Accessibility links

«Өзіңнен баста!» жемқорлыққа қарсы акциясы басталғалы бері Оралда «Нұр Отан» партиясының екі мүшесі ғана есеп берді


"Нұр-отан" партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының кеңсесі.Орал, 23 қаңтар, 2009 жыл
"Нұр-отан" партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының кеңсесі.Орал, 23 қаңтар, 2009 жыл

2008 жылдың 6 қарашасында «НұрОтан» партиясының төрағасы Н. Назарбаев жемқорлықпен күрестің жалпыұлттық жоспары мен «Өзіңнен баста!» акциясының басталғандығын жария еткеннен бері Оралда «Нұр Отан» партиясы филиалының төрағасы мен Тасқала ауданының әкімі ғана есеп берді.

Президенттің тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясының барлық жетекшілері мен мемлекеттік қызметкерлер өз табыстары, жылжымайтын мүліктері, көліктері жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында есеп берулері тиіс еді.

Орал қаласында журналисттер алдында өзінің жылжымайтын мүлкі мен табысы туралы президенттік «Нұр Отан » партиясы филиалының төрағасы Мәлік Құлшар есебін ұсынды. Мәлік Құлшар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуге үлкен дайындықпен келіпті. Төраға мүлкі бойынша сауалдарға мүлтіксіз жауап беріп, барлық ресми құжаттары және анықтамаларын ажйып салды. Белгілі болғаны оның өз меншігінде 1992 жылы алынған Орал қаласының ортасында орналасқан үш бөлмелі пәтері бар екендігі. Ал оның жалақысы 70 мың тенгені құрайды да (584 АҚШ доллары), өзі қызметтік көлікпен жүретін болып шықты.

Тасқала ауданының әкімі Өтеміс Мырзағалиевті тұрмысы нашар шенеуніктер қатарына жатқызуға болады екен. Ол үш бөлмелі үйге иелік етеді. Сенімді басқаруында я автомобиль, я бизнесі жоқ екен.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Абат Шыныбеков тілшілермен кездесуінде «Өзіңнен баста!» акциясына қатысуға барлық аудан әкімдері мен мемлекеттік орган басшыларының шақырылғанын мәлімдеді.

- Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың « ... мемлекеттік қызметкер «Неге өмір сүріп жатырсың?» деген сұрақтан қорықпай өмір сүруі керек»,- деген сөзін барлығымыз өз әрекетімізде басшылыққа алуымыз керек. Егер акция барысында өздерінің заңды табыстарынан тыс табыс көзі немесе артық мүлкі шыға қалса, олар міндетті түрде қызмет орындарынан босатылатын болады, - деп Абат Шыныбеков ойын білдірді.

Жас саясаттанушы Жанбота Қарашолақов жай ғана жетекші маманнан бастап, министрге дейінгі барлық шенеуніктер мемлекет басшысының сөзін емес, еліміздің заңдары мен моральдық құндылықтарды басшылыққа ала отырып, қызмет етуі тиіс дейді:

- Жас мемлекеттік қызметкерлерді сыбайлас жемқорлыққа тартып, «теріс қылық» көрсетіп жүрген үлкен шенеуніктердің өздері. Мысалы, халықаралық ұйымдар зерттеулері бойынша Скандинавия елдеріндегі шенеуніктердің жемқорлыққа қатыстылығы пайызы өте төмен екен. Тіпті араб немесе Қытай елін алып қарасақ, бұл мемлекеттерде сыбайластық қылмысы үшін өлім жазасы беріледі. Сондықтан мемлекеттік бюджет қаражаты үлкен ағалардың қалталарында кетпей, белгілі бір шешімді орындауға жұмсалуы үшін парламентте немесе атқарушы билікте лоббисттік ұйымдар қызмет етуі тиіс. Ниет болса жемқорлықпен күрестің көп жолы бар ғой!

«Абырой» жастар қозғалысының көшбасшысы Азамат Жетпісбаев билік партиясының бұл бастамасына тіптен сенбейді, тіпті бұл акцияны жалған көзбояушылық деп танып отыр. Азамат Жетпісбаев:

- Сыбайлас жемқорлық бүгінгі таңда Қазақстанның ажырамас бөлігі, мемлекеттік жүйе мен билігіміздің айнасына айналған. Биліктің бүгінде жүйені модернизациялауға арналған қадамдары нақты іргелі істер емес, жай ғана жасандылық боп тұр. Кезінде коммунистердің бір серкесі Владислав Косарев айтқандай: «Кім бүгін жемқорлықпен күресіп жүр – жемқорлардың өздері!» немесе «Сыбайлас жемқорлық бұл– Қазақстан денесіндегі қатерлі ісік!». Сондықтан қазіргі биліктің мемлекеттік жүйеде болуынан жемқорлық деңгейінің төмендету мүмкін емес деп санаймын. Өзіміз білетін «Балық басынан шіриді».

«Азат» партиясының Орал қаласындағы филиалының жетекшісі Ізғали Берқалиевтің пікірінше, мұндай акциялар қоғамның назарын негізгі өзекті мәселелерден аударып, сонымен қатар өздерінің рейтингін көтеру мақсатында ұйымдастырылады. Ізғали Берқалиев:

- Біздің билік мезігіл сайын үсті-үстінен жемқорлықпен күрес жариялайды, бірақ оның нәтижесі нөлге тең. Бұл бірінші жемқорлыққа қарсы акция емес, бұған дейінгілері де нәтижесіз аяқталған. Осы ретте де бұл акция еш жемісін бермейтінін үлкен сеніммен айта аламын.

Ал тәуелсіз «Орал апталығы» басылымы барлық шенеуніктерге газет беттерінде табыстары туралы декларацияны жариялап, халық алдында есеп берудің жариялылық ұсынды.
XS
SM
MD
LG