Қарама-қайшы деректер
Қазақстанда бір миллион бір жүз мың адамның айлығы ең төменгі жалақы деңгейінде – 85 мың теңге. Үштен бірі одан да аз алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.
– Республика бойынша 329 [мың] азамат негізі 80 мыңнан төмен жалақы алып отыр. Бұл талдау өткізгенде біріншіден нені көрсетті? Жұмыс берушілер тек қана контрактімен жұмысшы алып, бірнеше сағатқа қана жұмысқа тартқан. Және де басқа санаттағы 780 мың адам 85 мың көлемінде алып отыр, – деді министр Жақыпова.
Алайда осыдан екі апта бұрын Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанда ең төменгі жалақы – 85 мың теңге айлық алатын адам жоқ деп мәлімдеген еді.
– Ең төменгі жалақы жай ғана көрсеткіш. Қазір 85 мың теңге. Менімен дауласуға да болар, бірақ Қазақстанда ондай жалақы жоқ шығар. Бәрі одан көп алады. Бізде орташа жалақы – 460 мың теңге, медиандық айлық 300 мыңнан асады. Ал 85 мың деген ол статистиканың нәтижесі, яғни есептеуден шыққан көрсеткіш, – деген Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
Биыл 27 маусым күні парламент палаталарының біріккен отырысында биліктегі Amanat партиясының депутаты Елнұр Бейсенбаев тіпті басқа дерек келтірген. Оның статистикасы министр Жақыпова мен Ұлттық банк төрағасы Сүлейменовтің мәліметінен әлдеқайда өзгеше.
– Елімізде дәл қазір үш миллион адам небары 200 мың теңге жалақы алса, 1 млн 800 мың ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеге күн көріп отыр. Үшінші мәселе, елімізде жұмыссыздық көрсеткіші соңғы 15 жыл бойы өзгеріссіз 5 пайызды құрап отыр. Бұл тым төмен әрі сенімсіз көрсеткіш. Елімізде еңбекке қабілетті шамамен 10 млн адамның небәрі 5,5 млн ғана нақты әрі тұрақты жұмыспен қамтылған екен. Меніңше, пандемия уақытында 42500 теңгеден көмек алған 4,5 млн халықты әлі күнге дейін біз нақты жұмыспен не кәсіппен қамтамасыз ете алмай келеміз, – деді мәжіліс депутаты.
Қазақстанда қазір ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге. Жыл сайын біртіндеп көтеріп, бұл межеге 2024 жылы жеткен. Содан бері оның мөлшері өзгерген жоқ. Тамыз айында премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин келесі 2026 жылы да ең төменгі жалақы қазіргі деңгейінде қалатынын айтқан.
– Ең төменгі жалақыны көтеру дегенді дұрыстап ойлану керек. Себебі біріншіден, ол адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге әсер етеді. Ең төменгі жалақыны кім алады? Мысалы, [еңбек] тәжірибесі төмен адамдар [алады], ал тәжірибесі жоғары, кәсіпқой адамдарға ең төменгі жалақы ешқандай әсер етпейді. Себебі олар, әрине, ешқашан 85 мың теңге алмайды. Тәжірибесі төмен немесе жұмысты енді бастаған жас, оқу-білімі аз адамдар, ертең ең төменгі жалақыны көтерсек, жұмыссыз қалуы мүмкін… Қазіргі уақытта нақты шешім – [2026 жылы] көтермейміз, – деді вице-премьер Жұманғарин.
"Қазақстан шын мәнінде кедей ел деп мойындауға батылы жетпейді"
Екінің бірі банкке борышкер, азық-түлік, тауар бағасы ай сайын көтеріліп жатқан Қазақстанда 85 мың теңге айлыққа өмір сүру өте қиын, тіпті мүмкін емес дейді Азаттық сөйлескен тұрғындар. Сарапшылар ресми деректер мен халықтың шынайы жағдайы арасында үлкен алшақтық бар деп отыр.
Экономист Мақсат Халық елдегі ең төменгі жалақы мөлшері тым аз, жұрттың табысы кемінде 150 мың теңге болуы керек деп есептейді. Азаттық одан ең алдымен ең төменгі айлық деген көрсеткіш халыққа неге маңызды екенін және оның мөлшері өспеуі нені білдіретінін сұрады.
