Accessibility links

Роза Отунбаеваның ұлы «откат» алудың не екенін ұқпайтын боп шықты


АҚШ әскерилері әскери ұшақты тексеріп жатыр. "Манас" әскери базасы, 15 сәуір 2010 жыл
АҚШ әскерилері әскери ұшақты тексеріп жатыр. "Манас" әскери базасы, 15 сәуір 2010 жыл

Қырғызстандағы АҚШ–тың әуе базасына реактивті отын жеткізу бизнесі жемқорлық көзіне айналған. Осы елдің екі бірдей президентінің түбіне жеткен бұл мәселе жаңа қырынан ашылып отыр.


«Вашингтон пост» газетінің жазуынша Американ әскері Ауғанстан жеріне 2001 жылы енген кезде, Дуглас Эдельман Орталық Азияға жол салып үлгірген. Ол Қырғызстан астанасында гамбургер сататын бар ашып алған еді. Ал бүгінгі күні бұл 58-жасар калифорниялық пен оның қырғызстандық серіктесі Пентагонмен құны 3 миллиард АҚШ доллары тұратын келісім-шартқа отырып, реактивті отын жеткізу жөніндегі халықаралық ірі бизнесті уысында ұстап отыр.

АЙДАЛАДА АҚ ОТАУ

Аталған келісім-шарттар арқасында АҚШ әскери ұшақтары Ауғанстанның әуесін айқыш-ұйқыш тілгілеп жүр және осының арқасында Пентагон қатерлі аймаққа айнала бастаған Пәкістан арқылы өтетін әуе жолынан бас тартуға мүмкіндік тапты. Алайда осы бір зейнет демалысына шыққан жоғары лауазымды АҚШ әскерилері әлпештеп, аяғынан тік тұрғызды деп есептелетін реактивті отын жеткізу жөніндегі бизнестің егжей-тегжейі бәсекелестері үшін де, Ақ Үй үшін де құпия күйінде қалып отыр.

Mina Corp. пен Red Star Enterprises фирмаларының меншік нысандарын, іс – әрекеттері мен кеңсесінің орны туралы ақпаратқа дейін құпия пердесі тұмшалап тұр. «Бұл фирмалардың тез өркендеп кетуі, он жыл ішінде алпауыт корпорацияларды ғана пайдаға кенелтіп қоймай, жаңадан құрылған, бұрын беймәлім компанияларды да байытқанын байқатады» деп атап көрсетеді басылым.
Алайда осы бір зейнет демалысына шыққан жоғары лауазымды АҚШ әскерилері әлпештеп, аяғынан тік тұрғызды деп есептелетін реактивті отын жеткізу жөніндегі бизнестің егжей-тегжейі бәсекелестері үшін де, Ақ Үй үшін де құпия күйінде қалып отыр.

Тек айналасы сегіз жылдың ішінде ғана аяқ астынан пайда болған Mina Corp. пен Red Star Enterprises фирмалары АҚШ әскерилерін жабдықтау жүйесінің ең майлы тұстарын өз сыбағасы етіп, толығымен иемденіп алды. Екі компания да Гибралтарда тіркелген. Екеуіне басшылық ететін топ та - біреу. Олар аты жер жарған бәсекелес фирмаларды шаң қаптырып, Қырғызстандағы АҚШ-тың әскери-әуе күштерінің базасына және Ауғанстандағы Баграм авиабазасындағы әскери ұшақтарына бір миллиард галлон реактивті отын жеткізіп отыр. Ауғанстанға АҚШ жауынгерлері Қырғызстанда Mina компаниясы отын құйып беріп отырған ұшақтармен қатынайды.

