Accessibility links

Уланған балалардың ата-аналары билікке наразы


Балалары қоқыс үйіндісінен бөлінген газдан уланғанына наразы тұрғындар мен полиция арасындағы қақтығыс. Волоколамск, 21 наурыз 2018 жыл
Балалары қоқыс үйіндісінен бөлінген газдан уланғанына наразы тұрғындар мен полиция арасындағы қақтығыс. Волоколамск, 21 наурыз 2018 жыл

Волоколомскіде "Ядрово" қоқыс полигонындағы улы заттардың ауаға тарап, балаларды улағанына жаппай наразылық танытқан халық күресінге баратын жолды жауып, жүк көліктерін өткізбей қойды. Оның соңы полициямен қақтығысқа ұласты.

Тұрғындар жаппай наразылық танытқан Волоколамскіге Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев пен Волоколамск ауданы басшысы Евгений Гаврилов барған еді. Қоқыс полигонынан уланған балалар жатызылған аурухана жанында тұрғындар билік өкілдерін қар лақтырып қарсы алды.

Аурухана маңына жиналған жүзден астам адам губернаторды қоршап: "Масқара!", "Адам өлтіргіш!" деп айғайлап, отставкаға кетуін талап етті. Волоколамскіде балалары қатты уланып қалған наразы жұрт басшыға ашу-ызасын осылайша білдірді.

Волоколамскіге жақын "Ядрово" қоқыс полигонында күкіртті сутектің ауаға тарауынан наурыздың 21-і күні жергілікті №2 мектептің отызға жуық оқушысы уланып қалған. Жергілікті білім беру басқармасы балалардың улануына қоқыс полигоны себеп болды дейді.

Жергілікті тұрғын Сергей Жуков Азаттық радиосы мен "Настоящее время" арнасына ауруханаға науқас балаларын әкелген ата-аналар легі күні бойы толастамағанын айтып берді. Сырқат балалардың арасында Жуковтың да қызы бар екен. Екі емдеу мекемесінің дәрігерлері балалардың қоқыс газынан уланған айтқан.

ВКонтакте әлеуметтік желісінде сәрсенбіде жарияланған видеода дәрігер әлгіндей дерт белгісімен 50 астам адамның ауруханаға түскенін айтады. Мәскеу облысындағы Денсаулық сақтау министрлігі де осындай дерек келтірген, олардың сөзінше, бірнеше мектептің оқушылары өздерін жайсыз сезінетіндері туралы шағымданған. Губернатор ауруханаға сол балалардың халін білуге барған.

НАРАЗЫЛЫҚ НЕДЕН ТУДЫ?

Наурыздың 7-сі күні Волоколамскіде "Ядрово" полигонынан улы заттардың шығуына байланысты төтенше жағдай режимін енгізді. Ауадағы күкіртті сутек мөлшері рұқсат етілген шамадан 2,5 есе асты, азот оксиді екі есе артты. Мәскеу облысының экология және табиғатты пайдалану министрі Александр Коган жергілікті тұрғындардың денсаулығына оның қауіп төндірмейтінін айтты. Оның сөзінше, қоқыс газынан шыққан қалдықтарды жою режимі енгізілген.

Наурыздың 8-і күні тұрғындар "Ядрово" қоқыс полигонына апаратын жолға тізбектеліп тұрып, жауып тастады. Қоқыс тұрған шағын ауыл қаладан бірнеше километр қашықтықта орналасқан. Акцияға қатысушылардың айтуынша, бұл жолмен тек қоқыс тасушылар жүрген. Полиция ондаған адамды қамауға алып, полигонға қоқыс тасуды қалпына келтірді.

"Ядрово" сайлау алды науқанының нысанына да айналды. Ол жерге сайлауға бір апта қалғанда, наурыздың 10-ы күні Ксения Собчак барған еді.

Балалар уланған күні Волоколамскіге қайта барған Ксения Собчак: "Воробьевтің телефонға жауап бермегеніне екі сағат болды. Волоколамскіге бара жатырмын. Ресми түрде жабамыз деп уәде берген күнге дейін бір апта бар. Ал ол жақта апат болып жатыр" деп жазды.

Сол күні губернатор Воробьев "жағдайды өзі бақылауға алатынын" мәлімдеді, оған іс-шара жоспарын тапсырды, ал Мәскеу маңындағы министр Александр Коган "полигонның жаңа жұмыс картасын жасау шаралары күшейтілді" деді.

Сәуірдің басында полигонда газдан тазалау жүйесі жасалады, ұңғыма қазып, қоқыс газдарын өртей бастайды деген еді. Кейін исі шықпау үшін үйіндіні пластик таспамен қаптаймыз деді. Наурыздың 21-і күні губернатор топырақ құнарлығын қалпына келтіру жұмыстары келесі аптадан басталады деп мәлімдеді.

МӘСКЕУ МАҢЫНДАҒЫ ҚОҚЫС

Мәскеу маңындағы қоқысқа қарсы бүлік былтыр жаздан басталды: тұрғындар қоқыс полигондарын жабуды талап етеді, балама ретінде қалдықтарды өртеуді қаламайды. Олар наразылық ретінде митингіге шығып, аштық жариялап, трассаны жауап тастады.

Ресейлік Гринпистің айтуынша, Мәскеу мен Мәскеу облысы елдегі қалдықтардың жалпы мөлшерінің 20 пайызын өндіреді. 2015 жылы ұйым "Мәскеу маңындағы қоқыс шеңбері" деген баяндама дайындады, онда қоқыспен 15 жыл бұрын күресудің түрлі сценарийлері көрсетілген.

Гринпис экологтарының бағалауынша, аймақтағы қалдықтардың 90%-ы Мәскеу маңындағы үйіндіге кетеді, олардың жиынтық аумағы астанадағы Садовый айналма жолының ішіндегі аумақтан сәл ғана аз.

XS
SM
MD
LG