Accessibility links

Священник депортация туралы шешімге шағым бермек


Софроний әкей, Алматы, 24 шілде 2013 жыл.
Софроний әкей, Алматы, 24 шілде 2013 жыл.

Ресей азаматы, священник Петр Евтихеев (Софроний әкей) өзін Қазақстаннан депортациялау туралы шығарылған сот шешіміне апелляциялық шағым беретінін айтады.

Өзіне қатысты дүйсенбі күні шыққан сот шешіміне апелляциялық шағым беретіні туралы Софроний әкей Азаттық тілшісіне 30 шілдеде хабарлады.

– Балалар үшін не нәрсеге болса да баруға дайынмын, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Софроний әкейге қатысты шешімді 29 шілдеде Алматы облысының Іле аудандық соты шығарған. Ресей азаматы, Софроний деген атпен белгілі Петр Евтихеевті депортациялау ісі, оның Қазақстандағы жұмысы, балалар мен қарттар паналайтын баспанасы жайлы Азаттық бұған дейін жазған.

Қазақстанның көші-қон полициясы шетел азаматын «Қазақстанда тіркелу ережесін бұзды» деп айыптап, оны елден депортациялауды сұраған.

– Сот мені мемлекет есебінен депортациялансын деген шешім шығарды, - деді Софроний әкей Азаттыққа.

Софроний әкейдің адвокаты Владислав Мадзигонның Азаттық тілшісіне айтуына қарағанда, сот оны Қазақстан заңдарын бірнеше рет бұзды деп тапқан. Адвокат өздері сұраған бірнеше өтінішті сот қарамады дегенді айтады. Оның сөзінше, Қазақстан заңына сәйкес сот шешіміне шағым 15 күн ішінде берілуі мүмкін.

Софроний әкей Алматы түбіндегі Түймебаев ауылында тұрған Сергий Радонежский ғибадатханасының басшысы. Священник православтық приходты ғана емес, балалар мен қарттар паналайтын баспананы да басқарып келген.

(Материалды әзірлеуге Қазис Тоғызбаев қатысты)
XS
SM
MD
LG