Accessibility links

2025 жылы Қазақстанды не күтіп тұр?


Инфляцияны тежеу, бюджет дефицитін азайту, мұнай экспортын диверсификациялау және адам құқықтары ахуалын жақсарту... Қазақстан 2025 жылы назар аударуы тиіс экономикалық, саяси және қаржылық қиындықтардың бір парасы – осылар. Бұған қоса келер жылы Ақорда экономиканы либералдау арқылы өсімді арттырып, табиғи ресурстарға тәуелділікті азайтқысы келеді. Ал АҚШ-тың жаңа президентінің геосаяси шешімдері Қазақстанға мүмкіндіктер әкелуі мүмкін.

1. ИНФЛЯЦИЯМЕН КҮРЕС

Қазақстандықтар үшін инфляция ұғымы ертеден таныс. Тәуелсіздік алғалы өткен 33 жылдың 12-інде инфляция көрсеткіші 10 пайыздан төмен болмады. Әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде тауарды жеткізу қиындап, импорт шектелгенде инфляция күрт өсті. Атап айтқанда, 2022 жылы инфляция 20 пайызға дейін көтерілді. Себебі сол жылы азық-түлік орта есеппен 25 пайыз қымбаттаса, қызмет көрсету құны 20 пайыз артты. Бұл жалақысы жыл сайын инфляциямен қатар өспейтін көп қазақстандықтың әл-ауқатына тікелей әсер етті.

Биыл тамызда ұлттық банк 2025 жылы инфляция 6,7 пайыз болады деп болжаған. Бірақ болжам қараша айының соңында тағы өзгерді. Қаржы жүйесін реттеуші Қазақстан экономикасын сараптайтын 13 ұйым арасында сауалнама жүргізіп, соған орай инфляция 6,9 пайыз болатынын мәлімдеді. Инфляцияға Қазақстанмен серіктес елдердегі саяси, геосаяси және экономикалық шешімдер де әсер етеді. Қазақстан оны толық бақылауда ұстай алмайтындықтан ұлттық банктің келесі жылға бекіткен болжамын соңғы әрі нақты деп айту қиын.

Қараша айында АҚШ-тағы президент сайлауында Дональд Трамп жеңгені белгілі болғаннан бір күн өткенде АҚШ долларының құны күрт өсті. Оның үстіне Ресейдің қаржы секторына салынған кезекті санкциялар легі рубльді біршама құлдыратты. Осы екі саяси өзгерістен теңге де жапа шекті. Атап айтқанда, доллар бағасы 488 теңгеден 523-ке көтерілді. 2024 жылдың басында 1 АҚШ доллары 455 теңге болған. Әдетте, теңге құнсызданса, елге импортталатын тауарлар қымбаттайды. Ал тауар қымбаттаса, инфляция артады. Сөйтіп жоғары инфляция ішкі нарықты қымбатшылыққа жетелейді.

Ұлттық банк теңге бағамын көтеру үшін 16 қарашадан бастап миллиард доллар сатып, интервенция жасады. Осылай қаржы жүйесін реттеуші теңге бағамын тұрақтандыруға тырысқанын айтса, сарапшылар бұл уақытша шешім дейді. Jusan Invest басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Төлепов халықаралық бәсекеде инфляциясы жоғары елдің валютасы көбірек құнсызданатынын айтады. Оның сөзінше, бұл кейін ішкі нарықтағы бәсекені де әлсіретіп, елді импортқа одан әрі тәуелді етеді.

Құлаған теңге, күшейген доллар. Енді не болады? – AzatNEWS | 29.11.2024
please wait

No media source currently available

0:00 0:22:42 0:00

29 қараша күні ұлттық банк инфляцияны одан әрі төмендету үшін несиенің базалық мөлшерлемесін 15,25 пайыз деп бекітті. Бұл бұған дейінгі көрсеткіштен бір пайыз жоғары. Әдетте, пайыздық мөлшерлеме өскенде екінші деңгейлі банктер ұсынатын несие қымбаттайды. Бұл несие алушыларды азайтады, ал ол нарықтағы іскерлік белсенділікті баяулатады. Белсенділік баяуласа, экономикалық өсім де төмендейді.

Қазақстан үкіметі мен ұлттық банктің келіспейтін тұсы осында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке келесі жылдың жалпы ішкі өнімі 6 пайыздан төмен болмауын тапсырған. Экономикалық өсім артуы үшін үкімет нарыққа мемлекет еншісіндегі қаражатты көбірек құяды. Нарықтағы тауар мен қаржы паритеті сақталмаса, ұлтық валюта құнсызданатыны белгілі. Ұлттық Банк жетекшісі Тимур Сүлейменов өзі жақында қатысқан подкастардың бірінде осы балансты сақтау маңызды деген. Әйтпесе, инфляция қайта ұлғайып, азаматтардың табысы мен әл-ауқатына төмендей береді.

Сарапшылар биылғы инфляция динамикасына коммуналдық қызмет бағасының күрт өскені де ықпал етті дейді. Мысалы, суық су 43 пайыз қымбаттаса, электр энергиясының құны 22 пайыз артқан. Орталықтандырылған жылу 18 пайыз өссе, қоқысты шығару 10 пайыз қымбаттады. Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының басшысы Сергей Агафонов бұл өсім алдағы 3-5 жылда жалғаса береді дейді. Ол мұны осыған дейінгі өсімді үкіметтің жасанды түрде тоқтатып отырғанымен байланыстырады. Демек келесі жылы да коммуналдық төлем өссе, инфляция артатыны анық.

Halyk Finance зерттеуінше, халықтың еңбекпен қамтылған бөлігінің 9 пайызы табысы ең жоғары қаржы, тау-кен өндірісі және телекоммуникация салаларында істейді және қаржыгерлер (14,7%) мен телекоммуникация қызметкерлерінің (18,2%) жалақысы бір жылда басқа салаларға қарағанда көп өскен. Халықтың еңбекпен қамтылған бөлігінің 50 пайызы денсаулық сақтау, білім беру және мемлекеттік басқару салаларында істейді.

Мамандар кейінгі бір жылда денсаулық сақтау мен мемлекеттік басқару салаларындағы жалақы төмендегенін, ал білім беруде 1,4 пайыз артқанын анықтаған. Әйтсе де, Қазақстан үкіметі 2019-22 жылдар аралығында аталған үш сала қызметкерлерінің жалақысын инфляция көрсеткішінен жоғары пайызбен көтеріп келді. Halyk Finance сарапшысы мемлекеттік қолдау 2023 жылы тоқтағалы жалақы инфляция өсімін қуып жете алмай келеді деп жазды.

2. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ МЕН БЮДЖЕТ ДЕФИЦИТІ

Коронавирус пандемиясынан кейін жаһандық экономика әлсіреп, кейін ол рецессияға ұласты. Қазақстан үкіметі 2024 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 4,5 пайыз өседі деп болжағанымен, қаңтар-қараша аралығындағы өсім 4,4 пайыз болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнайды экспорттауды диверсификациялап, экономиканы либералдау арқылы келесі жылғы жалпы ішкі өнімнің өсімін 6 пайыздан төмен түсірмеуді үкіметке міндеттесе, ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров өсім 5,6 пайыз болады деп болжаған.

Шығыны көп бюджет, орталаған ұлттық қор, қымбаттаған доллар - AzatNEWS | 30.10.2024
please wait

No media source currently available

0:00 0:26:08 0:00

Президент Тоқаев биыл мамырда экономиканы либералдау туралы қаулыға қол қойды. Жеке секторға сатылатын активтерді түгендеумен бәсекені қорғау және дамыту агенттігінің жанында құрылған ұлттық кеңсе айналысып жатыр. Биыл маусымда кеңсенің бірінші отырысы өткен. Онда мемлекет меншігіндегі бірнеше зерттеу институты, автобус парктері және коммуналдық мекемелер жекешелендірілгені туралы айтылды. Бірақ әзірге олар қаншаға және кімге сатылғаны нақты белгісіз.

Тоқаев экономика динамикасын арттыруды былтырғы халыққа жолдауында да айтқан. Қазақстанның атқарушы билігі 2029 жылға дейін елдің жалпы ішкі өнімін 450 миллиард АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр. Экономиканы либералдау – соған жетуге бағытталған шешімдердің бірі. Кей сарапшы Ақорданың шешімін толық құптаса, екіншісі қаулыны асықпай жүзеге асыру керегін айтады. Сондай-ақ, мемлекет меншігіндегі активтерді жекешелендіру ашық өткені абзал дейді.

