Accessibility links

Алматылық кәсіпкер Таһиржан Ахметовтың екінші саусағына төнген қауіп сейілгендей


Таһиржан Ахметов енді аты жоқ саусағын құрбандыққа шалатынын айтып тұр. Алматы, 9 ақпан, 2009 жыл.
Таһиржан Ахметов енді аты жоқ саусағын құрбандыққа шалатынын айтып тұр. Алматы, 9 ақпан, 2009 жыл.

Сот шешімін үш жыл бойы орындата алмағаны үшін шынашағын 2008 жылы бір буынынан шауып тастаған Ахметов бүгін Азаттық радиосына наразылық акциясын уақытша тоқтатқандығын хабарлады. Екі айдың ішінде сот орындаушылары берген уәделерін орындамаса бұл наразылықты қайта жалғастыратынын айтып отыр

Наразылықтың шектен шыққан түрі - денесінің бір жерін жарақаттау арқылы бұқаралық ақпарат құралдарының назарын өзіне аударған, бірақ сот орындаушыларын жібіте алмаған Таһиржан Ахметов екінші бір саусағын дүйсенбі күні шауып тастайтындығын бұдан бұрын хабарлаған болатын. Дегенмен бүгін оның саусағы аман қалды.

- Наразылық акциясы кейінге шегерілді. Себебі, мен мемлекет басшысына жазған ашық хатыма жауап алдым. Президент әкімшілігінен түскен хатта менің өтінішім Жоғарғы соттың сот әкімшілігі комитетінің қарауына жолданғаны жазылған, - деп хабарлады Таһиржан Ахметов.

Оның айтуынша, артынша-ақ жергілікті соттан хабар түсіп, ақпанның 17-і күні ол Алматы қаласы бойынша сот әкімшісі Бақтияр Өнербаевпен кездескен. Сот өкілі Ахметовтен өз мүшесін зақымдау ниетінен бас тартуын өтініп, оның есесіне талаптарының барлығын орындауға уәде берген.

- Кездесу барысында сот орындаушылары тартып алған автокөлігімді өзіме қайтарып беру туралы әңгіме болды. Сонымен қатар, сот өкілі бұл іс бойынша тиісті шара қолдануға уәде берді, - деді Таһиржан Ахметов.

Ертесіне-ақ сот орындаушылары осыдан төрт ай бұрын тартып алған көлікті иесіне кері қайтарып берген.

- Сот орындаушысы №1 Бостандық аудандық сотына менің борышкеріме ықпал ету шарасы туралы шешім түсірді. Ақпанның 19-ында іс қаралды, ертесінде сот шешімді қанағаттандырып, сот орындаушыларына жіберді. Енді шешімнің жүзеге асуы қалды. Сот орындаушылары бұл мәселені осыдан үш жыл бұрын орындауына болар еді, - деді ол.

Ақорданың тиісті нұсқауына қолы жеткен Таһиржан Ахметов ендігі жерде сот орындаушыларының жұмысы жылдам жүретіндігіне сенімді. Сот орындаушыларының алпыс күн уақыты бар. Сол кезге дейін шешім жүзеге аспаса, Ахметовтың екінші саусағына қайта қауіп төнеді.

- Іс екі айдың ішінде шешілуі тиіс. Жауапкер шағым түсірген күннің өзінде сот шешімінің күшіне енетін күні алыс емес деп есептеймін, - деді Таһиржан Ахметов.

Алайда, Алматы қалалық соттар әкімшісінің аға сот орындаушысы Сағындық Таласов қомақты қаржыны өндіру шарасына біраз уақыт кететіндігін ескертіп отыр.
XS
SM
MD
LG