– Кез-келген дамыған, өркениетті елдің тәжірибесін алып қарасақ, олардың барлығында ең төменгі жалақы ақыл-парасатпен, адамның бір айлық күнкөрісіне жетерліктей мөлшерде есептеледі. Және оған азық-түліктен бөлек, қызмет көрсету саласы, дәрі-дәрмекке, көлік шығынына, тіпті баспанаға, пәтер жалға алуға жұмсалатын төлемдер де кіреді. Және де сол елдердің ең төменгі жалақысын алып қарасақ, АҚШ болсын, Еуропа болсын, нақты межеленген дүниенің барлығына үлестіруге жетеді. Ал Қазақстанда, шынын айту керек, 85 мың теңгеге бір ай өмір сүре алмайсыз. Тек азық-түлікке жұмсап, үйден шықпай отырсаңыз, бәлкім жеткізерсіз. Ал басқа жағдайда, мысалы, көлік шығынына, шаш алдыруға, басқа да түрлі қызметтер тұтынуға бұл қаражат ешқашан жетпейді. Егер өз үйіңіз болмаса, пәтерді жалға алуға бұл ақша тым аз. Сонда неге сүйеніп есептелгені мүлде түсініксіз.
– Мемлекет ең төменгі айлық мөлшерін неге көтермей отыр, мұны қалай түсінесіз? Оны көбейтсе не болады?
– Біздің үкіметтің экономикалық блогы бұған бас қатырғысы жоқ. Әртүрлі мәселені айтады, бірақ бәрібір баяғы жартас – сол жартас күйінде қалып отыр. Бәлкім, бюджеттің шығындары өте көп болып жатыр, егер дәл осы көрсеткішті арттыратын болсақ, онда онсыз да аса күрделі бюджет тапшылығы одан ары ұлғаяды деген ойды жеткізгісі келетін шығар. Егер солай болса, оны ашық айтқан жөн. Бірақ бүкіл халықтың алдына шығып, шын мәнінде біз бейшара халдеміз, ешқандай мүмкіндігіміз жоқ, төлей алмаймыз, Қазақстан шын мәнінде кедей ел деп мойындауға қауқарсыз, батылы жетпейді. Содан кейін, амалы жоқ, осындай "өзгертпейміз, осы деңгейінде қалады" деген әртүрлі сөз айтады.
– Үкімет мүшелері айтқандай, ең төменгі жалақы осы 85 мың теңге мөлшерінде 2029 жылға дейін қалуы мүмкін. Ал қазіргі кезде оның мөлшері қандай болуы керек, сарапшы ретінде не айтасыз?
– Әлемдік тәжірибені алатын болсақ, ең төменгі жалақы деңгейін есептеудің қарапайым екі жолы бар. Біріншісі – медиандық жалақының тең жартысы деңгейінде. Қазіргі кезде Қазақстандағы орташа медиандық жалақы 300 мың теңгеден асады. Демек, ең төменгі жалақы 150 мың теңге болуы керек. Ал дамыған мемлекеттердің алды 60 пайызын алады. Яғни, 180 мың теңге, тіпті одан да жоғары болу керек деген сөз. Ал екіншісі – елдегі орташа жалақының үштен бір бөлігінен кем болмауы керек деп талап қояды. Біздің елімізде қазір орташа жалақы 450 мың теңгенің маңайында, оның да үштен бірі – 150 мың теңге. Демек, осы әлемдік есептеу әдістемелеріне жүгінетін болсақ, қазіргі кезде елімізде ең төменгі жалақы 150 мың теңге деп бекітілуі керек.
– Ресми мәлімет Қазақстанда ең төменгі жалақы алатын адам саны 1,1 млн адам деп көрсетеді. Ал мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев 1,8 млн деген дерек айтады. Кейбір сарапшы шын мәнінде олардың саны ресми статистикадағыдан әлдеқайда көп дейді. Қайсысы шындыққа сай деп ойлайсыз?
– Қазақстанда еңбекке жарамды, жұмыс істейтін 10 млн адам бар десек, соның 2 млн-ға жуығы ең төменгі жалақы деңгейінде айлық алады деген шындыққа келеді деп ойлаймын. Әрине, бұл сол азаматтардың бәрі бірдей дерлік тура 85 мың теңге алады деген сөз емес, олардың ішінде қолына одан да аз алатындары да бар, ол әр жерде заңнаманы бұзып төлеп отырғандар бар, мүмкін біреулер 50 мың теңге береді дегендей. Екінші мәселе, кейбір жерде ең төменгі жалақыны ресми бекітіп, солай есептейді де, қалған қаражатты конвертке салып, бөлек беретін мекемелер де бар. Неге? Өйткені, біздегі зейнетақы жүйесінің жалпы дұрыс реформаланбауында. Өйткені көп азаматтар зейнетақы қорына аударғаннан гөр, ол ақшаны мен бүгін алайын, маған бүгін беріңіз дегенді жөн көреді. Менің ойымша, негізгі себептер осы.
