Қазақстандық Qazaq air әуе компаниясы 28 желтоқсан мен 2025 жылдың 27 қаңтар аралығында Астана – Екатеринбург бағыты бойынша әуе рейстерін ұшыруды уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Компания хабарламасында "жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында" рейстер тоқтатылғанын жазған.
"Әуекомпания қазіргі уақытта Qazaq air тәуекелдерін бағалау шарттарына сәйкес келетін Омбы мен Новосібірге рейстерді орындауды жалғастырады. Екатеринбургке әуе рейстерін қайта ашу – тәуекелдерді қайта бағалау қорытындылары бойынша жүзеге асырылатын болады" деп жазылған компания хабарламасында.
Әуекомпания шегерілген рейстерге билет алып қойған жолаушыларға оның ақысы толық қайтарылатынын немесе балама әуе рейстеріне тегін ауыстыру ұсынылатынын хабарлады.
Бұған дейін әуекомпаниясы Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты тергеу аяқталғаннан кейін Ресейге рейстер бойынша шешім қабылдайтынын мәлімдеген еді.
Дегенмен Қазақстан көлік министрлігі өкілдері жергілікті "Власть" сайтына берген комментарийінде қазіргі кезде қазақстандық әуе компаниялардың Ресейге ұшуын тоқтату немесе тыйым салу мәселесі күн тәртібінде жоқ екенін айтқан.
ПІКІРЛЕР