АҚШ Ресейдің ірі мұнай компаниялары "Роснефть" пен "Лукойлға" қарсы санкция жариялаған соң, "Лукойл" шетелдегі активтерін сататынын айтты. Ол активтердің біршама бөлігі Қазақстанда. Ал Қазақстан энергетика министрлігі бұл активтерді сатып алу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ, бірақ талқы жүріп жатыр деп мәлімдеді. Вашингтонның жаңа шарасы мұнай саласына, Украинадағы соғысқа қалай әсер етпек? "Лукойл" активтерін сатып алу Қазақстанға тиімді ме? Азаттық осы сұрақтарды талдап көрді.
"Роснефть" пен "Лукойлдың" Қазақстан мұнай саласындағы рөлі
Вашингтонның 23 қазанда жариялаған санкциясы 21 қарашада күшіне енеді. Шарт бойынша, шетелдік компаниялар осы уақыт аралығында "Лукойл" және "Роснефть" кәсіпорындарымен байланысын үзуі керек. Әйтпесе, Батыстың банк жүйелерін қолдану құқығынан айырылады. Бұрын АҚШ-тың Украинадағы елшісі болған Джон Хербст Трамп бірінші рет Кремльге қысым көрсетіп отыр дейді. Оның ойынша, Вашингтон санкция орындалуын жіті қадағаласа, Ресей экономикасына айтарлықтай соққы болады.
Ресейдің мұнай өндірісінде екінші орын алатын ірі компания "Лукойл" шетелдегі активтерін сататын болды. Кәсіпорын дүйсенбідегі мәлімдемесінде сатып алушы іздеп жатқанын хабарлады. Бірақ нақты қандай мүліктерді өткізгісі келетінін атап көрсетпеген. Ал "Лукойлмен" қатар АҚШ санкциясына іліккен ресейлік ең ірі "Роснефть" компаниясының не істейтіні әзірге белгісіз.
Санкция талабы бойынша, активтерді сатқаннан түскен қаражат бұғатталған есепшотқа аударылуы қажет.
Қазақстан – АҚШ санкциясына іліккен ресейлік "Лукойл" және "Роснефть" компанияларымен мұнай-газ саласында, транзиттік бағыттарда және энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз етуде серіктес. Мысалы, "Лукойл" Қазақстанмен бірге Каспий теңізіндегі стратегиялық жобаларды іске асырып отыр, сондай-ақ Қарашығанақ пен Теңіз кен орындарында белсенді жұмыс істеп келеді. Санкцияға іліккен екі компанияның Қазақстанда қандай жобалары барын қысқаша шолып шығайық.
"Лукойл" — Қазақстандағы ірі шетелдік инвесторлардың бірі. Компания "Теңізшевройл" консорциумында 5 пайыз, "Қарашығанақ" кен орнында 13,5 пайыз, "Қаламқас–Хазар" учаскесінде 50 пайыз, "Al-Farabi Operating" жобасында 49,99 пайыз үлеске иелік етеді. Ресми деректерге қарағанда, ресейлік бұл компания "ҚазМұнайГазбен" бірге "Хвалынское" және "Орталық" кен орындарын дамытуға арналған бірлескен кәсіпорындарда да жұмыс істейді.
Ал "Роснефть" компаниясының Қазақстандағы тікелей үлесі салыстырмалы түрде аз. Оның Қарашығанақ пен Теңіз жобаларында үлесі елеусіз ғана. Дегенмен "Роснефть" экспорттық инфрақұрылымда маңызды рөл атқарады. Мысал ретінде, Каспий құбыр консорциумындағы үлесі шамамен 7,5 пайыз. Бұл оның Қазақстан мұнайын тасымалдаудағы рөлін күшейтеді. Сонымен қатар, "Роснефть" "ҚазМұнайГазбен" бірлесіп Қазақстанның Каспийдегі Құрманғазы кен орнындағы барлауға қатысып жатыр. Құрылымда "Роснефть" үлесі 25 пайыз.
