Accessibility links

 
Әлем тұрғындарының төрттен бірі, қазақстандықтардың 80 пайызы пара берумен таныс

Әлем тұрғындарының төрттен бірі, қазақстандықтардың 80 пайызы пара берумен таныс


Transparency International ұйымы «2010 жылғы ғаламдық жемқорлық көрсеткіші» баяндамасын жариялады. Онда әлем тұрғындарының төрттен бірі жылына ең болмағанда бір рет пара беретіндігі атап көрсетілген. Ал Қазақстан социологтары мен саясаттанушылар ассоциациясының соңғы зерттеулері ел тұрғындарының 80 пайызы өмірінде кемінде бір рет пара бергендігін анықтаған.

"БАРА БЕРГЕНШЕ - ПАРА БЕР"

Көптеген елдерде жемқорлық деңгейі жоғарылаған, бірақ жемқорлық фактілері туралы хабарлағысы келетін адамдардың саны да өсіп келеді делінген Transparency International ұйымының баяндамасында.

2009 жылдан бері 9-шы желтоқсан - Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні ретінде аталып келеді. Transparency International ұйымының «2010 жылғы ғаламдық жемқорлық көрсеткіші» деп аталатын баяндамасы осы күні жарияланып отыр.

86 мемлекеттегі жемқорлық деңгейі туралы айтылған баяндамада жағымды да, жағымсыз да жаңалықтар бар.

Бұл жолғы зерттеулерде 91 мың адамның үкіметтен бастап ауруханаларда, сонымен қатар полиция мен мектептерде және соттарда пара бергендіктері жайында айтылады.

Сауалнамаға қатысқан адамдардың 60 пайызы соңғы үш жылда жемқорлық деңгейі өсіп кетті деп жауап берген. Transparency International ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Миклош Маршалдың айтуынша, респонденттердің төрттен бірі жемқорлықтың құрбаны болғанын айтқан.

«Жемқорлық өршіп барады. Әлем бойынша респонденттеріміздің 60 пайыздан көбі осылай деп айтты. Бұл жағымсыз жаңалық. Соңғы үш жылда жемқорлық деңгейі өскен. Тағы бір жаман жаңалық: 86 елде сауалнамаға қатысқан адамдардың 25 пайызы өткен жылы пара берген екен», - деді Миклош Маршал.


Баяндамада, пара беру дерегі Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінде ең көп тіркелетіндігі жазылған. Бұрынғы совет үкіметінің құрамында болған мемлекеттерде тұрғындардың 32 пайызы пара береді екен. Балқан елдері мен Түркияда бұл көрсеткіш 20 пайызды құраса, Еуропалық Одақ пен Солтүстік Америкада - 5 пайыз делінеді.

Маршалдың сөзінше, адамдардың көбі билікпен қарым-қатынаста проблемалардан аулақ болу үшін пара бергенін айтқан.

Дегенмен баяндамада айтылған жағымсыз жаңалықтармен бірге біршама жақсы жаңалық та бар. Зерттеу қортындысына қарағанда, көптеген адамдар жемқорлық фактілері туралы билік орындарын хабардар етуге әрдайым әзір.

«Жұрттың көбі жемқорлықпен күресуге дайын. Көптеген адам бұл мәселеге өз үлесін қоса алатынына сенімді. Респонденттердің 70 пайызы жемқорлық туралы хабарлағымыз келеді дейді. Мұны жақсы жаңалық деп айтуға болады», - дей келе Маршал жемқорлықпен жұмылып, бірлесе күресуге шақырды.


"ҮШ АЙЛЫҚ ЕСЕПТІК КӨРСЕТКІШТЕН АССА - ПАРА"

Қазақстан социологтары мен саясаттанушылар ассоциациясының соңғы зерттеулер нәтижесі Қазақстан тұрғындарының 80 пайызы өмірінде ең болмаса бір рет пара бергендігін көрсеткен. Олардың басым көпшілігі параны өз еркімен бергендіктерін мойындайды, алайда олардың өздері оны «сыйлық» деп бағалайтындықтарын айтады. Қазақстан занамасында сыйлық пен параның нақты шегі белгіленгеніне қарамастан, алматылықтар мен бірқатар сарапшылар оның аражігін ажырату қиын екенін айтады.

Алматы көшелерінде Азаттық радиосының тілшісі қысқа-қайырым тілдескен қарапайым тұрғындардың бәрі де өздерінің сыйлық пен параны алған да, берген де кездері болғанын жасырмады. Ал танымал саясаткер мен құқыққорғаушы да, депутат та, журналист пен адвокат та пара мен сыйлықтың аражігін өзінше түсіндіреді.

Ермұрат Бәпи, тәуелсіз журналист.

- Сыйлық деген ашық және жария түрде берілуі керек. Оны алған адам да, берген адам да мақтанышпен айта алуы керек. Ал пара үстелдің астынан, қалтарыстан, жеңнің ұшынан беріледі.

- Сыйлықтың шегі бола ма?

- Жария түрде берілетін болса оның шегі болмауы керек. Ал егер сыйлық деген атымен оңашада берілетін болса ол енді басқа шаруа.

- Сіз пара алып немесе берген кезіңіз болды ма?

- Мен пара алатындай үлкен қызметте істеген жоқпын. Ал егер көшедегі полицияға берген дүние пара деп есептелінсе – онда бердім, - дейді тәуелсіз журналист.

Айдос Сарым, саясаткер.


- Сыйлық – өзің сыйлайтын жақсы адамға деген тарту. Ал өзінің тікелей қызметін атқару үшін, жалақысынан тыс бірнәрсе дәметіп, сұратып отырса ол - пара.

- Сыйлықтың шегі бола ма?

- Егер дәрігер жақыныңның өмірін аман алып қалса, оған берілетін сыйлықтың шегі болмайды.

- Сіз пара алып немесе берген кезіңіз болды ма?

- Мен пара алдым деп айта алмаймын, мемлекеттік қызметте жүргенде ондай ондайым болған жоқ. Ал тұрмыстағы майда-шүйде жайттарды жасату үшін аса көп емес, азын-аулақ ақша бергенім бар,- дейді Айдос Сарым.

Сергей Уткин, адвокат.

- Менің білуімше мемелкеттік қызметкер туралы заңда 3 айлық есептік көрсеткіштен жоғары алынған сыйлық – пара болып табылады. Ал жалпы мен үшін сыйлық – шын жүректен, ал пара – белгілі бір қызмет үшін берілетін ақы.

- Сіз пара алып немесе берген кезіңіз болды ма?

- Берген де, алған да жоқпын, - дейді адвокат.

Оралбай Әбдікәрімов, депутат.

- Сыйлықтың жөні бөлек, ал пара алған адам ол біреуге міндетті.

- Сыйлықтың шегі бола ма?

- Сыйлықтың бағасы онша көп болмауы керек. Ал егер мәшина немесе сондай қымбат зат болса парамен бірдей.

- Сіз пара алып немесе берген кезіңіз болды ма?

- Сыйлық деп иығыңа шапан жабады, оны пара деп қалай айтасың? Ал параны беріп, не алған кезім болған емес, - дейді депутат.

Андрей Гришин, құқыққорғаушы.

- Сыйлық шын көңілден беріледі. Ал пара беру мәжбүрліктан жасалатын шара.

- Сыйлықтың шегі бола ма?

- Шын көңілден берілсе – жоқ.

- Сіздің пара алып немесе берген кезіңіз болды ма?

-
Жоқ, - деді құқыққорғаушы Гришин.
XS
SM
MD
LG