Accessibility links

Астананың жанындағы Өндіріс аулында Шаңырақ оқиғасы қайталануы мүмкін бе?


Өндіріс аулының тұрғындары Астана әкімдігіне хат тапсыруға жиналды. Астана, 24 ақпан, 2009 жыл.
Өндіріс аулының тұрғындары Астана әкімдігіне хат тапсыруға жиналды. Астана, 24 ақпан, 2009 жыл.

Бүгін Өндіріс шағын ауылының жүзден астам тұрғыны Астана әкімдігіне келіп, Иманғали Тасмағамбетовтің атына хат тапсырды. Өткен жылдың соңында жүз елу отбасы тұратын осы елдімекеннің жерін қала әкімдігі аукционда сатып жіберген.

Астана маңындағы Өндіріс ауылының жеті жүзден астам тұрғыны көктемге қарай Алматыда болған Шаңырақ оқиғасының кебін кигелі тұр. Осы ауылдың тұрғындары жаңа қожайындар ауылды аралап, қар еріген соң, жаңа қала салуға кірісеміз деп, құрал- саймандарын әзірлеп жатқандығын айтады.

Баспаналарын қорғау үшін құрылған топтың жетекшісі Гүлмира Сәрсенбаеваның айтуынша, 2008 жылдың 5-желтоқсанында өздері тұратын ауылды қала әкімдігі аукционға шығарып, сатып жіберіпті.

Оны ауыл тұрғындары үйлерді сүруге дайындалып жүрген жаңа қожайындарды көргенде бір-ақ білген. Ал осы жылдың 4 ақпанында өткен әкімнің есеп беру жиынында Иманғали Тасмағамбетов мемлекеттік акті ала алмай жүрген өндірістіктерге «халықты шулатып, далаға тастамаймын. Орынбасарларым сіздермен жұмыс жасап жатыр» деп жауап берген.

Алайда арада он күн өтпей жатып, Астана әкімдігінен Өндіріс аулының тұрғындарына «Егер кез келген азамат өз қалаған жерін басып ала берсе, онда мемлекеттің ішіндегі реттілік, тұрақтылық қайда, қоғамдық тәртіп қайда қалады?» деген жауап келген.

Ал, Өндірістің тұрғындары «біз жерді өз бетімізбен басып алған жоқпыз. Бұрынғы әкім Өмірзақ Шөкеевтен сатып алдық, жер комитеті өкілдерінің өздері келіп, өлшеп, халыққа бөліп берген» дейді. Бірақ олар Шөкеевтің кезінде жердің құжаттарын дайындап үлгермеген. Шөкеев қызметінен кетіп, оның орнына Асқар Мамин келгеннен кейін ол бұл істі әрі қарай жалғастыруға ниет танытпаған. Бірақ бұл елдімекен тұрғындарын Ильинка ауылына көшіріп, көп қабатты тұрғын үй салып береміз деген уәде айтылыпты.

Енді міне жаңа әкім Иманғали Тасмағамбетовтың өндірістіктерге жерді басып алғансыңдар деген айып тағылып, бұл жер өзге инвесторға сатылып кеткен.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, қала әкімдігінің қызметкерлері және жерді сатып алғандар қайта-қайта келіп, жерді босатпасаңдар, көктем шыға салысымен үйлеріңді сүреміз деп қоқан-лоққы жасап жатқан көрінеді.

Ал Өндіріс тұрғындарының ақшаға сатып алып, бейнетпен тұрғызған шаңырағымызды ешкімге шайқалтпаймыз, соңына дейін күресеміз деп, белді бекем буып отырған жайы бар.
XS
SM
MD
LG