ТҮПСІЗ ЖЕМҚОРЛЫҚ

Алайда, бұл компаниялар көптің көзінен тасада жұмыс істеуге тырысады. Пентагонмен қарым-қатынасында бұлар Торонто, Лондон мен Гибралтардағы мекенжайларды көрсетіп отырған. Ал шынында олардың аталған елдерде ешбір нысаны болмаған сыңайлы. Бұрынғы бармен Эдельман қазір Лондонда тұрады. Ол Америка Құрама Штаттары Конгресінің ұлттық қауіпсіздік пен халықаралық істер жөніндегі ішкі комиссиясының шілдеде оған жіберген шақыру қағазына пысқырып та қарамаған көрінеді.

Эдельманның қырғыз серіктесі, 35 жастағы Еркін Бекболотов өзінің бұқаралық ақпарат құралдарына берген бірінші сұхбатында жұрт көзіне көп ілікпеу «Америка Құрама Штаттарына деген өшпенділік бой көрсетіп қалатын елдерде табысты болудың кілті» деген болатын. «Mina мен Red Star, - дейді американ Конгресінің ішкі комиссиясымен кездесуде болған Бекболотов, - ақылға симайтын зор жұмыс бітірді».

Бұл бизнестің егжей-тегжейіне қанық адамдардың айтуынша Эдельман Mina мен Red Star компанияларының акцияларының бақылаушы пакетінің ең аз дегенде жартысын иемденіп отыр, ал қалған акциялар – Бекболотовтың үлесінде. Екі жүз елу мың беттей электрондық хат, келісім-шарт пен басқа да құжаттарды түбегейлі зерттеп болған соң, АҚШ Конгресінің тексерушілері Пентагонның келісім-шартқа отыру жүйесінен ірі олқылықтар тапты. Аталған келісім-шарттарды жасау барысында олардың дипломатиялық және стратегиялық мәселелерге теріс әсер етуі мүмкін екеніне көңіл аударылмаған.

«Пентагон мен мемлекеттік департамент Қырғызстан қоғамы ішінде кең таралған және тазалықтың мүлде жетіспеуінен туындаған келісім-шарт жасау барысындағы жемқорлыққа қатысты теріс пікірді есепке алмаған», - деп мәлімдейді Массачусетс штатынан сайланған демократ конгрессмен және аталған ішкі комиссияның төрағасы Джон Тирни.
Екі жүз елу мың беттей электрондық хат, келісім-шарт пен басқа да құжаттарды түбегейлі зерттеп болған соң, АҚШ Конгресінің тексерушілері Пентагонның келісім-шартқа отыру жүйесінен ірі олқылықтар тапты.

Бұрынғы қырғыз президенті Құрманбек Бақиев сәуір айында тақтан құлап, сыртқа қашқан кезде Бішкектегі жаңа билікке қолдау танытамыз деп барған АҚШ шенеуніктері жаңа биліктен осы бір ел көзінен тасада жасалатын отын жеткізу жөніндегі келісім-шартқа байланысты көп сөз естіді. Жаңа биліктің айтуынша, бұл лас келісім-шарттар тақтан тайдырылған режимді байытқан екен.

Қыркүйек айында президент Барак Обамамен кездесер алдында Қырғызстанның жаңа президенті Роза Отунбаева реактивтік отын жеткізу ісінде жеке меншік компаниялардың тікелей Пентагонмен істес болуын тиып, мемлекеттік кәсіпорындармен жұмыс істесін деген талап қойған болатын. «Mina мен Red Star, - деген ол, - біздегі трагедияның орын алуына себеп болған факторлардың бірі».

ОТУНБАЕВАНЫҢ ҰЛЫНАН "ТИТТЕЙ ДЕ ПАЙДА" КӨРМЕУ

Құрылғанына көп уақыт болмай жатып Red Star Қырғызстандағы АҚШ әуе күштері базасына отын жеткізу жөніндегі келісім-шартқа қол жеткізіп үлгірді. Бұл 2002 жылдың желтоқсан айында болған оқиға еді. Келісім-шарттық міндеттерін орындау үшін Red Star екі жергілікті қырғызстандық компаниямен серіктес болады. Ал Қырғызстан прокурорларының айтуынша, бұл Manas International Services және Aalam Services деп аталған компаниялардың екеуіне де президент Аскар Акаевтың туыстары иелік еткен екен.