Оған қоса, Ақорда елдегі шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін мемлекеттің көмегімен арттырып, одан түсетін салық есебінен республикалық бюджет дефицитін жоюды да мақсат етіп отыр. Атап айтқанда, кейінгі екі жылдан бері жүргізіліп жатқан салық реформасы сол дефицитті жоюға бағытталған.

Кейінгі жылдары Қазақстанда мемлекет шығыны артып, республикалық бюджетте дефицит ұлғайып келеді. Биыл да қаржы министрлігі салық толық жиналмағанына меңзеп, ұлттық қордан 5,6 триллион теңге алуды қарастырды. Оның екі триллионы жоспарланған трансферт еді, ал қалғаны бюджет тапшылығына байланысты қосымша сұратылған.

Қазақстан үкіметі мемлекет шығынының артуын инфляция өсімімен және әлеуметтік төлемдердің артуымен байланыстырады. Үкіметтің кейінгі жылға бекіткен бюджетінде 4,1 триллион теңге дефицит болатыны туралы жазылған. Кейінгі екі жылдағы дефицит өскенін ескерсек, келесі жылы да үкімет бұл трансфертпен шектелмеуі мүмкін.

Қазақстан үкіметі дефицитті азайтып, республикалық бюджет балансын реттеу үшін келесі жылы мұнай өндірісін арттыруды көздейді. Атап айтқанда, биыл көздеген өндіріс көлемі 90 миллион тонна болса, келесі жылы оны 100 миллионға жеткізу межеленген. Осының арқасында және салық реформасының көмегімен Ақорда 2029 жылға қарай ұлттық экономика көрсеткіші 450 миллиард АҚШ долларына жеткізбек.

Қазақстанның 2023 жылғы жалпы ішкі өнімі 120 триллион теңгеге жеткен. Сол жылдың соңғы күніндегі теңгенің долларға шаққандағы курсымен 264 миллиард АҚШ доллары болған. Ал биылғы жарты жылда экономика өсімі 3,9 пайызға дейін баяулап, ел табысы 52 триллион теңгені ($110 миллиард) құрағанын есркерсек, Ақорда жоғарыдағы межеге жету үшін елдің жалпы ішкі өнімі жыл сайын 6 пайыз өсіп отыруы керек.

Десе де, экономикалық институттардың болжамы үкіметтің алға қойған мақсатына жетіңкіремейді. Мәселен, Ұлттық банк келер жылдың экономикалық өсімі 5 пайыз болады десе, Халықаралық валюта қоры 4,6 пайыз деп болжаған.

3. АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ЖӘНЕ ӨҢІРЛЕРДЕГІ ТІКЕЛЕЙ САЙЛАУ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 3 қазан күні Астанада өткен мәслихат депуттары форумында сөз сөйлеп, демократияның үдеріс екенін, ол сәтті жүруі үшін азаматтар қоғамдық-саяси шешімдерге белсенді араласуы керегін айтқан. Ал жыл басында "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында 2019 жылдан бері "мемлекетіміз сая­си жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды" деген.

Тоқаев мемлекет дамуында азаматтық қоғамның белсенді араласуы маңызды дегенімен, кей халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстанда адам құқықтарын бұзу практикасы аса өзгерген жоқ деп санайды. Бұл сырттай бақылаушы институттар мен өзге елдердің есебінде көрініс тауып отыр.

Атап айтқанда, жыл басынан бері түрлі мақсатта саяси көзқарасын білдіргісі келген бірқатар азамат ұсталды. Мысалы, 4 қаңтарда Қанды қаңтарды еске алуға шыққан Oyan, Qazaqstan белсенділерін және Наурыз мейрамы кезінде бірнеше қалада өтпек болған митингілерге қатысы бар деген уәжбен полицияға жеткізілген бірнеше азамат 15 тәулікке қамалды. Саяси партия құруға ниетті азаматтар қозғалысын тіркеу үшін әділет министрлігіне өтініш берсе де, рұқсат ала алмай келеді. Олардың қатарында былтыр "тыйым салынған ұйым жұмысына қатысқаны" және "экстремистік ұйымды қаржыландырғаны" үшін 7 жылға сотталған оппозициялық белсенді, марафоншы Марат Жыланбаев жетекшілік ететін "Алға, Қазақстан" саяси қозғалысы да бар.

