Accessibility links

Шымкентте жұмысқа тұрудың машақаты


Шымкенттегі еңбек жәрмеңкесіне жұмыс іздеп келген әйел. 24 қараша 2015 жыл
Шымкенттегі еңбек жәрмеңкесіне жұмыс іздеп келген әйел. 24 қараша 2015 жыл

Еңбек жәрмеңкесінде ұсынылған «екі мыңнан астам жұмыс орнының» кейбірі телефон көтермейді, көпшілігінің жалақысы аз.

Қарашаның 24-і күні Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан облыстық бейнелеу өнері мұражайында өткен еңбек жәрмеңкесінде екі мыңнан аса бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге қатысқан жүздеген адамның ішінде жұмыс таппағандар да, жолдама алу үшін сағаттап кезекке тұрғандар да көп болды.

Алты баласымен жесір қалған Халила Абдуғаниева еңбек жәрмеңкесіне 4-5жастағы екі баласымен бірге жүріп жұмыс іздеді. «Еден жуушы болып жұмысқа тұрсам деп едім» дейді ол Азаттыққа.

- Қазіргі заманда жұмыс табу қиын ғой. Үш жылдан бері тұрақты жұмыс іздеп жүрмін. Жоқ. Жалданып жұмыс істейін десем, еңбекақыңды толық ала алмайсың. Оның үстіне сол қара жұмыстың өзі бірде бар, бірде жоқ, - дейді Халила Абдуғаниева.

Халила Абдуғаниева, жұмыс іздеуші. Шымкент, 24 қараша 2015 жыл
Халила Абдуғаниева, жұмыс іздеуші. Шымкент, 24 қараша 2015 жыл

Жоғарғы білімі бар инженер-механик Жандар Айкеннің сөзінше, жәрмеңкеде Шымкенттегі «АзияТехСтил» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысқа орналасу үшін Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен жолдама алған.

- Айлық жалақысы орташа, 50-60 мың теңге деді. Енді сол жаққа кетіп барамын, - деді Жандар Айкен Азаттыққа.

Ал Жанардың (толық аты-жөнін айтудан бас тартты – ред.) балабақшада бала күтуші болып жұмысқа орналаса алмай жүргеніне жарты жыл толыпты.«Бар үмітім осы жәрмеңкеде еді. Өтірік жаза ма қайдам, әрең іздеп жүріп тапқан бос жұмыс орнындағы жұмыс берушіге хабарлассам, телефон тұтқасын көтермей жатыр» дейді ол Азаттыққа.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекованың хабарлауынша, еңбек жәрмеңкесін өткізу дәстүрге айналған. Мысалы, қалалық әкімдік пен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен жыл басынан бері мұндай жәрмеңке төртінші рет өтіп отыр.

- Бүгінгі жәрмеңкеде 201 кәсіпорын мен мекеме 2015 бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Мұнда дәрігерлер, мұғалімдер, құрылысшылар, барлық маман иесінің жұмыс табуына мүмкіндік бар. Жалпы халық біліміне, кәсібіне қарай жұмыспен қамтылып, орташа есеппен 45 мың теңге көлемінде жалақы белгіленген; - дейді Гүлжан Құрманбекова.

Шымкенттегі еңбек жәрмеңкесінде жұмыс іздеушілер. 24 қараша 2015 жыл
Шымкенттегі еңбек жәрмеңкесінде жұмыс іздеушілер. 24 қараша 2015 жыл

Әкім орынбасарының сөзінше, жәрмеңкеге қатысушылар жұмыспен қамту орталығынан жолдама алады, кейін жұмыс беруші жолдама иесін қабылдағаны туралы жауап жазады.

- Биыл өткен 3 еңбек жәрмеңкесінде 5500 бос жұмыс орны ұсынылған болса, 2000 адам тұрақты жұмысқа орналасты, -дейді ол.

Еңбек жәрмеңкесіне жұмыс беруші кәсіпорын не мекеменің өкілі ретінде қатысып отырған бірнеше адам Азаттыққа жұмыс іздеп жүргендердің басым бөлігі жастар мен студенттер екенін жеткізді. «Бірақ бізге жоғары білімі мен тәжірибесі бар мамандар қажет» деді олар.

«MS Akzharkyn»&CO» білім беру орталығы өкілінің (аты-жөнін айтудан бас тартты – ред.) сөзінше, орталық ағылшын тілі, орыс тілі, қазақ тілі және математика пәнінің мұғалімдерін іздеп жатыр.

- Жалақы топтағы баланың санына тікелей байланысты. Мысалы, ағылшын, орыс тілін үйренуге келетін бала көп. Сәйкесінше, ондағы мұғалімдердің де жалақысы жақсы болады, -дейді білім орталығының өкілі.

Еңбек жәрмеңкесінде жұмыс таппай бос кетіп жатқандар да, жолдама алу үшін ондаған адамнан кейін сағаттап кезекке тұрғандар да көп болды.

Ресми ақпаратқа қарағанда, Шымкент қаласында 4 мыңға жуық адам жұмыссыз ретінде тіркелген.

Еңбек жәрмеңкесі
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:13 0:00

XS
SM
MD
LG