Алайда, Red Star Ауғанстандағы АҚШ күштеріне жеткізіп беріп келген ресейлік реактивті отынның басым көп мөлшеріне Қырғызстанның жергілікті азаматтық әуе әкімшілігі жалған сертификат даярлап беріп отырған. Яғни, аталған азаматтық әуе бойынша билік орындары бұл отынды құжатта «жергілікті азаматтық қолданыс үшін» деп көрсеткен. Сөйтіп, отын Ресейде экспорттық салық төлемін төлеместен шетел асып, Қырғызстан жеріне келіп жинақтала берген.
Биылғы сәуір айында, тағы бір жаппай қоғамдық аласапыран нәтижесінде билікке келген Отунбаеваның үкіметі де аталған келісім-шарттарды тексере бастады. Мұны өзінің бәсекелестерінің құйтырқы әрекеті деп ұққан Mina өкілдері жаңа президентпен кездеспек болып, жанталасқанға ұқсайды. Дегенмен Отунбаева оларды маңына жолатпаған.

Ал осы екі ортада «реактивті отын жеткізуде жемқорлық етек алыпты» деген қауесет те отқа май құйып, оның соңы Қырғызстандағы саяси аласапыранға айналды. Президент Ақаев тақтан тайған 2005 жылы үкімет басына келген Құрманбек Бақиетің жаңа үкіметі іле-шала отын жеткізу жөніндегі келісім-шарттарды тексеруді қолға алды. Бірнеше айдан соң қыркүйекте қырғыз елінің жаңа бас прокуроры АҚШ-тың қорғаныс министрі Дональд Рамсфельдке хат жазып, Red Star компаниясының бұрынғы режиммен ауыз жаласып, жемқорлыққа батқан істері жөнінде шағымданған болатын. Ол хатта аталған істердің Қырғызстанда «қатты әлеуметтік наразылық тудырғаны» айтылады.

Биылғы сәуір айында, тағы бір жаппай қоғамдық аласапыран нәтижесінде билікке келген Отунбаеваның үкіметі де аталған келісім-шарттарды тексере бастады. Мұны өзінің бәсекелестерінің құйтырқы әрекеті деп ұққан Mina өкілдері жаңа президентпен кездеспек болып, жанталасқанға ұқсайды. Дегенмен Отунбаева оларды маңына жолатпаған.

Осыдан кейін Mina компаниясы басқа әдісті қолдануға талпынады. Шілде айында Эдельманның серіктесі Бекболотов Стамбулда Отунбаеваның 28 жастағы ұлы Атай Садыбақасовпен құпия кездесу өткізеді. Атай Садыбақасовтың үкіметте ешқандай лауазым иесі емес екені белгілі және ол реактивті отын бизнесінде жұмыс істеп көрмеген адам. Бұл кездесудің нәтижесі туралы сұраққа Бекболотов Отунбаеваның ұлымен бизнесінің егжей-тегжейін түсіндіру үшін «президент кеңсесіне кіру мүмкін болмағандықтан еріксіз кездескенін» айтады. Ол Стамбулда Отунбаеваның ұлымен жүздесуінен «титтей де пайда болмағанын» жеткізді.

Ал журналистер телефон шалғанда тұтқаны көтерген Отунбаеваның ұлы болса, бұл туралы сауалға жауап беруден бас тартқан. Ал оның президент шешесі Стамбулдағы кездесу жайлы өзінің ештеңе білмегенін айтыпты. «Маған бұл туралы ешкім ештеңе демеді. Бұл жөнінде ештеңе естіген емеспін, - деп жауап қайырған Отунбаева, - Жемқорлық деген бір түпсіз нәрсе. Оның ұңғыл-шұңғылы көп. Жемқорлықтың былығын тазарту Авгийдің қорасын тазалаумен парапар».
XS
SM
MD
LG