Бірақ, егер елдің жалпы жағдайын қарайтын болсақ, жұмыс істейтін 10 млн адамның 2 млн-ға жуығының табысы ең төменгі жалақы мөлшерінде болса, бұл да өте қиын көрсеткіш: демек осы азаматтардың барлығы кедейшілік деңгейінде өмір сүріп жатыр деген сөз. Ал ондай табысты үйіне апарған адамның әрбірінің отбасында кемі 3-4 баладан бар деп есептегенде, әлгіндей ақшаға тіршілік кешіп жатқандар санын – жаңағы 2 млн тағы да көбейтеміз, демек 6-7 млн адамға дейін барады. Яғни еліміздің тең жартысы кедей адамдар деп айтуға келеді.
Ал біздегі [ресми] статистиканың бәрі әлі күнге дейін өтірік болып отыр: кедейшілік 5-ақ пайыз, жұмыссыздық 5 пайыз деңгейінде, т.с.с. деректер келтіріледі және ол соңғы 10-15 жылда өзгермеген қалпы тұр. Кім оны солай есептеп беріп отыр? Президенттің өзі жолдауында: "бізде 900 мың адам жұмыссыз" деп айтты. 900 мың адам – 10 млн халықтың 9 пайызы деген сөз, 5 пайыз емес. Демек президент осы сөзімен "бұл статистиканы жөндеңдер, реттеңдер" деп күмән келтіріп отыр ғой, бірақ оны жасап жатқан ешкім жоқ, өкінішке қарай. Сондықтан, осы салалық министрліктердің жасап отырған үлкен олқылықтары – Қазақстандағы қазіргі шынайы жағдайды көрсетпеуінде деп ойлаймын.
– Биылғы жолдауында президент Тоқаев "мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды, үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді" деді. Бұл неден хабар береді? Әлеуметтік саясат қалай өзгеруі мүмкін?
– Бюджеттің 50 пайызға жуығы әлеуметтік төлемдерге жұмсалып жатыр дегенмен келісуге болады. Оның ішіне денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салалары да кіреді, бәрі әлеуметтік сала ғой, ол әрине, бюджеттің қомақты бөлігін құрайды. Ал енді арнаулы әлеуметтік төлемдер деген бар, ол жаңағы кедей азаматтарға, әлеуметтік осал топтарға, көпбалалы, мүгедек адамдарға төленіп отыр. Өз басым олардың көлемін көп деп есептемеймін және оларға қатысты есептеу әдістерін де қайта қарау керек деп санаймын.
Кәдімгідей үлкен дөңгелек үстел басына жиналып, үлкен пікірсайыс нәтижесінде бір ақиқатқа қол жеткізуіміз керек деп есептеймін. Иә, президенттің кейбір мәселелер жайлы сөзінің жаны бар, қазір түрлі әлеуметтік төлем саны көбейіп кеткені рас. Не үшін, қандай мағынада төленіп жатыр, ішінде дұрысы да, бұрысы да бар дегенге келісемін. Оның бәрін қарап шығып, мағынасы мен мәніне қарай шын мұқтаж адамдардың қолына тиетіндей жағдай жасауымыз керек деп ойлаймын.
Әлеуметтік масылдық мәселесіне қатысты ойым, дамыған мемлекеттерде, мысалы, Еуропа елдерінде ондай құбылыс бар, ол жұмыс істемей, үйде жатып әр сайын жоқ дегенде 700-800 еуро алады. Олар жан қинап жұмыс істеп, көбірек ақша тапқаннан гөрі, ештеңе істемей солай жатып алғанды тиімді көреді. Міне, масылдықтың көкесі сол. Ал бізде қай бір әлеуметтік төлемге немесе жұмыссыз жатқан адамға 700-800 еуро төлейді? Ондай жоқ. Тіпті оның оннан бір бөлігі де болмайды. Сондықтан масылдық жайлап алды дегенге өз басым сенбеймін.
ПІКІРЛЕР