Сәуірде билікке сын айтқан белсенділер тағы ұсталды. Мәселен, су тасқынының салдарымен күреске қатысты биліктің әрекетін сынаған Құлсары және Қостанай қалаларындағы белсенділер уақытша қамалды. Ал мамырда белсенді Айдар Сыздықов "есірткі сату" күдігімен екі айға жабылды. Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы белсенділердің қамалауының саяси астары бар деп, босатуды талап етсе де, ресми Астана елде саяси тұтқын барын мойындамай келеді.

Елдегі адам құқықтарына қатысты АҚШ мемлекеттік департаменті биыл сәуірде жариялаған есебінде де жазды. Құжатта Қазақстан билігі адам құқықтарын таптағандарды анықтап, жазалауға тырысты, бірақ азаптау, адам өміріне қауіп төндіретін түрмедегі жағдай, азаматтарды саяси себеппен қамау, журналистерге күш көрсету, медиа еркіндігі мен интернеттегі бостандықты шектеу және үкіметтегі жемқорлық өзгере қойған жоқ деген.

Десе де, Ақорда елдегі "саяси жүйені демократияландырып" жатқанын мәлімдеген. Президент Тоқаев былтыр жаңа ережеге сай мәжіліс пен мәслихат депутаттары, 700 ауыл әкімі сайланғанын айтқан. Бірақ өткен сайлауларда бюллетендерді топтап тастау, тәуелсіз бақылаушылардың жұмысына кедергі келтіру оқиғалары болды.

Сайлаулар барысын бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократия және адам құқықтары бюросының бақылау миссиясы Қазақстан үкіметіне саяси плюрализмді дамытуды, яғни жаңа партиялардың тіркелуін жеңілдетуді, сайлау комиссиялары мүшелерінің мемлекеттік институттардан тәуелсіз болуын қамтамасыз етуді және саяси сипаттағы бейбіт жиналыстар еш кедергісіз өтуіне жәрдемдесуді ұсынған.

АЭС құрылысы бойынша қазан айында өткен референдумды билік тікелей демократия элементі ретінде таныстырғанымен, кей саясаттанушылар дауыс беру нәтижесіне күмәнмен қарайтынын білдірген. Олар мұны дауыс берудегі заң бұзу әрекеттері мен сайлаушылар белсенділігінің төмендеуіне меңзеп айтқан.

Сондай-ақ, Қазақстан билігі демократия үдерісі ретінде өңірдегі билік өкілдерін тікелей сайлауды енгізе бастады. Сөйтіп, 2021 жылдан бері елдегі 2500 ауылда әкім сайлауы өтсе, 2023 жылдың қарашасында өңірлердегі облыстық маңызы бар 45 қала мен аудан әкімдері жаңа ережемен анықталды. Облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардағы сайлау пилоттық тәртіпте өткен. Себебі оларды тағайындау уәкілетін облыс әкіміне беретін "жергілікті басқару туралы" заңның 32-бабы 2025 жылдың 1 қаңтарында күшін жояды.

Алматылықтар өз әкімін өздері сайлауына мүмкіндік беруді талап етіп жүргеніне бірнеше жыл өтсе де, әзірге республикалық маңызы бар қалалар мен облыстарға әкімді атқарушы билік тағайындайды. Қазақстан билігі демократияландыру үдерісін төменнен бастау керек деп санайды.

Айта кеткен жөн, бұған дейін жергілікті атқарушы билік басшыларын облыс әкімі мәслихат қолдауымен тағайындап келген. Десе де, келесі жылы "жергілікті басқару туралы" заң өзгергенімен, өңірлерде сайлау жаппай өткелі тұрған жоқ. Себебі облыс басшылары бірқатар қала және аудан әкімін ауыстырып, қызмет мерзімін ұлғайтып үлгерді.