Қазақстанның мұнайы көбіне Ресей аумағы арқылы экспортталады. Ең ірі экспорт бағыты — Каспий құбыр консорциумы, ол Теңіз бен Қарашығанақ кен орындарынан алынған мұнайды Ресейдегі Новороссийск портына тасымалдайды. 2024 жылы экспорттың 80 пайызы осы құбыр арқылы жөнелтілген. Бұл құбырда Ресейдің "Транснефть" компаниясының үлесі 24 пайыз, "ЛУКОЙЛ" компаниясының үлесі 12,5 пайыз және "Роснефть–Shell" бірлескен кәсіпорынның үлесі 7,5 пайыз.
Сондай-ақ, Қазақстан мұнайы "Атырау–Самара" құбыры арқылы Ресейге тасымалданып, одан әрі "Дружба" арқылы Еуропа нарығына шығарылады. 2023 жылдан бастап Атырау–Самара және Дружба құбырлары арқылы Германиядағы Шведт мұнай өңдеу зауытында орналасқан Rosneft Deutschland компаниясына мұнай жеткізу басталған. Бұл "Дружба" бағыты бойынша Қазақстан мұнайы Германия мен Орталық Еуропа нарығына жол тартады.
Қазақстан "Лукойл" активтерін сатып ала ма?
Қазақстан энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов "Лукойл" активтерін сатып алу күн тәрбінде тұрмағанын, бірақ бұл мәселе талқыланып жатқанын айтты. Ал оның бастығы сұрақты "ҚазМұнайГаз" бағыттау керек деді.
– Біріншіден, бұл – компаниялардың коммерциялық қарым-қатынасы. Жобалардағы "Лукойлдың" серіктесі – "ҚазМұнайГаз". Сондықтан сұрақты "ҚазМұнайГазға" қойғандарыңыз орынды. Ал Қазақстан республикасының үкіметі деңгейінде әзірге ондай ештеңе естігенім жоқ, – деді энергетика министрі Ерлан Аққенженов.
ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, "ҚазМұнайГаз" компаниясы акцияларының басым бөлігін иеленіп отырған мемлекеттік "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов санкция шектеулерін ескере отырып "бұл бағытта жұмысты ары қарай қалай жалғастыратынымызды таяу арада шешеміз" деген.
Ресейлік "Лукойл" Қазақстандағы коммерциялық қызметін сонау 1995 жылы қазіргі Ұлытау облысының "Құмкөл" кен орнынан мұнай өндіруден бастаған. 14 қазан күні "Лукойлдың" Қазақстандағы 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шарада сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік компания Қазақстанның мұнай-газ саласына 12 миллиард доллар қаржы салғанын, бүгінге дейін 94 миллион тонна мұнай мен 60 миллиард текше метр газ өндіргенін айтқан. Тоқаевтың сөзінше, "Лукойлдың" Каспий теңізі қайраңында "ҚазМұнайГазбен" бірлесе іске асырғалы отырған "Қаламқас теңіз" және "Хазар" секілді жобаларға 6 миллиард доллар инвестиция құю жоспарланған. Бұл жобаларды стратегиялық маңызы бар деп атаған президент сол 14 қазан күнгі жиында "Лукойлдың" құрылтайшысы, ресейлік миллиардер Вагит Алекперовтің кеудесіне бірінші дәрежелі "Барыс" орденін таққан.
Экономист Меруерт Махмұтованың айтуынша, дәл қазір Қазақстандағы инвесторлар үшін "Лукойл" активтерін сатып алу тиімді болмақ.
– Санкцияның әсерінен "Лукойл" активтерін төмен бағаға сатуы керек, – дейді ол. – Санкция болмаса, әрине, жоғары бағалы актив болар еді. Қазақстандағы инвесторлар бұл активтерді сатып алуы керек деп ойлаймын.
