Accessibility links

Ардагерлерге Жеңістің 70 жылдығына қандай сый әзірлеген?


Жеңіс күні 28 панфиловшылар саябағына келген соғыс ардагері. Алматы, 9 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Жеңіс күні 28 панфиловшылар саябағына келген соғыс ардагері. Алматы, 9 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 70 жылдығы құрметіне ардагерлерге Қазақстан президенті атынан мерейтойлық медальдар табысталды. Оларға ақшалай көмек те бөлінген. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, аймақтарда тұратын соғыс ардагерлеріне 800 доллардан 6 мың долларға дейін материалдық қолдау көрсетілмек.

Қазақстан ардагерлер кеңесі дерегінше, елде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 5 мың 100-ден астам қарт ардагер қалған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майданға 1 миллион 200 мың қазақстандық аттанып, оның жартысы ғана елге оралған. 528 қазақстандыққа Совет одағы батыры атағы берілген.

КӨЛІК, ПӘТЕР ЖӘНЕ АҚША

Жеңістің 70 жылдығына орай берілетін бір реттік төлем мен мерекелік іс-шараларға бөлінген жалпы қаражат көлемін шенеуніктер өткен жылдың соңында жариялаған. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, бұл іске 5 миллиард теңгеден аса (27 миллион доллардан көп) қаржы бөлінген.

Батыс Қазақстан облысында тұратын 240 ардагердің әрқайсысына 250 мың теңгеден (1 мың 344 доллар шамасында), ал 594 соғыс ардагері тұратын Шығыс Қазақстан облысы 500 мың теңгеден (2 мың 689 доллар) төлемек.

Солтүстік Қазақстан облысы орталығы Петропавл қаласында 162 соғыс ардагері тұрады, олар 190 мың теңгеден көмек алады.

Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорған қаласы билігі 52 ардагерге жеңіс күні құрметіне пәтер бөлді. Ал небәрі 10 ардагер ғана қалған көрші Қапшағай қаласының билігі олардың әрқайсысына жеке көлік тарту еткен.

Жеңістің 70 жылдығына арналған медаль алған ардагерлер сусын ішіп отыр. Алматы, 2 сәуір 2015 жыл.
Жеңістің 70 жылдығына арналған медаль алған ардагерлер сусын ішіп отыр. Алматы, 2 сәуір 2015 жыл.

Ал ең үлкен сый-сияпат астаналық ардагерлерге беріледі. Астана қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы дерегінше, 210 ардагерге 1 миллион 100 мың теңгеден (6 мың долларға жуық) ақшалай көмек берілмек.

Мерейтой құрметіне әр қазақстандық ардагерге ел президенті атынан медаль тапсырылады.

КӨРШІ ЕЛДЕРДЕ

Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, соғыс ардагерлері Жеңіс мерекесіне орай теледидар мен ұялы телефондар алған.Өзбекстанда бір рет көрсетілетін ақшалай көмек көлемі - 700 мың сум (283 доллар).

«Ферғана» агенттігінің хабарлауынша, Түркіменстанда әр ардагер 200 манаттан (57 доллар) алады.

Тәжікстан ардагерлері - 1 мың 50 сомони (175 доллар), ал Қырғызстанда соғыс мүгедектері мен қатысушылар, концлагерь тұтқындары, соғыс жылдары қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен ардагерлердің жесірлері 10 мың сом (156 доллар) алады.

Ресейде соғыс мүгедектері мен ардагерлері - 7 мың рубльден (150 долларға жуық), ал тыл еңбеккерлері 3 мың рубльден алады.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG