Accessibility links

Шаңырақ тұрғындары баспанамыз заңдастырылады деп, тағы да сан соғып қалғандарын айтады


Шаңырақ-1 шағын ауданы тұрғындарының жиналысы. Алматы, 28 наурыз, 2009 жыл.
Шаңырақ-1 шағын ауданы тұрғындарының жиналысы. Алматы, 28 наурыз, 2009 жыл.

Шаңырақ-1 елдімекенінің тұрғындары өздерін билік өкілдері тағы да алдап соқты деген мәлімдеме жасады. Одан бұрын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сейдумановтың қатысуымен өткен жиналыста Шаңырақ тұрғындарының баспаналарын заңдастыру басталады, тек тиісті құжаттарға қол қою керек деп хабарланыпты.

«Жақсы жаңалықтың ізін суытпайық» деген Шаңырақ тұрғындары Алматы облысы мен Алматы қаласы бойынша өңіраралық жер инспекциясы мемлекеттік мекемесіне барып, тиесілі ақшасын төлеп, өздеріне ұсынылған әлгі құжатқа қол қоя бастаған. Алайда, ол қағаздар - «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама» екендігін байқамаған.

Енді тұрғындар «бұл құжатқа қол қоя отырып, өз баспаналарымызды заңсыз басып алғандығымызды мойындап, одан қала берді, үйсіз қалайық деп отырмыз» деп наразылық білдіруде.
Шаңырақтың кішкентай тұрғындары. Алматы, 28 наурыз, 2009 жыл.

Шаңырақ -1 елдімекенінің тұрғыны Алдажарова Масаты 5 баланың анасы. Қарақалпақстаннан 1992 жылы отбасымен көшіп келіп, сол кезде 1500 АҚШ долларына жер сатып алған. Алайда өздеріне жер сатқан адам жалған құжатты ұстатып кеткенін кейіннен барып анықтаған.Оның баспанасын заңдастыра алмай отырғанына 17-жылға кетіпті.

- 2008 жылдың тамызында Шаңырақ мәселесіне қатысты құрылған комиссияның мүшелері келіп, «жерлеріңізді заңдастыруға болады. «Алматыжерге» барып, тиісті айыппұлды төлеп, құжатқа қол қоясыңдар" деді. Мен солай істеп, үйді қалай, қашан сатып алғандығым жайлы түсініктеме жаздым. Содан соң «Ертең келіңіз баспанаға қатысты тиісті қаулы шығарып қоямыз» деді. Сөйтіп барсақ бізге құқық бұзушылық жөнінде хаттама дайындап қойыпты, маған сол хаттамаға қол қоя сал деді. Мен қол қоюдан бас тарттым. Мені сол күннен бастап сотқа шақыруда, – дейді Масаты Алдажарова.

Осы қаулы негізінде Масаты соттан сотқа шапқылаумен жүр. Сот баспананы заңсыз басып алды дегенді айтса, Масаты өзінің ол жерді ақшаға сатып алғандығын дәлелдеумен әлек.

Наурыздың 26-ында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов, Алатау ауданының әкімі Бағдат Манзоров өз сөздерінде Шаңырақтағы 3 жарым мыңға жуық үй заңдастырылатындығын мәлімдеген. Сонымен қатар, жерасты сулары мен газ құбырларына жақын орналасқан жерлердің орнына басқа баспана беретіндіктерін жеткізген екен.

Бірақ "жақсы" жаңалықты естіген халықтың қуанышы ұзаққа бармаған:

- Бұл хаттама сол өткен жылдың тамызында орысша толтырылған мен қойған хаттаманың қазақша нұсқасы. Мен әрине, заңды жетік білмеймін алайда, мұнда «мен құқық бұздым» деп анық жазылған ғой. Яғни бұл құжатқа сенсек, мен өзімді «құқық бұзушымын» деп мойындап отырғаным ғой – дейді Масаты Алдажарова.

Шаңырақ елдімекенінің тағы бір тұрғыны Зәуре Нұрмұхамбетова билік өкілдері бізді тағы да алдап соқты дегенді айтады:

- Бүгінгі жиналысымыздың себебі – біздің қолымызға тиген хаттамада болып тұр. Бұл – Қазақстан Республикасы жер ресурстарын басқару агенттігі Алматы облысы мен Алматы қаласы бойынша өңіраралық жер инспекциясы мемлекеттік мекемесінің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасы. Бұл құжатта «өз бетімен куәландыратын құжаттарсыз Алматы қаласы, Алатау ауданы мемлекеттік жер қорының есебінен көлемі мынанша жер телімін қамтып алып, тұрғын үй салғаны анықталған» деп көрсетілген, –дейді Зәуре Нұрмұхамбетова.

Тұрғындардың айтуынша, бұл құжат «біздің баспанамыз заңсыз, біз оны басып алып иелендік» дегенді білдіреді. Сондықтан бұл хаттамаға қол қою өзімізге өзіміз үкім шығарғанмен бірдей дейді олар.

Бірақ та наурыздың 26-сынан бері 100-ге тарта тұрғын осындай құжаттарға өз қолдарын қойып үлгерген. Зәуре Нұрмұхамбетова қаншама жылдан бері өздері тұрғызған баспаналарын заңдастыра алмай жүрген тұрғындар енді не істерін білмей, тығырыққа тіреліп қалды дегенді айтады.

Ал осы мәселеге қатысты, Алматы қаласы мен Алатау ауданы әкімдіктеріне хабарласқанымызда, жұмыс орындарында ешкім болмай, жауап ала алмадық. Бұл тақырыпқа Азаттық радиосы алда қайта оралатын болады.
XS
SM
MD
LG