Украинадағы соғыс және мұнай
Сарапшының сөзінше, АҚШ санкцияларынан соң мұнай бағасы қымбаттауы мүмкін, бірақ баға сол деңгейде қалмай, құбылып тұруы да ықтимал. Егер мұнай бағасы расымен артса, бұл экономикасы шикізат экспортына байланған Қазақстан үшін тиімді болмақ дейді ол республикалық бюджет пен Ұлттық қордың осы мұнай есебінен толығып отырғанын еске салып.
Ресей 2022 жылы ақпанда Украинаға басып кіріп, Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі соғысты бастағанда Батыс елдері жұмыла Мәскеуге қарсы санкциялар жариялай бастады және олардың ауқымы жыл сайын артып келеді. Бірақ бұл санкциялардың дені Ресей импортын тежеуге бағытталып, Кремль шикізаттан түсетін табысына сүйеніп, санкцияларға бейімделіп отырды. Сарапшылар жаңа санкция Ресейді табысынан айырып, экономикасын тежеуі мүмкін дейді.
– Бұл санкциялардан бөлек, Қытай мен Үндістанға да жанама санкциялар бар. Меніңше, солардың әсері көбірек болмақ. Өйткені мұнайды қанша өндірсең де, оны экспорттау мүмкіндігі шектелсе, Ресей бюджетіне қаржы түспейді. Бұл санкциялардың мақсаты – Ресейді экономикалық жағынан әлсірету, соғысты жалғастыра беруге мүмкіндігін шектеу. Егер дәл осындай санкцияларды соғыс басталғанда бірден жариялағанда, соғыс бүгінге дейін жалғаспас па еді, – дейді экономист Меруерт Махмұтова.
"Лукойл" мен "Роснефть" мұнайының әрбір алты баррелінің бесеуі Қытай мен Үндістанға экспортталады. Рейтер агенттігі АҚШ санкциясынан кейін Қытай Ресей өнімін теңіз жолымен тасымалдауды тоқтатқанын жазды. Бірақ құбыр арқылы алуды жалғастыра береді. Себебі құбыр екі елді төте жалғайды, сондықтан олар төлем, тасымал, сақтандыру мәселелерін батыстың банк жүйесінен тыс тікелей жүргізе береді. Қытайлық компаниялар Ресейден теңіз жолымен – тәулігіне 1,4 млн баррель, құбырмен тәулігіне 900 мың баррель шикі өнімді импорттап келеді.
Рейтер агенттігінің өз дереккөздеріне сүйеніп жазуынша, Үндістанның зауыттары да импортты азайтуға әзірленіп жатыр деп жазды. Бұл ақпарат әзірге ресми емес. Үндістан Ресейден күніне 1,9 млн баррель шамасында мұнай алып келеді.
Wall Street Journal басылымы санкция ешқашан 100 пайыз орындалмайтынын жазады. Ресейлік компаниялар бұған дейін де шектеуді айналып өтетін жолдар тапқан. Қытай мен Үндістан шикізаттың көп бөлігін делдалдар арқылы сатып алатындықтан, санкцияны еңсеретін жасырын тәсілдер табылуы мүмкін.
"Қытай мен Үндістанның банктері мен конгломераттары АҚШ-тың банктері мен долларын пайдалану мүмкіндігінен айырылса, ұзақ уақыт тұралап қалады. Алайда АҚШ Қаржы министрлігінің мәлімдемесі екіұшты. Онда тек "Роснефть", "Лукойл" компанияларымен серіктестік орнатқандар кейбір жағдайда санкцияға ілінуі ықтимал" деп жазылған. Нью-Делиде орналасқан Observer Research Foundation талдау орталығы сарапшыларының пікірінше, ешбір ел Трамп мырза бүгін сол аяғымен тұрған екен деп, түбегейлі өзгеріске бара салмайды" деп жазды америкалық басылым.
Вашингтонның санкциясын Мәскеу мен Пекин негізсіз деп айыптады. Ал Нью-Дели пікір білдірген жоқ. Ақ үй мұндай шектеуді Кремльді Украинадағы атысты тоқтатуға көндіру үшін енгізген. АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, Ресей 2022 жылдан бері табысын соғысты қаржыландыруға жұмсап жатыр.