Tengrinews.kz басылымының жазуынша, елдегі 17 облыс орталығының ешқайсында келесі жылы әкім сайлауы өтпейді. Себебі олардың бәрі кейінгі екі жылда тағайындалған. Облыстық мағызы бар қалалар әкімдерінің қызметтік мерзімі 4 жыл екенін ескерсек, Жезқазған, Тараз, Қостанай және Семей тұрғындары әкімді 2026 жылы сайласа, Орал, Түркістан, Петропавл, Талдықорғанда және облыстық маңызы бар басқа қалаларда сайлау 2027-28 жылдары өтеді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі тағайындау уәкілетін беретін заң күшін жоймай тұрған 12 желтоқсанда Өскемен қаласының әкімін тағайындап үлгерді. Енді өскемендіктер де ең ерте дегенде қала әкімін 2028 жылы сайлайды.

Әзірге 2025 жылы өңірлердегі аудан әкімдерін сайлау туралы ашық дереккөздерде мәлімет жоқ. Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында ауыл және аудандық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлаудың 2024 жылғы тәртібі ғана жарияланған.

4. ГЕОСАЯСАТ ЫҚПАЛЫ ЖӘНЕ УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС

АҚШ-тағы президент сайлауында жеңген Дональд Трамптың жоспарлаған геосаяси шешімдері бүкіл әлемге ықпал еткелі тұр. Оның Украина мен Таяу Шығыстағы соғысты тоқтату уәдесі, Ресейге санкцияларды бір бөлігін алып тастау, Қытайда шығарылған өнімдерге тариф енгізу және НАТО-ны қаржыландыруды қайта қарастыру секілді саяси жүрістері жанама түрде Қазақстанға да ықпал етеді.

The New York Times журналисі Джулиан Барнс 2025 жыл "келіссөздер жылы" болады деп жазды. Трамптың берген уәделеріне және ұрысты жалғастыруға Украина мен Ресейдің ресурсы да, әскері де жетпей жатқанына қарап, ол осындай болжам жасаған. Ал Трамп президент қызметін бастамай тұрып-ақ Украинадағы соғысты аяқтауға кірісіп кетті. Желтоқсанның ортасында ол Францияға барып, Украина президентімен кездескен. Ал NBC News телеарнасына берген сұхбатында сайлаудан кейін Путинмен келіссөз жүргізгенін жоққа шығармады.

The Economist басылымының жазуынша, Трамп уәдесінде тұру үшін келісімге кел деп Украинаны қыспаққа алуы мүмкін. Анализ авторы "егер Трамп Украинаны Ресей оккупациялаған жерінен бас тартуға көндіріп, бірақ Кремльдің агрессиясын ұстап тұратын қауіпсіздік кепілдігін ұсынса, бұл АҚШ-тың әлемдік саясаттағы беделін арттырады. Ал егер ол Украинаны осал етіп көрсететін бейбіт келісімге итермелесе, жеңіс Путиннің қолында болады" деп жазды.

Ресей Украинаға басып кіргелі алпауыт елдердің назары Орталық Азияға да ауды. Ресми Астана бұл конфликтіге қатысты бейтарап ұстанымын алға тартып, көпвекторлы саясат жүргізді. Қазақстан бір жағынан Батыс елдерінің жанама санкцияларына ілікпеуге тырысып жатыр, екінші жағынан әскери әрі экономикалық одақтасы Ресеймен қарым-қатынасын да нашарлатқысы келмейді. Сондықтан президент Тоқаев Ресейге барғанда Луганск және Донецк аймақтары Украинадан бөлініп, Мәскеуге қосылды деп санайтын Кремль ұстанымын ресми мойындамайтынын, ал Еуропаға барғанда "Ресейді әскери тұрғыдан жеңу мүмкін емес" екенін айтып жүр.

Украинада соғыс басталғалы Батыс Ресейге қарсы 15-санкция пакетін бекітті. Бұл Қазақстан пен Ресейдің өзара сауда қатынасына да әсер етеді. Еуропа одағы мен АҚШ Қазақстанды санкциямен шектелген кей тауарларды Ресейге өткізбеуге шақырып келеді. Қазақстан билігі бұған дейін Ресейге қарсы Батыстың санкцияларын бұзбайтынын, оларды айналып өтуде Мәскеуге көмектеспейтінін бірнеше мәрте мәлімдегенімен, бұл шектеу отандық өндірушілерді шектемеуі керек деген. Атап айтқанда, елдің вице-премьері Серік Жұманғарин тамыз айында америкалық Bloomberg басылымына берген сұхбатында "Отандық өндірушілердің сауда жасауына тыйым салуына жол бермейміз" деді.

Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, кейінгі екі жылда Қазақстанның сыртқы сауда айналым динамикасын төмендеп келеді. Трамп Украинадағы соғысты аяқтау үшін Ресейге салынған кей санкцияны алуға ыңғайланса, бұл Қазақстанның сыртқы саудасына біршама оң әсер береді. Себебі, Ресей – Қазақстанның ең үлкен сауда серіктестерінің бірі.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Кремльмен тығыз экономикалық әрі қауіпсіздік шартын жасасқан Қазақстан Орталық Азия және түркі елдерімен ынтымақтастықты күшейтіп, Ресейді айналып өтетін мұнай экспорттаудың альтернативті жолдарын қарастыра бастады.

5. МҰНАЙ ЭКСПОРТЫН ДИВЕРСИФИКАЦИЯЛАУ

Соғыс басталғалы Украина қарулы күштері Ресейдің Краснодар аймағы Новороссийск қаласындағы әскери базаға теңіз дрондары көмегімен бірнеше рет шабуылдады. Соңғы шабуыл 4 қыркүйекте болды. Ресей билігі шабуылға тойтарыс бергенін мәлімдеген.

Былтыр 8 тамыз күні сондай шабуылдан кейін энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев "Қазақстан Новороссийскідегі теңіз портының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселесін [Кремльмен] талқылау бастамасын көтереді" деп айтқан. Себебі Қазақстанда өндірілетін мұнайдың шамамен 80 пайызы осы қала маңындағы мұнай терминалы арқылы Еуропа нарығына шығарылады.

Каспий құбыр арнасы консорциумы – Қазақстанның батыс өңірінен және Ресейден шетелге мұнайды экспорттау үшін құрылған магистраль. 1500 шақырымға созылған құбыр арнасын салуға Қазақстан, Ресей және біртақатар шетелдік мұнай компаниясы қатысқан. Консорциумның 24 пайызына – Ресей, 19 пайызына Қазақстан иелік етеді. Қалған ірілі-ұсақ акциялар Батыстың бірнеше ірі мұнай өндіруші компаниясының иелігінде.

2022 жылдан бері құбыр жұмысы әртүрлі себеппен бірнеше рет уақытша тоқтатылды. Кремль мұны дауылдан кейінгі техникалық жөндеу жұмыстары деп түсіндіргенімен, сарапшылар оның саяси астары бар деген. Тіпті жақында жарияланған журналистер зерттеуі осы пікірді негіздей түскен. Мұнай экспортынан түсетін табысқа тәуелді Қазақстан үшін кейінгі жылдары шикізаттың басым бөлігін бір магистраль арқылы жіберу тәуекелге айналды. Сондықтан альтернативті жолдарын қарастыруға кірісті.

Қазақстан президенті Тоқаев былтыр сәуірде Әзербайжанға барып, Ресейді айналып өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға шарттасты. Сарапшылар "орта дәліз" деп атап кеткен жобаға Астана көп үміт артып отыр және алда экспорт көлемін 20 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлаған.

Әзірге, Каспий арқылы Баку-Тбилиси-Жейхан құбырымен Жерорта теңізіне жеткізілетін қазақстандық мұнайдың көлемі айтарлықтай көп емес. Мәселен, былтыр осы бағыт арқылы 1,8 миллион тонна мұнай экспортталған. Бұл былтыр Новороссийск арқылы экспортталған Қазақстан мұнайының (53 миллион тонна) небәрі 3,5 пайызын құрайды.

OPEC+ мұнай экспорттаушылар картелі келісе қоймаса да, Қазақстан келесі жылы мұнай өндірісін арттыруды көздеп отыр. Атап айтқанда, Қазақстан Теңіз мұнай кен орнын үлкейтіп, өндіріс көлемін тәулігіне 260 мың баррелге арттырмақ.

Одан бөлек, Қазақстан үкіметі Қызылорда және Ұлытау облыстарында жаңа мұнай кен орындарында өндіріс бастайтынын мәлімдеген. Мұның бәрі келесі жылы мұнайды көбірек экспорттауға негіз болуы мүмкін.

6. ТАБИҒИ АПАТТАР

Мичиган университетінің профессоры, су инженері Жанай Сағын Қазақстанда суға қатысты екі мәселе бар дейді. Бірі су тасқыны болса, екіншісі – қуаңшылық. 2021 жылы қуаңшылықтан фермерлер 1700 бас малынан айырылса, биыл наурызда басталып, кемі екі айға жалғасқан су тасқыны кесірінен жүздеген ауылдар мен қалалардағы 18 мың тұрғын үй су астында қалып, 120 мыңға жуық адам уақытша эвакуацияланды.

Сарапшы су тасқысы климаттың өзгерісімен байланысты дейді. Оны, әрине, болжау қиын. Десе де, БҰҰ биыл көктемде Құлсарыда болған апаттың салдарын азайтуға болар еді деп жазды. Су тасқынынан кейін Құлсарыға жақын маңнан өтетін Жем өзенінің жоғарғы жағында бірде-бір гидропост болмағаны белгілі болды.

Қазақстан президенті Тоқаев 6 қазан күні өткен АЭС салу бойынша референдум кезінде журналистерге "Мұндай табиғи апаттарды болжау қиын, бірақ оларға дайын болу және алдын алу шараларын қабылдау міндетті түрде қажет" деген.

Жанай Сағынның жазуынша, Қазақстан билігі табиғи апат себептерімен емес, салдарымен күресіп жүр. Ғалым суды шаруаға пайдалану үшін жерасты горизонттарына жинау керегін айтады. Себебі жер бетіндегі су қоймаларынан су көп буланады. Су көп буланса, жаңбыр көбейеді, дауыл жиілейді. Су инженері Қазақстан үкіметін инвестицияны совет кезіндегідей суқойма салуға тартудың орнына қаражатты суды жер астында сақтауға, қыста түсетін қарды қоқыс ретінде шығарып тастамауға шақырады.

Осы секілді шешімдер арқылы Қазақстан үкіметі климаттық өзгеріске жылдам бейімделмесе, елде табиғи апаттар жиілеуі мүмкін дейді ғалым. Бұл туралы Азия даму банкі 2021 жылғы есебінде де жазған. Институт Қазақстанда қуаңшылық күшейіп келе жатқанын елдегі орташа температураның әдеттегіден жылдам көтеріліп жатқанымен байланыстырады. Зерттеушілер Қазақстан климат өзгерісіне бейімделмесе, "қуаңшылық қаупі артып, ол жердің тозуына, шөлейттенуге және шаңды дауылдың көбеюіне жетелеуі мүмкін" деп жазған.

Ғалымдар келесі жылғы күтпеген қатерлер қатарына Күннен шығатын геомагниттік дауылды қосып отыр. Қазан айында америкалық NASA агенттігі Күннің ең белсенді фазасы басталғанын, ол бір жыл жалғасуы мүмкін екенін мәлімдеді. Күн бетіндегі әдеткі жарылыстан электромагниттік радиация бөлініп отырады. Бұл әр 11 жылда жиілеп, максимум көрсеткішке жетеді. Ғалымдар Күннің ең белсенді фазасы кезінде миллиардтаған тонна радиация Жерге қарай ұшса, үлкен қауіп төнуі мүмкін деп топшылайды. Атап айтқанда, радиация геомагниттік дауылға айналып, Жер атмосферасын қоршайды. Нәтижеде, спутниктермен байланыс қиындауы, тіпті үзіліп қалуы мүмкін.

Ал геомагниттік дауыл электр қуатын өндіретін станцияларға дейін жетсе, алып қалалар мен елдімекендер электр қуатынан ажырап қалуы мүмкін. 1989 жылы мұндай жағдай Канаданың Квебек провинциясында болған. 2012 жылы бөлінген алып радиация Жерді жанап өткен. Ал 2022 жылы геомагнитті дауыл кесірінен Жер орбитасындағы 38 спутник істен шыққан. Ғалымдар келесі жылы Күннен төнетін қауіпке дайын болуға шақырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG