыз күні елде Конституцияны өзгерту мәселесі үш жыл бұрын көтерілгенін айтқан. Конституцияның 30 жылдығына арналған конференцияда сөйлеген Тоқаевтың сөзінен негізгі заңның жаңа нұсқасын жазу туралы ешқандай емеурін байқалмады. Ол керісінше, 2022 жылы референдумда Конституциядағы баптардың үштен бірі жаңартылды, ауқымды және қажетті өзгерістер енгізілді деп мәлімдеді.

"Референдумда Ата заңға түзету енгізумен шектеліп қалмай, Конституцияның жаңа жобасын дауысқа салу туралы көптеген ұсыныс айтылды. Мұндай бастамалардың көтерілуі бекер емес еді. Заңнамалық тұрғыдан орынды әрі саяси жағынан биліктің беделін арттыратын айтарлықтай оңтайлы тәсіл болып көрінді. Алайда 1995 жылы қабылданған Конституцияны реформалаумен шектеліп, оның негізгі мән-мазмұнын сақтау жөнінде шешім қабылдадым. Осы арқылы Конституцияның басты ережелерінен айнымайтынымызды дәлелдедік", – деді Тоқаев.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин

Президент осылай деп мәлімдеген тұста парламент мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин әлеуметтік желіде "Қашанғы аутсайдер боламыз?" деп пост жариялады. Реформаның басталғанына екі жарым жыл өтті деген депутат "мемлекетті басқару жүйесін өзгерту, қажет болса Конституцияны қайта жазу керек" дейді.

– Біз қазіргі Конституцияны реформалауды әлде де жүргізуіміз керек, бұны әлі толық пайдаланған жоқпыз деп есептеймін. Себебі, бар болғаны үш жыл болды реформа жүріп жатқанына. Бұл аз ғана уақыт деп есептеуге тура келеді. Жалпы, Конституция ол қатып қалған дүние емес, қажет болатын болса, оны да өзгертуге болады. Бірақ ол ғалымдардың, мамандардың, сарапшылардың, мықты заңгерлердің, қоғамның қатысуымен іске асуы керек, – деді депутат Жаңбыршин.

Алайда оның әріптестері арасында Конституцияны өзгерту керек дегенге келіспейтіндер де бар.

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза
Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза:

– Бізге тұрақтылық керек қой. Рефендум болды, сайлау болды, т.б. бір жылда бірнеше шара өткіздік дегендей. Менің ойымша, күндердің күнінде ол болатын шығар, бірақ дәл қазір, мысалы, биыл керек емес деп есептеймін. Түзетулер енгізуге болады, әрине, бірақ түбегейлі өзгерту керек дегенге келісе алмаймын.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи:

– Конституцияны ауыстыру, өзгерту деген ол – қаңқу сөз. Бұл әлдебір саяси күштердің, үшінші күштердің шығарған әңгімесі, желіде боттар сондай жұмыс істеп жатыр. Жалпы, Конституцияны өзгертудің нақты дәл қазіргі жағдайда ешқандай қажеттілігі жоқ.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым:

– Конституцияны өзгертудің қажеті жоқ. Жақында ғана үлкен референдум болды, ол халықтың таңдауы, біреуге ұнасын не ұнамасын. Жеке пікірім – алдағы уақытта ешқандай сайлау бола қоймайды, Конституцияға ешқандай өзгеріс енгізілмейді.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан:

– Конституция – тірі органим сияқты ғой. Бізде Конституцияны сынға алған кезде көбіне АҚШ Конституциясын тілге тиек етіп, сонымен салыстырады. Оның тарихи контексті бөлек, философиясы бөлек, олар бірден тәуелсіз ел болып құрылды, біз сияқты постсоветтік ел емес. Бізді мысалы, Әзербайжанның, Грузияның, Өзбекстанның Конституциясымен салыстырса мен түсінер едім, ал мұхиттың ар жағындағы Америка мен Қазақстан ешқандай салыстыруға келмейтін елдер. Жалпы, конституциялық өзгерістер қажет, бірақ ол тап бүгін я нақ ертең қажет деп айтпаған болар едім.

"Конституция демократиялық болады деуге алғышарттар жоқ"

Конституцияны жаңарту туралы ұсыныстардың шыға бастауы, мәжіліс депутатының негізгі заңды қайта жазуға шақыруы ненің нышаны? Бұл әлдебір саяси науқанның жақындап келе жатқанын білдіре ме, әлде дер кезінде орынды көтеріліп отырған көкейкесті мәселе ме? Бұл сұрақты саясаттанушы Димаш Әлжановқа қойдық.

– Неге қазір жаңа Конституция туралы әңгіме қозғалып жатыр деп ойлайсыз? Бұл тақырып саяси күн тәртібіне неге дәл қазір шықты?

Димаш Әлжанов
Димаш Әлжанов

– 2029 жылдың аяғына дейін бір ғана жеті жылдық президенттік мерзім сақтала ма, жоқ па, ол жағы қазір белгісіз боп тұр. Сондықтан жаңа Конституция идеясының өзі қазіргі шектеулерді "нөл қылудың" бір амалы ретінде қарастырылып отыр деп ойлаймын. Яғни қолданыстағы Конституцияда бар шектеулерді жою арқылы президенттік билікті ұзарту көзделіп отырған болуы мүмкін. Сол себепті билік қазір бұл мәселені байыппен көтеріп, қоғам реакциясын бақылап отыр. Түрлі пікірлерді тарату арқылы әртүрлі медиа бұл талқылауды күшейтуге септесіп жатыр.

Бұл жерде қоғамның тамырын басып көру, Конституция жөніндегі әңгімеге халықтың реакциясын байқау қажет болып тұр. Меніңше, Ақорданың бұған қатысты бірнеше нұсқасы бар болуы мүмкін. Соның бірі – президенттік мерзімді басынан қайта бастау, яғни бұған дейін атқарылған президенттік мерзімдерді заңды жолмен жойып, өкілеттікті ұзартуды көздеп отырған болуы ықтимал.

Егер қарасаңыз, ұсынылған Конституция жобасында және басқа тұлғалардың мәлімдемелерінде президент пен вице-президент болатын жүйе енгізу қажеттігі айтылды. Бұл АҚШ-тың үлгісіне ұқсайды. Сонымен бірге биліктің сабақтастығы мәселесін шешетін механизм де қарастырылмақ. Өйткені вице-президентті халық сайлайды және белгілі бір жағдайда тікелей президент қызметін атқара алады. Мұндай жағдайда оның белгілі бір легитимдігі де болады, өйткені президентке берілген мандат автоматты түрде вице-президентке де беріледі.

– Билік әзірге "қоғамның тамарын басып көріп жатыр" дейсіз. Жаңа Конституция қажет деп билік неге ашық мәлімдей алмайды?

– Естеріңізде болса, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Конституцияға өзгерістер енгізілгенде Тоқаевтың "жеті жылдық бір ғана мерзім болады, әрі қарай билікте қалуды жоспарламаймын" деген мәлімдемесі болған. Сондықтан қазір Тоқаевтың жеке имиджіне де, саяси салдарға да мейлінше зиян келмейтін жолдар қарастырылып жатыр. Бұл мәселеде ешқандай иллюзия болмауы керек. Қолданыстағы Конституция – авторитарлық сипатта. Егер жаңа Конституция қабылданса, ол да авторитарлық сипатта болады.

– Қабылдануы мүмкін жаңа Конституция неге авторитарлық сипатта болады деп санайсыз? Бәлкім, демократиялық сипаттағы құжат қабылданар?

– Елдің даму бағыты мен саяси дамуы елеулі демократиялық реформа болатынына күмән туғызады. Қазіргі Конституция – Назарбаевтың мұрасы. Ол авторитаризм мен билікті теріс пайдалануға негізделген саяси-құқықтық архитектураны қалыптастырған адам. Сондықтан әрине, оны өзгерту қажет, бірақ түбегейлі жаңа әрі сапалы Конституцияға ауыстыру қажет. Парламентті күшейту мен парламенттік республика идеясын көптен бері жақтап келемін. Сондықтан өзгерістер парламентті күшейтуге бағытталуға тиіс деп есептеймін.

Билік бұл жолда түрлі айла ұсынып, "демократияландырудың" жалған нұсқаларын алға тартады. Бірақ бұған алданып қалмауымыз керек. Нағыз демократиялық Конституция режим өзгерген кезде ғана қабылданады. Яғни түрлі саяси топтар арасында билікті қайта бөлу қажеттілігі туғанда ғана, осындай қажеттік болады. Басқа елдердің тәжірибесіне қарасақ, әдетте парламент күшейіп, президент институты әлсірейді. Мысалы, Украинада солай болды. Ал бізде 2022 жылдан кейін ондай комбинация болған жоқ. Режим билікті толық сақтап қалып, халық наразылығын басып тастады. Сондықтан қазіргі жағдайда Конституция авторитарлы емес, басқа, демократиялық болады деуге алғышарттар жоқ.

– Егер Конституцияға өзгерістер енгізілсе, сіздің ойыңызша, оның қайта қаралу процесі қалай өтуге тиіс және қоғам қалай үн қосуы керек?

– Бұл жерде бір қиындық бар. Қоғам қазір саяси процестің субъектісі емес. Яғни ықпал ету мүмкіндігі шектеулі – заңды тетіктері де, басқа жолдары да жоқ. Сондықтан, өкінішке қарай, болуы мүмкін өзгерістер Ақорданың күн тәртібіне сай жүреді. 2022 жылдан кейін қоғам ықпал ететін тетіктер қалыптастыра алмады. Бізде тек ақпараттық кеңістік бар, бірақ саяси ұйымдар жоқ. Сол себепті қоғам қарусыз қалды десек болады. Ал билік бұрынғыдай өз нұсқасын қабылдай алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG