Accessibility links

Алыпсатарлық пен өндірістің қайсысымен айналысқан жөн?


Қазақстандағы дүкеннің бірі. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы дүкеннің бірі. (Көрнекі сурет)

Ресми статистика деректеріне сәйкес, Қазақстанда жеке кәсіпкерлер саны 15 пайызға азайған. Елдегі шағын бизнес өкілдерінің көбі теңге бағамы құлдырауынан зиян шегіп отырған сауда саласында жұмыс істейді.

Қазақстанда шағын және орта бизнеспен әдетте жеке кәсіпкерлер айналысады. Олардың бұл саладағы үлесі - 68 пайыз. Бірақ былтыр жеке бизнеспен айналысатын қарапайым азаматтар саны азая бастаған.

Кейінгі екі жарым жылда Ресей рублінен кейін іле-шала теңгенің де құлдырауы импорт тауарлардың қымбаттап, үлкен қалалардағы көптеген сауда орындарының жабылуына ұласты. Экономистер Қазақстанда алып-сатумен емес, өнім шығарумен айналысу тиімдірек болатын жаңа экономикалық өмір басталып келеді деп санайды.

«ҚАТЕЛЕСУІҢЕ БОЛМАЙДЫ»

Қазақстандық кәсіпкерлердің көбі сауда саласында жұмыс істейді. Совет Одағы ыдырағаннан кейін олардың көбі алыпсатарлықпен айналыса бастаған. Олар оңтүстік елдерге аттанып, тауарды дорба-қаптармен арқалап әкелетін. Мақала кейіпкері 37 жастағы жігіт бизнес жүргізудің алғашқы дағдыларын аласапыран басталған 1990 жылдары - жасөспірім шағында меңгерген.

Владимир Ким мен келіншегі Аиданың үш кішкентай баласы бар. Алматы қаласында өз пәтері жоқ олар жалға алған баспанада тұрады. Елдің ең ірі қаласында күштерін сынап көру үшін отбасы жуырда Қарағандыдан көшіп келген.

Совет Одағы ыдыраған кезде Владимир Ким Қарағанды қаласынан 60 километр жердегі шахтерлер кентінде тұрған. Владимирдің айтуынша, шахталар жабылып қалғаннан кейін жұрт үйлерін тастап, шамасы жеткен жаққа көшіп, кезінде гүлденген кент қаңырап қалған.

Бір жерден алып, үстіне ақша қосып екінші жерде қайта сату - қазір біз оны кәсіпкерлік деп атаймыз ғой – отбасымыздың күнкөріс көзіне айналды.

— Бір жерден алып, үстіне ақша қосып екінші жерде қайта сату - қазір біз оны кәсіпкерлік деп атаймыз ғой – отбасымыздың күнкөріс көзіне айналды. Бизнес жүргізудің алғашқы дағдыларын сол кезде үйрене бастадым, - дейді Владимир Ким.

Ағасының тіл үйренуге, сурет салуға қабілеті байқалған кезде оның дарынын дамыту үшін отбасы Қарағандыға көшуді ұйғарған.

— Әке-шешем Қарағандыдан үй сатып алды. Әкем жазғы ас бөлмені балық ыстайтын цехқа айналдырды. Әкем - бел жазбай жұмыс істейтін кәрістердің қатарынан. Оған ағам екеуміз көмектесетінбіз. Жұмыс өте ауыр болатын. Күніне 200 килограмм балықты жуып, тұздап, кептіріп, ыстайтын камераға орналастырып, жаңа партиясына кірісетінбіз, - дейді Владимир.

Азаттық кейіпкері «дәмді болғандықтан, өнімімізге сұраныс көп болған еді» деп еске алады.

— Бірақ біз адамдар жалдап, өндірісті ұлғайтатын сәтті өткізіп алдық. Сондықтан ірілеу бәсекелестер бізді біртіндеп ығыстырып тастады, - дейді кәсіпкер.

Алматы тұрғыны Владимир Кимнің әйелі Аида және балаларымен түскен суреті.
Алматы тұрғыны Владимир Кимнің әйелі Аида және балаларымен түскен суреті.

Студент шағында Владимир ол кезде қарағандылықтардың мәдениетті демалатын орны болған кинотеатр жанынан автотұрақ ашқан. Әлгі бизнесі өрге домалап, автотұрақтан бірнеше жыл қомақты табыс түсіп тұрған.

— Бірақ бір күні Қарағандыда жаңа сауда орталығын ашты да, жұрт сол жаққа кете бастады. Түскен табыс жалға алған орынның ақысы мен ауысыммен жұмыс істейтін алты күзетшінің жалақысын төлеуден артылмайтын болды. Жеке кәсіпкерлікті жапқым келген, бірақ күзетшілер «Мына жұмыстан айырылсақ, қайда барамыз?» деп қиылып сұраған соң жапқаным жоқ, - дейді Владимир Ким.

Ол әлгі шешіміне өкінеді, өйткені бір айдан кейін автотұрақта тұрған көліктердің бірі өртеніп кеткен.

— Қатты жел тұрып, тағы төрт көлік өртенді. Содан сот сергелдеңі басталып, пәтерімізді сатуға тура келді. Талапкерлердің бірі тіпті қарақшылардың қызметіне жүгінді, - дейді Владимир.

Алматыда бәрін қайта бастауға тура келген. Осы қалада бастаған ісі оңынан жүрген қарағандылық таныстары көп, сондықтан Владимир де үмітін үзбейді. Бірақ оның Алматыда айналысқан бизнесі жүрмеген. Владимир Ким жуырда жеке кәсіпкерлігін жауып тастаған. Ол шағын дүкендермен келісіп, түрік шоколодын сатқан. Бизнесті сәтті дамытуға айналымға салатын ақша жетпеген.

Түскен пайданы жинай алмадық. Ол ішіп-жемімізден артылмады.

— Әйелім екеуміз түскен пайда үлкен партия сатып алуға жететін шығар деген үмітпен біраз ақша салғанбыз, бірақ көбінесе арзан кәмпиттер сатылып кетеді де, ал қымбаттары дүкендерде «тұрып қалады», өйткені олар тауар мен азық-түлік үшін сатқаннан кейін ғана есеп айырысады ғой. Түскен пайданы жинай алмадық. Ол ішіп-жемімізден артылмады, - дейді Владимир.

«Шағын бизнесті қолдау үшін құрылған мемлекеттік ұйымдарға жүгініп көрген жоқсыз ба?» деген сұраққа Владимир ондай қорлар бір кездері «ақшаны оңды-олды таратқанын», бірақ ақшаны тиімсіз пайдаланғаны үшін менеджерлерді қамай бастағаннан кейін әлгі ұйымдар тексеру процедураларын күшейтіп жібергенін айтады. Владимир Кимнің айтуынша, көп құжат жинау керек, оған өте көп уақыт кетеді, ал ақыры кәсіпкер несиені банктікіне жуық шарттармен алады.

Бұған қоса, ол қарыз, несие алмауға тырысып, өзінің күші мен әйелінің көмегіне ғана үміт артатынын айтады. Оның сөзінше, Қазақстанда кәсіпкердің «қателесуіне болмайды».

— Қазақстанда қателесуге болмайтын жүйе қалыптасқан. Бір сәтсіздікке ұшырасаң бітті, одан шыға алмайсың. Мойныңда алдыңғы сәтсіздіктеріңнен қалған несие, қарыз тұрады. Бизнесті енді бастаған кәсіпкерлерді несиелендіретін мемлекет егер олардың бизнесі сәтсіздікке ұшыраса, оларды неге пайыздан босатпайды? – дейді Владимир.

«ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙ»

Ресми статистика деректеріне сәйкес, соңғы есептік жылы Қазақстанда шағын бизнес кәсіпорындары 15 пайызға азайған. Экономист Айдархан Құсайыновтың сөзінше, кәсіпкерлер саны елдің жаңа экономикалық жағдайға көше бастауына байланысты кеміген. Оның айтуынша, шағын кәсіпорындардың көбі сауда саласында жұмыс істеген. Жұрт шетелден тауар әкеліп, осында сатқан. Бірақ теңгенің құнсыздануынан кейін импорт қымбаттап, оны сату тиімсіз болып қалған.

Айдархан Құсайынов статистикалық деректердің «алыпсатарлықпен» айналысатын шағын бизнеске тікелей байланысы бар деп біледі. Бұған қоса, ол аграрлық сектор мен өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары көбейгенін айтады. Экономист қазіргі жағдайды бизнеске қолайсыз деп санамайды. Ол үкімет сауатты экономикалық саясат жүргізсе, қазіргі жағдайды отандық өндірісті дамыту үшін пайдалануға болады деп санайды.

— Мен 2016 жылы теңге мүлде құлдырады деп айтпас едім. Теңге тиісті деңгейіне келді. Мұндай жағдайда отандық өндірістің импорт тауарларға қатысты бәсекелестігі артты. Қарапайым тілмен айтқанда, импорт қымбаттады, - дейді Айдархан Құсайынов.

Бурабай ауылындағы дүкен. Ақмола облысы, 3 шілде 2016 жыл.(Көрнекі сурет)
Бурабай ауылындағы дүкен. Ақмола облысы, 3 шілде 2016 жыл.(Көрнекі сурет)

Экономист қуат көздері қымбат кезінде мемлекет шағын және орта бизнес кәсіпорындарына көмектесті, бірақ қазір ондай көмек көлемін азайтуға мәжбүр болып отыр деп санайды.

— Көмек қалай болса, солай таратылды. Түрлі мемлекеттік бағдарламалардың пайдасын көбінесе алыпсатарлық бизнес көрді. Елге әкелген тауарларға этикетка жапсырып, «қазақстандық» деп сататын күйге дейін жетті. Енді үкімет көмекті іріктеп көрсетіп, іс жүзінде бірдеңе өндіретін кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасауы тиіс. Қазір теңгенің жасанды бағамы есебінен тіршілік еткен зиянды бизнес құрдымға кетіп, өндірістік сектор кәсіпорындарына орын босататын жағдай туып тұр. Егер қолдау көрсетсе, олар тез нығаюы мүмкін, - деп топшылайды Айдархан Құсайынов.

Оппозициялық саясаткер әрі экономист Петр Своик Азаттыққа берген коментариінде Қазақстандағы шағын бизнестің проблемасын оның сауда және қызмет көрсету саласымен ғана шектелуімен байланыстырады. Оның сөзінше, индустриясы дамыған елдерде шағын бизнес индустриалдық ірі өндіріс орындарына қызмет көрсетумен айналысады. Бұл - инновациялық, венчурлық жобалар немесе ұсақ сериямен өнім шығару түрлері. Кез келген ірі өндірістің айналасында шағын және орта бизнесті дамытуға мол мүмкіндік бар. Петр Своик «Дәл сол сияқты ауыл шаруашылығында да өнімді қайта өңдеп, сақтап, сатумен айналысатын кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасалған. Қазақстан экономикасында ондай мүмкіндіктер мүлде жоқ» дейді.

Мүгедектер арбасын жөндейтін цех. Семей, 10 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Мүгедектер арбасын жөндейтін цех. Семей, 10 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Бұған қоса, оның пікірінше, бизнесті дамытудың негізгі проблемаларының бірі – коррупция.

— Қазақстанда коррупция - жүйенің, билік функциясының бір бөлігіне айналған. Өйткені прокуратура немесе коррупцияға қарсы іс-қимыл бюросы түріндегі қазіргі институттар – көз алдау ғана, біздің биліктің іргетасы, ал оның қаңқасы феодалдық-кландық негізде құрылған ғой , - дейді Петр Своик.

Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөйлеген сөздерінде «елдің әл-ауқаты шағын және орта бизнестің жағдайына тәуелді» деп жиі айтады. Ол таяу жылдары экономикадағы шағын және орта бизнес үлесін 40 пайызға дейін жеткізу міндетін жүктеген. 2010 жылы үкімет шағын және орта бизнесті қолдау үшін «Бизнестің жол картасы -2020» мемлекеттік бағдарламасын іске қосқан. Бағдарламаның мақсаты – «аймақтық кәсіпкерліктің орнықты әрі теңгерімді өсімін қамтамасыз ету және қазіргі жұмыс орындарын сақтап, жаңа әрі тұрақты жұмыс орындарын ашу».

Былтыр қаңтардың 31-індегі жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлікпен айналысу шарттарын жақсартудың маңыздылығын айтқан болатын. Ол елде бизнес жүргізу оңай аймақтар мен қалалар рейтингін енгізуді ұсынған. Жолдау мәтінінде үздік кәсіпкерлерге жылына бір рет - Индустриализация күні табысталатын арнайы сыйлық тағайындалады деп уәде етілген.

Мақала кейіпкері Владимир Ким жеке кәсіпкер ретінде бастаған ісін тоқтатқан, бірақ ол сәтсіздікке ұшырағанына қарамастан, бизнесте табысқа жетем деген үмітін үзбейді. Әкесі екеуі соя ірімшігін шығаратын цех ашқан. Оның сөзінше, олар шығаратын тыби (өнімнің кәріс тіліндегі атауы) - Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыдағы ең сапалы ірімшік.

XS
SM
MD
LG